Жанерке, сізге танымалдылық сыйлаған теле-жобаға қалай келдіңіз?
Мен журналистика саласында білім алдым. Ал, бұл бағдарламада менің таныстарым жұмыс жасайтын. Сол кісілер кездескен кезде осы жобаға шақырды. Алғашқыда ұялдым. Бірақ, уақыт өте келе құрбым Рысбаланың жарнамасынан кейін үміткер болып келуге бел будым. Алайда, ол адаммен көзқарас, өмірлік мақсаттарымыз әртүрлі болды. Одан бөлек ата-аналарымыз да аса қолдамады. Сондықтан, жолымыз екі бөлек кетті. Кейін халықтың сұранысы бойынша мені жобаға шақырды. Мен де тәуекел етіп, жобаға қатыса бастадым. Бірнеше үміткер келді. Десе де, ешқайсысы менің жүрегіме жақын болмады.
Бұл кезде сіз Астаналық жігітпен сөйлесіп жүрдіңіз?
Біз Еркебұланмен тележобаға дейін бірнеше ай бұрын Астанаға КВН ойындарына барған кезде танысқан едік. Сөйлесіп жүрдік, бірақ, арадағы қашықтық махаббатымызды күшейте қоймады. Тіпті, жобаға келеді деп те ойлаған емеспін. Ол редакторларға хабарласып, мені танитынын айтыпты. Содан олар маған тосын сый болу үшін, барлығын өтірік мәлімет арқылы таныстырды. Шымылдық ашылған кезде өзім де таңқалдым.
Бүгінде екеуіңіз жаңа өмірге дайындық бастадыңыздар. Той күні белгілі болды ма?
Ұзатудың күні белгілі болмады, ал той күні белгіленді. Жуырда өзімнің туған қалама барып, мейрамхана таңдап, ата-анамызбен ақылдасып ұзату күнін белгілейміз. Жалпы, бұл ұлы күн тамыз айында болады.
Құттықтаймын. Сіздердің махаббаттарыңызды пиар есептейтін жандардың саны азайды ма?
Жуырда Еркебұланның ата-анасымен танысып келдім. Содан кейін сәл саябырлады. Бірақ, әлі де ауыздарына келген жаман сөздерді жазып, қарғайтын жандар аз емес. Жоба барысында «бұлар пиар үшін жүр. Әйтпесе неге үйленбейді?» деп көп жала жабатын. Ал, сол адамдар өздері өмірлік серіктерін қалай таңдады екен?! Бүгін көріп, ертең үйленбеген шығар. «Үйлену – оңай, үй болу – қиын» деген керемет сөз. Адамдарға біздің махаббатымыз шындық екенін дәлелдейміз деп үйлене салмайтын шығармыз! Отбасын – бүгін үйленіп, ертең ажыраса салатын оңай дүние емес. Кім қандай пікір жазса да, сабырлық таныттым. Міне, уақыты келді. Енді солай мені қаралаған адамдар ұялатын шығар деп ойлаймын.
Негатив көп пе, әлде позитив көп пе?
Егер тікелей менің жеке өміріме қатысты болса, позитив көп. Себебі, мен күліп жүргенді, жанымдағы адамдарға көмектескенді жақсы көремін. Ешкімге жамандық ойламаймын. Ал, инстаграмдағы пікірлерге келетін болсам – негатив көп. Кейде неге адамдар сонша өмірге өкпелі екен деп ойлаймын. Әсіресе, баласы бар аналар сондай жаман әрі ауыр сөздерді жазуға қорықпай ма екен? Себебі, қарғыс өз иесін табады. Ең жаман қарғыс ұрпақтан-ұрпаққа дейін жалғасады екен. Осыны ойламайтын әйелдерге таңқаламын. Бақытты әйел өзгенің өміріне қызғанып қарап, лағнеттемейді. Меніңше, қара пікір жазушылардың көбі өмірден өз орнын таппаған, бақытсыз жандар. Еркебұланға күні бүгінге дейін мені жамандап жазатын адамдар бар. Олардың мақсаты - бізді екі бөлу. Алайда, Еркебұлан өзінің пікірі, көзқарасы бар нағыз азамат. Ол ешкімнің сондай теріс ойларына тіпті, назар салмады. Маған сенді. Сүйді. Мұндай азаматты кездестіргеніме мың да бір шүкір деймін.
Еркебұланның ата-анасымен танысу қаншалықты сәтті өтті?
Бұл менің өмірімдегі ең шешуші әрі үлкен қадам болды. Сәтпаев қаласына барғанға дейін еш уайымдамадым. Тек үйіне кіретін кезде аяғым басылмай қалды. Кіруге ұялдым ба, қорықтым ба, өзімде білмеймін. Сосын бір сәт өзімді қолға алып, үйге кірдім. Сүйтсем, «алты жасар бала келсе, алпыс жастағы ақсақал келіп амандасады» демекші, дастархан жайып күтіп отыр екен. Сондай құрметті көрген кезде жүрегім тынышталды. Ата-анасы өте қарапайым жандар. Тез тіл табысып кеттім. «Асханаға кіруге де, шәй беруге де, төменге отыруға да үлгересің. Сен қазір қонақсың. Төрге шық» деп ерекше ілтипат көрсетті. Өзімнің жақсы әулетке келін болатынымды көрген соң, жақсы келін болуға тырысу керектігін сезіндім.
Мен сізді бұрыннан танимын. Бір орында тыныш отырмайтын пысық қызсыз. Үйленген соң алақандай қалада жұмыссыз отыру жалықтырады деп қорықпайсыз ба?
Иә, бастапқыда Сәтпаевта тұрамыз деген кезде қатты уайымдадым. Негізі Еркебұлан алғашқы кезде Астанада тұратын шығармыз деген еді. Кейін әкесі: «шаңырақтың иесі өзің болғандықтан, Сәтпаевта тұрасың» деп айтыпты. Мен Еркебұланды сүйгендіктен, өмірлік жарым болуға лайықты деп сенгендіктен кез-келген талаптарына көну керектігімді түсіндім. Бірақ, Еркебұлан мені төрт қабырғаға қамап ұстағалы отырған жоқ. Кез-келген ісіме қолдау көрсетуге дайын. Алматыда бастаған барлық бизнестерімді Сәтпаевта жалғастырамын. Мысалы, менің қыз ұзату киімдер дүкенім бар. Өзім де шақыртулар түссе, қыз ұзатамын. Одан бөлек мен кәсіби визажистпін. Оны саланы дамытуды қолға алуға ниеттімін. Әрине, қазір жоспар мынадай деп артық айтудан аулақпын. Басты міндетім – жақсы келін, адал жар, аяулы ана болу. Ал, қалғандары уақыты келгенде болады.
Айтпақшы, бірнеше кәсібіңіз бар екен. Өзіңіздің күшіңізбен бастадыңыз ба?
Тек өзімнің маңдай терім десем өтірік болады. Ата-анам көмектесті.
Яғни, ата-анаңыз бай-бақуатты жандар ғой. Ұзатуыңыз да ерекше өтетін шығар...
Аллаға шүкір, біреуден нан сұрап жүргеніміз жоқ. Біреуден артық, біреуден кем өмір сүрудеміз. Дәулетіміз асқан бай емеспіз. Ата-анам қарапайым жандар. Ұзату тойға дайындық үстіндеміз. «Мені ел таниды, тойым дүркіреп өту керек» деп ата-анамды қинап жатқаным жоқ. Алтынмен аптап, күміспен қамталған той жасаудан аулақпын. Несие алып, той жасауға өз басым үзілді-кесілді қарсымын. Жасандылық пен құр ысырап, мақтаншақты жек көремін.
Жанерке, сені қоғамдағы қандай мәселе алаңдатады?
Маған жалақының төмендігі уайымдатады. Әсіресе, қара жұмыстың бәрін атқаратын жандар мардымсыз айлық алады. Ал, бастықтар жылы креслодан жұмсақ жерлерін қимылдатпастан қыруар табыс табады. Бұл нағыз әділетсіздік деп білемін. Біреудің ақысын жеуге болмайды.
Өзіңіздің де қазір кәсіптеріңіз бар. Жалақыны қаншалықты уақытылы әрі жоғары төлейсіз?
Мен біреуге айлық төлейтіндей шамаға жетпедім. Тіпті, сатушы қыздар да алған жоқпын. Менің екі сіңілім бар. Бірі – студент, екіншісі – менің жұмыстарыма көмектеседі. Осы қос бауырымның көмегімен бизнестерімді жүргізіп келемін.
Инстаграм - тәрбие көзі. Сені де өте көп оқырмандар оқиды. Жауапкершілікті қаншалықты сезінесіз.
Иә, қазір кішкентай баладан бастап барлығында инстаграм бар. Бірақ, оларды тек біз емес, шетелдік парақшаларда тәрбиелейді. Өз парақшамда ар-ұяттан безген дүниелер салмаймын. Насихаттамаймын. Алайда, көп қаралған видео, фотолар «қызықты» деген бөлімге шығып тұрады. Сондықтан, біреуді кінәлаудың қажеті жоқ. Тәрбиені инстаграм емес, ата-ана береді. Меніңше, ата-аналар баланың мұқият қадағалау керек. Қазір өзгеден кем болмасын деп қымбат телефонды алып береді. Ал, оны тәулік бойы ұстаған бала не қарап, не жазып жүргенінен бейхабар. Балаларға телефон бермеу керек. Сабаққа немесе өзге де қажеттіліктері болса, қатаң қадағалау қажет. Әрине, мен тәжірбиелі ата-аналарға ақыл айтудан аулақпын. Алайда, өзгені өзіміздің қателігімізге кінәлап, жазғыруды қою керек.
Инстаграм сіз үшін қаржының көзі ме? Айына қанша табасыз?
Инстаграм тек мен үшін емес, барлық танымал адамдар үшін бизнес көзі болып тұр. Мен әлеуметтік желі арқылы ақша табатынымды жасырмаймын. Мені қойыңызшы, аты дүркіреген талай танымал жандар инстаграмдағы жарнамалары үшін 500 000 -1 000 000 аралығында ақша тауып жүр ғой. Біреудің қалтасын санаудан аулақпын. Алайда, қаржысы жеткілікті адамдар әлеуметтік желіні табыс көзі еткен заманда неге мен көштен қалу керекпін?! Бұл үшін ұялмаймын. Біреудің ақысын жеп жүрген жоқпын. Жұлдыздар сияқты асқақтаған бағаны да айтпаймын. Орташа бағада жарнама жасаймын. Және өзімнің күнкөрісіме, киім-кешегіме жеткілікті. Кей кезде бартер болады. Яғни, дүкендер маған өз тауарларын сыйлыққа береді. Ал, мен жарнамалап беремін.