Картинка
Новости

Сиви Махмуди отызға толды

Сивидің мерейтойымен құттықтап келген өнер иелерінің санында шек жоқ. Жасы да, кәрісі де жиналған тойға 200-ге жуық қонақ шақырылған. Асабалық қызметті Дәурен Айдарқұлов пен Марат Әлібаев атқарды.Дастарханға бата берген махаббаттары ескірмейтін Ескендір Хасанғалиев пен Дарико жеңгеміз алғаш болып сұлуға ақ тілектерін жаудырды. Кейін оның ізін қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісова, танымал актер Тұңғышбай Жамақұлов жалғады.

Бұл кешке Өзбекстанның өнер азаматтары да арнайы ат терлетіп келді. Қонақтарға 1,5 метрлік торт ұсынылып, әртүрлі шоу-бағдарламалар көрсетілді. Тойға келген жұлдыздар сырты жұқа, іші бұқа конверттерінен бөлек әннен шашу шашты.

Ресейлік «Гости из будущего» тобының әншісі Ева Польна бұл тойға арнайы шақырылған. Мұны Сивидің өмірлік жары Аңсар ұйымдастырыпты. «Сивидің өнерге деген махаббатын ашқан әншілердің бірі десем қателеспеймін. Үнемі осы топтың әндерін тыңдап, Еваның шығармашылығына тамсанып жүреді. Сол себепті осындай ерекше сыйлық жасауды жөн көрдім» деп ағынан жарылды отағасы.

Қонақтарын күтіп алумен басты кейіпкердің уақыты тапшы болса да сұрақтарымызға жауап берудің ретін тапты.

  • Туған күніңіз құтты болсын. Көп кезде нәзік жандылар өздерінің жастарын жасырғысы келеді. Ал,  сіз отыздамын деп айқайлап той жасаудасыз. Осы кеш туралы аздап сыр ашсаңыз...
  • Бүгін отызға толдым.  Отыз жасқа дейін өнерде де, өмірде де өз орнымды таптым деп анық айта аламын. Сол себепті «қыздың жасы – он сегіз» деп жасырып, майысқым келмейді. Үш баланың анасымын. Продюсер ретінде де өз жобаларым бар. Бірнеше фильм түсіріп үлгердім. Әндерім мен клиптерім де көрерменнен жақсы баға алды. Сұлулығыма да көптеген жандар қызығып жатады. Ендеше не үшін жасымды жасырамын? Керісінше, мақтансам да жарасымды секілді.
  • Үнемі ерекшелікті жақсы көресіз. Бүгінгі кеш несімен ерекше болмақ?
  • Бүгінгі кеш «1001 түн» деп аталады. Барлық келетін қонақтардың шығыс стильінде киініп келуін өтіндім. Өзім бала кезінен шығыс ертегілеріндегі ханшайымдарға қызығатынмын. Бүгін сол арманды орындайтын сәт келген сияқты. Менің бұйымтайымды жауапсыз қалдырмаған барлық жандарға дән ризамын.
  • Туған күнде үнтаспаның немесе бейнебаянның, тіпті болмаса жаңа әннің тұсаукесерін жасау сәнге айналған. Бір оқпен бірнеше қоян ату сіздің жоспарыңызда жоқ па?
  • Дәл таптыңыз. Бүгін барша жиналған достарымның алдында «Кел, жаным» деген әнге түсірілген бейнебаянның тұсаукесерін жасауға ниеттімін. Режиссері Мерей Мақановқа үлкен алғыс айтамын.

Ринат Тәттібай

PR-менеджер

Сиви «1001 түн деп аталатын мерейтойыма шақырамын. Шығыс стильінде киініп келсеңіздер» деп хабарласты. Сол себепті досымның өтінішін орындауды мақсат еттім. Мен араб қызының образын таңдадым. Әсіресе, паранджа киюді жөн көрдім. Дос қыздарымнан гардеробынан тауып алдым. Ешкім мені танымаса деген басты мақсатым болды. Ойым іске асты. Көп әріптестеріміз танымай біртүрлі қарап жүрді.

Тек Мақпал Жүнісова апайымыз ғана бірден танып: «Мынау, Ринат қой» деп қарқылдап күліп алды. Киген кезде керемет сезім алдым. Ешкімнің қолы жетпейтін алтын секілді күйге бөлендім. Және менен қорқып, қашып жүрген адамдар да көп болды.Өкініштісі, бұл кешке 150-ден астам қонақ шақырылса, олардың ішінде 4-5 адам ғана шығыс стильінде киініп келген. Бірақ, ол үшін Сивидің көңілі түседі деп ойламаймын. Ең бастысы, бәрі келіп, қуанышына ортақтасып жатыр. Мен де досымды туған күнімен құттықтаймын.

Ербол Шәріпов

«Азия» тобының әншісі

Сиви менің жақын досым. Бүгінгі туған күнінің тақырыбын ести сала бірден араб жігітінің киімін киюді жөн көрдім. Тек басымдағы мынау орамалды ғана іздеу керек болды. Оның өзін тез таптым. Ал, қалған киімдер өзімдікі. Туған күнге құр қол келмесіміз анық. Үлкен гүл шоғы және басқа да сыйлықтарым бар. Бірақ, қандай сый екені құпия болып қала берсін.

Мақпал Жүнісова

Әнші

Сиви сіңілімді ерекше жақсы көремін. Туыстық, достық қарым-қатынасымызды арттыру мақсатында қызына кіндік шеше ретінде таңдап,тұсауын да маған кестірді. Сондықтан, ерекше жақын қыз. Бүгінгі туған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бақытты, қуанышты күндері көп болсын.   

Абай Бегей

Әнші

Сивиді шын жүректен құттықтаймын. Бақыт тілеймін. Өзіміз де шығыстың жігіті болғандықтан, күнделікті кастюм-шалбармен келе салдым. Арнайы киім іздеуге уақытым аз болды. Бастысы киім емес, шын көңіл-ниет деп білемін.