Шахизада
әнші
"Ес білгелі әдемі жүруге, сұлу болуға құштармын. Бұл өзіңді жақсы көру, өзіңді сыйлау, денсаулығыңды құрметтеу деген сөз. Адамның бірінші ішкі дүниесі таза болса - өмірге деген көзқарасы, тәніне деген махаббаты, тазалығы бәрі үйлесімді болады. Мысалы, біз халықтың алдында жүргендіктен әрдайым әдемі болып жүруіміз керек. Адамның сымбатты әрі сұлу болуы ең бірінші жан тыныштығына байланысты. Күйбеңдеп кез-келген нәрсені ойлап, сары уайымға салыну әйелдің сұлулығына кері әсер етеді. Мен күнделікті уақытылы ұйықтауға тырысамын. Әрине, өнер адамы болғандықтан жиі кеш ұйықтайтын кездер болады. Бірақ, үнемі ерте тұрып, өзіме көңіл бөлуді мақсат етемін.
Әрине, әрдайым диета ұстаймын. Бірақ, бұл ештеңе жемей, тек сумен күн көру деген сөз емес. Мысалы, таңертең міндетті түрде екі үлкен стаканмен жылы су ішемін. Ал, күні бойы бірнеше рет тамақ ішемін. Тек асқазаным мен ақылымды тыңдап аз-аздан тамақтанамын. Өзім тойсам да, көзім тоймай жей беру менде жоқ. Көбінесе, майға қуырылған тамақтар жемеймін. Себебі, ол артық салмақтан бұрын өтке зиян. Ал, өті дұрыс жұмыс жасамайтын адамның асқазаны жөнді асты қорыта алмайды. Оның кесірінен беттегі безеулер пайда болып, тері өз сұлулығын жоғалтады.
Сондықтан, суға піскен тамақтарды таңдаған дұрыс. Және күнделікті бір кесе бал қосылған су ішуді ұмытпау керек. Кешкі 18:00 – ден кейін асүйге кірмеңіз, тамақ жемеңіз. Менің ұғымымдағы дұрыс тамақтану деген осы. Алайда, бұл арқылы арықтаймын деп армандамаңыз. Тамақтың кестесін реттеген соң спорт залға бару керек. Одан бөлек үнемі позитивті ойлап, жаманшылықтан, арамдықтан ойыңызды да, бойыңызды да аулақ ұстау керек. Негативті адамдарда ас дұрыс қорытылмайды, майға айналады. Сондықтан, барша қыз-келіншектерге айтатыным өмірге ғашық болыңыздар".
Бота Бейсенова
әнші
"Мен қазір «Сұлу да сымбатты бол» деген тренинг өткізіп жүрмін. Оның басты себебі инстаграмдағы менің оқырмандарым. Бұрынғы және қазіргі суретімді салыстырып салған кезде пікір қалдырушылар мен құпиясын сұраушылар көп болды. Қазір диетологқа бару да қымбат, олардың тізіміне сай тамақтану да қымбат. Ал, мен қолжетімді түрде осы тренингті ұйымдастырдым. Өйткені, 90 келі салмақтан 65 келіге түстім. 25 келі салмақты небәрі үш айдың ішінде тастадым. Арықтау барысында ешқандай коктейль, арықтауға арналған дәрілер т.б. қолданбадым.
Кейбір әлеуметтік желілердегі сондай орталықтар менің суретімді пайдаланып, жарнама жасап жүр. Қазір оларды сотқа берудемін. Себебі, мен олардың қаншалықты зиян екенін жақсы білемін. Құрамымен жетік таныспын. Сол себепті менен көмек сұрап келген адамдардың барлығына ондай нәрселерге алданбауларын, тек өздерін психологиялық тұрғыда жеңіп, көп тамақтан бас тартуға насихаттаймын. Тек үйде бар тамақтарды пісіріп, дұрыс тамақтанып, зиянды астардан бас тарттым.
Мысалы, тренинг барысында 10 зиянды ас туралы айтып өтемін. Олардың қатарында газды сусындар, фастфуд, шұжықтан жасалған тағамдар, майлы тағамдар, құрамына маргарин мен ақ ұн қосылған тамақтар бар. Осылардың барлығынан бас тартамын. Екі сағаттық тренинг кезінде косметологтың да кеңестерін айтамын. Өйткені, адам арықтаған кезде беттегі және іштегі майлар кеткенмен, тері қалпына келіп үлгермей, көп кезде салбырап қалады. Оның да алдын алу жолдары мен ережелерін білу керек.
Негізі, семіздікке депрессия әкеледі. Осыдан бірнеше жыл бұрын менің әкем өмірден өттен. Әкемнің жаны иманды болсын. Одан кейін анам ісік (рак) ауруына шалдығып, бірнеше мәрте ота жасаттық. Осы қиындықтар маған үлкен соққы болды. Оның бәрін ұмыту үшін, жеңу үшін тәттіқұмар болып, көп тамақ жей бастадым.
Барлық адамның психологиясы сондай, қиындықты тәтті тағамдар арқылы бақытқа айналдырғымыз келеді. Мен де сол көптің бірі болып қалай салмағымның 90 кг. болғанын байқамай қалдым. Әрине, бұл артық салмақтың кесірінен депрессиям одан әрмен күшейе түсті. Өзімді жақсы көрмеймін. Киімдер жараспайды. Диванға жатып, теледидар көре бергім келеді. Жұмысқа еш шабытым жоқ. Демалуым қиын. Ентігіп қаламын. Осындай кемшіліктердің арқасында бір күні мен күш жинап, өзімді қолға алдым. Небәрі 3 айдың ішінде жіптіктей бола бастадым. Тіпті, күйеуім «тал шыбығым» деп еркелетіп, қайтадан арамызда махаббат ұшқындай түскендей. Өзге қыздарды көзіне де ілмейді, керісінше мені қызғанатын болған.
Айналамдағы адамдар менің сұлулығыма қарап тамсанған сайын әйелдік нәзіктігім артып, кеудемді мақтаныш кернейді. Әйел адамға жақсы әрі жылы сөзді көп айтса, ол одан әрмен құлпыра түседі. Өмірге деген көзқарасы өзгереді. Міне, менде де сондай жаңа өмір басталды. Сондықтан, өзім сияқты семіздіктен шаршаған әйелдер мен еркектерге көмектескім келеді. Мен сезінген бақытты олар сезінсе деймін".
Бағдат Сәмидинова
ҚР Еңбек сіңірген әртісі
"Дұрыс тамақтану деген осы соңғы жылдары сәнге айналды ғой. Бұрын ондайды естімейтін едік. «Қалай арықтадың?» деп сұрасақ бәрі «дұрыс тамақтану арқылы» дейді. Өткенде бір әріптесімді отырғызып дұрыс тамақтанудың не екенін сұрадым. Сүйтсем, өзімнің жас кезімнен қолданып жүрген тамақтарым мен тәсілдерім екен. Мысалы, күнде таңертең бөлме температурасындағы су ішемін.
Содан кейін жарты сағаттан соң ғана таңғы тамақтарымды жеймін. Негізі таңғы тамақ құнарлы болу керек. Одан кейін түскі асты да құнарлы етіп ішемін. Бірақ, қатты майлы болмауын қадағалаймын. Кешкі асқа аса ауыр тамақтар ішпеуге тырысамын. Керісінше, айран , сүт секілді өзіміздің табиғи өнімдерді қолданамын. Ортасында жеміс-жидекпен жүрек жалғаймын.
Негізі жас ұлғайған сайын тамақтың құрамына мән бере бастайды екенсің. Өйткені, ағзамызда бұрынғыдай алып-ұшып, жап-жас болып тұрмайды. Ерекше күтімді талап етеді. Сондықтан, қолыма түскенді аузыма тыға бермеймін. Майлы тамақтарға аса құмар емеспін. Бірақ, қазақтың етінен бас тарта алмаймын. Әрине, бастысы шектен тыс тойып жемеуге тырысамын.
Тамақ ішкен соң кемінде 15 минут қозғалыста болу керек. Сол кезде ас сіңімді болып, тез тарайды. Ал, сұлулықтың басты сыры – жан сұлулығы ғой. Барлық адамға жақсылық тілеп, жақсы сөйлеп, жақсы ойлаған сайын жүзіңіз жайнап, көзіңіз нұрланып, сұлулана түсесіз. Сондықтан, мынау әлеуметтік желіде көп жаман пікір қалдыратын әйелдер қауымына айтар едім: жаман энергетикадан аулақ болыңыздар. Сонда бәрі жақсы болады".
Индира Расылхан
әнші
"Жастық шақта дұрыс тамақтанудың не екенін біраз уақыт білмедік. Ол кезде барлық ағзамыз басқаша жұмыс жасаған еді. Не ішіп, не жегіміз келсе өзімізге тыйым салмадық. Алайда, есейген сайын организм толықтыққа бейім болып келеді. Осы себепті тамағымызға көп көңіл бөліп, мұқият қарауды мақсат етудемін. Ұлымды босанған соң 95 келіге дейін салмақ қостым. Ол кезде жасым 28-де еді. Арықтау мен үшін проблема болған жоқ. Егер баланы омыраудан шығарсам, бірден арықтайтыныма сенімді болдым.
Әлде жастық шақта салмақ тастау оңай ма екен, білмеймін. Әйтеуір, мен тез салмақ тастадым. Баланы омыраудан шығарған соң 60 келіге дейін арықтадым. Ал, төртінші баламды мен 34 жасымда босандым. Отыздан кейінгі организмнің жұмыс жасауы бөлек екен. Өз-өзіме келуім қиын болды. Диетаның түр-түрін көрдім. Үйіме дейін әкеліп беретін дұрыс тамақтану курстары да болды. Бірақ, нәтиже болмады. Сол кезде түсінгенім адамның санасы мен жүрегіндегі сенімі болмаса ешқандай дұрыс тамақтану да, басқа да арықтауға көмектеспейді екен.
Ал, қазір міне, салмақ тастау үшін амал жасаудамын. Бірақ, салмақ тастаймын деп ниеттеніп жүрген жоқпын. Денсаулығыма дұрыс әрі пайдалы өнімдер, тағамдар беруді мақсат етудемін. Арықтаймын деп денсаулығыма зиян келтіріп алудан қорқамын. Сондықтан, күнделікті бес уақыт міндетті түрде аз-аздан тамақ жеймін. Және көбірек су ішуге тырысамын. Қуырылған және фастфудтар мен газдалған сусындардан бас тартамын.
Ашулы немесе уайымның астында отырған адам дастархан басына келгенде барлық тамақты жей алады. Бірақ, ол адам тамақтағы калория санамайды, ол туралы мүлдем ойламайды. Өйткені, миы қазір толықтай өзінің проблемасын ойлап отыр. Сондықтан, олар толмайды. Қазақта «ас батпады» деген осыдан шықса керек. Меніңше, қанша дұрыс тамақтанса да уайымы жоқ, тек толып кетуден қорқып жүретін адамдар тез салмақ қосады".
Ботагөз Алтынбекова
әнші
"Мен үшін дұрыс тамақтану мыналар деп айта алмаймын. Өйткені, оны түсінбеймін. Меніңше, қазақтар етсіз, қуырдақсыз, палаусыз ұзаққа шыдамайтын сияқты. Өз басым тәтті тағамдарды тамсанып отырып жегенді жақсы көремін. Күнде фастфуд немесе газдалған сусындарды ішпесем де, анда-санда еркелетіп қоямын.
Және мен асықпай отырып тамақтанамын. Сонда ас сіңімді болады деп ойлаймын. Сосын міндетті түрде 10-15 минут жаяу жүремін. Ең бастысы, тамақты жеп отырған кезде толып кетемін, майы көп немесе тағы сол сияқты қорқынышты ойлардан аулақ болу керек. Айтпақшы, майлы тамақтан соң лимон қосылған суды ішсеңіз тез қортылып, өзіңізді жеңіл сезінесіз".