Картинка
Их жизнь

КешYOU тобы: "Топқа келгенде әркім өзін көрсеткісі келді"

Қыздар, үшеуің бірге «КешYou» тобысыңдар. Ал бөлек-бөлек ше?

Балжан: Өзімізді таныстыруды үйдің үлкені Жұлдыз бастасын (күледі).

Жұлдыз: Мен 95 жылы Қазыбек-Бек бекетінде дүниеге келдім. Отбасым қарапайым теміржолшылар. Мектептен соң Алматыға оқуға келдім. Өнер академиясына түсіп тұрған жерімнен апам алып кетті. Оның  ойынша, мен бухгалтер, финансист сияқты нан табатын мамандықты игеруім керек еді. Сөйтіп, Тұрар Рысқұлов атындағы университеттің әлемдік экономист мамандығын таңдап, оқуға түстім. Екінші курс оқып жүріп, Алматының сауда үйлерінің бірінде сату бөлімінің менеджері болып жұмыс істеп,  ақша табатынмын. Сол кезде «КешYou» тобына келдім. Дайындық бар, гастроль бар, оқуымды үлгере алмай, екінші жылға қалып қойдым. Қазір үшінші курсты тағы да оқып жүрмін (күледі). Топтың биылғы он жылдық мерейтойына байланысты тағы да оқуым шетте қалып қалды. Бір жақсысы, оқу орны бізге қатыспаған сабақтарды кешігіп тапсыруға мүмкіндік береді. Бірнеше күн ұйықтамасам да, бұл жол бәрін тапсырамын деген ойдамын.

Ақбота-Нұр: Мен 96 жылы Түркістан қаласында дүниеге келдім. Қырқымнан шыққан соң, отбасымызбен Кентауға көшіп, балалық шағым сол жерде өтті. Скрипка, би, вокал үйірмелеріне қатыстым.  Мектеп бітірген соң Алматыдағы Чайковский атындағы музыкалық коледжінің эстрадалық ән салу факультетіне грантқа түстім. Бірақ, Жұлдыз сияқты «КешYou» тобына келгелі оқудан да, гранттан да айырылдық (күледі). Мақсатқа қол жеткізу жолында ондай-ондай болып тұрады ғой. Қазір Жүсіпбек Елубеков атындығы эстрада-цирк колледжінде ақылы бөлімде білім алып жатырмын.

Кішкентай кезімде апамның қолында өстім, сол кісіні анам деп ойлайтынмын. Ерке болдым. Бірақ қазір еркелігім басылып келе жатыр (күледі). Чайковский колледжінде оқып жүргеннен бастап-ақ ұстаздарым маған «сен Баян Есентаеваға барып көрінсейші» дегенді жиі айтатын. Мен «қорқамын» деп қоя беретінмін. Сөйтіп жүргенде, «Лашын» тобына кастинг басталды. Әйтеуір, бір күні Бағым Мақсатқызына хабарластым. Алғашқы қойған сұрағы «бойың 170 пе?» деген еді. Бойым одан кіші болса да, «ия, 170» деп жауап бердім. Ол маған  алты сурет жібер деді. Мен сегіз сурет жібердім. Келесі күні Бағым Мақсатқызы мен Баян Мақсатқызының алдына бардым. Ол кезде шашым ұзын, қызыл түсті болатын. Қасым да қалың еді. «Қазақпысың?» деп сұрады екеуі де.  Шыны керек, қазаққа ұқсап тұрғаным шамалы.  Алдарында ән айттым, биледім. Бойымда қуаныш пен қорқыныштың арпалысқан сәті болды. «Өзіміз хабарласамыз, телефоныңды өшірме» деп, үміт берді.

Балжан: Мен 95 жылы Қызылорда облысындағы Келінтөбе деген жерде дүниеге келдім. Ата- анам өнер адамдары: анам - әнші, әкем - сазгер, композиор, ән өңдеуші. Келінтөбеге гастрольдік сапармен келіп, сол жерде қалып қойған. Мектепті де сол жерден бітірдім. Ата-анам үлкен ағам екеуімізді 4-5 жасымыздан бастап ән айтып үйретті. Тіп-титімдей болып, бірінші, екінші дауыс ұстауды білетінмін. Мектеп бітіргеннен кейін Жүсіпбек Елебеков атындағы колледждің студенті атандым. Оқу барысында да ән айтуды тастамадым: әншілерге бэк вокал жазатынмын, елдің ішінде де,  өзге мемлекеттерде де өтетін байқауларға үнемі қатысатын едім. Инстаграмға өзімнің ән айтып тұрған 15 секундық жазбаларымды жүктеп отыратынмын. Солай жүргенде, Серік Ибрагимовтың продюсері Алтынбек Рахметов мені байқап, Баян Мақсатқызына бейнемді көрсетіпті. Негізі, мені ол кісіге көп адамдар ұсыныпты. Мен оны білмедім. Білгеннің өзінде де Баян Мақсатқызынан қорқып, ол кісі мені өзіне алмайды деген ойда болдым. Кастингке келген уақытта ол маған «осы уақытқа дейін қайда жүрсін?» деді.

Неге сонша Баян Мақсатқызынан қорықтыңдар?

Жұлдыз:  Кинода «не называй меня «апай!» дегеннен кейін (күледі).

Балжан: Баян Мақсатқызының өзінен емес, атағынан, атынан қорыққан шығармыз.

Ақбота-Нұр: Адамдар ол кісі туралы неше түрлі нәрсе айтатыны құпия емес қой. Сол жалған образдан қорыққан шығармыз.

Жұздыз: Бірақ, ондай кісі емес екен.

Қандай кісі екен?

Жұлдыз: Адамгершілігі мол кісі. Жоғары талаптар қоятыны рас. Бірақ, еліміздегі ең беделді топтың бірі болғандықтан, ондай талаптар орынды. Топқа қатысты көп нәрсе айтады. Бірақ, жеке басыңа ешқашан тиіспейді. Мен топқа енді келгенде, ол маған «сен қыздардан қалып қоясың, олар - титандар, шоу бизнестің мықтылары. Биіңді жөнде, вокалға бар, бар мүкіншілікті жасап жатырмыз» деген сөздерді жиі айтатын.

Ал қазір қорықпайсыңдар ма?

Жұлдыз: Кейде ғана (күледі).

Ақбота-Нұр: Қазір ол кісі анамыз сияқты. Анасынан кім қорқады?

Жоғары талаптар қояды дедіңдер. Ол қандай талаптар?

Ақбота-Нұр: Асып бара жатқан ештеңе жоқ. Талап ететіні жай ғана тәртіп, сыйластық. Елдің алдында жүргендіктен, артымыздан еліктейтін жас қыздарға үлгі бола алатындай болу керекпіз. Сұхбат беру, үлкен-кішімен дұрыс сөйлесу, өзімізді қалай ұстау керек - міне, сондай нәрселерді бақылап, кеңес беріп тұрады. Қыз заты болғандықтан өзімізді күте білуді, дұрыс киінуді талап етеді. Одан басқа, артық салмақ қоспауымыз керек.

Қандай салмақты ұстау қажет?

Ақбота-Нұр: 50-53 кг. Бірақ, менің бойым кішірек болғандықтан, салмағым 46-47 келіден аспағаны дұрыс.

Бір үйдің әпкелі-сіңілі қыздары да кейде бір-бірімен ренжісіп, түсініспеуі мүмкін. Сендердің араларыңда да түсініспеушілік болған шығар?

Жұлдыз:  Басында болды, ия.

Ақбота-Нұр: Топқа алғаш келгенде әрікім өзін көрсеткісі келді.

Не үшін жиі дауласатынсыңдар?

Үшеуі: Би үшін (күледі).

Жұлдыз: «Сен қолыңды дұрыс көтермедің, аяғыңды дұрыс қоймадың» деп, бір-бірімізге жиі тиісетінбіз.

Балжан: Әрине, ол кезде бір-бірімізді танымаймыз. Топқа келгенге дейін таныс болған емеспіз. Әрқайсымыздың мінез-құлықтарымыз әртүрлі. Қазір оның бәрі артта. Үйрендік.

Инстаграм желісін жиі қолданасыңдар ма?

Жұлдыз: Қазір онша көп қолданбаймыз. Концертке дайындық көп уақыт алады. Анам маған «ең болмағанда күніне бір сурет салып қойшы, түріңді ұмытып қалмайық» деп қалжыңдайды.

Ақбота-Нұр: Арамызда жиі отырытын мен-ау деймін (күледі). Күніне 3-4 сурет жүктемесем, көңілім көншімейді.

Пікір қалдырған оқырмандарыңа жауап бересіңдер ме?

Жұлдыз: Ол жағынан Ақбота мықты. Әрбір пікірге жауап беру мүмкін емес, сондықтан ол арнайы түнгі чат ұйымдастырады. Мен де бір рет солай жасап көрейін дедім, бірақ аса көп сұрақ қойылмады. Сөйтсем, сағат таңғы бес екен (күледі). Елдің бәрі ұйықтап жатыр. Оянғаннан кейін барып сұрақты жаудырыпты, бірақ менің қызығушылығым басылып қалды.

Қандай сұрақтар жиі қойылады?

Ақбота-Нұр: «Жігіттеріңіз бар ма?» деген сұрақ.

Қателеспесем, келісімшарт бойынша жігітпен кездесуге болмайды.

Жұлдыз: Ия, жігітпен кездесуге, тұрмыс құруға, балалы болуға болмайды.

"Жүрекке әмір жүрмейді" демекші, ғашық болып қалсаңдар ше?

Ақбота-Нұр: Ғашықтық та уақытты талап етеді ғой. Біреуді сағынып, онымен кездесуді армандау керек. Ал бізде жігітпен танысатын да уақыт жоқ, шыны керек (күледі).

Жақсы. Жігіттерді былай қойып, жағымсыз пікірлерге көшейік. Оларға қалай қарайсыңдар?

Жұлдыз: Блокка қойып, өшіріп тастайсың. Одан басқа амал жоқ. Арасында өте дұрыс жазылған сыни пікірлер болады, мысалы: «Ән айтқанда еңсеңді тік ұста! Көзіңді төменге түсіре берме! Мынадай шаш үлгісі онша жараспайды екен!» дегендей. Біз де бәрін біліп туған жоқпыз ғой. Осындай ескертулерден соң түзелеміз. Бірақ, кейде дене бітімге, бет әлпетке қатысты жағымсыз сөздер жазылады. Сол кезде «Алла осылай жаратты, мен бұл кейіпімді дүкеннен сатып алған жоқпын» дегің келеді.

Балжан: Басқа топтарға қарағанда бізде жағымсыз пікірлер мен жағымды пікірлер көп. Біріншіден, ол продюсеріміздің танымалдылығы. Екіншіден, топтың атағы. Сондықтан, оны заңдылық деп қабылдап үйрендік. Мен жағымсыз пікірлерге мән бермеймін.

Жұлдыз: Балжан тіпті, кейді ондай оқырмандарға түрлі хэштег жазып, қыздыртып қояды (күледі).

Ақбота-Нұр: Мен бәрін тазартып отырамын. Әрине, елдің алдында жүрген адамдарға жағымсыз пікір есту қалыпты нәрсе. Бірақ, бір түсінбейтінім, адамды танымай жатып, оны білмей жатып, қалайша намысқа тиетін нәрселерді жазуға болады? Бір жасы үлкен әйелдің жазған пікірі ойымда қалды: «Осы қыз бетіне он тонна макияж жағып, суретке түскеннен басқа түк білмейді. Өзін әдемімін деп санайды ма? Бітірген дымы жоқ!» деп, неше түрлі нәрсе жазып тастады. Парақшасына кірсем, баласы бар, «Альхамдуллилах» деп жүрген үлкен кісі. Сонда өзінің қызымен жасты қыздың парақшасында кіріп, жағымсыз пікір қалдырып несі бар? Біздің кей адамдардың осындай пасық мінезі ұнамайды. Сондықтан жағымсыз пікірлерді өшіріп тастаймын. Сол үшін кейбір адамдар мені жұлдызданып кетті деп жатыр. Ол жұлдыздану емес. Ол жай ғана өзіңе тиесілі аумақты таза ұстауға деген талпыныс.

Балжан: Ия, жағымсыз пікірлерді қалдыратын адамдар, көп жағдайда жалған иманы бар кісілер сияқты. Мүмкін, бұл көре алмаушық па? Білмейміз.

Ондай адамдарға не жетіспейді, қалай ойлайсыңдар?

Ақбота-Нұр: Қазіргі таңда орта буын мен кіші буындағы адамдардың білімге деген құмарлығы жоқ. Ізденіс жоқ. Өз өмірлерін тек әлеуметтік желімен шектеп тастаған. Кітап оқымайды. Мүмкін, сондықтан шығар.

Ал өздерің қандай кітап оқисыңдар?

Ақбота-Нұр: Шымкенттің қызы болғандықтын, орысшаға шорқақтаумын. Осы уақытқа дейін тек қазақша кітап оқып келдім. Енді орыс тілінде кітап оқып бастадым. Жалпы, арамызда кітапты көп оқитын Жұлдыз.

Жұлдыз: Мен фантастика жанрын ұнатамын. «Академия вампиров», «Отбор» деген сүйікті кітаптарым бар.

Балжан: Концерт жақындап қалғандықтан, мен қазір кітапты ысырып қойып, бос уақытымда вокалмен айналысамын. Бірақ, үшеуіміз де ағылшын тілінің курстарына барып жүрміз.

Концерт демекші, дайындық қалай?

Жұлдыз: Ооо, нағыз қарқынды дайындық жүріп жатыр! Күн сайын вокал, би сабақтары. Хореограф түрлі қойылымдар үйретіп жатыр. Жаңа дуэттер жазылу үстінде. Кіммен екені әзірше құпия болып қалсын. Уақыты келгенде міндетті түрде айтамыз.

Продюсерлерің туралы біршама жылы сөздер айтып өттіңдер. Олармен сырласатын кездер болады ма?

Үшеуі: Ия.

Қандай ақыл ерекше есте қалды?

Жұлдыз: Бағым Мақсатқызының бір айтқан сөзі әлі есімде: «Әлемде ең жоғарғы деңгейге жеткен өнер адамдарының ұстаздары деспот болған». Бұл тек өнерге қатысты айтылған сөз. Күнделікті өмірге қатысты да көп кеңес береді. Біз махаббат жайлы сөйлесіп отырсақ, «шынайы махаббат не екенін білмейсіңдер» дейді (күледі).

Ақбота-Нұр: Жақында ғана болған оқиғаны айтып берейін. 2-3 сағат вокалмен айналыстық. Шаршағанымыз білінді-ау. Қасымызға келіп, вокалға байланысты ештеңе айтпады. Оның орнына «Осы өмірден сендерге не керек? Соны білесіңдер ме? Мен кішікентай кезімнен өнер жолында болуды армандадым . Ұстаздарым қатал адам болды. Кейде ұрып жіберетін. Өнерге құштарлығым соншама, барлығына шыдадым.  Өнерде қалатын болсаңдар, қазірден бастап ойланыңдар. Өнер - хобби емес. Бұл - үлкен жұмыс» деді. Сол әңгімеден кейін не ары емес, не бері емес болып қалдық.

Өмірден не керек екенін түсіндіңдер ме?

Ақбота-Нұр: Бағым Мақсатқызының сол сөздерінен кейін әлі ойланып жүрмін.

Жұлдыз: Алдымыздағы жеті жыл белгілі – бұл «КешYou».

Балжан: Менің бар мақсатым, бар араманым - өнер. Өнердің шыңынан көрініп, өте мықты музыкант болғым келеді.

"КешYou" - бұл тек сұлу келбет, әдемі би, жанкүйерлердің жылы лебіздері емес, сонымен қатар сырт көзге көрінбейтін қиыншылықтар ғой. Топта болғанның ең басты қиыншылығы неде?

Жұлдыз: Дәл осы топтың құрамында болғанның өзі қиын. «КешYou» дегеннің өзі бір бренд қой. Соған сай болуымыз керек.  Біз сияқты ешбір топ дайындалмайтын шығар. Баян Мақсатқызының айтатын сөзі бар: «КешYou» - бұл армия» (күледі). Ауырып тұрсақ та, сахнаға шығу керек. Ал мен өзім ангинамен жиі ауыратын адаммын.

Ауырып қалған жағдайда не істейсіңдер?

Жұлдыз: Бірде Атыраудан ұшып келке жатқанда ангинамен ауырып қалдым. Ұшаққа отырарда тіпті селкілдеп кеттім. Директорымыз бен әуежай медбикесі дәріханаға жүгіріп, укол салып, әрең ұшып кеткенбіз. Сондай да жағдай болған. Ботаның да әлсіз жағы бар: асқазаны кез-келген тамақты көтере бермейді.

Ақбота-Нұр: Ия. Жетісайда жүзім жеп ұшынып қалғаным бар. Сахнаға әр шыққанда жанды дауыста 4 ән орындауымыз керек. Ол аз болғандай, би қойылымдары тағы бар. Өзім әрең тұрмын. Сахнадан кетіп қалайын десем, мына екеуі екі жағымнан тұрып, жібермеді (күледі). Несі керек, әйтеуір шыдадым.

Ал Балжанның қандай ерекшелігі бар?

Жұлдыз бен Ақбота-Нұр: Балжан - мықты қыз. Ауырмайды (күледі). Ол бізді қорғаштап жүреді.

Балжанға қараса, ұлдардың арасында өскен сияқты.

Ақбота-Нұр: Дәл таптыңыз.

Балжан: Менің екі ағам бар, солардан кейін мен. Ұлдардың ерекшелігі – ауырып тұрса да, қуаласып ойнап жүре береді. Кішкентайымнан соған үйренгенмін (күледі). Біздің топта «ауырдым» деген әңгіме болмау керек. Қандай жағдай болмасын, елдің алдына шыққанда не үшін тұрғаныңды білген абзал. Мықты әншілер Бота сияқты шыдау керек.

"Болды! Бәрі құрысын, шаршадым! Топтан кетемін!" деген ой болды ма?

Жұлдыз: Болды, әрине. Айдана мен Кәмшатқа үйреніп қалған адамдар, мені қабылдамай, басында сын көп айтатын. Естімеген сөзім жоқ. Апам да уайымдап, «шыдай аласың ба?» деп сұрайтын. Кәмшат, Айданамен жарты жыл жұмыс істеп, қысқы демалысқа шықтық. Сол кезде әбден ойландым. Демалысқа шыққаннан кейін, бес күннен кейін қайтадан жұмысқа шақыртып алды. Сондықтан, түбегейлі шешім қабылдайтын уақыт болған жоқ (күледі). Шақыртқан себебі, топқа жаңа қыздар келіпті. Жаңа тыныс алып келді. Шабытым қайта ашылды. Қазір ондай ойлар жоқ.

Балжан: Осы уақытқа дейін дәл осылай жүгіруді,  дәд осылай жұмыс істеуді армандадым. Сондықтан, не болса да, шыдадым.

Демалыс дедіңдер. Яғни, «КешYou» тобында ән салу - бұл кәдімгідей жұмыс па?

Ақбота-Нұр: Ия, бұл кәдімгідей жұмыс. Ай сайын алатын жалақымыз, сосын қосымша сыйақымыз бар. Жылына екі рет демалыс беріледі.

Жұлдыз: Үлкен продюсерлік ортылық болғандықтан, бәрі заңды түрде келісімшартта жазылған: жалақымыз да, демалысымыз да.

«КешYou» гастрольге шықанда неше адам болып аттанады?

Ақбота-Нұр: Төрт адам: үшеуіміз және директорымыз.

Ал визажист, шаштараз, костюмер ше?

Жұлдыз: Топқа келген әрбір қыз тәжірибе жүзінде «өз-өзіңе визажист» курсын өтеді (күледі).

Балжан: Бәрін өзіміз үйрендік. Ол өзімізге ыңғайлы да. Барған жерден дұрыс бояйтын адам табыла бермейді ғой.

Жұлдыз: Топқа келгенде менің шашымды Айдана жасайтын. Бес тал шышымды көкке көтеріп беретін (күледі). Ол жасаған наческа Алла Пугачеванын өзі қызығар еді. Қазір ондайдың бәрін өзіміз үйреніп алдық.

Балжан: Жұлдыз үйреніп алып, содан кейін менің шашымды көтеріп беретін болды.

Ақбота-Нұр: Қазір де сол көтеріп жүр (күледі).

Балжан: Кейде директорымыз да кірісіп кетеді.

Жұлдыз: Бізге қарағанда Балжанның шашы көп болғандықтан, бәріміздің шабытымыз ашылып кетеді (күледі).

Қыздар, бір-бірлеріңнің мінездерің туралы айтып берсеңдер?

Ақбота-Нұр: Жұздыз өмірдің ыстық-суығын көрген, білімді, ақкөңіл қыз. Тіпті ақша сұрасаң береді де, бергенін өзі ұмытып қалады (күледі). Ренішті ішінде сақтамайды, бәрін бірден айта салады. Қатты ренжісе, сөйлеспей қалуы мүмкін. Бірақ, мазаламасаң, сөйлеспей жүріп, өзі ойланып, жерге түседі. Не ойлап жүргенін білмейсің. Сондықтан мен оны қалжыңдап, «космос» деп атаймын. Ал Балжан үндемей отырып, бәрін бақылайтын қыз. Нотаға түспесең, бірден біліп қояды да, ұрсады бізге. Сыртта жүргенде адамдардың киіміне дейін бәрін байқайды. Жұлдыз екеуіміз көрмей қалатын нәрселерді көреді ғой. Өзін де күте біледі. Күн сайын шаш үлгісін жасайды. Ренжісе, бірден айта салады. Оның қабығын түйгені қызық: түріне қарасаң, күліп тұрғандай.

Балжан: Ия, менің үндемей отыратын әдетім үшін, адамдар көп жағдайда мені өзінше болып кетті деп ойлайды. «Балжан өзінше емес, мінезі сондай» деп жаза салыңызшы (күледі). Ақбота туралы айтатын болсақ, ол сыйлағанды сыйлатын қыз. Ерке, жүрегі жұмсақ. Көңілді жүретін, ақкөңіл қыз.

Жұздыз: Кейде өзінше қатал болғысы кеп, өзгеруге тырысады. Бірақ онысынан дым шықпайды. Сонда да «няшка» болып  қала береді (күледі).  Барған жерде адамдарды өзіне баурап алады. Қылықты қыз. Басымыздан өткен ұқсас нәрселер бар. Сондықтан, оған әрдайым көмектескім келіп тұрады. Кішкентай сіңілім сияқты.

Ақбота-Нұр: Бірақ, бойымда жаман қасиеттер де бар. Кейде тырысып қаламын, сөйлейспей қаламын. Мен бәрін көзбен білдіремін.

Балжан: Ал Жұлдыз өте жайлы адам, өзгенің көңіліне қатты қарайды, ешкімді ренжіткісі келмейді. Үй шаруасына да өте пысық. Интернеттен рецепт, түрлі қолданбалы өнер түрлерін іздеп тауып, соларды жасап жүргеннен жалықпайды. Және ол өте көпшіл, жалғыздықты жек көреді.

Жұлдыз: Балжан бізде «Мисс стиль». Ол қарапайым нәрселерді үйлестіріп, ерекше боп шыға келеді. Суретке түскендегі позалардың өзі біраз нәрсені аңғартса керек (күледі). Ең бастысы, отбасында алған тәрбиесі жақсы, өзін-өзі ұстауы, қарапайымдылығы, адамдармен тез тіл табысатыны керемет. Үшеуіміздің бірлігіміздің негізі – отбасымыз, алған тәрбиеміз, өмірге деген көзқарасымыз. Өте ұқсаспыз. Продюсерлеріміздің дұрыс бағыт беруінің, ауызбіршілігіміздің арқасында біраз белестерді бағындырамыз деп үміттенеміз!

Қыздар суретке түсуге кеткеннен кейін топтың директоры Назым Басқынбаева да қыздар туралы біршама ақпарат айтты:

Назым Басқынбаева: Қыздар әлі жас. Үшеуі де бір-бір үйдің жалғыз қызы. Ерке, бірақ саналы қыздар. Бір жасаған қателігін қайталамайды. Топ болып үлкен сахнаға шыққанына бір жыл да толған жоқ. Басында бір-бірінің сөзін көтермейтін. Сөз болғанда да, «мына нотаны дұрыс алмадың, мына қимылды дұрыс жасамадың» деген ескертулер ғана. Сол үшін ренжіп қалатын. Кейде Баян Мақсатқызы «Офис бала-бақша болып кетті» деп күлетін. Шынымен де, бір жылдың ішінде бала-бақшалық деңгейден бастауыш сынып деңгейіне көтерілдік. Қыздар өте қарапайым. Кейде «Жұлдыз боп, адам танымай кетіпті» дегенді естимін. Бірақ, Баянның қол астында жүріп, жұздызды аурумен ауру мүмкін емес. Оның өзінде жоқ ауру, қыздарында қайдан болсын? Былай қараса, Баян және Бағым кішігірім өмір академиясының жетекшілері. Сәнді киіну, дұрыс бояну, бет терісін күту, дене бітімін қалыпты жағдайда сақтау, қандай мінез көрсету керек, қандай мінез көрсетпеген жөн, жігіттермен қалай сөйлесу керек – осының бәрін үйретеді. Қыздарға неше түрлі сыйлықтар келіп жатады. Оларды қалай қабылдау қажет, қабылдамаса, адамды ренжітпей, көңіліне тимей, қалай қайтарып беру керек дегендей кеңестер айтады. Және ең бастысы, адами қарым-қатынасты бірінші орынға қояды. «Қандай танымалдылыққа ие болма, адамгершілікті ұмытқан күні өзің де өшесің» дегенді қыздар жиі естиді. Мұндай тәрбиеден өткен қыздар ертең жаман болып шықпайды. Бұл продюсерлік орталықтан кеткен қыздардан да көрініп тұр. Кез-келген қызды алып қарасаңыз, сахнадан кетсе де, өмірлерін дұрыс қалыптастыра білді. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш!

Фотограф Олжас Жакенов

Сұхбатты ұйымдастыруға көмектескен "Olivier" мейрамханасына алғыс білдіреміз