Картинка
Новости

Сүйінші! Қуанышты жаңалықтар топтамасы

«Сүйінші, мен ұлды болдым» деген смс-хат «Заман» тобының әншісі Әсеттен келді. 27-қаңтар күні әнші отағасына әдемі келіншек шекесі торсықтай ұл сыйлады. Болашақ батырдың есімін жұлдызды әке Ихсан деп қойды.

Естеріңізге сала кетейік, Әсеттің таңдаған жары Ақбидай да өнерден құр алақан емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын әнші ретінде өзінің шығармашылық жолын бастаған Ақбидай қазір бала тәрбиесімен айналысуда. Олардың тұңғыштарының есімі Раяна. Ал, өмірге бір қыз бен ұл әкелген жұлдызды келіншек сахнаға қайта оралмаймын дейді. Бақытты отбасының өмірлік ұстанымы: «бір шаңыраққа бір әртіс жетеді».

Небәрі үш күннен соң Республика сарайында ине шаншыр орын табылмасы анық. Өйткені, 3- ақпан күні Мейрамбек пен Тоқтардың «өнердегі көкесі» , талай таланттылардың танылуына себепші болған, Қазақстанның халық әртісі. ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, әнші, сазгер Алтынбек Қоразбаев өзінің жеке шығармашылық кешін өткізеді. Қазір аталмыш кешке тек сазгердің өзі ғана емес, өнердегі барша іні-қарындастары тынбай дайындалуда.  «Алтын күзім, армысың» деп аталатын есеп беру кешінде жаңа әндермен қоса тыңдарманын тапқан ретро шығармаларда орындалады. Қыстың қақаған аязында көңілге қуаныш, жүрекке жылу сыйлайтын кеш болады деп сенеміз.

Көкесінің кешіне дайындалып жүрген әнші Сәкен Майғазиев те ұзаққа созбай өзінің жеке шығармашылық кешін беруге ниетті. Бір қызығы, әншінің бұл алғашқы есеп беру кеші екен. Қызу дайындыққа кірісіп кеткен Майғазиев мырза концертке келген мырзалар мен ханымдарға тек жақсы ән емес, сонымен қатар тосын сыйлар да дайындап жүр. Алдағы аптада әншінің аталмыш кешке дайындығы мен шығармашылық жаңалығы туралы экслюзивті сұхбатын оқи аласыздар.