1-шілде Шымкентте болған бала зорлау оқиғасы подъездегі бақылау камерасына түсіп қалған. Күдікті кісі алдымен есікті жауып, баланы бұрышқа тақап, ұрып-соғып, зорлық сипаттағы әрекеттерді жасаған. Баланың айқайлаған дауысын сыртта отырған егде жастағы әйел естіп, көмекке ұмытылады. Есікті ессіз еркекпен алысып жүрген балақай ашып үлгереді. Ал, әлгі күдікті қашып құтылған. Ал, педофилден қорлық көрген балаға медициналық көмек көрсетіліп, сараптама жасалды. Дәрігерлердің қортындысы бойынша 11 жасар немересі зорланған. Күдікті ұсталып, өз кінәсін мойындап, өкінетінін айтыпты. 1985 жылғы Шымкенттің азаматының үстінен қылмыстық іс қозғалмақ.
Тек Қазақстанда емес, әлем бойынша педофил, маньяк тақырыбы қызу талқылауда жүр. Ата-аналар қауіпті жағдай туындаған жағдайда балаларға қорғану тәсілдерін қанша үйретсе де, жәбірленушілер аз емес.
Зағипа Балиева кәмелітке толмаған балаларын қараусыз қалдырған ата-аналар жазаға тартылсын деген ұсыныс тастаған еді. Алайда, бұл мәселенің екінші жағы бар екенін ұмытпау керек. Көптеген ата-аналар жұмыс жасағандықтан балаларын үйде жалғыз қалдыруға мәжбүр. Біз отбасылық қарым-қатынас психологы Евгений Хохлатовтан балаларды қорғануға үйрету әдістері туралы кеңес сұрадық.
1. Бөтен адаммен мүлдем сөйлеспеу керек
Біздің уақытымызда аулаға шығып, емін-еркін ойнай алатынбыз. Ал, қазіргі қоғамда балаларын қараусыз далаға жіберетін әке-шешелер аз. Алайда, жалғыз далада ойнаса да, мектептен, қосымша сабақ немесе үйірмелерден үйге жалғыз келетін болса да балаларыңызға танымайтын адамдармен мүлдем сөйлеспеу қажет. Ешқандай сұрақтарына жауап беруге міндетті емес.
2. Танымайтын адамнан анасының ешқандай сәлемдеме айтпайтынын үйрету
Маньяк, педофилдер баланың әлсіз жерін жақсы біледі. «Анаң сені маған алып кел деді...», «Әкең саған менің көмектесуімді сұрады...» деген секілді сөйлемдер арқылы баланы алдап-арбайды. Сондықтан, балаға күнделікті бір нәрсені мұқият түсіндіру қажет. Сіз ешқашан балаңызды бөтен адамға табыстамайсыз. Сонымен қатар №1 ескерту де есіне салуды ұмытпаңыз. Бейтаныс адамдармен мүлдем сөйлеспеуі, сұрақтарына жауап бермеуі керек.
3. Бала өзіне ешкімнің қол тигізуге құқығы жоқ екенін білу керек
Балаңыз өзіне ешкімнің де қол тигізуге, қорқытуға, ұруға құқығы жоқ екенін білу керек. Егер ересек адам оны қорқытып немесе әңгімеге тартып, қол тигізетін болса көмек сұрап қашу керек. «Мен оны танымаймын. Көмектесіңдер» деген сөйлемді естіген адамдар баланың кезекті еркелігі деп ойлап қалуы мүмкін. Сондықтан, «Маған тиіспе. Мен сені танымаймын. Кет» деп айқайлауы қажет.
4. Баланы ішкі түйсігіне сенуі керек
Баланы әрдайым өзіне, ішкі ой-түйсігіне сенуге тәрбиелеңіз. Егер ол қорқыныш, үрей, қауіпті сезсе – айқайлап қашуы керек. Күдікті адам соңынан ілескен болса, адам көп жерлерге: дүкен, аурухана немесе басқа да мекемелерге кіріп көмек сұрасын. Мысалы, оқиғаны үлкендерге түсіндіріп, анасына хабарласуын өтінуі қажет.
Көп кезде жәбірленушілер - өздеріне сенімсіз, аңқау балалар. Сол себепті балаларға өздеріне сенімді болып, ішкі түйсігіне құлақ түруді үйрету маңызды.
5. Баланың сөзіне сеніңіз
Егер балаңыз өзіне бейтаныс қорқынышты адамның келгенін айтса, бейжай қарамаңыз. «Жай саған солай көрінген ғой» деп қол сілтеуден аулақ болыңыз. Керісінше, перзентіңізбен мұқият сөйлесіп, мән-жайды анықтап білуге тырысыңыз.
6. Ата-анасы ауырып немесе жағдайы келмей қалса, бала өзіне тек сенімді әрі жақын, таныс туысының келетінін біледі
Жеті жасынан бастап бала ата-анасымен қандай қауіпті және қорқынышты жағдай болса да тек жақындарынан хабар алатынын білу керек. Бейтаныс адамдармен байланысқа түспес үшін бұл қадамның атқарар рөлі зор.
7. Баланы жабық мекемеге қамап қойса, «ӨРТ» деп айқайлап және соңына дейін күресу керек
Баланы подъезге қамап, зорлау тәсілдері көп. Бұл кезде көп балалар «Көмектесіңдер» деп айқайлайды. Бірақ, адамдар бұл сөзге аса мән бермейді. Ал, егер «Өрт» деген сөзді айтса барлық пәтердің тұрғындарының жүгіріп шығатыны сөзсіз. Ұл-қыздарыңызбен бұл бөлім бойынша үнемі дайындалыңыз. Айқайлап үйретіңіз. Әсіресе, қыз бала өзін құтқару үшін аянып қалмаса деймін. Ол үшін әр күн сайын жоғарыдағы барлық әрекеттерді мұқият естеріне салып, үнемі оқыс жағдайға дайындау маңызды.
8. Үлкендер балалардың көмегіне ешқашан мұқтаж болмайды
Мысығын немесе күшігін құтқаруға балалардан көмек сұрайтын ересектер бар. Бірақ, балаңызға мұндай адамдардан қорқу керектігін айтыңыз. Себебі, кез-келген ақыл-есі дұрыс үлкен адам көмекті әлсіз баладан емес, өзі шамалас ересектерден сұрайды. Әрине, аулада доп ойнаған бір топ балалардан жол сұрау бөлек әңгіме. Ал, егер жақын келіп, көмектесуін сұраса – бұл қауіпті.
9. Ертегіні оқып, талқалыңыздар
Көп ата-аналар ертегілерге аса мән бермейді. Ертегіні баланың қиялына құрылған кезекті әңгіме деп ойлайды. Алайда, қасқырдың Қызыл Телпекке орманнан шығатын теріс жолды көрсетіп алдайды. Ақшақызға жалмауыз кемпір уланған алма берді. Көрдіңіз бе, тығырықтан шығу жолдарын балалар ертегілер арқылы да үйрене алады. Және ешқандай бөтен адамнан тәттілер алуға, көлігіне мінуге болмайтынын да үйретіңіз.
10. Қаланы толық үйрену маңызды
Көптеген ата-аналар балалары үшін уайымдап ауладан алыстап кетуіне қатаң тыйым салады. Нәтижесінде, басына қиындық туған бала қайда және қалай қашқаны дұрыс екенін түсінбейді. Сондықтан, жиі балаларыңызбен үйіңіздің айналасын, алыс-жақын аулаларды аралап, тығылыспақ ойнап, тез ойлау және қамдану амалдарын қалыптастырыңыз. Және адам көп, ашық жерлерге жасырынып, көмек сұрауды да үйретуді де ұмытпаңыз.