Картинка
Их жизнь

Жұлдыздардың бизнестері: тойдан бөлек тұрақты табыс әншілерге де керек

Тоймен нәпақасын тауып жүрген өнер адамдары үшін қыстың соңы мен көктемнің басы демалыс. Бұл кезде әншілер доллар былай тұрсын, теңгенің қадірін еселеп түсінеді екен. Ал, мұндай қиындықтың алдын алу үшін қазір жаппай жаңа істі қолға алған танымал тұлғалар көп. Бірі – сәтті, ал бірінің ісі көп ұзамай жабылып жатыр.

Айдар Тұрғанбек

«Айдар» шайы

«Жігіттердің» әншісі Айдар қою баппен дайындалып, сүт қосылған шайды ерекше жақсы көреді. Сол себепті жаңа кәсіп бастауға келген кезде аса ұзақ ойланбаған. Алайда, шайдың атауы «Айдар» болса да, табыс 100% әншіге тиесілі емес екен.

«Маған бір жігіт ұсыныс жасады. Ең бастысы Кенияның сапалы шайларын алдыруды жөн санадық. Арзанқол дүниеге жүгіріп, халқыма қиянат жасағым келмеді. Сондықтан, сұраныс көп болды. Бір жылдай уақыт еңбектендік. Бірақ, соңында менің ісім емес екенін түсіндім. Өйткені, өнерім ақсаңдап бара жатқан еді. Осы себепті әзірге ол істі тоқтатып қойдық. Қайта қолға аламын ба, жоқ па, уақыттың еншісінде»,- деп ағынан жарылды Айдар мырза.

Ердос Қанаев

Qazaq times сағат бренді

Есесіне, дәл сол «Жігіттердің» мүшесі Ердос жаңа іске білек түріп кірісті. Белгілі әнші, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері сағат бизнесін қолға алған. Qazaq times деген атау берген кәсібінің амбассадоры да анау-мынау адам емес, Сәкен Майғазиев екен.

Аталмыш бренд тек сағат емес, ерлерге арналған әмиян да шығарады. Бүгінде Алматы, Астана, Шымкент, Қарағанды қалаларында сатылымға шыққан топтаманың бағасы 22 900 теңге. Топтамаға жапондық механизм арқылы жасалған, былғары сағат пен әмиян кіреді. Сондай-ақ, отандық өнімнің бір жылдық кепілдігі де бар екен.

Жазира Байырбекова

«Жазира» киім салоны

Жанболаттың Жазирасына жаңа кәсіп ашуға инста-оқырмандары көмектескен.

«Көп қыздар менің көйлегіме тамсанып хат жазатын. Кейбірі «сіздің көйлегіңізді киіп ұзатылсам, шіркін», - деген ыстық ықыластарын білдіретін. Осындай хаттарды оқи жүріп көйлектер салонын ашуға бел будым. Алғашқыда тек сатылымға қойғым келді. Бірақ, бағалары сәл қымбаттау болғандықтан кез-келген қыз ала алмайтын болды. Сондықтан, бір киіп қайта өткізуге болатын мүмкіндікті де қостым».

Иә, жұлдызды отбасының бұл бизнесін қайталаушы әріптестері көп. Алайда, әзірге дәл Жәкеңдікіндей сұранысқа ие емес. Әншінің ұзын сахналық костюмдерін көптеген арулар өздерінің ұзату тойларына, ал заманауи көйлектерін әртүрлі мерекелік кештерге алады екен. Сатылымның орташа бағасы 70 000 теңгеден басталса, прокатка беру бағасы 20 000-40 000 теңгенің арасын қамтиды.

Индира Расылхан

Elite сұлулық салоны

Астаналық атанған Индира Расылхан Алматыға жиі келудің амалын тапқандай. Оған дәлел – әншінің жеке сұлулық салоны. «Сұлулық салоны қазір үлкен сұраныста. Кез-келген қыз-келіншек өзін әдемі сезіну үшін сұлулық орталықтарына барып, мамандардың көмегіне сүйенетіні айтпаса да белгілі. Сондықтан мен көп ойланбай сұлулық салонын ашуды жөн көрдім.

Жалғыздың аты, жаяудың шаңы шықпайды. Бұл сұлулық салонынашуға менің жан құрбым Ләззат көмектесті. Ол Алматыда тұрады. Екеуміз балабақшадан бастап араласып, дос болып келеміз. Бір-бірімізді көзбен түсінеміз. Алғаш жаңа іс бастап, салон ашу туралы ой туындаған кезде құрбыма айттым. Ол бірден қолдады. Көп ойланбай тәуекел еттік. Қазір сұлулық орталығының бас-қасында жүретін де, есеп-қисабына жауап беретін де – құрбым».

Сұлулық салонында макияж, шаш күтімі, шугаринг, тырнақ пен кірпіктен өзге улиткотерапия процедурасы да бар. Бағалары да қолжетімді. Одан бөлек жиі жеңілдіктер мен жарыстар ұйымдастырып отырады.

Тамара Асар

Тамара Асар самаурындары

Тамара Асар десе көз алдымызға сөзсіз шайлар елестейді. Өйткені, бұл ханым шайлардың түрлері мен дайындалу тәсілдерінің сан түрін біледі. Тамара ханымның қолынан шай ішкен кез-келген адам іше бергісі келеді, іше бергісі келеді. Өзінің өзгелерден осындай артықшылығын білгендіктен шығар әнші «шай ішіп кетсең қайтеді, мен ұсынған кеседен» деп талай әндеткен болатын.

Қазір Тамара ханымның әні де, сөзі де өзгерген. Енді ол самаурындар туралы шырқатып жүр. Бұл да бекер емес. Әншінің өнерден бөлек кәсібі тікелей самаурындарға байланысты. Қазір Қазақстан бойынша сатылымға шыққан сыртында әдемі ою-өрнек, суреті бар самаурындар үлкен сұраныста.

Самаурынның сыртындағы суреттерді Тамара өз қолымен салады. Қолөнер болғандықтан бағасы да қымбаттау. Орташа баға 70 000 теңгеден жоғары екен. «Самаурын ешқашан тозбайтын, ғасырдан-ғасырға жәдіге болып жететін металл жезден құйылып жасалады. Қалыптан құйылып шыққан самаурын формасы арнайы қол шеберлерінің қолынан өтеді. Олар қашап мұрнын, шүмегін, құлағын жасайды. Сосын біз оның сыртына арнайы қайнаған кезде жоғары ыстыққа төзімді бояулармен сурет саламыз. Ол кепкен соң оны арнайы барлық әдемілігін сақтап тұру үшін арнайы технологиядан өткіземіз, сосын белгілі бір температурада тағы да кептіреміз. Осыншама еңбекке нәтижесінде самаурындардың бағасы қымбат болуға лайықты деп ойлаймын».

Очоооу

Mondo киім дүкені

Олжас Абай деген есімді көпшілік танымай қалуы мүмкін. Есесіне, Очоооу десе бағыты мен стилі өзгеше жігіт бірден елестейді. Актер, әнші Очоооу енді бизнесмен болуға бел буғандай. Жуырда ол Алматы қаласындағы жеке дүкенінің ашылуын дүркіретіп жасады. Аталмыш шараға әншіден өзге танымал тұлғалар да қатысты. Олардың қатарында Дана Кентай, Нұрболат Абдуллин, Әбдіжаппар Әлқожа, Нұржан Аташ секілді өнер иелері болды.

Үлкен концерттік шарамен басталған кештен соң Ochooou_presentsmondo дүкенін салтанатты түрде ашық деп жариялады. Жиналған әріптестері жылы лебіздерін білдіріп, алғашқы киімдерін сатып алды.

Ерлерге арналған бұл дүкенді ашу үшін Очоооу екі-үш ай шығармашылығын жиып қойып, біраз тер төккен. Енді жемісін жейтін сәт те алыс еместігін сезіп мәз.

Алтынай Жорабаева

«Алтынай» жиһаз салоны

Алматыдан Астанаға қоныс аударған жұлдыздардың бірі – Алтынай Жорабаева. Төрт қызымен бас қаланың тұрғыны атанып, жаңа өмірге үйрену әнші үшін қиын болмағандай.

Тіпті, әнші өзінің іскерлік қабылетімен көзге түсіп, пысықтығын танытып жүр. «Алтынай» жиһаз салонын ашқан бикештің айы оңынан туғандай. Себебі, ұсыныс пен сұраныстың көптігінен аталмыш ұжымға жаңа мамандар іздестірілуде екен.

«Алтынай» орталығы барлық жиһаздарды сапалы әрі әдемі жасауды басты мақсат еткен. Жорабаеваның Астанадағы пәтерінің барлық жиһаздарын қыметкерлері жасаған. Ал, қоныс тойға келген әріптестері тек таңдай қағып, бас шайқаумен болыпты.

Әсел Жамакаева

Jamaqay киім бренді

Алуа Қонарованың аруы Әсел енді өнерде жоқ. Ayumi тобымен қоштасқан соң сұлу өзінің жаңа бағытта сынап көрмек болған.

«Барлық арулар басты қиындығы – талғамына сай киім таба алмауы. Өзім де және өзге де аруларды осындай тығырықтан шығару үшін жаңа коллекция ойлап табу керек деп шештім. Жақын құрбым керемет тігінші. Екеуміз бірігіп бұл істі қолға алдық», - деп ағынан жарылды Батыр Байназаровтың жас келіншегі.

Мирас пен Құралай

«Құралай» сән үйі

Жұлдызды жұптардың бірі Мирас пен Құралай да енді өнерден бөлек кәсіппен айналысуды жөн саған. Бұған дейін ұстаздық еткен отбасылық жұп енді «Құралай» сән үйінің негізін қалаушылар. Бірақ бұл бұрынғы сән үйлеріне мүлдем ұқсамайды.

«Қаншама отандық дизайнерлер шығып жатыр. Бәрінің өнерін жоғары бағалаймын. Алайда, көпшілігі қыпша бел, ұзын бойлы аруларға арналған киімдер тиеді. Өзімнің сүйегім ірі, киім өлшемім үлкен болғандықтан олардың туындыларына қанша қызықсам да кие алмаймын.

Өйткені, біздің кейбір денелерімізді жасыру керек. Артығын көрсетпеуіміз қажет. Сондықтан, өзім секілді ірі денелі бикештерге арналған киімдер топтамасын шығаруды жөн санадым. Өйткені, барлық әйел әдемі болуға лайықты», - дейді Құралай ханым.

Топтамада күнделікті өмірде де, мерекелік кештерге де, той-жиындарға да лайықты киімдер бар.