Картинка
Их жизнь

Жанар Дұғалова: "Жүрек үніме ғана құлақ асамын"

Өнер жолы қыз үшін оңай емесі анық. Дегенмен, Жанар әнші болуды бала кезден армандады. Бұл үшін тек дарынды болу жеткіліксіз, сонымен қатар, көп еңбектену қажет екендігін жақсы түсінді. Ал қазір Жанар Дұғалова қазақ эстрадасының нағыз жарық жұлдызына айналды

10 жаста Роза Қуанышқызымен ән салдыңыз. Балалық арманыңыз қалай іске асты?

- Роза Рымбаеваның өнерін жоғары бағалаймын. Бұл сәт менің балалық шағымның ең ерекше кезеңі дер едім. Бала кезде ол кісімен бірге ән айту кез келген кішкентай қыз үшін үлкен мақтаныш әрі жетістік деп ойлаймын. Ол кісімен бірге сахнаға шығу шабытыма қанат бітірді. Осы сәтті ерекше ыстық сағынышпен есіме аламын.

 Эстрада әншісі болуды армандайтын аруларға не жетіспейді деп ойлайсыз? Қандай кеңестер бере аласыз?

- Өкінішке орай, қазір ақшамен де әнші болып жүргендер бар. Бұл бізде ғана емес, әлемдік тәжірибеде кездесетін мәселе. «Өнерге әркімнің бар таласы» демекші, әр әншінің өз тыңдарманы бар. Халық өз бағасын береді. Менің ойымша, ең бірінші «танымал боламын» деп емес, өнерімді танытамын деген мақсат қою керек. Кейбірі дарынымен, енді бірі тек тартымдылығымен әйгілі болады. Ең бастысы, сахнаға деген махаббат болуы керек деп ойлаймын. Ал қыздарға айтарым, егер бойында дарыны болса, Алла жолын ашады. Жетістіктерге тек адал еңбекпен  жетуге болатындығына сенім керек. Мен үшін танымал болу мақсат емес. Әрі ол өнеріңнің жалғыз көрсеткіші емес деп ойлаймын.

Ал өзіңіз сынға қалай қарайсыз, қалай қабылдайсыз?

- Сынға қарсы емеспін, дұрыс қабылдаймын. Өзім құрмет тұтатын кісілердің сыны мен үшін пайдалы деп ойлаймын. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сол сынды кімнің айтқанына аса мән беремін. Ешбір дерексіз бос сынға мән бермеуге тырысамын.

Ал қара пиарға көзқарасыңыз қандай?

- Қара пиар арқылы танымалдылығын арттыру батыста қалыптасқан үрдіс. Халқы да бұған үйренген. Қара пиар біздің ділімізге сай емес. Өз басым қара пиарға қызықпаймын әрі қолданбаймын деп сенімді түрде айта аламын.

Отбасыңыз туралы білсек?

- Әкемнің есімі Асылбек. Энергетика саласында қызмет атқарған адам. Ал анамның аты Рая. Қазір Павлодар қаласында хор дирижері ретінде жас әншілерге ұстаз болып жүр. Анам өзі жетпеген белестерді менің бағындырғанымды қалайды. Осы үмітін ақтауға тырысып жүрмін. Артымнан ерген Айжан есімді сіңлім бар.

Мамандығыңыз бойынша кәсіби актрисасыз. Ән айтуды тастап, актриса болып кетуіңіз мүмкін бе?  

- Болашағым Аллаға аян. Соңғы кезде «мүмкін емес» деген сөзді қолданбауға тырысамын. Себебі, өмірде бәрі де мүмкін екен. Өнердің екі саласын да қатар алып жүруге тырысамын. Актерлік шеберлік әншіге де керек қасиет қой. Тыңдарман қауымға жүрек түкпіріңдегі әнді әдемі жеткізу үшін де актерлік дарын керек деп ойлаймын. Сондықтан, әнші бола тұрып актриса болуым да мүмкін нәрсе. Бір саланы ғана таңдап, екіншісінен бас тартуым мүмкін емес. Актриса ретінде халық мені «Ғашық жүрек-2», «Махаббатым жүрегімде» фильмінен байқады. Болашақта әлі де қызықты рөлдерді сомдауға ниетім бар. Өзімнің табиғатыма драма, комедия жақын. Өнер адамы болған соң жан-жақтылық қажет.

Әли Оқаповтың «Биле» деген әнінде бэк-вокалда сіздің даусыңызды таныдық. Көпшілік назарына Әлимен бірге жиі ілінесіз. Араларыңызда сезім бар деген сыбыс қаншалықты рас?

- «Биле» әніне бэк-вокалда менің қатысуым ойламаған жерден болды. Ең қызығы, «биле» деген бір ауыз сөздің өзінен көбі менің дауысымды танып қойыпты (күлді). Ал Әли менің бауырымдай болып кеткен жігіт.  Арамызда тек достық қарым-қатынас қана бар. Бір-біріміздің өнерімізді бағалап, қолдау көрестіп отырамыз.

Сіздің жүрегіңізді қандай жігіт жаулап алуы мүмкін?

- Аллаға сенетін, рухани бай, ақылды, сабырлы жігіттер ұнайды. Ал көркі өзім үшін тартымды болса жеткілікті. Өзгелердің пікірі мен үшін маңызды емес. Сондықтан, жүрек үніме ғана құлақ асамын.

Бір көргеннен ғашық болуға сенесіз бе?

- Иә, сенемін. Себебі, өмірде осылай ғашық болып, отау құрған жандар жетерлік. Сондықтан, бұл да мүмкін сезім дер едім. Ғашық болу керемет нәрсе.

Ал «Махаббат жасқа қарамайды» деген пікірге көзқарасыңыз қандай?

- Әрине, бұл пікірмен келісемін. Бірақ 18 жастағы қыз 88 жастағы атаға ғашық деген сезімге сенбеймін (күлді). Жас айырмашылығы аса көп болмаса, баянды махаббат сезімінің пайда болуы мүмкін.

Үй шаруасына қалайсыз? Тамақты дәмді әзірлейсіз бе?

- Өнер адамы болғандықтан уақытым тапшы. Тамақ әзірлеуді енді үйреніп жүрмін. Болашақта он саусағынан бал тамған керемет аспазшы болатыныма сенімім мол.

Қазір жүрегіңіз бос па?

- Өнер адамы ғашық болмай тұра алмайды деп ойлаймын. Сезімсіз шабыт болмайды. Себебі, ішің бос болып тұрса, керемет ән жазу мүмкін емес. Тіпті, әнді де әдемі жеткізе алмайсың. «Махаббатсыз дүние бос» демекші, әрқашан ғашықтық сезімін бастан кешіремін. Әрқашан ғашықпын деуге болады. Ұнатып жүрген адамым бар. Ал қазір мен үшін өнерім маңызды.

Егер жігітіңіз сізге «Отбасы немесе өнер» деген талап қойса қайсысын таңдар едіңіз?

- Мен ондай адамды сүйе алмас едім. Өнерімді түсінетін, бағалайтын жігітке қана тұрмысқа шығамын. Өйткені, мен үшін отбасылық өмір де, өнерім де маңызды. Түсінігі мол адам бұндай талап қоймайды деп білемін.

Қанша баланың анасы болуды армандайсыз?

- Мен өте балажан адаммын. Мен үшін ана болу үлкен бақыт. Кем дегенде үш баланың анасы болуды армандаймын. Егер мүмкіндігім болып жатса, жетім балалаларды да асырап алуға қарсы емеспін. Қайырымдылық шараларына жиі қатысып тұруға тырысамын. Ата-анасыз, қараусыз қалған сәбилерге жүрегім қатты ауырады. Барлық сәби бақытты болуға лайық!

Басқа қандай өнеріңіз бар?

- Ән айту, ән шығару менің сүйікті ісім. Іштегі сезімім, жүрек тебіренісім осы әннен көрініс табады. Шабытты кезімде  орыс тілінде өлең жазғанды ұнатамын. Егер әнші болмағанымда жазушы болар едім. Билеу арқылы да жаным жадырап қалады.

Орыс тілінде өлең жазамын дедіңіз. Жалпы, өзіңіз қай тілде ойланасыз әрі жиі сөйлейсіз?

- Өзім Павлодар қаласында өстім. Орыс тілді ортада болсам да, қазақ тілінде білім алдым. Екі тілде де ойланып, ойымды еркін жеткізе алатын деңгейдемін. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, ана тіліме деген құрметім ерекше әрі басқа тілді де меңгеру артықтық етпейді деп ойлаймын.

«Жұлдыз» ауруымен ауырмайсыз ба?

- Жоқ, ауырмаймын. Өзін «жұлдызбын» деп  сырқаттану ақымақтың ісі дер едім. Ол танымал болуы мүмкін. Нағыз жұлдыздар тек аспанда емес пе?! Егер ол Майкл Джексон сияқты әлемдік деңгейді бағындырса, түсінер едім. Бірақ әрдайым өнеріңді кімге арнап отырғаныңды ұмытпағаның дұрыс. Ол қарапайым халық. Сондықтан, «ұлық болсаң, кішік бол» дегенді естен шығармай, өзіңді қарапайым ұстаған дұрыс деп ойлаймын.

Сахнадағы Жанар мен өмірдегі Жанардың айырмашылығы бар ма?

- Айтарлықтай айырмашылығы жоқ. Бірақ мұңлы әнді көңілді айтпайсың ғой. Сол секілді сахнадағы бейнем сол әннің мазмұнына да байланысты дер едім. Ал жасанды болуға жаным қас. Бәрібір адамның табиғи болмысы білініп тұрады. Сондықтан, өзімді шынайы, табиғи ұстауды жөн көремін.

Жанкүйерлеріңіз мазаңызды жиі ала ма?

- Аса мазамды алатын адамдар жоқ. Керісінше, үнемі маған қамқор болып, тілегін жазып, гүл сыйлайтын тұрақты жанкүйерім бар. «Жолда абайлап жүріңіз» деп көлігіме қағаз тастап кеткен кездері болған. Осы журнал арқылы оған сәлем жолдағым келеді. Осындай жылы лебіздерін білдіріп, өнерімді бағалайтын жанкүйерлерім алға жылжуға шабыт сыйлайды.

Сұлулығыңыздың құпиясы бар ма?

- Арнайы құпиям жоқ. Уақытым болғанда косметологқа барып тұрамын. Дұрыс тамақтанып, саламатты өмір салтын ұстануға тырысамын. Адамның көрікті болуы тікелей көңіл-күйіне байланысты. Ішкі дүниең жайдары, махаббатқа, сүйіспеншілікке толы болса, сыртқы бейнең де сұлу болады. Сонымен бірге таза суды жиі ішкен абзал және ұйқың сергек болуы керек.

Бос уақытты қалай өткізесіз?

- Кітап оқыған ұнайды. Сондықтан, қызықты кітап оқудан бас тартпаймын. Мәнді көркем фильмдерді көремін, жақын достарыммен серуендеп, әңгімелесуге тырысамын.

Қыздар арасында адал достық болады дегенге сенесіз бе? Сыралғы құрбыларыңыз бар ма?

- Әрине сенемін! Ең бірінші достыққа адал болу адамның ниетіне байланысты дер едім. Егер досыңа деген көңілің ақ, қуанышы мен қайғысына ортақ бола білсең, ішіңдегі сырыңмен еркін бөлісе алсаң, міне, бұл нағыз достық. Менің де жақын араласатын үш құрбым бар. Осындай достарымды мақтан тұтамын. Олар үшін әрдайым көмекке дайынмын, олар да қажет кезде қасымнан үнемі табылады.

Әңгімеңізге көп рахмет! Өнер шыңын әлі де көптеген жетістіктермен бағындыра беруіңізге шын жүректен тілектеспіз!