- Телеарнаға дейінгі өміріңіз жайлы біраз баяндап берсеңіз?
- Менің отбасым үлкен емес. Өзім және әпкем. Бүгінде әпкем тұрмыс құрған, елордасы Астана қаласында тұрып жатыр. Ал анам екеуіміз Алматы қаласында тіршілігімізді жасап жатырмыз. Білім жолына келетін болсақ, Мұқағали Мақатаев атындағы мектепті тәмамдап, бакалавр мамандығы, инженер-механик кәсібі бойынша Қ. Сатбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне оқуға түстім. Кейін ғылым жолын қуып, магистратурада ілім алдым.
- Сіздің шығармашылық жолыңыз жарнамадан басталғаны мәлім, жауапкершілігі мол кәсіпті игеру оңай болды ма?
- Ия, шыны керек, бұл жол кішігірім жарнамадан басталды. Билбордтарға, фото жарнамаларға, уақыт өте келе, роликтерге де түсе бастадым. Тіпті бейнебаянға түсіп те үлгердік. Осындай дәрежеге жету оңай болған жоқ. Бастапқы жүргізген «Ел арна» телеарнасындағы «Ән арна» бағдарламасы болды. Алғаш жарыққа шыққан түсірілімдерді қарап, бірден қателіктерімді ескеруге тырыстым. Мұрат Әбделбаев сахна тіл жағынан дайындап, шешен сөзге үйір болуға көмегін тигізген еді. Осындай қиыншылықтармен күресіп, қазіргі таңда «Хабар», «Хит тв» арналарында бағдарлама жүргізушісі ретінде танылып жүрген жайым бар. Дегенмен, телеарнаның қыр-сырын жетік меңгердім, деп айта алмаймын. Әлі де еңбектеніп, күш жұмсау қажет.
- Актерлік жолыңызда қандай рөл көңіліңізден шықты?
- Негізі, 2008 жылдан бастап актерлікке аяқ бастым. Шағын эпизодтардан көріне бастадым. Әзірше, басты рөлді сомдаған телехикаяның бірі «Махабатым жүрегімде». Сценарийді қолға алған сәттен бастап, бірден терең үңілдім. Неге десеңіз, ондағы Дастанның образы өзімнің шынайы өмірдегі кейпіме, көзқарасыма дәл келетінін түсіндім. Тіпті спортқа деген құмарлығы өзімді айқын көрсетті, деп айта аламын. Ал, алдағы уақытта ер-азамaтқа тән кейіпкерлердің рөлін сомдағым келеді. Хан, батыр, жауынгерлік жанрларға да тәнтімін. Жан-жақты даму мақсатында кез-келген рөлдерді ойнаған абзал болар. Қазір бұл бағытта өнерімді шыңдап жатырмын.
- Күнделікті өмірде қандай стильде киінгенді ұнатасыз?
- Жасқа сай киінген дұрыс деп есептеймін. Есейе келе, классикаға бет бұруға тура келеді. Маңызды кездесулерге костюм киіп, шаруаларыммен жүрген уақытта кэжуал стилінде киінгенді ұнатамын. Демалыс күндері жаныма жақын спорттық үлгіде киінгенді қалаймын. Өзіме жағымды иіс таба алмадым. Тұрақты қолданатын иіс суым жоқтығын жасырмаймын. Дегенмен, көңілден шығатын иіс сулар бар. Олар: Christian Dior-Absolute Fahrenheit, Cartier және қазір қолданып жүрген Bleu de Chanel. Автокөлікке келетін болсақ, әр ер жігіттің әлсіздігі деп білемін. Алдында «тойота камри» мініп жүрдім. Кейін продюсерім Жанна Абуова үлкен автокөлік «джип» сатып алып берді. «Жақсыға тез үйреніп аласын» демекші, аталмыш көліктен артығын кездестірмегеніме сенімдімін (күліп).
- Шоу-бизнеске келуге мәжбүр болдыңыз ба? Әлде ән айту өнеріңіз бұрыннан бар ма?
- Мектеп қабырғасында оқып жүрген кезімде футболшы немесе кәсіпкер боламын деген ойлар болғанды. Нақты бір маман иесі болуға талпынған емеспін. Ең басты жеткілікті, өз күнімді көре алсам деп, үнемі ойлайтынмын. Модель бизнесіне келмес бұрын, мінезім өте тұйық, ұяң болатынмын. Көпті көрген, көп білетін адамдардың арасында жүру, мен үшін бір үлкен сабақ болды. Тұлға болып қалыптауысума біраз әсерін тигізді, деп айта аламын.
-бизнеске келуге ешкім мәжбүрлеген жоқ. Негізі, жастайымнан ән айтуға құмармын. Жасөспірім кезімде «Super star.kz» байқауына күні-түні дайындалып, енді қатысуға бел буғанда, даусым өзгеріске ұшырады. Ән жолына келгеніме бір жыл болды. Әншілікке жетпейтін қырларым баршылық. Жан-тәнімен ән айтып үйрену керек. Дауыс деген зор күшке ие екенін түсіндім. Қазір дауысты ашу үстіндеміз. Болашақта бұл саланы да меңгеріп, өнерімді паш етсем деймін.
- Жаңа бейнебаяныңыз қайда түсірілді? Көп уақыт алды ма?
- Бүгінгі таңда қоржынымда үш бейнебаяным бар. Барлығы да Алматы қаласында түсірілді. Соңғысын айтатын болсақ, Алматы маңайындағы белгілі демалыс орнын таңдап, таң ата жұмысқа кірісіп, бір тәулік уақытымызды алған болатын. Сюжеттің тақырыбына байланысты болар, қысқы уақытта түсірілім жасау қиынға соқты. Дегенмен, жемісін көріп келеміз.
- Той-бизнеске қатысыңыз бар ма? Сіздің жеке көзқарасыңыз қандай?
- Той-бизнеске еш қатысым жоқ. Көпшілік мені әнші ретінде қабылдай алмай жатқаны көрінеді (күліп). Сахнадан, камерадан тыс атаулы кештерге байланысты мәселелерді Жанна ханыммен шешімге келген жөн болады. Дегенмен, той бизнеске бет бұрмаймыз деген ойдамын. Біздің мақсатымыз бүгінгі дәрежеден асып, элитаға жақын болу. Ол кісінің той-думанға арналған 10-нан астам жобасы бар. Сол ортада танылып жүрген топтармен тығыз байланыс орнатуда. Той бизнес табыс көзі болып саналатындықтан, өз басым келісемін. Бірақ өзім бұл ортаға аяқ баспаймын.
Бізге алтын уақытыңызды бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін көп рахмет!
Сізге де рахмет!
Автор: Салтанат Габбас