Картинка
Их жизнь

Кентал: "Далида" "Перизатқа" жетпейді

− Кентал, «Далида» әніне түсірілген жаңа бейнебаяныңмен құттықтаймын. Клиптің режиссері, идея және әннің авторы кімдер?

− Рақмет. Әннің де, мәтіннің де авторы өзім. Сондай-ақ, бейнебаянға режиссерлік еткен азамат − Талғат Кенжеболатов, яғни тағы да өзім. Бейнебаянның сапалы шығуы оператордың жұмысына тікелей байланысты екенін білесіздер. Бұл орайда менің ойымды, мақсатымды бірден ұғынған Макс Задарновскийдің еңбегі зор. Ал оқиға желісі өмірден алынды. «Далида»-ның да «Халқым» сияқты халыққа айтары бар туынды болғанын қаладым. Меніңше, әнші жай ғана әдемі ән айтып қана қоймай, халықты тәрбиелеуі, адамдардың қиялына қанат бітіріп, өмір мәнін ұғынуға көмектесуі керек. Жалпы, қолымнан келді деп ойлаймын.   

− Клип қай жерде түсірілді?

− Алматы қаласындағы Меңдіқұлов көшесінде түсірдік. Түсірілімге 200-ге жуық адамнан құралған топ қатысты. Оның 150-ге жуығы массовканы құрады. Шыны керек, бейнебаянның әкімшілік жұмыстарын да өзім атқардым. Телехикая кастингінде директорлық еткен жандармен байланысып, сол кісілердің арқасында бейнебаянға массовка таптым. Күннің ыстығына, судың тапшылығына қарамастан шыдамдылық танытып, түсірілімге қатысқан жандарға сіздердің сайттарыңыз арқылы ерекше алғысымды жеткізгім келеді.  Алла разы болсын!      

− «Далида» әні неше уақытта жазылды?

− Далида есімді қызды ойлаумен таң атырдым. Түңгі 12-лер шамасында шабытым оянып, таңғы 7-ге дейін әнді жазып тастадым. Демек, "Далида" бір түнде жазылған ән.    

− Әнді қалай жазасың? Музаң бар ма?

− Музаны мен тек әйел затынан іздеймін. Яғни, сары күзден немесе күннен шабыт алатын композиторлардың қатарынан емеспін.

− Әдетте ән жазуға қанша уақытың кетеді?

− Шамамен бір аптадай. Әдетте менің әндерім жедел дүниеге келеді. Тек «Жаль» әнін бір жыл бойы жаздым. Жақында жарыққа шығады.

− Қалай ойлайсың, «Далида» «Перизат» әнінен асып түседі ме?

− Оған күмәнім бар. Әрине, ән де өз балаң секілді. «Далида»-ның тыңдармандарын тауып, өз биігін тапқанын, хит болғанын қалаймын. Дегенмен де, объективті көзқараспен қарайтын болсақ, «Перизат»-тан асып түседі деп ойламаймын. Ертең-ақ «Далида» танымал болып шыға келуі мүмкін. Бірақ, энергетика жағынан, әннің мазмұны мен мағынасы, үйлесімі жағынан «Перизат» әлдеқайда биікте.

—  Оның себебі бар шығар?

— Себебі «Перизат» шынайы махаббат сезімінен туған дүние. Ал «Далида»-ны сезімге беріліп жаздым дей алмаймын. Мен бар болғаны алға қойған міндетімді орындауға тырыстым. Басқаша айтқанда, «Далида» − коммерциялық туынды. Дәл осындай пікірді маған елімізге танымал продюсерлердің бірі айтқан болатын.

− Неге «Далида»? Неге Камшат немесе Әйгерім емес?

− Өйткені Әйгерім тұрмыста, ал Кәмшат жақсы қыз. Қалжың, әрине (күледі). Себебі, Далида есімді қызды кездестірдім, ұнаттым.

− Әрі қарай не болды?

− Біз бір ғана кездесумен шектелдік. Есесіне көпшілікке ұнаған ән дүниеге келді. Тағдыр бізді осы үшін де жолықтырған шығар.

− Жауапсыз махаббаттың күйін кешіп па едің?

− Жоқ, ондай ешқашан болған емес.

− «Перизат» әні Айдана Меденоваға арналғаны рас па?

Жоқ.

− Ендеше қыздарды мазалап жүрген сұрақ: жүрегің бос па?

— Иә.

− Кентал, көпшілік сені қызқұмар деп ойлайды. Бұған не дейсің?

− Иә, оныңыз рас. Бәлкім, әндеріме қарап жұрт солай ойлайтын шығар. Шын мәнінде сүйгенім болса, оның көзіне шөп салмаймын. Жалпы маған нәзік жандармен әңгіме-дүкен құрып, сыр бөліскен, қалжыңдасқан ұнайды. Бірақ, одан әріге бармаймын. Және менің «суретші», жалпы шығармашылық адамы екенімді ескеріңіз. Жаңа туынды жазу үшін шабытты қайдан аламын? Қалай қиялданамын? Жалпы, сұлулыққа тамсанбайтын жан жоқ деп ойлаймын.  

− Қазақстандағы ең биік шың "Хан тәңіріне" шығып, 18 миллион теңге ұтып алғаның рас па?  

− Рас. Ол арнайы ұйымдастырылған жарыс еді. Төрт күннің ішінде "Хан Тәңіріне" жеттік.

− Ақшаны қайда жұмсадың?

− Ата-анама бердім.

− 2016 жылға қандай жоспарларың бар?

−Жаңа әндер және кем дегенде үш бейнебаян түсіру жоспарда бар. Уақыты келгенде көрермен өз бағасын берер.

Сұхбаттасқан Ай-Керім Самалбекқызы

Кадрлар "Далида" бейнебаянынан алынған