Бүгінде дәл осы жария садақаны қолдаушы жұлдыздар өте көп. Олар өздерінің табысының белгілі бір бөлігін немесе қомақты қаржыны мұқтаждарға аударып, жақсылық жасауға көпшілікке үндеу жасайды.
Сәкен Майғазиев
Әнші отандық «Абырой» компаниясының ресми бренд амбассадоры атанды. Бұл жаңалық туралы ол сүйінші сұрап, өз парақшасында жариялаған еді. Әрине, белгілі брендтің бет-бейнесі, амбассадоры болғаны үшін әншіге қомақты гонорар төленетіні анық. Алайда, «Музарттың» әншісі бұл төлемақыны жеке мүддесіне жаратудан бас тартқан.
«Әр қазағым – менің жалғызым» деп ұрандатып жүретін Майғазиев аталмыш компаниядан алатын өзінің еңбекақысын мұқтаж жандарға аударуды жөн санапты.
Алтынай Жорабаева
Әнші өзінің парақшасында танымал «сетевой бизнеске» тіркеліп, жаңа іс бастағанын хабарлаған еді. Үйде тиын санап немесе жұмыс таппай жүрген қыз-келіншектерге жол көрсетіп, жұмыс жасау тәсілін үйретуді қолға алды. Әр тіркелген команда мүшесімен жұмыс жасап, бағыт-бағдар сілтеп отырған Алтынайдың аталмыш жүйеден тапқан алғашқы айлығы бір миллион теңгеден асады.
«Ал, құрметті оқырмандарым, сүйінші. Кешелі бері менің айлығымды сұрап жатқан сұрақтар келіп түсуде. Мен осы жұмысты бастар кезде Алладан хайырын сұрап, елдерге жұмыс болса екен деп тіледім. Және алғашқы айлығым миллионға жетсе барлығын садақа ретінде беремін деп ниет еткенмін. Адам ниетіне қарай табады деген. Алланың қалауымен, менің командамның қарқынды жұмысының арқасында осындай айлық алдым, шүкір. Командам талмай, тынбай еңбектенді. Білмейтініміз көп, барлығымыз бірге үйрендік. Жұма күні медресеге қаржылай қолдау көрсетейік деген едім. міне, бүгін өзім бастамашы болып, алғашқы айлығымды сол діни білім ордасына аударамын» деп өз парақшасында есеп беріпті. Нәтижесінде 1 000 000 теңге қайырымдылық мақсатында жұмсалған.
«Өнер қырандары» әзіл театры
«Қарекет» қайырымдылық орталығы мен «Өнер қырандары» әзіл театры бірігіп «1000 теңгеге – Баспана» шарасын бастаған. Мақсаты: халықтың демеуімен мұқтад жандарға үй немесе жер телімін беру, үй салуына көмектесу. Қорға жиналған қаржыны ай сайын есептеп, бір мұқтажға баспана сыйлап жүр.
Жуырда «Өнер қырандары» он тоғызыншы үйді иесіне табыстады. Ол Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар қаласының тұрғыны, жалғызбасты әке Манап Қатранұлына бұйырыпты. Бірнеше жыл бойы үш қыз бен бір ұлын ана орнына ана, әке орнына әке болып бағып отырған азаматтың қуанышында шек жоқ.
«Кез-келген адам жақсылық жасауда жарыса білу керек. 1000 теңге деген көп ақша емес. Ал, егер еліміздің әр тұрғыны ай сайын кемінде 1000 теңгені қорымызға салып тұрса, ай соңында бір отбасы баспаналы болады екен. Қазір баспаналы болу – үлкен мәселе. Қолы қысқа, қалтасы жұқа жандардың арманын іске асырып, қуаныш сыйлауға ат салысу өзінше бір ғанибет. Және сіздің 1000 теңгеңіз біреуге пәтер сыйлауға себепші болса, оның сауабы да мол болмақ», - дейді театр әртістері.