Бұл әншінің ата-анасын таныстырудың қажеті шамалы. Әлидің артынан ерген Мәди есімді сүйкімді інісі бар. Ол 6 жастан өнер жолын таңдаймын деп шешті. Кейде кімнің ұлы екенін жасырған сәттері де болған. Әли өнер әлемін тек ата-анасының беделі арқылы емес, өзінің дарыны арқылы бағындыруды көздейді
Жақында анаңыздың туған күні болды. Биыл қандай сыйлықпен қуанышқа бөледіңіз?
- Осы жолы анама 101 раушан гүлі мен ұлттық ою-өргенегі бар алтын сағат сыйладым. «Сыйлыққа сағат беруге болмайды» деген пікір бар. Менің ойымша, сыйлықтың қандай болуы маңызды емес, бастысы адамның шынайы пейілі. Сыйлығым анамның көңілінен шықты. Қазір күн сайын мен сыйлаған сағатты қуана қолына тағып жүр. Жалпы анамды тек арнайы мерекеде ғана емес, күн сайын қуанышқа бөлеуге тырысамын.
Сахнадағы Әли мен өмірдегі Әлидің айырмашылығы бар ма?
- Әрине, бар. Дегенмен мұны жасанды болу деп қабылдамаған жөн. Бұл табиғи болмысымның бір қыры ғана. Сахнадағы Әли көтеріңкі көңіл күйін әрқашан тыңдарман қауымға сыйлауға дайын. Сахна төрінде міндетті түрде барша көрермен қауымға жылы сөздерін арнайды. Ол ешқашан мұңаймайды, ауырмайды. Күн секілді жадырап, айналасына тек қуаныш сезімін сыйлайды. Ал өмірдегі Әлидің кейде көңіл күйі болмайды. Кейде ой үстінде болады, аз сөйлейді. Өмірде өзін салмақты ұстайды. Шаршайтын кездері де болады. Жалпы жасандылықты ұнатпаймын, сондықтан әрқашан шынайы болуға тырысамын.
Жанкүйерлеріңіз сізді қандай әлеуметтік желілерден көре алады?
- Мен тек VKontakte, Twitter, Instagram әлеуметтік желілерінде ғана тіркелгенмін.
Анаңыз сізді қалай еркелетеді?
- Бала кезімнен «құлыным» деп еркелетеді. «Пуся» деп те атайды. (Күлді) Бірақ ержеткен соң бұлай атамайтын болды. Ал інім Мәдиді «Мося» деп еркелеткенді жақсы көреді.
Бір сұхбатта әкем сынды музыкалық продюсер ретінде бағымды сынап жүрмін дедіңіз. Қазір бұл сала сізге қаншалықты қызықты? Қиындығы бар ма?
- Әрине, қиындығы басым дер едім. Кейде шабыт болады, ал кейде мүлдем болмайды. Себебі, бұл жұмысты шабытсыз атқару мүмкін емес деп ойлаймын. Дегенмен, бұл сала мен үшін өте қызық. Себебі, музыкалық продюсер болу менің қанымда бар қасиет. Тәжірибе жинау арқылы да еңбегіңінің жемісін көресің. Осы салада жүргеніме 5 жыл болыпты. Жақында Жанар Дұғалованың «Turkvysion» байқауына жолдама алған «Ізін көрем» әнінің өңдеу жұмысына қатыстым. Осы әннің үздік деп танылуы мен үшін де жеңіс әрі үлкен жетістік. Сонымен қатар мен өмір бойы ән айтпауым да мүмкін. Музыкалық продюсер ретінде еңбек жолымды жалғастырсам деген арманым да бар. Бұл келешектің еншісінде. Әншіліктен қол үзсем де, өмірім тек музыкаға арнаймын деп ойлаймын.
Әйгілі адамның ұлы болудың артықшылығы мен кемшілігі?
- Бұл сұрақ маған өте жиі қойылады. Бұған беретін жауабым да бір. Менің өмірге келуімнің өзі маған танымалдық сыйлады. Халықтың сүйікті әншісі Роза Рымбаеваның тұңғыш ұлы болу мен үшін үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Ал кемшілігін айтар болсам халық үнемі маған сын көзбен қарайды. Сөзім мен ісіме әрқашан мұқият болуым керек. Өнеріме «Розаның ұлы шынымен де дарынды ма?» деп сын көзбен қарайтыны рас. Қазақта «Тектіден текті туады» деген жақсы сөз бар. Сондықтан, өнерлі отбасында өмірге келіп, әлемдік деңгейде өзін өнері арқылы мойындатқан адамдар баршылық.
Келешекте анаңыз басқа адаммен отбасын құруға ниет білдірсе қарсы болмайсыз ба?
- Бұл сұрақ анама да жиі қойылады. Анам өзін жалғызбын деп санамайды, себебі қасында екі ұлы екі тірегі бар. Отбасымызға басқа артық адам қажет емес деп ойлайды. Себебі, анам әкемнің орнын басуға лайық ер адамды бүгінгі күнге дейін жолықтырмады. Менің ойымша, анамның жүрегінде тек әкеме ғана орын бар. Ол кісі анамның 17 жасында жарық жұлдызға айналуына әрі өмірде бақытты болуына себепкер болған жан. Дегенмен, болашақта анам басқа адамды кездестіріп жатса, мен қарсы болмаймын. Әкем өмірден қайтқан соң, анамның жүрегін жаулаған адам болған емес әрі болмайды деп сенемін.
Әңгімеңізге үлкен рахмет!