Жазира Қошанова
«Қоңыр» тобының экс-әншісі
Ең алғаш рет 2008 жылдары ораза ұстап бастадым. Жыл сайын үзбей ұстадым десем өтірік болады. Арасында әртүрлі себептермен ұстай алмаған кездерім де болды. Бірақ, соңғы екі жылда Алла алдындағы парызымды қазасыз орындауға тырысып жүрмін. Мен үшін өткен жылғы Ораза есімде ерекше қалды. Себебі, ол кезде мен Малайзия елінде тұрдым. Тілі, салты бөлек елде ораза ұстап, иманды күшейту сәл қиындау. Әрине, мұсылман мемлекет екені рас. Бірақ, сәресі мен ифтар кезінде достарым, бауырларым жетіспеді. Және тамақтарынан қатты қиналдым. Сұйық тамақ табу қиын болатын. Одан бөлек, Малайзия - қымбат мемлекет. Тарауих намазына барып-қайту үшін кемінде теңгемен есептесем, 15 000 теңге қажет еді. Өзім өзге елде оқып жүргендіктен, мұндай ақша табу қиын. Сол кезде рухани аштықта жүріп, іштей «әттең, мешітке барып, жамағатпен намаз оқысам ғой» деп армандаған едім. Сізге өтірік, маған шын, он минуттан соң бір қазақстандық досым хабарласады. Ол да Малайзияда оқитын еді. «Мен жалға көлік алдым. Сені қайда апарайын?», - дейді. Жүрегім қобалжып, көзім жасқа толып, Ораза айының нығметі мен Алланың құдыретін еселеп түсіндім.
Рысбек Аташ
әнші
Оразаны соңғы үш жыл үзбестен ұстап келемін. Аллаға шүкір, әр оразаны асыға күтетін мұсылмандардың бірімін. Ораза ұстап, парызымды орындауыма үлкен қайғы немесе қиындық себеп болмады. Жан дүнием тыныштық пен құлшылықты қалады. Әр жылда оразаның құдыреті мен пайдасын өзім сеземін. Күні бойы ішіп-жеуден тыйылу арқылы ағзамызды тазалаймыз. Көзімізді, ойымызды, жүрегімізді де жамандықтан тазалайтын керемет ай ғой. Алдыңғы ораза кезінде өнер азаматтарынан құралған «Алатау» жұлдызды футбол командасы Мәскеуде ел намысын қорғадық. Біздің ойынымыз ауызашарға дөп келді. Сол кезде алаңдағы жігіттер мен кезегін күткен азаматтар кезектесіп ауызаштық. Және сол кезде есеп тең болатын. Жеңіске жету үшін кемінде бір гол қажет болды. Ауызашарда және ақшам намазында жамағат болып тілеп, Алла дұғамызды қабыл етіп, жеңіске жеттік. Сол кезде ауызашардағы әр мұсылманның дұғасы қайтарылмайтынын анық түсіндім.
Жан Ахмадиев
рэпер
Оразаны 10-сыныптан бастап ұстап келемін. Мал шаруашылығымен айналысатын ағам бар. Сол кісіге көмектесуге фазендаға бардым. Ол кезде күн өте ыстық болатын. Бірнеше рет ашып жіберуге ниеттенген едім. Бірақ, Алла тағала өзі жігер, күш беріп, қарызсыз өтеп шықтым. Мен қант диабетімен ауырамын. Жиі ауызым құрғап кетеді. 2016 жылы көлік жүргізіп келе жатып, талып қалғаным бар. Сондықтан, амалсыздан ауызымды ашып, оразаны бұзуға тура келді. Биыл тағы да тәуекел етіп, ораза ұстауға ниеттімін.
Баян Нұрмышева
әнші
Біздің әулетте анамыз ораза ұстайтын. Сол кісіге сәресі мен ауызашар дайындап, қызығып жүріп, анамнан рұқсатын алып 6-сыныпта ұстағаным есімде. Дәл қазір студент кезімдегі ораза есіме еріксіз түсіп отыр. Консерватория қабырғасында оқыған кезде барлық студенттер ораза ұстайтынбыз. Бір ай бойы жатақханадағы әр бөлме кезек – кезек ауыз ашарға шақыратын. Алақандай ғана бөлмеге барлық ораза ұстаған қыз-жігіттер сыйып кететінбіз. Ораза кезіндегі дастархан берекелі әрі тойымды болады деген осы шығар. Және әр ораза кезінде самса көрсем, студент шақтағы ауызашарлар есіме түседі. Ораза кезінде концерт беріп, өзіміз шаршап, жатақханаға асығып тұрған едік. Ұстазымыз Бекболат аға жатақханаға емес, дереу аудиторияға жиналуымызды бұйырды. Барсақ ағайдың қолында екі жәшік толы самса тұр. Қарнымыз тойғанша сол самсаны жеп, ауызашқанымыз есімде. Сол самсаның дәміндей дәмді самсаны көрген емеспін. Ол да оразаның әр асы дәмді екеніне тағы бір дәлел болды.
Аян Бірбаев
«RinGo» тобының әнші
Мен ең алғаш рет 4-сыныптан бастап ораза ұстадым. Өйткені, ата-анам да ораза ұстайтын, соларға қызығып ауыз бекіттім. Мен қазақ-түрік лицейінде жатақханада жатып, оқыдым. Сол кезде небәрі 5-6 оқушы ұстамады. Қалған барлық оқушылар ауызбекітіп, сәрісіне ерте асханаға баратынбыз. Арнайы біз үшін сәресі дайындалатын. Кешкі ас та ауызашардың уақытына ыңғайланып дайындалатын. Керемет тәтті бал кезеңдер ғой. Өткен жылы мен бір ай емес, 1,5 ай ораза ұстадым. Себебі, 2016 жылы ұзақ сапарда болып, екі апталық қарызым болатын. Сол қарыздарымды ораза басталғанға дейін екі апта бұрын ұстап бастап, нәтиежесінде 1,5 ай ауыз бекітіп жүрдім. Оның үстіне ол кезде сәресі мен ифтардың да арасы ұзақ болатын. Бірақ, ешқандай қиындықты сезінбедім.