30 жастан асқан әйелдердің басым көпшілігі жастық өтіп кетті деп есептейді. Ал кейбір әйел 60-тың өзінде жастармен бәсекелесе алатын жағдайда. Құпиясы неде? Әрине, салауатты өмірде, позитиі мен дұрыс тамақтануында болуы әбден мүмкін. Дегенмен де, адамның өзін сергек сезінуі мен көңіл хошын жоғалтпауы ағзадағы гормондардың дұрыс жұмыс істеуіне тікелей байланысты. Эндокринолог дәрігердің кеңесіне назар аудара отырып, гормондар бұзылысы адамның физиологиялық жасына әсерін талдап көрелік.
Жалпы ағзадағы гормонның бұзылғанын неден білеміз? Гормондар – адамның көңіл-күйіне, эмоциясына әсер ете алатын эндокриндік бездер бөліп шығаратын биологиялық белсенді заттар. Сондықтан оны бұзылысы ең алдымен адамның психологиялық-эмоционалдық күйін тұрақсыз етеді. Адам бірде ашушаң болса, бірде себептен-себепсіз көңілі түсіп, өмірден түңіледі. Физиологиялық өзгерістердің ішінен ауыздың кебуі, шөлдеу, көздің нашарлауы, әлсіздік, естен тану немесе салмақ жоғалту, шаш түсіп, түнде дұрыс ұйықтай алмау, жыныстық функциялардың бұзылуы, безеу, бөртпе шығу сияқты белгілерді байқауға болады. Тіпті, инсулиннің жетіспеуінен қант диабетіне шалдығып, әйелдердің денесіне түк пайда болуы да ықтимал. Осындай түрлі ауытқуларға алып келетін гормон бұзылыстары, әлбетте, адамның ішкі ағзасының жұмыстарын ғана емес, сыртқы келбетіне де әсерін тигізіп, әйел адамға психологиялық жағынан да қиындықтар тудырады.
Гормондар күйзелістің, иммунитет нашарлауының, жас ұлғаюына байланысты өзгерістердің, ас қорыту жолдарының бұзылуының, ұйқының дұрыс болмауының, түрлі инфекциялардың, дәрі-дәрмекті ретсіз пайдаланудың, шылым шегу мен түрлі паразиттердің салдарынан ауытқуы мүмкін. Ал әйел адамның өз сұлулығын сақтап, жылдам қартаюына жол бермейтін гормондар қайсы?
1. Эстроген – әйелдің жыныстық гормондары. Егер эстроген әйел ағзасында жеткілікті мөлшерде болса, онда оның сыр-сымбаты мен бет-бейнесіне қатысты уайымдамауына болады. Эстроген теріге, шашқа, жүріс-тұрысқа, тіпті, көңл-күйге әсері күшті. Әйелді қылықты ететін де – дәл осы эстроген гормоны.
2. Прогестерон – жүктілікке жауап беретін гормон. Бұл гормон ағзадағы сұйықтықтың жүруіне, қантамырлардың өткізгіштігіне жауап бергендіктен, жеткіліксіз мөлшердегі жұмысы беттің, аяқтың ісінуіне алып келіп, ағзаны әлсіретіп, теріде түрлі түрлі бөртпелердің шығып кетуіне жол береді.
3. Мелатонин – сағат 22.00 – 02.00 арасындағы ұйқы кезінде майдың еруіне қаатысатын мықты антиоксидант. Бұл гормон бөліну үшін, ең бастысы, бөлме тас қараңғы болу керек. Ұйқы дұрыс болмаса, мелатонин мөлшерінің төмендеп, салдары эстроген гормонының деңгейіне әсер етеді.
4. Тестостерон – ер адамдардың гормоны болып есептелсе де, әйелдерде де бөлінетін, әйел ағзасына қажетті гормон. Оның сырт сұлулыққа тікелей қатысы бар. Себебі, коллагеннің бөлінуіне және тері жасушаларының жаңаруына ықпал етеді. Жас ұлғая келе, тестостерон аз синтезделеді де, тері регенерациясы төмендеп, ол серпімділік қасиетінен айырылады. Ал тестостерон мөлшерінің артуы беттегі безеудің көбеюіне әкеліп соқтырады.
5. Соматотропин – зат алмасу процесіне белсенді түрде қатысатын өсу гормоны. Бұл гормонның синтезі 25 жастан бастап төмендей бастап, 42 жастан кейін екі есеге азаядыы. Бұл гормон жетіспеген кезде, ұйқы бұзылып, тәбет төмендеп, салмақ арта түседі.
6. Тиреотропты гормон – ағзадағы метаболизм мен дәрумендер синтезіне жауап беретін гормон. Бұл гормон жетіспеген жағдайда тері құрғап, тырнақ сынғыш келеді.
Эндокринолог дәрігер Медеубекова Жарқынайдың айтуы бойынша, барлық ауру ішектен басталады және кез-келген бастапқы және асқынған ас қорыту жолдарының аурулары ағзаның биологиялық жасына әсер етеді. Ал ас қорыту жолдарының бұзылғанын білдіретін белгілер:
► асқазандағы сілтілік ортаның нашарлауы;
► өттің толуы;
► іштің қатуы.
Өкінішке қарай, бұл белгілер айналамыздағы қыз-келіншектердің барлығында дерлік бар. Алдын алып, емдемеген жағдайда ағза тозып, органдар қызметі бұзылып, әйел ерте қартая бастайды.
Жарқынай Медеубекова «Адамды миы емес, асқазаны басқарады» деген ұстанымда. Өттің толуы, бауыр қызметінің нашарлауы адамның психологиялық-эмоционалдық ахуалына кері әсер етіп, ағзаның қартаю процесін жылдамдатады. Дәрумендер мен нутриенттер асқазанда бөлініп шығатындықтан, қоректік заттар да асқазан арқылы сіңеді. Егер ас қорыту үдерістер бұзылса, лимфа жүйеге зақым келіп, аутоиммунды аурулар туындауы әбден мүмкін.
«Ағза мен сырт келбеттің жас қалпын ұзақ сақтағыңыз келсе, мына кеңестерге құлақ түру керек», - дейді дәрігер Жарқынай Медеубекова:
► Ашыққан кезде ғана тамақтаныңыз. Физиологиялық ашығу болмаса, энергияға да сұраныс жоқ. Демек, кез-келген ас ағза үшін ауыр салмақ болады.
► Тыныштықта және көңіл тыныш болған кезде тамақтанған жөн. Тамақты әдемі етіп ұсынуға тырысыңыз. Бұл көңілді көтеріп, тәбетті ашады.
► Тамақтанған кезде телефон ұстап, теледидар көрудің қажеті жоқ. Олар біз үшін стресс факторлары болып саналады. Сондықтан ас қорыту сөлдерінің бөлінуін тоқтатады. Яғни, ішкен ас ыдырамайды.
► Тойып тамақтанбаңыз. Бұл ауырлық сезімі асқазанда ғана емес, жалпы барлық ағзаға түседі.
► Белгілі бір уақытта тамақтануды әдетке айналдырыңыз және дастархан басында ұзақ уақыт отырмаңыз. Ұзақ отырыс қанайналым жүйесін бұзып, лимфа ағынына кері әсер етеді.
► Тамақтанардан 10 минут бұрын жылы (40С) су ішу керек. Бұл ас қабылдауға асқазан мен ішек жолдарын дайындауға жатады.
► Таңертең аш қарынға лимон, жидек немесе алма сірке қышқылы қосылған жылы (40С) су ішіңіз.
► Тамақтанып отырғанда суық су ішпеу керек.
► Ет пен балық жеген кезде көбіре көкөніс жеу керек. Күн сайын зәйтүн майы қосылған көкөніс салатын жеуді әдетке айналдырыңыз.
► Дастарханға тәтті қоймаңыз. Оның орнына жеміс-жидектер пайдалануды әдетке айналдырыңыз.
Гормондарды қалай қалпына келтіреміз?
1. Дәрігердің кеңесіне жүгіне отырып, гормондық фонды ретке келтіретін препараттар мен дәрумендерді қабылдау керек.
2. Зиянды әдеттер болса, олардан бас тартып, салауатты өмір салтын барынша қатаң ұстануға тырысу керек.
3. Дұрыс тамақтану тәртібін сақтау керек.
4. Уақтылы ұйықтап, ұйқыны барынша қандыру қажет. Сонымен қатар, таңғы уақытта спортпен шұғылдану да гормондар мөлшерін реттеуге көмектесетін ұмытпау керек.
5. Психологиялық-эмоционалдық күйдің жағымды болуына мән беру, көңіл-күйді көтеріңкі ұстауға тырысу керек.
Эльмира Жүнісова