Картинка
Психология

Кейінге қалдырылған өмір синдромы: бұл не және онымен күресу жолдары

Салмақ тастаған соң, өмірімді қолға аламын, несиені төлеп тастайын, шетелге демалуға содан кейін барамын, ақша жинап алайын, сол кезде денсаулығымды қолға аламын. Адамдар өзінің әрекетсіздігін осы сөздермен ақтап, ішкі қалауын кейінге қалдырып жатады. Психологтар мұны кейінге қалдырылған өмір синдромы деп атайды. Бұл синдромнан құтылуға бола ма және ол несімен қауіпті? Талдап көрейік. 

Бұл жерде ең қызығы, өмірі өзінің қатысуынсыз өтіп жатқан адам мұны қалыпты жағдай деп қабылдайды. Ол өзінде қандай да бір проблема бар деп ешқашан ойламайды. Себебі, ол өзіне ыңғайлы жарқын болашақтың келетініне сенімді және осы сезімнің өзі оған жеткілікті. Дәл осы жағдай – бұл синдромның ең қауіпті тұсы. Адам өзінің ішкі күйіне, іс-әрекетіне, өмірлік мақсатқа жету жолындағы табыстарына ара-тұра психологиялық анализ жасап тұрмаса, уақыттың сырғып өтіп жатқанын, ертең бәріне кеш болатынын сезбей қалады. 

Кейінге қалдырылған өмір синдромы дегеніміз – өмірді өзгерте алатын қандай да бір жағдайларды күтіп, алдамшы оймен өмір сүру, дәл қазіргі сәттегі өмірді қабылдамай, тек болашақтағы бұлыңғыр елестің жетегінде жүру. Бұл синдром адамдардың басым бөлігінде кездеседі. Оны күнделікті өзіне уәде беріп, бірақ орындамай жүрген адамдардан байқауға болады. Өзінің бүгінгі өміріне көңілі толмай, «бірдеңе істеу керек еді» деп, іске кірісуге ойша жорамал жасап қойып, «ыңғайлы» жағдай мен «ыңғайлы» уақыт күтіп жүргендер қаншама?! Ең қауіптісі, бұл жағдай мен бұл уақыт қолға ұстатпай кетуі әбден мүмкін. 

Мамандардың пікірінше, бұл синдромға шалдыққан адамдардың басты проблемасы – өзіне жауапкершілік алып, өздігінен шешім қабылдай алмауында. Олар үшін сынақтардан өтіп, өзін қамшылау, ерік-жігерін қолға алу қиын. Әрекетке көшу үшін адамға өзіне, іс-әрекетіне, оның салдарына жауапкершілік алу керек. Ал бұл синдромға шалдыққан адамдар үшін жауапкершілік алу – қиынның қиыны. Сондықтан өзіне ыңғайлы жағдай туатын күнді күтіп жүру тиімдірек. 

Бұл синдромға шалдыққан адамды неден танимыз? Мұндай адамдар өмірінің дәл қазіргі сәтінен ләззат ала алмайды. Оның ойы, үміті – тек алдағы уақытта. Жоспары, мақсаты, күнделікті іс-әрекеті – барлығы алдағы уақытқа қарай ыңғайланып жасалатынын өзі байқамайды. Ең бастысы, мұндай адамдар үнемі өзіне көңілі толмай жүреді.  Мінсіз болатын күнін күтеді. Өз жетістіктерін байқай алмайды, басқаның пікіріне тәуелді. Міне, бұл синдромның астыртын белгілері. Ал ең үлкен белгісі – үнемі бала позициясын ұстануы. Яғни, жоғарыда айтылған өз өміріне жауапкершілік ала алмау осы позициядан келіп туындайды. Мұндай жағдайда олар көбіне айналадағы адамдарды кіналауға құмар. Өз өмірінің авторы болуға батылы жетпейді.  

Өміріне өзгеріс әкелуге ұмтылу үшін, әрекетке көшіп, мақсатқа бет бұру үшін, оларға үнемі бірдеңе жетпей тұрады. Мысалы, артық салмақтан арылған кезде ғана өз сүйіктімді таба аламын немесе ақша жинап алсам ғана бизнес бастай аламын. Сол кезде бақытты боламын. Өмірлік сценарий әртүрлі болуы мүмкін, бірақ олардың барлығына тән ортақ белгі бар. Ол – өмір тек келер шақта. Қазір емес. Нақты күні де жоқ. Әйтеуір бір күні. Сол әйтеуір бір келетін күн деген алдамшы оймен өмірдің ең керемет сәттері өтіп жатқанын байқамай қалады.  

Кейінге қалдырылған өмір синдромының тағы бір маңызды белгісі – әдемі бір затын алда болатын тамаша сәт үшін сақтау немесе қиналып қалған кезде керек болады деп ақша жинау.  Бұл симптомдар бізге жоқшылық кезінде өмір сүрген ата-анамыз, ата-әжемізден берілген. Сол кездің адамдары әдемі төсеніштерін, хрусталь ыдыстарын, қымбат кілемдерін ерекше бір жағдай үшін сақтаған. Осыны көріп өскен балалары да дәл осы өмір сүру үлгісімен кетуі мүмкін. Бұл жұмыста да, жеке өмірде де тоқырауға ұшырататын өте тиімсіз өмір сүру үлгісі екенін мамандар соңғы кезде жиі айтып жүр.

Бұл синдром несімен қауіпті? Кей жағдайда бұл синдром кейінге қалдырылған өмір неврозына айналып кетуі әбден мүмкін. Мысалы, адам өзінің өмірлік жоспарларын қолға алмай ұзақ жылдар жүріп қалады. Болашақтан зор үміт күтеді. Бір күні өзінің миында қалыптасқан қамалды бұза алмайтынына көзі жетеді, өмір бойы күткен жағдайдың да тумайтынын түсінеді. Уақытты құр жоғалтып алғанынан өзегін өкініш өртері анық. Бұл оның психикасына әсер етпей қоймайды. Соңы неврозға әкелмесіне кепіл жоқ. 

Қазіргі таңда мамандар невроздық симптоммен өмір сүріп жүрген адамдардың көптігін айтып дабыл қағуда. Ғылыми тұрғыда бұл синдомды былай түсіндіреді: адам не істерін білмейді, бағыт-бағдарын жоғалтып, адасып кеткен сияқты күн кешеді. Әрекет етейін десе, қателесуден қорқады. Екі оттың ортасында қалғандай күй кешеді. Содан қорғанып жүріп осы неврозға тап болады. 

Бұл синдромның тағы бір қауіпті тұсы – энергия жеуінде. Адамды ой қажытады. Өмірін кейінге қалдырып отырған адам әрекетпен емес, ойдың жетегімен өмір сүретіндіктен, ол өзін үнемі шаршаңқы сезінеді. Байқасаңыздар, істің адамы үнемі күш-қуаты тасып, тау қопаратындай күйде жүреді. Ал үйде ой астына көміліп, жайбарақат жатқан адамда ешқандай энергия болмайды. Ол үшін үйдің жанындағы дүкенге барып келудің өзі мұңға айналады. 

Қалай күресеміз? Мүмкіндік болса, әрине, маманмен жұмыс істеу әлдеқайда дұрыс. Егер ондай мүмкіндік болмаса, өз бетінше әрекеттенуге болады. Ол үшін, ең алдымен, мақсат қойып, оған жету жолдарын жоспарлап үйрену керек. Бұл жерде ең маңыздысы – қандай да болмасын әр жетістікті байқай білу. Бұл синдромға шалдыққандар өздерін құнсыздандыруды жақсы көргендіктен, әрбір талпынысты байқауға назар аудару керек. Ол үшін күнделік жүргізу керек. Әр нәтижені қағазға түртіп отыру маңызды. 

Тағы бір маңызды мәселе – дедлайн. Қағазға түсірілген дата қол мен көз арқылы миға сигнал жіберетінін білеміз. Демек ми да іске кіріседі. Ол сол күнге дейін қолға алған шаруаны аяқтау керек екенін түсінеді. Тәртіп бар жерде жетістік бар. Соны ұмытпаған абзал. 

Келесі қадам – нәтижеге жеткен күнгі рахат әсерді сезініп көру. Визуализация жасай білу. Құр армандаумен шатастырмау. Нақты іспен жеткен жетістіктің дәмі. Бұл бөлек. 

Кейінге қалдырылған өмір синдромы бар адам әдетте өзіне сенімсіз келеді. Ол өзінің жетістікке жететініне де сенімсіз. Өзінің бойындағы артықшылықтарды байқамайды. Сондықтан оған өзін танып білуге, өзін әр қырынан зерттеуге мән беру керек. Өзіне алғыс айтып, өзін құрметтеп үйрену керек. Өзін жақсы таныған адамға әрекеттену де жеңіл.
                                
Эльмира Жүнісова