Картинка
Звезды

Жұлдыздар перзентханада: Бақаева, Веронская, Бейсенова қалай босанды?

Салтанат Бақаева

әнші

 Осы жолы бәрі саналы түрде болған сияқты. Дәрігерім айтқандай бәрі өз ретімен болды. Алғашқы қос ұлымды босанған кезде ситуация мені ұстап, билеп алғандай болды. Ал, бұл жолы мен бәрін түсініп, ұғынып, бақылауда ұстадым. Толғақтың көп уақытын эпидуралканың арқасында қатты сезінбедім. Негізі бәрі сағат кешкі 18:00 мен 19:00 аралығында басталған. Мен оны ай толғақ шығар деп мән бердім. Содан соң 20:00 шынайы толғақты сезе бастадым. Бірақ, қатты ауыр болмады. Сол себепті асықпай толықтай жуынып алып, түнгі 00:00 перзентханаға бардым. Таңғы 5:00 –де босандым.

Жүктілік кезінде ешқандай жаттығулар жасамадым. Бірақ, арнайы йога немесе өзге де курстар бар екенін білетінмін. Оларға баруға уақытым болмады. Көп жүруге тырыстым. Ал, серіктестік мәселесіне келетін болсақ, әрине, ер азаматымыз босану барысында жанымызда болса керемет емес пе?! Өз басым қолдаймын. Бірақ, менің жолдасым қатысқан жоқ. Жаныма серіктес ретінде күйеуімнің әпкесі кірді.

Майя Веронская

тележүргізуші

Әзірге, екі баланың анасымын. Екеуін де жүктіліктің 38-ші аптасында өзім босандым. Әйелдің жеңіл босануы үшін алдын ала дайындық керек. Әйел адам ең әуелі «бәрі жақсы өтеді» деп өз-өзіне сенімді болу керек. Перзентханаға қандай ұстаныммен барса, бәрі дәл солай болады деп ойлаймын. Дайындық дегенді өз басым салмақты үнемі бақылап жүру, артық салмаққа жол бермеу деп түсінемін. Әсіресе, босанатын күн жақындаған кезде көбірек жаяу жүріп, ағзаны шынықтыру керек. Алғаш босанар алдында арнайы дайындық курстарынан өткен жөн. Олар барлық қажетті ақпаратты бермесе де, ең бастысы әйелдің ішіндегі қорқынышын басады. Толғақ кезінде бекер айқайламау, керісінше дұрыс дем алуды үйретеді. Өз ағзаңа көмектесуді меңгере аласыз. Міне, осындай амалдардың барлығы менің жеңіл босануыма көмектесті. Үлкенімді перзентханаға түскеннен кейін алты сағаттан соң, кенжемді бір сағаттан соң босандым. Бірақ, босанатынымды алдын ала біліп, әдейі үйдегі жұмыстарымды бітіріп, тамақ пісіріп, перзентханаға сәл кештеу бардым. Екінші баламның толғағы ақырындап басталған кезде дүкен араладым. Өйткені, сол кезде уақыт білінбей тез өтеді. Және жаяу жүру өте пайдалы.

Жүктілік кезінде  көп жаяу жүрдім. Йогамен айналыстым. Жеміс-жидек, көкіністер көп жедім. Күнде табиғатта таза ауа жұтып, серуендеп жүретінмін. Кейбір әйелдер судағы аэробикаға барады. Ол да өте пайдалы. Ең бастысы, көп қозғалыс болу керек. Жалпы, босанып жатқан әйелдің жанында жақын адамның болғаны дұрыс. Ал, ол серіктестің кім болатынын әркім өзі таңдауы қажет. Өз басым ер азаматтың серіктес болуына қарсы емеспін. Ең бастысы, ер адамда алдын ала арнайы курстан өтіп, өзін-өзі дайындағаны абзал.

Шолпан Бейсенова

"Домино" тобының әншісі

Бір Алланың арқасында өте оңай босандым. Тоғыз ай бойы іштей үлкен қорқыныш болды. Біреу жеңіл босандым десе мен еш сенбейтін едім. Бірақ, өзім жеңіл босанғандықтан, еш қорқудың қажеті жоқ екенін білемін. Толғағым таңғы 7-те басталып, түскі 13:15 босандым.

Жүктілік кезінде ешқандай да арнайы жаттығу жасамадым. Бірақ, үйде еден жуып, көбірек жүріп, қозғалыста болдым. Жоқ, мен күйеуімнің серіктес болып қатысуына үзілді-кесілді қарсы болдым. Менің қалай толғатып, босанып, қиналғанымды күйеуім көрмеу керек. Ер азамат әйелді тек әдемі қалпында көргені дұрыс деп ойлаймын.

Из родильного кресла на подиум
Дети звезд: слава по наследству?
Яблоко от яблони...