Картинка
Их жизнь

Мәскеу қаласында беделге ие болған Азия қыздары

Равшана Куркова

Ташкент

Танымал актриса Равшана Куркова, қыз кезіндегі есімі Матчанова, шуақты Ташкент қаласында актерлер отбасында дүниеге келген. Шығу тегі - өзбек, араб және татар. Әкесі Бахрам Матчанов Марк Вайльдің "Ильхом" атты аңызға айналған театрында ойнаған. Шешесі мен ағасы кино өнерімен байланысты болған. 12 жасында Равшананың кинодағы алғашқы дебюті болады. Ол өзбек режиссері Рашид Маликовтың "Тайна папоротников" фильмінде басты рольді сомдайды.    

Мәскеуге Равшана 17 жасында келеді. Қаланы тәнті ету үшін жас қызға ең төменнен бастауға тура келді. «Останкино»-да курьер болып қызмет жасайды. Гример, режиссер көмекшісі, ток-шоу редакторы болады. Тек бұдан кейін ғана көзге түсіп, оған эпизодтық рольдер беріле бастайды. Көзге түсер шығыстық келбеті Равшанаға айтарлықтай көмектеседі.  

«Мәскеуге көшіп келген кезімде, алғашқы үш жыл бойы жылап жүрдім. Ташкентке қайтып оралғым келді. Себебі Мәскеуде достарым да, туғандарым да болмады. Өте қымбат, суық әрі жат қала болды. 1998-99 жылдар, ұлтшылдандырудың алғашқы толқыны жүріп жатты.  Метрода скинхеттер толы. Бірақ біртіндеп жақын адамдарым, сүйікті жерлерім, айналысатын ісім пайда бола бастады. Сөйтіп, Мәскеу мен үшін өзгерді».  

Линда

Кентау

90-жылдардың аты шулы жұлдызы Линда Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында дүниеге келді. Шын есімі – Светлана Гейман. Туғандары кішкентай Светаны Лейбла, Лейбэла немесе Лина деп атаған. Иврит тілінен аударғанда «күн» деген мағынаны білдіреді. Бала кезінде қойылған лақап есімнен кейін өзінің өнердегі атын ойлап шығарады.  

Линда екінші сыныпта оқып жүрген кезінде, оның отбасысы Тольятти қаласына көшеді. Ал 15 жасында жас қыз Мәскеумен танысты. Есімі болашақта Линда аталатын жас қыз театрға деген қызығушылығын танытып, халық әндерін айтып жүреді. Гнесин атындағы училищенің вокалдық бөлімін "өте жақсы" деген бағамен аяқтайды. Продюсер Макс Фадеевпен танысқаннан кейін Линда танымалдыққа ие болады. Продюсермен бірден тіл табысып кетіп, Ресей шоу-бизнесін бағындырады.  

«Мен он бес жаста болған кезімде, біз Мәскеуге көштік. Бұл жерде менімен жасты құрбыларымның темекі шегетінін, сыра ішетінін, балағаттап сөйлегендерін бірінші рет көрдім… Жаман әсерде болдым. Араласып жүре алатын достарды ұзақ уақыт бойы таба алмадым».

Севара Назархан

Андижан

Танымал өзбек фолк-әнші Севара Назархан Андижанда музыканттар отбасында дүниеге келген. Өзбекстанның мемлекеттік консерваториясында білім алды. Севара Мәскеу қаласын тәнті етуден бұрын, халықаралық сахнада атаққа ие болды. Белгілі ағылшын музыканты Питер Гэбриэлмен танысқан соң оның лейблінде Лондонда сольдік альбом жазып, кейін, тіпті, BBC World Music Awards нұсқасы бойынша Азияның ең үздік әншісі атанады.   

2012 жылы Бірінші арнадағы «Голос» атты жобаға қатысады. Жеңімпаз атанбағанмен, Севара ресейлік тыңдармандар арасында танымалдыққа ие болды. Жобаға қатысқаннан бері Севара федералды арналардағы түрлі шоуларға қатысуға шақыртулар алуда. Ал оның сольдік концерттері күллі Ресей бойынша көптеген аншлаг жинайды. Қазір Севара үш қалада өмір сүреді: Ташкент, Мәскеу және Лондон. Бұл қалаларда ол өзінің жаңа әндерін жазады.

"- Өзбекстанға, үйіңізге келгеннен кейін не істейсіз?

- Үйге келіп, жақсылап ұйықтап аламын. Асқабақ қосылған манты жеймін. Сосын тағы ұйықтап аламын. Сосын анама хабарласып, оны қалай жақсы көретінімді айтамын".

Ульяна Сергеенко

Өскемен

Ең табысты ресейлік дизайнерлердің бірі Ульяна Сергеенко Қазақстанның шығысы Өскемен қаласында дүниеге келіп өскен. Қатал ережелері бар кеңестік мектептің өзінде Ульяна өзіне тән стилді көрсетіп жүруге батылы жеткен. Сол үшін мұғалімдерден сөгіс еститін. 15 жасында ата-анасымен бірге Санкт-Петербург қаласына, ал ол жақтан Мәскеуге көшеді. Өзінің табысқа жетер жолын Ульяна беделділер жиналатын кештерге барудан бастады. Алайда мұндай адамдар арасында ұзақ жүре алмады. Оның алғашқы коллекциясы тек Мәскеуде ғана емес, сонымен қатар Париж қаласындағы «Жоғары сән аптасы» шарасы барысында да көпшілікті қайран етеді.   

Ульяна Мәскеу қаласында бұрыннан бері орналасқанына және өмірінің сол қаламен байланысты болып кеткендігіне қарамастан өзінің тарихи отаны жайлы ұмытпайды. Мәселен, өткен жылығы топтамасына деген шабытты Қазақстан мен өзге де Орта Азия республикаларына саяхат жасау барысында алды.

"Өткен жылдың көктемінде мен Қазақстанға, туған қалам Өскеменге жұбайыммен барып қайттым. Бұл сапар мен үшін балалық шаққа қайта оралу секілді болды: таныс иіс, жер, таулар, дәмді тоқаш. Бәрі  бұрынғы қалпында сияқты болып көрінді. Көп дүние өзгергендігіне қарамастан, бұл қала мен үшін қымбат және бақытты шақтарға толы қала болып қала бермек".

Гүлжан Молдажанова

Алматы

Гүлжанды Ресейдегі ең беделді қазақ әйелі деп атайды. 2012 жылы ресейлік Forbes Гүлжанға Ресейдің ең қымбат топ-менеджерлер рейтингісінде 23 орынды берді. Гүлжан миллиардер Олег Дерипаска активін басқаратын "Базовый элемент" компаниясының бас директоры болып табылады. Қол астында он мыңдай адам қызмет жасайды.   

Гүлжан Молдажанова Алматы қаласында дүниеге келген. Бала кезінен нақты ғылымды оқуға бейім болған. КазМУ-ды "физика" мамандығы бойынша қызыл дипломға бітіріп, Мәскеу мемлекеттік университетіне аспирантураға оқуға түсуге Мәскеуге аттанады. Бұл жақта өзімен бір курста оқыған болашақ «ресей алюминий патшасы» Олег Дерипаскамен танысады. Хатшы лауазымынан бастап қысқа мерзім барысында Молдажанова ханым керемет мансапқа жетіп, Ресейдің үздік әрі тиімді басшылары қатарында нық орналасты.   

"1990 жж. менің алдымда үлкен тапсырма тұрды: қолымда ештеңе болмағанмен, бөтен қалада аман қалу. Мәскеудегі алғашқы пәтерімді 1998 жылы сатып алдым. Ал оған дейін Орел қаласында жұбайымның үйінде тіркелген едім. Милиционерді көрген кезде, тығылатыным есімде. Себебі олар кез келген уақытта тоқтатып, Мәскеуде тіркеу бар ма екендігін тексеруі мүмкін еді".

Наргиз Закирова

Ташкент

Танымал фолк және рок әншісі Ташкентте атақты музыканттар Закировтар отбасында дүниеге келген. Оның ең танымал өкілі – "Ялла" ансамблінің көркемдік жетекшісі Фаррух Закиров. Наргиз сахнада төрт жасынан бастап өнер көрсеткен. Сол себепті туған елінде айтарлықтай танымал әртіс болды. Алайда 1995 жылы АҚШ-қа көшіп, барлығын басынан бастауға тура келді. Мейрамханаларда ән салды, дүкенде, тату салонында қызмет жасады.  

2013 жылы әнші "Голос" телевизиялық жобасында күшін сынап көру мақсатында Мәскеуге келеді. Леонид Агутин тобында финалға дейін жетіп, екінші орынды иеленеді. Бірақ өзінің жеңілгенін мойындамайды. Көпшілік көретін ТВ-шоуына қатысқанның арқасында Наргиз Закирова продюсер Максим Фадеевпен танысады. Ол Наргизға бірнеше өлеңдер жазып, Наргиз сол әндерді айту арқылы ресейлік әнші ретінде танымал болды.  

"Бір жыл бұрын осы шоуды теледидардан көрген кезімде бағымды сынап көрейін дедім. Ол кезде мен Америкада жиырма екі жыл тұрып, ән айту арқылы күн көріп жүрдім. Алайда мен ән салған сахына мейрамхана сахынасы еді. Тамақ ішіп отырған адамдар алдында бірнеше жыл ән айту – әнші болып қалыптасқанды білдірмейді. Сол себепті мен осындай мүмкіндіктің болғанына қатты қуандым да, қатысуға өтінішімді жіберіп, мені Мәскеуге шақырды".

Лера Кудрявцева

Өскемен

Танымал тележүргізуші Өскемен қаласында дүниеге келген. Отбасысы шоу-бизнестен алыс болған. Ата-анасы ғалым болған жандар. Туған қаласында ол мәдени-ағарту училищесін, театрлық режиссураны тәмамдап, хореография, мәнерлеп сырғанаумен айналысқан. Орталық мәдениет үйінде қызмет жасаған.  

Мәскеуге көшу туралы шешімді ата-анасы қабылдаған. Ол кезде Лера 16 жаста. Дәрігер болуды армандаған. Алайда сол кездердегі танымал ТВ-6 арнасындағы кастингке кездейсоқ тап болады. Шығыңқы пішінді, африкалық бұрымшасы мен қасында пирсинг бар Лера көптеген тележүргізуші роліне үміткерлердің арасынан таңдап алынады. Осы сәттен бастап Лераның атаққа деген жолы басталады.   

"Есімде, бізде «Алтай» деп аталынған мұз айдыны болатын. Әр қыс сайын сол жерде көңіл көтеретінбіз: бір-бірімізбен танысып, ойнап, ғашық болып... Музыка ойнап, қар жауып тұратын – өте қияли көрінетін. Ал жазда өзенге немесе қолмен жасалынған жергілікті  Бұқтырма бөгеніне баратынбыз".

Линда Нығматулина

Алматы

80-жылдардағы танымал актер Талғат Нығматулинның қызы Алматы қаласында дүниеге келген. Осы жақта Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп, алғашқы көріністерге түскен. Ал өзінің кинодағы алғашқы қаламақысын – 60 тиынды – үш жасында алған. Туған жеріндегі танымалдығына қарамастан, 10 жыл бұрын Линда көлігін сатып, ұлын өзімен бірге алып, Мәскеуге жаңа өмір бастау үшін көшеді.   

Қазіргі таңда Линда сериалдарда, кинофильмдерде, телевизиялық жобаларға қатысады. Жақында ол көріністің продюсері Федор Бондарчук шақырған "Вычислитель" фантастикалық фильмінде түсті. Евгений Миронов, Анна Чиповская, Винни Джонс Линданың түсірілім алаңындағы серіктестері болды. 

"Алматыда маған жүруге мүмкіндік бермейтін. Қолтаңбамды сұрайтын. "Қазақфильмінде" бірнеше рет түстім. Эстрада жұлдызы, танымал ата-ананың қызы болдым. Мәскеуде менің кім екенімді ешкім білген жоқ. Білгісі де келгендер болмады. Мұнда әр адам өз күнін көру үшін тырысып бағады. "Мосфильмде" кезекке біресе 16-шы, біресе 13-ші етіп қойды. Құдайға алғыс айтамын. Тәкаппарлығымды басты. Бірақ «мен» және «басылу» деген бір-бірімен келіспейтін дүние. Әкемнің жоғарыдан маған көмектескеніне сенімдімін".

Светлана Назаренко

Бішкек

"Город 312" атты танымал топтың солисткасы Светлана Назаренко, көпшілікке Ая ретінде белгілі. Бішкек қаласында дүниеге келіп өскен. Осы қаланың құрметіне орай топ өз атауына ие болды (312 – Бішкек қаласының телефон коды). Туған жерінде Светлана "эстрада вокалы" мамандығы бойынша Қырғызстанның өнер институтын бітіріп, кейін күллі посткеңестік аймақтарды тәнті еткен топты құрды.  

Мәскеуге Светлананы әріптестерімен бірге келісімшарт бойынша музыкант ретінде қызмет жасауға шақырды. Бағын сынап көрейін деп, өздерінің әнін алға жылжытуға тырысты. Ресейде танымал болу үшін Светланаға бес жыл уақыт қажет болды. Қазір оның тұрғылықты жері – Мәскеу қаласы. Қырғызстанға тек концерт беруге ғана барып тұрады. Бірақ бұрынғыдай өзінің қырғыздық азаматтығынан бас тартпайды және туған жерін сағынады.

"Біз Мәскеуде қызмет жасаймыз және өмір сүреміз. Егер, ең алдымен, жұмыс жайлы ойламасақ, онда біз... Өзім үшін айтайын: менің Мәскеуде тұрмайтыным айқын болар еді. Мен Ыстықкөлде, Қырғызстанда өмір сүрер едім. Бірақ ол үшін маған қамсыздандырылған кәрілік шақ болатынын түсіну қажет болар еді. Ондай жағдайда тұрар едім. Бамбук тартып... ".

Раушан Қанапьянова

Ақмола облысы

Ресейлік саяси элитадағы жалғыз қазақ қызы Раушан Қанапьянова Жошы жағынан Шыңғысханның тікелей 23-ші ұрпағы және ағартушы Мұсахан Қанапьяновтың қызы болып табылады. Раушан Мұсахановна Казгородок ауылында дүниеге келген. «Ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша Целиноград ағарту институтын бітірген. Сөйтіп өзінің партиялық мансабын құруды бастайды.   

Партия линиясы бойынша Раушан көтеріліп, Мәскеу қаласына тап болады. Кеңес үкіметі күйрегеннен кейін ол жақтан кетпей, саяси мансап бойынша жоғарлауды жалғастыруды шешеді. Қазір Қанапьянова ханым қоғамдық және ағарту ісімен айналысады. Сонымен бірге беделді мемлекеттік лауазымға ие: Мәскеу үкіметі жанындағы Ұлттар істері бойынша Кеңес президиумының мүшесі.   

 "Мен өзім үшін бұрыннан бері шешіп қойдым: өтірік патриот болып, барлығын дүрліктіруге болады. Не болмаса, адал еңбек етіп, өзіңнің тапсырмаңды орындауға болады. Жоқ, қайтып баруды жоспарламаймын. Себебі, қандай да бір деңгейде, мен Ресейдегі қазақстандық саясаттың таратушысы болып табыламын. Себебі, сөз сөйлеген кезімде, тіпті студенттер арасында да мен әрқашан Қазақстанның әлемдегі жетістіктері мен рөлі жайлы айтып отырамын. Еңсемді жоғары ұстап жүремін. Себебі Ресейде біздің елге деген құрмет өте жоғары".