Меруерт Түсіпбаева
«Танымал тұлғалар, өнер адамдары оқуда нашар, білім ізденісінде жалқау болады» деген аңыз қалыптасқан. Бірақ, бұл жалған ақпарат. Себебі, инемен құдық қазғандай қиын болса да, студент атанып, білімін дамытудан бас тартпайтындар қаншама?! Олардың бірі де бірегейі – Меруерт Түсіпбаева.
1971 жылы 6 тамызда Павлодар облысы Баянауыл кентінде дүниеге келген әнші кәсіби актриса мамандығында білім алған. 1995 жылы музыкалық театр актері мамандығы бойынша Т. Жүргенов атындағы Ұлттық академияны тәмамдады. «Мен бірінші курста толық әрі ұсқынсыз болдым. Тіпті, ұстазым жиі артық салмақтан арыл деп ұрысатын. Өйткені, камера тағы да салмақ қосып береді. Ал,толық адамға басты рөлдерді беру екіталай. Өнер үшін, болашағым үшін мен жазғы демалыста арықтадым. Содан бастап өзіме күнделікті күтім жасаймын. Адам өзін жақсы көру. Бірақ, сыртқы сұлулық аздық етеді. Білімді болу – маңызды. Мен қазір ұстаздық қызмет етіп жүрмін. Студенттеріме оқуға да, сұлулыққа да көңіл бөлуін талап етемін», - дейді Түсіпбаева ханым.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері шығармашылықпен қатар ғылыми жұмыстармен де айналысты. 2005-2007 жылдары аспирантураның күндізгі бөлімінде білімін жетілдірді, соның нәтижесінде 2009 жылы 20 қыркүйекте Педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болды.
Мақпал Исабекова
“Super Star” жобасында жұлдызы жанған бұл ару танымалдылықтың жетегінде кетпеді. Ол үшін атақ-даңқтан бөлек, дипломда маңызды рөл атқарған. Сондықтан, Мақпал Исабекова студент атанудан бас тартпады. Және ол өнерге еш қатысы жоқ мамандықты таңдады. Финанист мамандығы бойынша білім алады.
Әкесі – суретші, анасы – психолог ару араға жылдар салып өнер саласында да сабақ алуды жөн санайды. Ендігі кезекте ол отандық емес, Ресейлік жоғарғы оқу орнында сабақ алуды жөн санайды. Нәтижесінде, Мақпал Исабекова - дипломы бар кәсіби актриса. Айтпақшы, әнші «Загнанная» кинокартинасында басты рөлді сомдауға Мәскеудегі оқудын тәмамдаған соң шақырылған еді.
Әсел Сәдуақасова
Әнші, актриса, тележүргізуші әрі продюсер Әсел Сәдуақасова да «көше актрисасы» немесе «көше әншісі» болудан қорқады. Бикеш үшін диплом да, диплом алу барысында жасалатын ізденіс те маңызды.
1985 жылы 31 қаңтарда Қарағанды қаласында дүниеге келген Әсел бала кезінен өнерге құштар болған. Музыка мектебін фортепиано сыныбы бойынша бітірген, ұлттық және бал билерімен айналысқан. Оның қоржынында бірнеше мамандық бойынша диплом бар. 2003 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің "журналистика" мамандығы бойынша студент атанады. Кейін әнші өнерден бөлек саланы таңдап, кәсіби психолог мамандығы бойынша тәлім алады. Оны тәмамдаған соң араға жыл салмастан Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында Наталья Дубстың сыныбында оқиды.
Жұмыс барысында оның әр мамандығы өз көмегін тигезеді екен. «Өнер адамы болғандықтан жиі кездесулерде, түсірілімдерде боламыз. Әртүрлі адамдарды көреміз. Сол кезде психолог мамандығы маған көмектеседі. Жанымдағыларды тез түсініп, тіл табысып кетуге себепші», - деп Comode-қа ағынан жарылды Сәдуақасова ханым.
Әли Оқапов
Кәсіби әртістердің әулетінде дүниеге келген жігіт оқудан ешқашан қашқан емес. Және әрдайым алғыр әрі үздік болуға тырысатын. Мұндай өзіне қатал шарт қоюының басты себебі – ата-анасының абыройы. Әрине, оны Роза Қуанышқызы қинап жүрген жоқ. Алайда, марқұм әкесі мен анасының абыройына кір келтіруден тәуелсіздік құрдасы қорқады.
Күләш Бәйсейітова атындағы музыкалық мектептің фортепиано сыныбын бітірген. 2010 - 2011 жылдары Астанадағы ҚАЗНУИ университетінде білім алған. Сол жылдары Темірбек Жүргенов атындағы университетте білімін жалғастырды.
Бір қызығы Роза Қуанышқызы ұлының болашақта әке жолын жалғап, дирижер болуын армандаған. Алғашқыда фортепианоның ақ-қара жолақтарында еркін ойнаған Әлидің ойы күрт өзгереді. Ол енді әнші ретінде «Slang» тобымен жұмыс жасауға бел буады. Бірнеше жылдық тәжірбиеден соң Оқаповтың тұңғышы жеке әнші ретінде қалыптасу үшін тынбай еңбек етеді. Жемісі жаман емес. Әли Оқаповтың өнерін бағалайтын жанкүйерлері күн сайын артуда.
Жанар Дұғалова
Талай халықаралық байқаулардың жеңімпазы Жанар Дұғалова тек өнердегі емес, білім жолындағы дипломдарын да жинап жүр. 28 жасында ҚР Еңбек сіңірген әртісі атанған Жанар Қызылордада дүниеге келген. Диапазоны кең әншінің алғашқы ұстазы – анасы. Бала кезінен өмірін өнермен байланыстырған Дұғалова музыкалық мектепте фортепиано сыныбы бойынша білім алған. Тіпті, аталмыш мектепті бес деген бағамен бітірген. Одан бөлек оқушы кезінен сазгерлік үйірмеге барып, өзінің жаңа қырын дамытуда аян қалмаған.
2001 жылы "Жас қанат" байқауының жүлдегері болды. Жанар Доғалова музыкалық колледжін бітірген және Мәскеудегі ГИТИС-ті тәмамдаған. Егер оның жеке әнші ретінде бағы жанбағанда, білікті әрі мықты дирижер болар ма еді, кім білсін?! Бүгінде сұлу қыз өнер саласы бойынша магистра бөлімінде білім алуда.