Картинка
Их жизнь

Тәуекел Мүсілім: Ессіз ғашық болған емеспін

Тәуекел, сенің өмірбаяныңды қыздардың 90% білетінінде күмәнім жоқ. Қалған 10% оқырмандарға қысқы да нұсқа балалық шағың туралы айтып өтсең.

Алматыда туып-өстім. 140-ыншы мектепті бітірдім. Отбасымызда анам, тәтем, туған әпкем және мен болдым. Анам таң атқаннан кеш батқанға дейін жұмыста болғандықтан, біздің тәрбиемізбен тәтеміз айналысты. Ол өте қатал кісі еді. Алайда, соның арқасында біз осындай тәрбиелі, көркем мінезді болып өстік деп айта аламын. Кішкентай кезде ұрыншақ болатынмын. Күн сайын міндетті түрде бір нәрсеге жығылып, соғылып, әйтеуір үсті-басым жара болып жүретін. Әлі күнге дейін денемде содан қалған тыртықтар көп.

Мектепте 4 пен 5-ке оқыдым, және мектеп өміріне аса белсенді қатысқан жоқпын. Маған футбол ойнаған әлдеқайда ұнайтын. Кәсіби футболшы да болуым мүмкін еді. Алайда, жаттығулар қиындай бастағанда, футболды тастап кеттім. Мүмкін сол кезде үйде бір  ер адам болғанда, ол менің футболды тастамауға себепші болар ма еді. Анам мені әрқашан қолдағанмен, әйел адам ондай нәрселерді түсіне бермейді ғой. Дәл сондай себеппен жүзуді де, күресті де тастап кеткенмін. Бастапқыда қызығушалықпен бастап, кәсіби деңгейге келгенде тастап кететінмін.

Жалғыз басты аналар бұндай жағдайда спорттағы жаттықтырушы, мектептегі ер мұғалім  немесе тіпті туысқандардың арасындағы ер адамның көмегімен әкенің орнын басуға тырысады.  Сендерде ше?

Ия, ондай адам менде де болды. Ол Қанат есімді анамның інісі еді. Жазғы демалысты көбінесе анамның туған өңірі Жезқазған жақта өткізетін едім. Ол өрт сөндіруші болатын. Мен үшін өрт сөндірушілерді көрудің өзі бір ғажап еді. Таң атқаннан кеш батқанға дейін Қанат ағамның қасында жүретінмін. Ол да мені қалдырмай, жұмысына алып баратын. Талай қызықты оқиғаларды да бастан кешірдік. Нағашы әжемнің айтуынша, мен қаншалықты көп ойнап, шаршап ұйықтап қалсам да, ағамның көлікті от алдырып жатқанын естіп қойғанда, тамағымды ішпестен бірден, ұшып тұрып, соның артынан жүгіреді екенмін. Көлікке деген қызығушылық сол кезде туды. Әкелік мейірімді сол кісіден алдым десем де болады.

Алғашқы махаббат неше жаста  болды?

Алғашқы махаббат бастауыш сыныптарда болды. Ол қыздың есімі Дана еді. Дана белсенді қыз еді, сыныбымыздың старостасы. Мектептегі мерекелік шараларда би билейтін. Ол билегенде мен ғана емес, басқа да ұлдар оған ғашық болатын. Тіпті біздің сыныбымыздағы барлық ұлдар Дананы жақсы көргенін білемін. Ұнатқан қызға тиісе бересің ғой. Мен де шашынан тартып, түртіп, итеріп қалып, сырт киімін бермей, қашып жүретінмін. Ол болса сезімді түсінбей, сынып жетекшімізге шағымдана беретін. Сынып жетекшіміз әрине ондайдың бәрін түсінеді.

Әдетте бастауыш сыныптағы махаббаттан кейінгі махаббат 7-8 сыныпта болушы еді ғой.

Ия, одан кейінгі үлкен махаббат 8-9 сынып аралығында болды. Есімі Жансая еді. Өзі Оңтүсік Қазақстан жақтан. Мінезі қызық, қылықты қыз еді. Жансаяны көрудің өзі сол кезде мен үшін бір бақыт болатын. Сабақта да, дискотекада да соны іздейтінмін. Жансая үшін сәнді, әдемі киінуге тырысқанмын. Оны көрсем, күні бойы мәз болып жүремін. Ол да мені ұнатты. Қасымда сол кезде Қанат есімді досым бар. Жансаяның қасынан да бір құрбысы кетпейтін. Сөйтіп, төртеуіміз бірге сабаққа барып, бірге қайтып, бірге уақыт өткізетін болдық. Айтпақшы, сол кездегі бір қызық оқиғаны айтып берейін! Бәріміз сабақтан шығып, үйдің алдында сөйлесіп отырмыз. Мен әткеншекте отырмын. Бір кезде қасыма Жансаяның ең жақын құрбысы келіп «Тәуекел, сен Жансаяны жақсы көресің. Кездескендеріңе біраз болды. Сүйгің келмейді ме?» деп сұрады.

Оны сұратқан Жансая, бірден айтайын!

Ия, сол болып тұр ғой (күліп).  Ол кезде мен он ұйықтасам да, қызды сүю деген нәрсе ойыма келмейді! Еріннен сүймек түгіл, тіпті амандасқанда бетінен сүйген емеспін. Ондай ой да болған емес. Сондықтан «жоқ» деп жауап бердім. Келесі күні Жансая ренжіп қалып, оның достары мені «тормоз» деп жүр екен. Сол күннен бастап, менімен араласпай, жоғарғы сыныптың жігіттерімен араласатын болды. Ал біз жүрдік солай, «тормоз» болып (күледі).

Енді саналы махаббатқа келейік. 18-20 жастағы делік.

Ой, ол жер енді трагедия!

Сол трагедияны айтып тұрмын.

Есімін атамай-ақ қояйын, ия? Қазір оның отбасы, күйеуі бар.

Келістік.

Қатты жақсы көрдім деп айтайын десем, олай да емес сияқты. Мүмкін шынымен жақсы көргенде, өзім үйленуші ме едім. Білмеймін. Ол Тараздың қызы еді. Ортақ таныстарымыздан оның суретін көріп қалып ұнаттым. Сосын жарты жылдай смс және әлеуметтік желі арқылы сырласып жүрдік. Сөйлеген сөздері, айтатын ойлары, мінез-құлқы, тәрбиесі, түрі – бәрі ұнады! Сосын, өзін көру үшін алғаш рет Таразға бардым. Көргенде одан бетер ұнаттым. Ұялшақ, тәрбиелі қыз болып шыққанана іштей қуандым. Бір жылға жетер қарым-қатынасымызға ара-қашықтық пен менің енді басталып келе жатқан өнер жолым кедергі болды. Оның тарапынан көп қызғанушылық пайда болды. Соның кесірінен екуіміз ұрсыса бастадық. Мен бір жерге бару керек болсам, бұл екеуміз үшін трагедия. Телефон арқылы қайда бартынымды ұзақ түсіндіруге мәжбүр болдым. Барғанның өзінде де оған қайта-қайта телефон шалып тұру керек едім немесе смс жіберіп тұру дегендей. Солай екеуіміз айырылысып кеттік.

Ол сенің шешімің болды ма?

Ия, менің инициативам. Тек артынан өкініп қалдым.

Неліктен?

Артынан, мен ол сияқты қызды таба алмадым. Өкініш ұзақ болды. Екі жылдай іздеуде жүрдім деуге болады. Ал ол қыз сол уақытта басқа жігітке тұрмысқа шығып кетті. Қазір отбасылы, бала-шағасы бар. Әрине, мен ол үшін қуаныштымын. Арасында дос ретінде бір-бірімізді құттықтап жазып тұрамыз.

Көп жағдайда ер адамдар бейсаналы түрде анасына ұқсайтын қыз іздейді. Сенде қалай?

Мен көп жағдайда әпкеме ұқсатамын. Әпкем отбасын құрған. Жездем өте ақылды, іскер азамат.

Енді бәрін қызықтыратын сұрақ. Тәуекелдің сүйіктісі қандай болу керек?

Бойы қысқа болмау керек, 170-тен жоғары, оқыған,  қазақ тілінде еркін сөйлейтін, тәрбиелі, салт-дәстүрді білетін қыз болуы қажет. Шашы міндетті түрде ұзын болу керек. Үлкенді сыйлай білетін. Көзі ашық, санасы ояу, қылықты, әдемі болу керек. Сосын, бір қалыпта қала бермей, талпынып, ізденіп, дамып отыру керек. Жұмыс істеймін десе, тыйым салмаймын. Тек үйдегі шаруаны, отбасын екінші орынға ысырып қоймаса болғаны.

Гүлнәз Жоланованы сипаттадың ғой. Ол несімен ұнамады?

Несімен ұнамады дейсің бе? (күледі) Гүлнәз екеуіміз тек түсірілім алаңында бірге жұмыс істедік. Мен еш уақытта жұмысты жеке өмірмен араластырмаймын. Жұмыс шекарасынан өтпеймін. Сосын, жасың үлкейген сайын көп нәрсеге мән бере бастайды екенсің. Жас кезіңдегідей көзді жұма қарай салмайсың. Бойдақ болып жүргенімнің тағы бір себебі – уақыт тапшылығы. Алдағы екі жылда жұмысқа деген жоспарларым көп. Жеке өмірге алаңдағым келмейді.

Ол саған байланысты емес қой. Сезім сұрап келмейді.

Енді, ондай болып жатса, ессіз ғашық қылардай қыз табылса, көре жатармыз (күледі).

Тәуекел, сенің инстаграм парақшаңдағы комментарилерге тоқтайық. Былай дейді бір жігіт: «Өтірік күліп, талай қызды жылатқан боларсың».

Мектеп кездегі қыздар точно жылаған жоқ (күледі). Жалпы мен тұрақты адаммын. Ұшып-қонып, әр қызбен кездесіп, оларды өзіме ғашық етіп, сосын тастап кетіп жылатудан аулақпын. Анам да «қыздың жасына қалма» дейтін. Сол әрқашан есімде.

«Эх, жаль что вы далеко, и вас не встретить среди обычной людской толпы. Хоты бы прошли мимо, а я бы упала от сердцебиения. Так и живем» дейді. Не деген драматизм, ия? Сонымен, ең болмағанда қасыңнан өткеніңді қалайтын қыздар сені қайдан іздеп таба алады?

Жаттығу залынан. Немесе студиядан. Демалыс күндері шаңғы тебуге Шымбұлаққа барамын. Сол жерлерден кездестіруге болады.

«Қандай әдемісіз! Да простит меня муж» деп жатыр бір ару. Қыздардың жігіттері немесе біреудің күйеуі сенен сүйіктісін қызғанып, саған ренішін айтқан кездер болды ма?

Бетіме келіп ешкім ренішін айтқан жоқ. Хат жазғандары болды, бір-екі рет. Осы жерде тағы бір қызық оқиға айта кетейін. Күйеуі мен әйелі келе жатыр. Әйелі маған қарап қалды. Сосын күйеуі келіп, «брат, әйеліммен суретке түсе салшы» деген (күледі).

«Женщины с ума посходили. А дело в его машине» деген жазуды сенің көлігіңнің қасында түскен суретке қалдырыпты. Көлігіңе, ақшаңа қызығатын қыздар көп па?

Ондайлар жоқ емес, бар әрине. Заман сондай болып кетті ме, білмеймін. «Заманың түлкі болса, тазы болып шал» дейді ғой. Мүмкін содан болар. Алайда, ондай қыздарды бірден танимын. Қыдырғанды жақсы көреді, қымбат жерлерге алып баруды, қымбат сыйлықтарды талап етеді. Оларды мүлде қасыма жолатпауға тырысамын.

Қанша рет күйеу жолдас болдың?

Үш рет болдым. Қиын екен. Қуанышқа орай, үштен көп болуға болмайды дейді ғой.

Бақытты болудың бес шарты қандай?

Сүйікті адамның болуы. Ана-ананың аманшылығы. Өмірге деген жігер, талпыныс болу керек. Сосын спорт.

Төртеуін атадың. Тағы біреу керек.

Кітап оқу керек. Кітап жаныңды тынықтырудың тамаша жолы! Сен бір кітап арқылы бірнеше өмір сүріп тастайсың, үйде отырып, дүниені шарлайсың. Мүлдем басқа кеңістікте жүрген сияқтысың. Өміріңдегі шешілмей жатқан мәселелерден бір сәт болсын босап қаласың. Бұл да бір бақыт қой.

Кітап, спорт, қыздарды жылатпайсың. Тым жақсы образ. Бір жағымсыз қылық болмауы мүмкін емес.

Болды, әрине. Бір рет досымның ұялы телефонын басқа жігіттер алып қойып, солармен ерегісіп қалдық. Сөз өтпегендіктен, жағынан тартып жібердім.

Досыңды қорғап па?

Ия.

Ол жағымсыз қылық емес.

Онда, басқа ештеңе есіме түспей жатыр. Осындаймын енді (күледі).

Сұхбатты ұйымдастыруға көмектескен Urban coffee кафесіне алғыс білдіреміз.

Фотограф Олжас Жакенов.