Рим императоры II Клавдий өз заманында жігіттерге әскерге бармай тұрып үйленуге тыйым салған. Ал, католик шіркеуінің қызметкері болған пірадар Валентин жастарды құпия некелестірген. Оның бұл әрекеті әшкере болған соң, көпшіліктің көз алдында басы шабылады. Осылайша, 14-ақпан «Әулие Валентин» күні атанып, махаббат мерекесіне айналған.
Алайда, ислам діні мен салт-дәстүрді бойына толық сіңірген көптеген өнер адамдары бұл күнге үзілді – кесілді қарсы. Ал, енді бірі Еуропадан келсе де, ғашықтардың бір-біріне сезімдерін тағы бір мәрте дәлелдейтін мереке деп біледі.
Ақбота-Нұр Сейітмағамбет
әнші
Мен бұл мерекеге қарсымын. Жалпы, жастардың санасын қазірден бастап Әулие Валентин күнін тойлауға қарсы тәрбиелеу керекпіз. Себебі,бұл - христиандардың мерекесі. Өнер адамдары үлгі көрсететін жол бастаушы ретінде жастарға дінімізге, дәстүрімізге сай келетін мерекелерді насихаттауымыз қажет. Қазақстанда 15-сәуір «ғашықтар күні» болып есептеледі. Сол күнді насихаттап, тойласақ та жеткілікті деп ойлаймын.
Жанерке Елшін
журналист
«Әулие Валентин» күнін оқушы кезімде ерекше тойлайтын едік. Әсіресе, мектепте қорапқа аты-жөні мен жақсы тілектеріміз жазылған жүрекшелерді салып, ең көп жүрек кімде болады екен деп санап жүретінбіз. Балалық кездің тәтті естеліктері деп қараймын. Ал, есейген соң дәл осы ғашықтар күнін жігітіммен бірге қарсы алмадым. Сондықтан, мен үшін аса маңызды болмады. Кейбір жылдары мерекемен құттықтаған гүлдер алатын едім. Бірақ, шынайы махаббат, сезім болмағандықтан мен үшін 14-ақпан әдеттегідей күн болып саналатын. Ал, биыл сүйіктім жанымда. Бірақ, «ол кісіден қандай сыйлық күтесіз?» деген сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Еркебұлан екеуміз бұл күн туралы тіпті, сөйлесіп те көрмедік. Оның үстіне ол соншалықты романтик емес. Сол себепті ерекше сыйлық күтемін деп айта алмаймын. Және, 14-ақпанды тойлау керек немесе болмайды деп шорт кесіп айтудан аулақпын. Бұл күн – ғашықтардың кезекті рет өздеріне сезімдерін білдіретін күн деп білемін.
Айнұр Нұрсейтова
блоггер
Әрине, тойлаймын. Бұл мереке Батыс елінен келді екен деп шошудың қажеті жоқ. Егер мені сөгетіндер болса ойларын батыстың телефондары арқылы, батыстың инстаграмына жазсын. Және астарындағы батыстың көліктерін, үйлеріндегі батыстың жиһаздарын, үстеріндегі батыстың киімдерін шешіп, тек қазақша жүрсін. Сол кезде ғана «бұл мерекені тойламау керек» деп айқайлап айтқан жөн болар. Мен бұл күні жақындарымды құттықтап, ерекше сыйлықтар жасауға тырысамын. Және сондай жауап күтемін.
Серікбол Сайлаубек
әнші
Бәлкім, жастар тойлайтын шығар. Мен «махаббат күні» деп құттықтайтын жастан өтіп кеттім деп ойлаймын. Оның үстіне бұл қазақ халқының мерекесі емес. Мен жақындарыма деген махаббатымды, оның ішінде әсіресе, анама, жарыма, қызыма, қарындастарыма деген махаббатты 14-ақпан күні емес,8-наурызда білдіремін.
Бауыржан Сатов
актер
Мен қарсымын немесе қолдаймын деп нақты айта алмаймын. Бірақ, сүйікті адамыңа тағы да махаббатыңды білдіріп, сыйлық жасап, көңіл бөлуге арналған мүмкіндік деп білемін. Қолымнан келсе тек 14-ақпанда ғана емес, әр мерекеде де жақындарымды құттықтап, жақсы тілек айтуға тырысамын.
Қуандық Рахым
әнші
Мен бұл мерекені тойламаймын. Мен үшін 14-ақпан қарапайым жұмыс күні болып есептеледі. Қазақ дәстүріне жат, ислам дініне қарсы мерекені қолдау менің азаматтылығыма сын деп білемін. Мен иманды әулетте өскенмін. Сондықтан, тек дініміз бен дәстүріміз қолдайтын мерекені ғана насихаттаймын.