Картинка
Их жизнь

Роза Рымбаева: "Өнерден кетіп, үйде әже болғым келеді"

Роза Қуанышқызы, қашан көрсем де құлпырып жүресіз. Мұның сыры неде? Кейбір ұзынқұлақтар сізді арнайы пластикалық ота жасатты дейді.

Осы журналисттер қайдағы жоқты қайдан естисіңдер?! Осы сұрақты ертең кейбір ғаламтор-парақшалар «Роза Рымбаева  бізден операция жасады» деп бір бетімді қисайтып, бір бетімді әдемі етіп шығара салады. Сосын халық әлгі жарнамаға «ойбай, масқара» деп сенер – сенбесін білмей жүреді. Жалпы, мен операция жасатқан емеспін. Құдайдың берген түрі осындай. Құлпырудың басты себептері жан тазалығы, рухани байлық, халық ілтипатын сезініп, ұлдарымның жетістігіне риза болу шығар. Әрине, косметологқа барамын. Жас емеспін, күтім керек.  

Роза апай, қазіргі өнердегі жастарға көңіліңіз тола ма?

Толатын да, қарным ашатын да жастар бар. Егер олар кәсіби оқыған, өнермен ауыратын, өнермен өмір сүретін жандар болса жақсы нәтижені көруге болады. Ал, «әнші болсам болды. Бір хит жазсам, долларлап ақша табамын» деген ашкөздерді көрген кезде жүрегім ауырады. Өнер деген қасиетті дүниеге обал болғандай сезінемін. Қазір той-бизнес үшін сөзі де, әні де мағынасыз, жұлдыз санап, ай қарап жүрген әншілер жетеді. Күндердің күнінде фонограммаға үзілді-кесілді тыйым салған кезде олар лезде көзден ғайып болады деп ойлаймын. Болашақ ұрпақтардың санасын сондай жеңіл әндермен уламасақ екен деп тілеймін. Кеңес Одағы құлағаннан кейін қаржыландыру деген мүлдем жоғалды. Сол кезде көптеген адамдар мамандығын ауыстырып, базарға кетті. Күнделікті бала-шағаны асырау үшін қаншама адам өнерді тастап кетті. Ал, біз өнерімізді тастамадық. Қиындыққа қарамастан гастрольге шықтық. Ауыл-қалаларды араладық. Нанға ақша таппай жүрген халықтың көңіліне аз да болса жұбаныш болғымыз келді. Ақша жоқ ауылдардың алғыс ретінде, гонорар ретінде бір қап күріш, бір сиыр немесе бір вагон бидаймен есептескен кездері болған. Ал, меніңше қазіргі жастар мұндай қиындықтарға төтеп бере алмайды. 

Ұлдарыңызды «мамасының баласы» деп мойындағысы келмейтін жандар көп.

Ол – рас. Әли жаңадан сахнаға шыға бастаған кезде менімен мүлдем ақылдаспайтын. Тіпті, кей клиптерін теледидардан көрген кезде таң қалатынмын. Сонда ол «мамасының баласы», «Розаның баласы» деген сыннан қорыққан ғой. Қазір керісінше, мақтанышпен айтады. Меніңше, Әлидің де, Мәдидің де сахнада жүруге  жүз пайыз құқықтары бар. Себебі, олар нағыз музыканттардың отбасында дүниеге келді. Гастроль, студия, басқа да тек өнер адамына тиісілі өмірмен ерте танысты. Олар сахнада өсті. Кәсіби білім алды. Сондықтан, кім қалай сынаса да, мен ұлдарыма ризамын. Әкелерінің абыройына дақ түсірмей, адал жүріп келеді.

Әдемі сұхбат барысында марқұм жолдасыңыз туралы әңгіме қозғамау бізге сын болар...

Өнерде биікке жетуімнің басты себепшісі Тасқын деп білемін. Ол кісінің көзі тірісінде мен тек өнерді, сахнаны, киетін киім, айтатын әнімді, образымды ойлайтын едім. Нағыз шығармашылықтың адамы болдым. Тіпті, базарда сәбіздің,қызанақтың бағасы қанша екенін де білмедім. Себебі, ол соның бәрін өзі реттеп жүретін. Ал, ол өмірден өткен соң бәрі менің мойнымда қалды. Бала тәрбиесі, үй  шаруасы, ағайын-туысқа деген жауапкершілік, өнер. Мұның бәрін бір арнаға тоғыстырып, үйлестіре білу оңай болмады. Аз жыламадым. Бірақ, сырттағы адамдарға көрсетпедім. Әлсіз болып көрінгім келмеді.

Сондықтан да сізді көпшілік «темір әйел» деп атайды екен ғой. Қанша жауапкершілікті мойныңызға алып, еріңіздің орнын жоқтатпауға тырыссаңыз да табиғатыңыз әйел ғой. Қос ұлдың тәрбиесі оңай болмаған шығар?

Қос ұл баланы ер азамат ретінде тәрбиелеу әрине, оңай емес. Менің уайым осы балаларым болды. Әли мен Мәдиге әкенің беретін еркектің мінезін, тәрбиесін үйрете аламын ба? Бойына сіңіре аламын ба?  Осы сұрақтар мені қатты мазалайтын еді. Аллаға шүкір, қазір ұлдарыммен мақтанамын. Әли әкесінен көрген тәлімін Мәдиге үйрете алды. Екеуі бір – біріне демеу, маған қолдау болды. Ендігі арманым ұлдарымды үйлендіріп, немере сүю. Үнемі сахнада жүремін деп айта алмаймын. Жасым, уақытым келген кезде өнермен қоштасып, үйде немерелерімнің бесігін тербетіп, әлдиімді айтамын деп ойлаймын.

Роза Қуанышқызының келіні қандай болу керек?

Қатып қалған қағидам жоқ. Менің де арманым өзге аналардың арманы секілді: тек ұлдарымды сүйсе, сыйласа болды. Бірақ, мен тазалыққа ерекше мән беремін. Кез-келген нәрсе қандай жағдай болмасын өз орнында тұру керек. Және ас үйде жуылмаған ыдыс көрсем ашуым келеді. Мұны кез-келген ана қызына үйретеді деп ойлаймын. Ал, қалған білмегенін болашақ келінім екеуміз бірге үйреніп аламыз. 

Өзіңіз келін түсіруге дайынсыз ба?

Иә, сөзсіз дайынмын. Егер Әли ертең үйленемін десе, бүгін құдалыққа бара аламын. Алайда, "жасың келді, үйлен" деп ұлымды қинаған емеспін. Тіпті, бұл тақырыпта өзара сөйлескен де емеспіз. 

Қазақта «жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деген сөз бар...

Тасқынның рухына беріліп кеттім демеймін. Алайда, өмірімде екінші рет Тасқындай азамат кездеспеді. Оның махаббаты маған күні бүгінге дейін күш беріп келеді. Мүмкін, өмірде мені де, өнерімді де дәл Тасқындай түсінетін азамат кездессе тұрмысқа шығар ма едім?! Алайда, ондай жанды кездестірмедім. Жалғызбын деп айтпаймын. Өйткені, қос ұлым мен бауырларым бар. Осы жасымда секеңдеп тұрмысқа шыққаным маған жараспайды. Сондықтан, менің емес, ұлдарымның тойын күтеміз.