Картинка
Их жизнь

Радиожүргізушілер айтады: Біздің жалақымыз аз, рухани байлығымыз көп

Қалдыбек Жайсанбай

Радиожүргізушілік қызметті 1998 жылы Қызылорда қаласындағы «СЕТА» атты радиотолқыннан бастадым. «Радиоға жүргізушілер керек» деген жарнаманы естіген достарым қолқа салды. Оның үстіне өзім де бағымды сынап көруге бел будым. «Дауысың әдемі, бірақ етің тірі емес» деген басшылықтың сөзі менің намысыма тиді. Содан жарты жыл бойы радиода тегін қызмет жасадым. Таңның атысы мен кештің батысы студияда жүріп, «өзіміздің жігіт» деген лақапқа ие болдым. Жарты жылдан соң аяқасты эфирге шығып, қорқыныш пен үрейді, сенімсіздікті жойып, осы бағытта қызметімді бастадым.

Радиожүргізушілік пен тележүргізушіліктің айырмашылығына келсек, телеарнада жүргізушілер көбіне тікелей эфирге шыға бермейді. Бағдарламаның көбісі алдын-ала түсіріліп, кейін көрерменге жол тартады. Ендеше, сол бағдарламаны жүргізетін адам не суфлермен, не жаттанды сценарий арқылы жұмыс жасайды. Қателесіп кетсе, қайта жазуға мүмкіндік бар. Ал, сіздер көлікте үнемі тыңдайтын радиотолқындардағы бағдарламалар тікелей эфирде жұмыс істеп, тыңдаушылармен тікелей қатынаста болғандықтан еш қателесуге болмайды. Ендеше, радиожүргізуші тележүргізушіге қарағанда жинақы, зерек, ойын жылдам және мүдірмей жеткізе алатын болып шығады. Сондықтан, телеарналарда тікелей эфирде шығатын көптеген бағдарламаларға радиожүргізушілерді шақырады. Менің ойым, тележүргізуші болу үшін алдымен радио атты емтиханды тапсыру керек.

Радиожүргізушіде болу керек бес қасиет: жағымды дауыс, жақсы дикция, ізденімпаздық, кез-келген тығырықтан шыға білу және ең бастысы – ақыл!

Болашақ радиожүргізушілер көп ізденуі керек. Көп оқып, көп ізденіп, көп көрген сайын эфирде айтатын дүние де салмақты бола түседі. Өзіңді естігенін қаласаң - қарапайым бол. Кейде эфирде не айтып отырғаның маңызды емес, қалай айтып отырғаның маңызды. Еш мағынасы жоқ мәтінді дауыс ырғағымен ойнатып, тыңдаушы елең ете қалатындай жеткізу – радиодағы шеберліктің бір мысалы.

Радиожүргізушілердің жалақысы туралы әңгіме қозғалғанда көбісі, “сол-ақ па?”, “неге сонша аз?” деп жатады. Жалпы, радиоға ақша үшін жұмыс істеуге келген адамның көңілі қалып, ол жерде жұмыс істегісі келмей қалуы мүмкін. Алайда, радионы жақсы көріп, оған жан-тәніңмен беріле жұмыс істесең, кез-келген жұмыс секілді, ол да кейін саған жұмыс істей бастайды. Сондықтан, нақты сандарды айтпай-ақ қояйын. Былай айтқан дұрыс секілді: күніне үш-төрт сағатқа барып тұратын хобби ретінде қарасаңыз, одан ләззат та аласыз және жалақы да аласыз.

Қайта таңдау мүмкін болса, бұл саланы расында таңдар едім. Өйткені, табиғат берген даусым бар, бір адамдай дикциям бар, ендеше соны неліктен қолданбасқа?!

Ең мықты радиожүргізушілерді сараптау үшін Қазақстанда радио да, жүргізушілер де көп болуы керек. Айналдырған бес-алты республикалық радиодан біреуді мақтап, біреуді даттайтындай маман өте аз. Бәсекелестік те төмен деңгейде. Әсіресе, қазақша жүргізушілер саны, тіпті, күлкілі. Сондықтан, жастарымыз осы салаға көбірек мойын бұрып, тыңдаушыларды қуантатын көптеген қызықты дүниелер жасаса екен деген тілегім бар.

Әйгерім Есенәлі

Телеарнадағы  жеті-сегіз жылдың ішінде дауысымды мүлдем ұнатпадым. Тым жіңішке, еркелеп сөйлеймін, әріптерді дұрыс айтпаймын деп ұялатын едім. 2010 жылдың тамызда әріптестерім «LOVE радио» деген жаңа толқын ашылатынын және ол жаққа жіңішке, нәзік дауыс іздеп жатқанын айтты. Содан бір топ әріптестерім бар, басқа да үміткерлер болып кастингке қатыстық. Радио ұжымы бірден маған жарнама оқытып алды. Бұл маған сенімділік сыйлады. Екі-үш күннен соң маған хабарласып, жұмысқа шақырды. 10.10.2010 жылы алғаш рет менің дауысым «LOVE радио» толқынынан шықты. Маған бұл сала ерекше ұнайды. Өйткені, өз дауысыма деген махаббатымды оятты. Әрине, бүгінгі дауысқа жету үшін көп еңбек қажет болды. Одан бөлек радио – өз пікіріңді, көзқарасыңды, ойыңды еркін жеткізуге мүмкіндік беретін құрал.

Радиожүргізуші мен тележүргізушіні мүлдем салыстыруға болмайды. Тележүргізушілік үлкен психологиялық дайындықты қажет етеді. Өйткені, көрермен тек дауыспен емес, он екі мүшең түгел, біліміңді, дұрыс сөйлеуіңді, өзіңді ұстауыңды барлығын көреді. Бағалайды. Ал, радиожүргізушілер сөз бен мәтінге ерекше мән береді. Мысалы, көзіңізді жұмып тұрып тыңдасаңыз әр сөзге назар саласыз ғой. Ал, көзіңізді ашып тыңдасаңыз әртүрлі айналасындағы қосымша нәрселерге де мән бересіз. Сондықтан, кей сөздер қимылдар мен қылықтардың көлеңкесінде қалып қояды.

Қазір қатып қалған қағидаларды жойып жатқан заман ғой. Тәуелсіздік құрдастарынан басталған жастардың көзқарастары мен ойлары мүлдем басқаша. Олар расында, тәуелсіз. Сондықтан, мынадай ережелер мен қасиеттер болу керек деп шектеп қоя алмаймыз. Қазір кейбір әріптерге тілі келмейтін адамдар да телеарналарда тікелей эфирде бағдарлама жүргізе алады. Әзірге, радиода мұндай олқылықтарға жол берілмеген сияқты. Десе де, тұлғалық ерекшеліктер өте маңызды. Кез-келген саланың маманы секілді радиожүргізушіде жауапкершілік болу керек. Мысалы, тікелей эфирге кешігу кешірілмейді. Ал, радиода басым көпшілік бағдарламалар тікелей эфирде тыңдарманға жол тартады. Екіншіден, денсаулықты, әсіресе, дауысқа деген күтімді білу керек, сақтау керек. Үшіншіден, ерекшелене білу керек. Креативті болу қажет. Сені сияқты білікті әрі кәсіби маманды қайта таба алмайтындай өзгеше болуға тырысу маңызды. Төртіншіден, сөздің қадірі мен мағынасын жетік меңгеру керек. Жоғарыда айтқандай, радиода әр жұрнақ пен жалғаудың атқаратын маңызды рөлі бар. Бесіншіден, кез-келген радиожүргізуші музыкалық сауатты болып, соңғы музыкалық жаңалықтар мен хит-парадтардан хабардар болуы міндетті.

«Массачусетс​» деген сөзді оныншы рет қайталаған соң ғана дұрыс айттым. Бірақ, қуаныштысы бұл күні мен тікелей эфирде болмадым. Жұмыстан сұранып, кешкі эфирді алдын ала жазған болатынмын. Сол кезде «Массачусетс университетінде» деп айту үшін біраз қиналдым. Біресе күлдім, біресе ашуландым. Ақыры санап отырсам оныншы рет қайталаған кезде ғана дұрыс айтыппын.

Менің сегіз жылдағы айлығымда еш өзгеріс жоқ. Тек кейбір ерекше жағдайларға байланысты қосымша сыйақылар төлену барысында өсіп тұратын шығар. Ал, негізі бірқалыпты жалақыны алып жүрмін. Радиодан миллион табу меніңше мүмкін емес. Есесіне, миллион түрлі көңіл-күймен, миллион түрлі тәжірбие жинауға болады.

Егер қайтадан таңдау мүмкіндігі туындаса мен тағы да радиожүргізушілікті таңдар едім. Өйткені, мен радионы, еркіндікті, ұжымды және жұмыс жасауға берілген мүмкіндікті жақсы көремін.

Шетелде мен үлгі тұтаны радиожүргізушілер көп. Алайда, мен отандық әріптестерімнің арасындағы мықтыларын атап өтейін. Біздің бала кезімізде радиоға шығып жұлдыз болған адамдардың бірі де бірегейі Қалдыбек Жайсанбайды сүйіп тыңдаймын. Және радио деген сөзді айтқан кезде Диана Снегина бірден көз алдыма елестейді.

Жасұлан Қали

Мен журналист емеспін, философпын. Жоғары оқу орындарында сабақ беру керекпін. Шатаспасам, «Қазақ» және «Шалқар» радиосында Әзімхан, Ескендір деген жігіттер кешкі бағдарлама жүргізетін. Сол жігіттерді жиі көретінмін. Ол кезде мен ән айтатын едім. Бір тойда ән айттым. Ол жерде асаба Нұрлан Албан ағамыз болды. «Дауысың радиоға келеді. Дауыс жазуға келші», - деді. Бірақ, мен қорқып бармадым. Екінші рет шақырған кезде ұят болмасын деп бардым. Дауысым бастығына ұнап, жұмысқа қабылдады.

Радиожүргізушіге керек бес қасиет мыналар: дауыс, дикция, тіл тазалығы, сөздік қорының мол болуы, ойлау қабылеті мен тапқырлық. Сондай-ақ, жауапкершілігі де өте маңызды.

Болашақ радиожүргізушілер ең бастысы шынайы болу керек. Көп кітап оқып, дұрыс сөйлеп үйренулері қажет. Және ең бастысы радиоға ғашық болу керек. Көпшілік жастар танымалдылық пен ақшаны іздеп келеді. Бірақ, махаббат болмаған жерде танымалдылық та, ақша да, байлық та, рухани демалыс та болмайды.

Радиодағы тікелей эфирге көңіл-күйсіз шығуға болмайды. Бірақ, біз де пендеміз ғой. Кейде жұмысқа отбасылық мәселелерімізді арқалап келеміз. Тыңдарман біздің көзімізді, түрімізді көрмесе де, дауысымыз арқылы көңіл-күйімізді бірден сезіп қояды. Сондықтан, эфир барысында жарнама болған сәтте тұрып билеп, шыңғырып, секіріп жағымсыз эмоцияны шығарып тастаймын.

Шетелдік радиожүргізушілерге қарағанда отандық әріптестерім өте аз жалақы алады. Орташа есеппен 100 000 теңгенің көлемінде табыс табатын шығар. Көптеген әріптестерім қосымша жұмыстың тізгінін ұстаған.

Аяна Ғабдуллина

Менің арманым радиожүргізуші емес, Олимпиада чемпионы болу еді. Мен 15 жылға жуық уақыт күреспен айналыстым. Микрофон көрсем қорқатын едім. Осыдан 12 жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы «Тандем» радиосында жұмыс жасайтын құрбыма амандасуға бардым. Аталмыш радионың бағдарламалар директоры: «Сіздің дауысыңызды жазып көрейік», - деп ұсыныс білдірді. Іштей қорқыныш болса да, қызық көріп, тәуекел еттім.

Дауысым ұнаса керек, бір ай тәжірбие жинап, дауыс қоятын болып келістік. Алайда, біздің дайындық бір ай емес, үш айға созылды. Кейін жарты жыл тегін жұмыс жасадым. Әртүрлі бағдарламаларын жүргізіп, өзімді шыңдап, дамытуда болдым. 17 жасымда да менің дауысым дәл қазіргідей жуан болатын. Көптеген тыңдармандар мені үлкен әйел адам деп елестетіпті. 19 жасымда тоқтамай өсу керектігін түсіндім. Содан Ақтөбе қаласындағы басқа радиоға ауысып, жаңа қызметті қолға алдым. Жаңа формат, өзгеше бағыт, жаңа тыныс әкелдім.

Уақыт өте келе Ақтөбе мен үшін кішкентай қала болып көрінді. Сондықтан, Алматыға еш ойланбастан көшіп кеттім. Бәсекелестерім көп қала мені жылы қарсы алмады. Ешкім мойындамады, тыңдамады. Амалсыздан даяшы, құрылысшы, сатушы болып жұмыс жасадым.

Көп ұзамай HitTv арнасына кастингке барып, үш ай тегін жұмыс жасадым. Ол жақта қаржы дағдарысына байланысты қысқарту болып, тағы да жұмыссыз қалдым. Одан кейін қара шаңырақ «Қазақ радиосына» барып, өз түйіндемемді тапсырып, кастингтен өтіп, жұмысқа тұрдым. Көп ұзамай олар Астанаға көшетін болды. Ал, мен Алматыда қалып, тағы да жұмыс іздедім. «Русское радиоға» дауысым ұнаса керек шақыртты. Үш күннен соң «Русское радио» толқынының дауысы болып шықтым. Содан бері бес жылдай уақыт өтіпті. Қазір өзімді тележүргізуші ретінде сынап, дамытып жүрмін.

Радиожүргізуші мен тележүргізушінің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Радиода еркіндік бар, телевизияда белгілі бір шектеу мен ережелерге бағынуға тура келеді. Кез-келген радиожүргізуші тележүргізуші бола алады. Ал,барлық тележүргізушінің радиожүргізуші ретінде қалыптасуы екіталай.

Радиожүргізушіге қажет бес қасиет: жан тазалығы, адамдарға деген махаббат, елге деген патриоттық сезім, барлық ақпарат пен соңғы жаңалықтардан хабардар болу, өз ісіңді сүю.

Радионың беретін жалақысы аз, рухани байлығы көп. Болашақ радиожүргізуші бұл саланы не үшін таңдағысы келетінін білу керек. Көпшілігі ақша табу үшін келеді. Бірақ, керемет нәтиже шығара алмайды. Жұмысқа ақша табу үшін емес, ләззат алу үшін келу керек.

Эфирден соң жігітпен танысамын деп жұмыстан қуыла жаздадым. Бұл өзі қызық оқиға болды. Жасым 18-де. Ақтөбе қаласында радиожүргізуші болып жұмыс жасап жүрдім. Жастық пен балалықтың буы шығар, эфирден кейін радиоға қоңырау шалған жігіттермен танысып, әзілдесетін едім. Сол кезде біздің радиоға жаңа аппарат қондырды. Түнгі эфирді жақсы өткізіп болып, кезекті соғылған қоңырауды көтеріп, бір жігітпен таныстым. Арқа-жарқа болып әңгімеміз жарасып кетті. Ұзақ сөйлесіп отырып, SMS порталды аяқастынан ашып қалсам: «Микрофонды өшір, ақымақ», - деген хат тұр. Сүйтсем жарты сағат бойы барлық қала менің әңгімемді естіген екен. Әуеннің дауысынан анық естілмесе де, күбір-күбір дыбыстарым шығып тұрыпты.

Ертесіне үлкен жиналыс болып, жұмыстан шығармақ болды. Менде ешқандай уайым мен қорқыныш болмады. Себебі, сол кезде Алматыдағы «Русское радио» мен «Европа плюс» радиотолқындарын армандайтын едім. Бірақ, басшылық балалығымды кешіріп, жұмыстан қумады. Бұл оқиға өзіме үлкен сабақ болды.

Нұрсұлтан Есжан

Мен радиожүргізуші болуға ерекше қызықтым. Үш-төрт жыл армандадым. Ол кезде отандық арналардың бірінде бағдарлама жүргізетін едім. Ал, менің кейбір әріптестерім радиода қызмет ететін. Сырттай қызығып қарап, қадағалап жүрдім. Радио саласының ардагері Қалдыбек Жайсанбайға: «кастинг болса шақыршы», - деп жиі айтып қоятынмын. Бір күні күтпеген жерден кездесіп қалдық. Сол кезде «Европа плюс» радиотолқынына жүргізуші іздестірілуде екенін айтты. Ойланбастан бардым. Тележүргізуші ретіндегі тәжірбиемнің септігі тиіп бірден кастингтен өтіп кеттім.

Телеарнада жоқ еркіндік радиода жеткілікті. Ойыңды ашық жеткізуге, пікіріңді айтуға зор мүмкіндік бар. Одан бөлек радио тыңдарманы сенің түрің мен киіміңе қарап бағаламайды. Сынамайды. Бұл да бір өзіңе деген сенімділік береді.

Радиожүргізушіге тапқырлық, мәнерлеп сөйлеу (дикция), жаңашылдық, дұрыс сөз саптау секілді қасиеттер ауадай қажет. Әрі өте маңызды.

Мен үшін кез-келген жетістіктің формуласы өте оңай. Дұрыс армандау, дұға ету және ерінбей әрекет қылу. Сондықтан, болашақ радиожүргізушілерге айтар кеңесім: бұл саланы сүю керек. Қандай қиындық болса да арманынан бас тартпау қажет. Үлкен арман мен талмас талап, қажырлы еңбек қана сізді жетістік пен жеңіске жетелейді.

Қайта тусам бұл саланы қайта таңдаймын. Өйткені, мен шығармашылық үшін жаратылған адаммын. Және радиодан шабыт аламын. Демаламын. Рахаттанамын.

Қазақстандағы радиожүргізушілердің айлығы бірдей деп ойлаймын. Орташа есеппен 80 000-200 000 теңгенің аралығында шығар. Әрине, барлық радиожүргізушілердің қалтасын санаудан аулақпын. Алайда, өз ойым осындай.