Картинка
Их жизнь

Әсем Көбеева: "Екі айда 22 кг тастадым"

Таңертең оянып "болды!" дедім

Артық салмағым болғанына қарамастан эфирге шығып, қыз-келіншектерге кеңес беретін "Қыз жолдас" хабарын тікелей эфирде жүргізіп жүрдім. Осы жерде артық салмағы бар адамдардың назарын бір мәселеге ерекше аударғым келеді. Себебі, мен де сіздер сияқты "Қатты семіз емеспін ғой, әлі-ақ арықтаймын. Оның үстіне күйеуіме ұнайды" - деп, ойлайтынмын. Дегенмен, артық салмақ психологиялық тұрғыда адамға қатты әсер ететінін рас. Бір күні өзімнен өзім күйзеліске түсе бастадым, аяғы бір-ақ күнде арыз жазып жұмыстан кетуіме әкелді. Арасында мейрамдар бар, жаңа жыл да тойланды, салмақ өсе берді. Мен қимылсыз үйде жаттым. Сериалдың түр-түрін көріп тастадым. Сондағы күнделікті бар қимылым тоңазытқыштан теледидарға дейін ғана болып қалғанын қаңтардың аяғында түсіндім. Сонда да, артық қимылдау ойда жоқ. Ашуланшақ бола бастадым. Әлеуметтік желіге мүлдем кірмей кеттім. Кез келген басы бар депрессияның аяғы бар деп ойлаймын. Депрессия кетті, артық салмақ сол күйі. Содан бір күні таңертең оянып "болды!" дедім. 1-ші ақпаннан арықтау процессін бастауға бел шеше кірісіп, диетологтың көмегіне жүгіндім. Диетологтың калориясы аз тамақ пісіруді үйретіп, тамақтануға деген ойымды түбегейлі өзгерткені артық салмақтан арылуыма көмектесті. Диетологтың маған арнап жазған бағдарламасы 250 ккал басталды. Сөйтіп, апта сайын 100 ккал қосылып отырды. Аяғында 1200 ккал жеткенде, ағза өзі осы деңгейге бейімделіп, метаболизм дұрысталды. Ең басты ереже - ешқашан аш жүрмеу керек. 5 рет тамақтанып, әр астың өз уақытын білу. Калория өскен сайын бағдарламаның ортасына жеткенде, диетолог арнайы жаттығуларды қосуға кеңес берді. Бәрі ғаламторда бар, алысқа барып уақыт кетірудің де қажеттілігі болмай қалды. Нәтижесінде, үйде 74 кг болып жатқан адам, екі айда 52 кг болып шыға келді. Бірден қанаттанып жұмысқа шығып кеттім. Бәрі өзгерді. Өмірге деген көзқарастан бастап, өзіме деген сенімге дейін шарықтай бастады. Бұрын ойламаған белестерді қорықпай бағындыруға кірістім.   

Артық салмағы бар адамдар өтірікші болады

Семірудің басты себебі адамның өзінде. Артық салмағы бар адамдар өтірікші болады. Шын айтамын. Олар өздерін ақтау үшін түрлі себептер табады. Ең алдымен өздерін алдайды. Мәселен, "тұқымым сондай. Ата-анама тартқанмын", болмаса "сүйегім ауыр, қанша арықтасам да, үлкен болып көрінемін", тағы ""гормондардың жұмысы бұзылғаннан семірдім" деген сылтауды бәрі үйреніп алған. "Арықтар ұнамайды", "күйеуіме толықтау болғаным ұнайды" дегенді де жиі естимін. "Аз жеймін, бірақ неге семіріп бара жатқанымды білмеймін" дегенді дайректке күнде жазады маған. Осылардың арасында мен де болғанмын. Диетолог осы ойдан арылтады. Сенің арықтауға деген ниетіңді түзу жолға салады. Тамақтануға көзқарасыңды өзгертеді. Екі айда 22 кг жоқ болды. Шынымен, жаңа өмір басталды. Әйел өзіне сенімді болғанда, тау қопаратын күш пайда болады екен бойында. Бұрын кие алмай жүрген киімдерді алу үшін жанталасып күйеуімнің де көңілін тауып, жұмысқа да үлгеруді шығардым.

Арықтауға кедергі болатын тек қана жалқаулық

Арықтауға кедергі болатын тек қана жалқаулық. Жалқаулықтың арты бітпейтін өтірік сылтауға ұласады. Соның салдарынан арықтау әр дүйсенбіге ысырылып, мейрамға екі күн қалғанда еске арықтау түсетін сәттерің жыл сайын қайталана береді. Бақытты болу үшін ең алдымен өзіңді жақсы көру керек және сыйлау керек. Бір құрбыма кішкентай ұлы "мама, ты толстая" деп айтыпты. Ол балаға өкпелеп жылап жүр. Одан балаға өкпелегеніне күлгені үшін күйеуі ұрыс естіді. Бұл жерде балаға емес, өзіңе өкпелеу керек. Себебі, сені ешкім қинап тамақтандырмайды. Ал, семіру тек артық тамақтанудан. Тал шыбықтай майысып, армандаған цифрларды таразыдан көріп қуану немесе өтірік сылтау айтып, елге өкпелеп семіз болып жүре беру әр адамның өз шешіміне байланысты. Бүгін бітіруге болатын істі ертеңге қалдырмаңыздар. Жалқаулық - жау!