Егер сіз жұмыссыз қалсаңыз – жергілікті әкімдіктегі «жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына» немесе жеке агенттік орталықтарға баруға құқығыңыз бар. Алғашқы мекен-жай арқылы мемлекет ұсынған материалды көмек пен уақытша жұмысқа орналастыру мүмкіндігіне қол жеткізе аласыз. Ал, екіншісі жаңа мамандықты игеру немесе квалификацияңызды жоғарлатуға көмектеседі.
Comode ұжымы мұндай ұжымдардың артықшылығы мен кемшілігін зерттеп, сонымен қатар қандай әлеуметтік бағдарламалар бар екенін анықтады.
Жұмыссыз қалған әр адам ең әуелі өзінің әлеуметтік жағдайын сараптап алуы керек. Әрине, дағдарыс кезінде уақытша жұмыссызбын немесе үй шаруасымен айналысамын, болмаса бір тірліктерім бар деп құтылу оңай.
Алайда, жұмыссыздықтан арылу үшін мұндай жалған ақпараттардың көмектеспейді. Шенеуніктер зейнеткерлер мен мүгедектерді, жетім-балаларды ғана жұмысқа жарамсыз деп шешті. Ал, өзге адамдардың жұмыссыз деген анықтамасын алу үшін жергілікті әкімдіктегі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының немесе аудандық халықты қызмет көрсету орталығындағы жұмыспен қамту бөліміне тіркелу керек. Тек сол кезде ғана заңды түрде «әлеуметтік жағдайы» деген кестеге «жұмыссыз» деп жазылады.
Жұмыссыздықты заңдастырудың қажеті қанша?
Ресми жұмыссыздарға мемлекет тарапынан көмектер мен қолдаулар да қарастырылған. Біріншіден, соңғы екі жылғы еңбекақыңызды есептеп, лайықты әлеуметтік жәрдемақы алу мүмкіндігі бар. Екіншіден, аталмыш орталықтың жолдамасы арқылы арнайы курстарға барып, жаңа мамандықты игеруіңіз де болады. Сондай-ақ, сізге уақытша қоғамдық жұмыс ұсынады. Үшіншіден, қымбат медициналық анализдерді жеке меншік емханаларда тегін тексеруге мемлекеттік аурухана жолдама береді. Сіздің «жұмыссыз» деген бір бума қағазыңызды көрген банк қызметкері де қарызды төлеуден қашпайтыныңызға сеніп, төлемдеріңіздің күні мен айына оңай өзгерістер енгізеді. Уақытында төлемегеніңіз үшін айыппұлдар қоспайды.
Әрине, қай нұсқаны таңдау сіздің өз еркіңізде. Сіздің психологиялық дайындығыңыз бен қоршаған ортаңыздың сынын қабылдауыңызға тікелей байланысты. Алайда, бір мәселені естен шығармаған абзал. Жұмыссыз адамдарға шағын несие ретінде 7 жылға 6%-дық мөлшерлемемен 8 мың АЕК көлемінде, яғни 18 млн теңге қаражат беріледі. Ал, мұндай мүмкіндікке ие болу үшін «Бизнес Бастау» орталығының арнайы курсын өтіп, өзіңіздің бизнес-жоспарыңызды ұсыну керек. Әрине, бәрінің бағы жанбасы анық. Өткен жылғы есеп бойынша 51 ұсыныс білдірушінің тек бесеуі ғана шағын несиеге қол жеткізген.
Жеке меншік агенттіктердің қызметін біле жүріңіздер
Ал, егер бірнеше ай жалақы алмай өмір сүруге жағдайыңыз жетсе, өзіңізді жаңа бағытта сынап, жаңа кәсіпті меңгергіңіз келсе жеке меншңк агенттіктерге барыңыз. Қала бойынша ондай орталықтардың саны оннан асады. Бұл орталықтар арнайы мамандық бойынша қысқа мерзімді курс өткізеді немесе біліміңізді жоғарлатады. Оны растайтын құжат береді. Ал, одан әрмен жолыңыздың қалай болары бағыңызға байланысты. Мүмкін сіздің мамандығыңызға сай келетін мамандарды іздеген мекемелерге жолдама беретін шығар. Бірақ, олардың жалақасы немесе талаптары сізді қанағаттандырмауы әбден мүмкін. Бір сөзбен айтсақ, мұндай орталықтар жұмыс тауып беруге100% кепілдік бермейді..
Курстардағы оқу мерзімі 1,5-3 айдың аралығын қамтиды. Бұл да сіздің таңдаған мамандығыңызға тікелей байланысты. Аптасына 2-3 рет 1,5-4 сағат ұстаздан білім аласыз. Оқу курстарының орташа бағасы – 40 000 теңге. Сабақ қазақ және орыс тілінде өтеді.
Қазіргі ең сұранысқа ие мамандықтар есепшілер, ұйымдастырушылар мен менеджмент, графика мен дизайн, сұлулық салоны мен мейрамхана ісі, компьютерлік курстар мен тілдер екен.
Әрине, бұл орталықтардың да артықшылықтары бар. Тек кәсіби білімі жоғары мамандар ашық, таза, жабдықталған сыныптарда сабақ береді.
Ләззат Карсембаева, 41 жас:
Мен он жылдан астам уақыт бойы ресейлік кондитерлік фирмасының Алматыдағы супервайзері болып қызмет еттім. Былтыр өзгерісті қалап, жұмыстан кеттім. Ақылы бөлімге тіркеліп бухгалтер мамандығын меңгердім. Мен және менің құрбым екеумізге он жеке сабақ өткізіп, құжат берді. Бірақ, өкініштісі, жаңа мамандығым бойынша жұмыс таппадым. Менің жұмыс тәжірбиемнің болмауына байланысты барлық жұмыс ұсынушылар маған 60-80 мың теңге көлемінде айлық ұсынды. Сондықтан, бұрынғы жұмыс орныма қайта оралдым. Өзіміздің есепші-кассир декреттік демалысқа кеткен кезде жаңа мамандық бойынша іске кірісемін деп ойлаймын.
Эльмира Сарсекова, 35жас:
Былтыр жеке меншік агенттік орталықта маникюр және педикюр мамандығы бойынша білім алдым. Екі ай бір сұлулық салонында сынақ мерзімінде болып, кейін 80 мың теңге айлықпен жұмысқа тұрдым. Жуырда үйіме жақын сұлулық салонына ауыстым. Айлығым 85 мың теңге.
Шухрат Закиров, 24 жас:
Мен әскерден кейін бірден Алматыға келдім. Шамамен, қоныс аударғаныма екі жылдай уақыт болды. Достарыммен бірге көлік жөндейтін орталықта жұмыс жасадым. Былтыр өзімді өзге салада байқап көруге бел буып, мейрамхана ісі бойынша қысқа мерзімді оқу орталығында білім алдым. Мен қасапшы-аспаз, ал бауырларым – даяшы, бірі бармен мамандығында білім алды. Ешқандай қиындықсыз жұмыс таптық. Әрине, әзірге айлығымыз соншалықты көп емес. Бірақ, үмітіміз жоқ емес.
Әлеуметтік бағдарламалардың айырмашылығы қандай?
Тоғыз аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына келетіндер ақшадан қатты тарығып, кез-келген жұмысқа әзір адамдар екен. Олар мемлекет тарапынан жәрдемақыларды рәсімдеуден бастап уақытша жұмыс ұсыну мүмкіндіктеріне дейін ие болады.
Ең бастысы: қай адамға қандай сала сәйкес келеді, қандай көмек түрі лайықты, жасы неше, білімі қандай, денсаулығы туралы ақпараттарды біліп, дұрыс білу.
Мысалы, колледж немесе жоғары оқу орынын бітірген соң үш жыл көлемінде жұмыс таба алмаған жастарға «жастар тәжірбиесі» деген бағдарлама қарастырылған. Бұл жастардың мемлекеттік мекемеге уақытша жұмысқа тұруға мүмкіндік береді. 2017жылдың жазында 347 түлек аталмыш бағдарламаны қолданып, олардың 55 тұрақты жұмысқа қабылданды. Айлық көлемі кемінде 30 мың, ал орташа 50 мың теңгені құрайды.
Балалар үйінің түлектері, оралмандар мен мүгедектер көпбалалы ата-аналар мен зейнеткерлікке жақындаған жандар уақытша әлеуметтік бағдарламалар бойынша жұмысқа қабылданады. Яғни, олар балабақшада тәрбиеші, есепші, т.б. әртүрлі салада қызмет етеалады. Басты айырмашылығы, жұмыс ұсынушы орталық пен жұмыспен қамту орталығының арасында келісім шарт болады. Айлықтың жартысын мемлекет өз жауапкершілігіне алады.
Кез-келген жұмыссыз қалған ҚР азаматы қысқа мерзімді оқу орталықтарының көмегіне жүгіне алады. Бұл жерде 2,5 ай көлемінде тегін білім алу немесе білім категориясын жоғарлату мүмкіндігі қарастырылған. Жұмыспен қамту орталықтары 29 оқу орнымен 102 түрлі мамандық бойынша келісім-шартқа отырған.
Інкәр, 22жас :
Мен – Алматы қаласындағы Нархоздың түлегімін. Бір жылға жуық уақыт жұмыс таппадым. Сондықтан, жұмыспен қамту орталығына барып «жастар тәжірбиесі» бойынша есепші мамандығын меңгердім. Қазір аудандық әкімдікте шаруашылық-есепшісі болып қызмет етемін. Айлығым 57 000 теңге. Әрине, көп емес. Алайда, жұмыссыз жүргеннен жақсы.
Еркебұлан, 31жас:
Мен өткен жылы жалпы логистика бойынша білім алып, күз маусымында адам және тауар тасымалдайтын жеке ұйымға жұмысқа тұрдым. Мамандық бойынша жұмыс жасап, 120 мың теңге айлық аламын.
Светлана, 27жас:
Мен 18 жасымда тұрмысқа шығып, үш қызды дүниеге әкелдім. Еш жерде жұмыс жасамадым. Өткен жылы күйеуім жұмыстан қысқартылып, мен өзіме лайықты жұмыс іздедім. Көршімнің айтуы бойынша тегін тігін курсы бар екенін біліп, 2.5ай сол жерде білім алдым. Әртүрлі киімдер мен бұйымдар тігіп үйрендім. Қазір тапсырыстар қабылдаймын. Болашақта өзімнің кәсібімді ашқым келеді.
Кедейлік – кемтарлық емес
Арнайы орталықтардан білім алған соң кез-келген азамат электронды еңбек биржасына кіріп, жұмыс іздей алады. Ол жерде тіпті, кейде жұмыс берушілер бірнеше жылдық тәжірбиені де талап етпейді. Бұл жерде 35 мыңға жуық жұмыс түрі бар. Ең жоғарғы айлық 150 000теңге.
Ал, бұл жарнамаларға адамдар қаншалықты назар салатыны әзірге бізге беймәлім. Көп кезде төлемақының төмендігі жұмысшының бетін қайтарса керек. Сол себепті, жұмыспен қамту орталықтарына тізімге тұрған жұмыссызшылардың саны кемитін емес.