«Баланы тәрбиелеудің орнына, алдымен өзіңді тәрбиеле. Бала көргенін ғана сіңіреді» дегенді жиі айтамыз. Бұл қағида жалпылама сипатта өте орынды көрінгенімен, бүгінгі балаға тәрбие беру мәселесінде сәл ескірген сыңайлы. Себебі, бүгінгі бала кешегі баладан өзге. Ата-анасын айтпағанда, z және α-ұрпақтар арасындағы айырмашылықтың өзі жетіп артыларлық. Сондықтан баланың тілін табу ересектер үшін қиындап барады. Неліктен? Осы тақырыпты тарқатып талдау үшін, психолог Лаура Ментаевадан кәсіби кеңес алған едік.
Мамандардың айтуы бойынша, әр 20-25 жыл сайын өзіндік және әлеуметтік-психологиялық ерекшеліктері, өмірге көзқарасы бар жаңа ұрпақ қалыптасады. Әрбір ұрпақ өз тілінде сөйлесіп, жаңашылдыққа ұмтылып, әлемге жаңа нәрсе әкеледі. Мысалы, 1995 жылдан бері қарай туған z буыны алдыңғы буынға қарағанда денсаулыққа көбірек көңіл бөледі. Шылым шегу мен алкогольге бейім емес. Олар бір уақытта бірннше орындай ады. Мәселен, музыка тыңдап, Instagram қарап, үй тапсырмасын бір уақытта орындай алады. Олар үшін есте сақтау қабілеті маңызды емес, өйткені олардың түсінігінде барлық ақпарат ғаламторда бар. Сол себепті олар – кез-келген ақпаратты жылдам іздей алатын, технологияға бейімі жоғары буын.
Сондай-ақ Лаура Ментаева: «Сыртқы инфантилизмге қарамастан, z-буын өкілдері мансап туралы ертерек ойланады: олар үшін өзін дамыту, өз мүмкіндігін ашу, өмірлік миссиясын табу өте маңызды. Жасөспірім кезінен қаржылық жағынан ата-анасынан тәуелсіз болуға ұмтылады. Мектеп бағдарламасымен шектеліп қалмай, жоғары сыныптарда жаңа дағдыларды игеріп, бойындағы қасиеттер мен білімін монетизациялауға бейім. Сондықтан, ең алдымен айтарым, бұл жағына келгенде, баланы шектемеуге тырысу керек. Жоғары сынып оқушылары көбінесе дизайн, бағдарламалау, блогерлік салаларда ерте табыс таба бастайды. Себебі, олар үшін ғаламтор – шынайы өмірдің жалғасы. Трендтер мен жаңалықтарды белсенді қадағалап, жаңа технологияларды өз өміріне тез бейімдейді. Блогерлер мен өздері үлгі тұтатындар пікіріне сенуге бейім. Олар өзінен жасы үлкендердің өзімен тең қарым-қатынаста болғанын, пікіріне құлақ асқанын және жеке шекарасын құрметтегенін қалайды. Екіншіден, баланы баласынбай, тұлға ретінде сөйлесіп үйренген абзал. Бұл өте маңызды. Олар белсенді түрде өз бетінше білім алумен (онлайн курстар, білім беру платформалары, шет тілдерінің қашықтықтан оқыту сабақтары) шұғылданады. Ұзақ мәтіндерді оқығысы келмейді, бірден қысқаша тұжырымдарға көшуге тырысады. Z-ұрпағының ата-анасы үшін балалардың қиялдау қабілеті мен сыни ойлау қабілетін дамыту маңызды. Күнделікті тәрбиелеу процесі әзілмен немесе өмірлік мысалдармен ұсынылуы тиіс» - дегенді айтады. Демек, әдеттегі «Неге бұлай істейсің, біз онсыз-ақ өскенбіз» деген сияқты көзқарас оларға жүрмейді. Сол себепті, бұл буындағы баланың тілін табу үшін, дәл осы ерекшеліктерін білу ата-ана үшін өте маңызды.
Ал α-буыны – 2010 жылдан кейін дүниеге келген балалар. Олар сәби кезінен бастап өзін-өзі жоғары бағалаумен ерекшеленеді және үлкендермен бір деңгейде тіл табыса алады. Психологтың пікірі бойынша, олар «Неге?» деген сұрақты бірнеше рет қоюдан тартынбайды. Әсіресе, алған білімін күнделікті өмірде қалай қолдануға болады, сол жағына көбірек алаңдайды. Олар ойыншық мен киімнің түр-түрін, заманауи гаджеттерді көріп өскендіктен, оларды таңғалдыру қиын. Белгілі бір нәрсеге деген қызығушылығын тез жоғалтады. Технология әлемінде өсіп келе жатқандықтан, гаджет пен ғаламторсыз өмірді елестете алмайды. Сол себепті өте мобильді, шешімді тез қабылдай алады. Ғалымдардың зерттеуінше, олар кез-келген гаджетті немесе смартфонды екі жасқа дейін оңай игереді, ал алты жасында заманауи онлайн технологияны, соның ішінде интернет-банкингті және шот ашуды ұсынатын қызметтерді қолдана алады.
Өсіп келе жатқан α-ұрпақ – жұлдыз өкілдері. Олар үшін виртуалды әлем мен шындықтың еш айырмашылығы жоқ. Өкінішке қарай, бұл адамдармен қарым-қатынас жасауда қиындық туғызады. Бүгін біз ойын алаңының өзінде бір-бірімен сөйлесе алмайтын балаларды жиі көреміз. Екі бала қатар отырып: «Мен саған WhatsApp-тан немесе TikTok-тан күлкілі сурет жібердім, қара» – дейді. Екіншісі: «Мен саған жауап бердім» – деп отырады. Олар тек бейнематериал мен фото алмасып, тікелей қарым-қатынас жасай алмай жатады.
Лаура Ментаеваның баса назар аударған тағы бір маңызды мәселе: бұл кезеңде өсіп жатқан балалар эмоциясын толық ажырата алмайды. Негізі біз де эмоцияны түсіну қабілетімен туылмаймыз. Біз мұны қарым-қатынас арқылы, тірі адамдармен тікелей байланыс арқылы үйренеміз. Эмоциялық интеллектің негізгі функциясы – өз эмоциясын тану және басқару. Сондықтан, үшінші кеңес: α-ұрпақ өкілдері көбіне эмоциялық интеллектпен жұмыс жасауы керек. Бір күнде олардың миы толассыз жаңа ақпарат өңдегендіктен, олар зейінін тоқтатып, бір нәрсеге фокус жасай алмай, зардап шегеді. Ұзақ уақыт отыруға шыдамы жетпегендіктен, бірден «Бұл маған не үшін керек?» деген сұраққа жауап іздейді.
«Төртіншіден, α-ұрпағының ата-анасы баламен сезім туралы көп әңгімелесуі керек. «Қазір сен не сезініп отырсың? Неге ашулысың? Неліктен қуанып отырсың?» – деген сияқты сұрақтар қою арқылы баланың өз сезімін ажыратып, өзін-өзі тануына, эмоциясын басқара алуына көмектесу керек. Бесінші кеңес: аптасына бір сағат кітап оқуға, сол оқыған нәрсесін талқылауға, талдау қабілетін дамытуға мән берген дұрыс», – дейді маман.
Барлық сезім мен қабілет тұрмыстық жағдайларда қалыптасады. Кейінгі ұрпаққа кез келген материалды ұзақ тыңдау және қабылдау өте қиын. Бұл нәрселерді ескеру және зейінді ауыстырып тұру үшін өзгеше тың әдіс-тәсілдерді меңгеру маңызды. Олармен тек қызығушылық арқылы сәтті қарым-қатынас жасауға болады. Бұл олардың кемшілігі емес, артықшылығы деуге болады. Себебі, α-буын өкілдері – бүгінгі әлемді алға жылжытатын келешегі зор ұрпақ. Бұл – маманның алтыншы кеңесі.
Яғни, қандай жағдай болмасын, ата-ана баланы өзінің талабына сай тәрбиелеуден гөрі, баланың заманына сай ерекшелігін білу керек. Ата-ана ізденісі, бүгінгі бала тәрбиесі туралы танымын кеңейтуі, достарын, айналасын көбірек зерттеуі – басты талап. Сондықтан психолог жетінші кеңес ретінде осыны атап көрсетеді. «Сол кезде баланың тілін тауып қана қоймай, жақын сырласына, өмірлік досына айнала алуға болады», - дейді.
Эльмира Жүнісова