Сәкен аға, қайырлы күн. Жуырда ғана жарыңызбен Италия еліне саяхатқа барып келдіңіздер. Демалыс қалай өтті?
Қайырлы күн. Үйленгенімізге 20 жыл болды. Осы мерейтой қарсаңында өмірлік жарыма тосын сый жасағым келді. Аллаға шүкір, бойымдағы өнерімнің арқасында талай мемлекетті аралап, мәдениетімен таныстым. Солардың ішінде Италия елі маған ерекше әсер еткен еді. Үнемі сол елдің мәдениетін, тазалығын басқа да көз тоярлық сұлулығын үйде тамсанып айтып жүретінмін. Шетелге демалу туралы ұсынысты жеңгелеріңіз естіген кезде Миланға бару туралы ниетін білдірді. Негізі бір апта бойы ештеңе алаңдамастан демаламыз деп жоспарлаған едік. Алайда, демалысты 3 күнде аяқтап, елге қайтуға тура келді.
Мұндай асығыстыққа не себеп болды?
Қыздарымызды сағындық. Бізді қойшы, екі қызымның сағынышы ерекше болды. Біз демалыстан видео жіберген едік. Оны көрген қыздарым қатты жылапты. Далаға ойнауға шыққан кезде, бормен біздің суретімізді салыпты. Соның бәрін көріп жүрегіміз шыдамады. Қыздарымыз ішқұса ауру болып қалмасын деп үйге жеткенше асықтық. Басымыз аман болса, әлі демалыстың көкесі болады деп сенемін.
Үш күндік демалыста қандай қызықтар болды?
Шет ел. Өзге тіл. Біз ешқандай қасымызға аудармашы да алмадық. Динара екеуміз әйтеуір бар білген ағылшынша сөздерімізді қолданып, амалдадық. Сөзіміз таусылып қалса, ымдап түсіндірдік. Аллаға шүкір, демалыс аз уақыт болса да, көңілімізден шықты. Негізі сүйіктіңіз қасыңызда болса, әр күн мереке ғой. Бақытты сезіну үшін шекара асудың еш қажеті жоқ.
Сізді романтик жігіттердің қасына қосуға болады ма?
Шынымды айтсам «романтик» деген сөзді ұнатпаймын. Тізерлеп отырып, сақина сыйлап, ұсыныс жасайтын жігіттерді, тіпті, түсінбеймін. Олар енді шетелдің фильмінен көргенді қайталап жүрген шығар. Бірақ, қазақтың азаматтары ешқашан тізерлемеген. Еркек деген абыройына дақ түсірмеген. Менің романтик болғым да келмейді. Бірақ, адамзаттың асылы Пайғамбарымыздың (с.у.с) жарына деген құрметін, сыйластығын, жақсы қарым-қатынасын үлгі етемін. Әйеліңізге, анаңызға, қызыңызға гүл беру керек. Бірақ, гүл беру үшін романтик болып міндетті емес. Жаныңызға жақын әйел баласына гүл сыйласаңыз, олардың жүзінде үлкен қуаныш пен бақыттың лебін байқайсыздар. Жоғарыда айтып кеттім ғой, бақыттысезіну үшін шетел асу қажет емес. Сол сияқты дүркіретіп той жасап, алтынға аптап, күміске көмкерудің қажеті жоқ.
«Жұбайлар бар әңгімесі таусылған.
Ал, махаббат таусылмайтын» - деген керемет өлең жолдары бар ғой. Бақыт деген ол екі жастың берген сертінен таймай, бір-біріне адал болып, сыйластықтарын сақтай білуі. Ал, қалғаны уақыттың еншісіндегі, бүгін бар, ертең жоқ дүниелер.
Сөзіңіздің жаны бар. Алайда, отбасын сақтап қалу оңай емес. Сіздің шаңырақтарыңыздағы тыныштық пен сыйластықты қалай сақтай алдыңыздар? Қызғаныш деген бар ма?
Қызғаныш жас кезімізде болған шығар. Қазір біз ақыл тоқтатқан азаматтармыз. Сондықтан, қызғаныш деген қызыл итті сенімге жеңдіргенбіз. Берекелі отбасының басты кепілі – шариғат. «Әйеліңнің бір кемшілігін көрсең, бес артықшылығын еске түсір. Ұнамайтын қасиетін байқасаң, өзіңе ұнайтын қасиеттерін есіңе ал» дейді дінімізде. Мен жарымды қатты жоғары бағалаймын. Мен үшін жанын беруге дайын. Әсіресе, шығармашылыққа келген кезде алғаш болып қолдау көрсетіп, демеу болатын жан. Кейде «бұл маған жараспайды. Оны жастар кию керек қой. Менің жасым келді» деп айта қалсам «ерте қартаймаңызшы. Сізге керемет үйлесіп тұр» деп шабыт береді. Өмір болғасын кейде психологиялық соққы алатын кездеріміз болады. Жақындарымызды жоғалтамыз. Сенген адамдардың сатқындығын көреміз. Сол кездердің барлығында керемет сырлас дос бола біледі. Қиындықты, аштықты да, тоқтықты да бірге көрдік. Көп адамдар Сәкен Майғазиевті танып, соған ғашық шығар. Бірақ, мен жарым Майғазиев Сәкенге ғашық болған жан. Мені ешкім танымайтын кезде ғашық болып, азаматтылығымды бағалаған ару. Шаңырағымыздың шайқалмай тұруына сол кісі бірден бір себепші шығар. Ер азаматым деп қасым мен қабағыма қарап отырады. Бақытты, берекелі отбасына айналу үшін Алланы танып, қорқу керек. Мен өзімді сүттен ақ, судан тазамын демеймін. Бәрінің хаққысын беру керек. Әйелдің хақысы бар. Еркелегін көтеру керек. Бірнәрсе ұнамаса кешіру керек. Жаман ойламау керек. «Әйелді ері емес, ары ұстайды» деген сөз бар. Әйел адам да теңдік осы екен деп төбеге шықпауы керек. Өмір болғасын ақ пен қарасы да болады, проблема да болады. Малғұндардың араласпайтын жері жоқ, кейде сабырсыз болатын кезім болады. Шүкір, үнемі ол басыла қояды. Ең бастысы, кешірімді болу керек.
Ұл-қыздарыңыз туралы да әңгімелей отырсаңыз...
Ұлым менің сырласым, досым. Кез-келген тақырыпта еркін сөйлесеміз. Ойын бүгіп қалмауын талап етемін. Өзі де мықты психолог. Қоғам азаматы ретінде өз пікірімді қатты айтып қалып жүрсем: «Әке, сіз қоғам қайраткерісіз бе? Әлде өнер қайраткерісіз бе? Бұл мәселемен құзырлы орындардың айналысқаны дұрыс қой. Сырт көз сыншы. Дұрыс түсінбейтіндер де бар»,- деп жүрекке тиіп қалмайтындай етіп ескертіп тұрады. Ал, қыздарыма келетін болсам, екеуі де әкесінің қызы. Үлкенім мамасына ұқсайды. Кейде адамдар: «мамасына ұқсайды екен. Ренжіп қалмадыңыз ба?» дейді. Мен неге ренжимін? Керісінше, қуанамын. Тек түрі емес, мінезі де анасына ұқсаса деп тілеймін. «Балалы үй-базар». Күнде үйде қыран-топан күлкі. Қылықтары да тәтті. Үлкен қызым Майра Мұхамеджанқызының әнімен ұйықтайды. Кейде бірге қосылып орындайды. Бастысы, дені сау, Отанына адал азаматтар болып өссін деп тілеймін.
Сәкен аға, сұхбатыңызға көп-көп рахмет. Отбасыңызға амандық тілейміз.