Картинка
Их жизнь

Актриса Гүлназ Жоланова: "Бухгалтер болуым керек еді"

Гүлназ, соңғы үлкен жобаң «Құстар әні» болды. Қазір немен айналысып жүрсің?

«Құстар әнінен» кейін «Әйел сыры» және «Жаңа күн» жобаларында жүргізуші болып жұмыс істедім. Бірақ қазір «Әйел сырынан» кетіп қалдым.

Ал Жаңа жылды қалай қарсы алдың?

Онша жақсы емес.

Неге байланысты?

Жаңа жылдың алдында жұмыс көбейіп кетті, онымен қатар денсаулығым сыр беріп, өзімді онша жақсы сезінген жоқпын. 2016 жыл солай басталды. Бірақ басы ащы болса, аяғы тәтті болатын шығар (күледі).

Шығармашылық жағын айттық. Ал жеке өміріңде не жаңалық?

Ол туралы айтқым келмейді. Жалпы, бұндай ақпаратты тарата бергенді ұнатпаймын.

Бұл, әрине, түсінікті. Бірақ, оқырмандар сонын себебінен танымал адамдардың өмірінде бәрі жақсы, еш проблема жоқ деп біледі. Сөйтіп, жұлдыздарға еліктегісі келеді. Ал оның өмірінде де уайым-қайғының бар екенін бірі білсе, көп адамдар оны тіпті ойламайды да. Саған да бір нәрсенің ұнамауы мүмкін ғой. Мүмкін, саған қыс ұнамайтын шығар...

Қыс демекші! Менің көңіл-күйім ауа-райына тәуелді болса керек. Дадала күн шығып тұрса, көңілім де ашық болады. Ал егер ауа-райы бұзылып тұрса, далаға шықпақ түгіл, ешкімді көргім келмейді! Сол себептен көктем тезірек басталса екен деймін (күледі).

Көктемді елдің барлығы күтіп жүрген сияқты. Сонымен, жеке өмірге ораламыз ба?

Ия, бұл да бір жағынан дұрыс. Менің де өмірімде кез-келген қыздың басынан өтетін ғашық болу, жігітпен кездесу, айырылысу секілді нәрселер болды. Жақсы болсын, жаман болсын, әйтеуір өз ізін қалдырып кеткен адамдар да болды. Бірақ, қазір басым да, жүрегімде бос. Жаңалық сондай (күледі).

Гүлназ, жақында кезекті «Қазақ аруы» сайысы өтеді. Шыны керек, сенен басқа ешбір қазақ аруы елдің есімінде қалмаған сияқты. Неге?

Оны білмеппін. Былтыр бас жүлдені Кәмшат есімді қыз алған. Оның  да мен сияқты телебағдарламаларды жүргізіп, түрлі түсірілімдерге қатысқанын білемін. Жалпы, бәрімізге бірдей мүмкіндіктер беріледі.

«Қазақ аруына» дейін өмірің қандай болды?

Бұл классикалық «Золушка» ертегісі (күледі). 17 жасымда мен Алматыға оқуға түсуге келдім. Келгенде, жалпы салмағы 70 кг асатын 3 чемодан арқалап келдім! Соның жартысы ет, сенесің бе (күледі)! Қазір ойласам, азық-түлік жоқ қалаға бара жатқандай жиналған екем.

Алматыда құрбымның  пәтерінде тұрдым. Одан кейін үш айдай университет жатаханасында тұрдым. Бірақ, ол жерде ешбір адаммен достаса алмадым. Неге екенін білмеймін. Кешкісін бөлме сыртында қыздар мен ұлдар түрлі ойындар, қызықты шаралар ұйымдастырса, мен кітаптарыма үңіліп, интернеттен мақалалар оқып, бөлмеден шықпайтынмын. Үш айдан кейін құрбымның үйіне қайта көштім. Екінші курстан бастап жұмысқа тұрдым. Өмір бойы бимен айналысқандықтан, Алматының бір мектебінде бастауыш сынып оқушыларына арналған би сабақтарын жүргіздім. Балалар кішкентай болған соң, оң мен солды онша жақсы ажырата білмейтін. Сол үшін «терезеге», «есікке» деп үйретуге тура келді (күледі). Бір күні инстаграмнан «Қазақ аруына» кастинг жүріп жатқанын көрдім да, оған мән берген жоқпын. Бірақ туысқандарым, достарым телефон шалып, қатысып көруімді сұрады. Ол кезде шашым қазіргіден әлдеқайда ұзын болған. Барлық параметрлер бойынша келісіп тұрсам да, «өте аламын ба?» деген күмән болды. Ал кастингке келсем, шашы қысқа, бойы аласа, қазақша білмейтін түрлі қыздар толып жүр екен. Сайыстың шартына сай келмесе де, бой бермей өздерін көрсетуге тырысады. Олардың қасында менің мүмкіншілігім көп болған екен (күледі). Сонымен, мен бірінші айналымды өтіп, Ақтау қаласының атынан шығатын болдым. Бір айдан астам уақыт дайындалдық. Финал жақындағанда мен белгілі бір жүлделі орын алатынымды сездім. Бірақ, бас жүлдені ұтып аламын деп ойламадым.

Бас жүлдені алып, Қазақ аруы атанғанна кейін өмір күрт өзгерді ме?

Өмірдің өзі қатты өзгерген жоқ, бірақ түрлі мүмкіншіліктер пайда болды. Бастысы, сол мүмкіншіліктерді жіберіп алмау керек еді. Әр нәрсе өз кезегімен дейді ғой. Сол сияқты, болатын нәрсеге өмір өзі жетелеп алып келеді. Менің де Алматыға келіп, керек адамдардың ортасына түскенімде Алланың бұйрығы болған шығар.

Яғни, сен кішкентай жастан бастап сұлулық сайысқа түсуді қалаған жоқсың?

Ия, ондай ой болған емес. Бірақ, мен бір нәрсені қаласам, ол шамамен жарты жылдан кейін орындалатын сияқты. «Құстар әні» киносы дәл сондай армандаудың нәтижесі болды. Мен әрқашан тарихи киноға түскім келді.

Ал қазір нені армандап жүрсің?

Шетелге барып оқуды армандаймын.

Қандай оқу?

Білмемін. Бірақ, оның кино және телевидение саласымен байланысты болғанын қалаймын. Маған бұл сала ұнайды. Кейде, бағдарлама барысында студияға өте ақылды, дарынды, ерекше адамдар келіп жатады. Солармен сұхбаттасудың өзі бір рахат! Ал киноның орны бөлек, әрине.

Бойыңда актерліқ дарын әрқашан болды ма?

Менде актерлік дарын бар деп ойлайсың ба?

Кинода керек жерде жылап жіберудің өзі дарын болмағанда не?

Жылап жіберу дейсің бе? (күледі) Білмеймін. Жалпы, баланың бойында өнерге деген құштарлық бар болса, ол бірден білінеді және оны дамытуға болады деп ойлаймын. Мысалы, мен бала кезімнен биге қатысып, көп уақытымды түрлі би сайыстарында, концерттерде өткізгенмін. Бірақ, сабағымды да жақсы оқуға тырысатынмын. Оқыған мектептерім де жай мектеп емес еді: біріншісі физмат мектебі, одан кейін лицей. Ол мектепте оқыған балалар болашақта экономист немесе юрист болып шығатын. Біздің мектепті бітірген балалар көп жағдайда KIMEP-ке түседі. Сондықтан, менің бимен айналысқанымды көп адам түсінбейтін. Мен де бухгалтер болуым керек еді (күледі).

Бірақ сен Қазақ Ұлттық Университетіне түстің. Неліктен KIMEP-ты таңдамадың?

Таңдадым. Ол жерде үш турды сәтті өтіп, соңғысынан өтпей қалдым. ҰБТ-дан 122 балл алғаннан кейін Қазақ Ұлттық Университетінің туризм менеджмент мамандығын таңдап, грантқа түстім. Өмір бойы армандаған мамандығым деп айта алмаймын. Шынымды айтсам, бимен айналысып жүріп, мамандық таңдауға уақытым да болмапты. Білесің ғой, біздің елімізде өнер жолын таңдаған адамдарға өздерін асыру қиын деген ұғым қалыптасып кеткен. Сол себептен, барлық туысқандарым маған cағат 9-да барып, 6-да үйге қайтатын жұмысты ойластыр деп ақыл берген. Бәріміз де содан өткен шығармыз. Қазір мамандығымды журналистикаға ауыстырып, магистратурада оқып жатырмын.

Гүлназ, ең үлкен армандарың қандай?

Әрине, әйел заты болғандықтан, бірінші кезекте отбасын құруды армандаймын. Бірақ, өзім жақсы көретін адамды кездестірмейінше, тұрмысқа шықпайтыным сөзсіз. «Жасым келіп қалды ғой» деп, көрінген біреуге шыға сала алмайтын адаммын. Одан басқа, кино түсіруді армандаймын.

Біздің елде кино түсіру оңай дейді. Солай ма?

Ақшаң бар болса, оңай, ия.

Ақшаға деген көзқарасың қандай?

Ақшаға тәуелді болмау керек. Әрине, бұлай айта салған оңай. Бірақ, дегенмен «ақша жоқ» деп қысыла бергеннен түк шықпайды. Мен ақшаны оңай жұмсаймын, әсіресе біреулерге сыйлық алатын кезде. Сыйлық жасағанды ұнатамын.

Кино түсірсең, ол қандай жанрда болатын еді?

Мелодрама болмайтыны сөзсіз (күледі).

Ол киноның сюжетін де ойластырып қойған шығарсың?

Ия. Сюжетін де ойластырдым. Бірақ, кино түсіру үшін адам көп дайындалып, пісіп, белгілі бір дәрежеге жету керек. Шамамен он жылдан кейін мен де дайын болатын шығармын. Мен кино түсірсем, болашақта ол классика болып қалатындай кино болғанын қалаймын. Менің ойымша, киноның тәрбиелі мәні болу керек. Бірақ, ондай киноларды адамдардың көпшілігі көре бермейтін сияқты. Барлығы оңай, таяз мағыналы киноларды ұнататыны көрінеді. Қоғам ұсақталып бара жатыр ма, білмеймін.  Мысалы, интернетте өте мықты, ақылды адамдар жазған мақалалар бар. Бірақ оларды оқитындар, тарататындар, коментари жазатындар аз. Инстаграмда да сол. Ақылды нәрселерді жазып, парақшаларына жүктейтін адамдардың оқырмандары аз. Ешкімді ренжіткім келмейді, бұл менің жеке ойым. Туғанда барлық адамдарға бірдей мүмкіндік береледі. Бірақ, біреулері сол мүмкіндікті пайдалана біледі, ал басқалары пайдаланбайды. Сондықтан, кино түсіретін адамның алдында өзі қалаған кино түсіру немесе халықтың қалаған киносын түсіру керек деген дилемма тұрады.

Ал сенің сүйікті киноларың қандай?

Вуди Алленның киноларын ұнатамын. Оның киноларының арқасында адамның  жан-дүниесін ақтарып, барлық өзгерістерінің куәсі боласың. Сол процессті екі сағат бойы бақылап, күнәсіз адамдардың қалайша күнәлі болатынына көзің жетеді. «Бәріміз де пендеміз ғой» деген сөзді сол кезде түсінесің. Адам өзін-өзі ұстамаса, қызықтыратын дүниелерге тез беріліп кетеді.

Сен өзіңді сондай адаммын деп айта аласың ба?

Біз енді, қазақпыз ғой. Бір нәрсені істер алдында «қой, ұят болатын шығар» дейміз. Көп нәрсе тәрбиеге байланысты.

Онда, өзіңнің тәрбиең жайлы айтып берсең.

Мені анам тәрбиеледі. Әкесіз өссем де, анам маған оның жоқтығын білдіртпеуге тырысты. Өз махаббатын маған жеткілікіт дәрежеде берді деп айта аламын. Сол себептен мен сүйгіш адам болып өстім: өзім біреуді сүйгенді ұнатамын, мені де біреудің сүйгенін ұнатамын (күледі). Анам мені әрқашан қолдайтын. «Барға қанағат бол» деген сөзді жиі айтатын. Сол сөздері әлі есімде. Анам маған қалаған нәрсенің бәрін беріп отырса да, қатты еркелетіп жіберген жоқ. Керек кезде тяқты да жейтінмін.

Не үшін жиі таяқ жейтінсің?

Көп жағдайда үй шаруысына байланысты. Мысалы, тоңазытқыштан уақытылы ет шығарып қоймағаным үшін (күледі). Ол кезде баласың ғой, ондай нәрселерді ұмытып кетесің.

Әкенің жоқтығы қатты білінеді ме?

Әрине. Бірақ, көп жағдайда ол ұл балаларға қатты әсер етеді деп ойлаймын. Ұл балалардың әке тәрбиесінде өскені дұрыс сияқты. Ал қыздарға әкенің жоқтығы әйел мен еркектің қарым-қатынасын құруда кедергі болуы мүмін. Баланың көз алдында отбасылық модель болғаны жақсы. Әрине, бұл еркектің өзіне де байланысты. Ер адам жауапкершіліктен қорықпайтын, шешім қабылдай алатын, әрі сөзіне берік адам болу керек. Бір сөзбен айтқанда, еркек еркек болу керек. Қазір ондай еркектер азайып кеткен сияқты. Мысалы, мен бала кезден бастап өзім шешім қабылдап  үйренген адаммын. Менің орныма анам, достарым, туыстарым шешім қабылдаған емес. Сондықтан, қасымда сондай ер азаматтың болғанын қалайым. Ал егер қасындағы «ақыл беретін» адамдарға жалтақтай берсе, ондай жігіттің абыройы қанша? Одан басқа, ер адам мен әйел адамда белгілі бір үйлесімділік болғаны дұрыс. Оны көзбен көру мүмкін емес, жүрекпен ғана сезуге болады.

Соңғы кезде сноубордпен айналысып жүрсің. Қыз балаға бұл спорттың түрі қиын емес пе?

Негізі, осыдан бір-екі ай бұрын алғаш рет шаңғы теуіп көрдім. Аяқ-қолды жинап, дене балансын қадағалау қиын екен (күледі). Сөйтіп, шаңғыны тастап, сноубордқа тұрып көрдім. Оны бірден үйреніп кеттім. Шаңғыға қарағанда сноубордтан құлаған әлдеқайда ыңғайлы!

Енді елдің бәрін қызықтыратын сұрақ: Қазақстанда актрисалар қанша ақша табады?

Қиын сұрақ. Бұл жобаға байланысты. Бес жүз мыңнан екі миллион теңгеге дейін деп ойлаймын. Бірақ, ол тұрақты табыс емес қой. Бүгін жоба бар, ертең жоқ. Бір жерден алған ақшаны қанша уақытқа созу керектігін білмейсің. Ай сайын беріліп тұратын тұрақты жалақы жоқ. Одан басқа, актрисаның өзіне де байланысты. Сенің мінезің жаман болса, сенімен ешкім жұмыс істегісі келмейді. Әрине, сен өте дарынды актриса болмасаң.

Ал қазіргі жас актерлерден дарынды деп кімді айта аласың?

Менің актерлерді бұлай бөлгенім дұрыс болмайтын шығар. Сондықтан, өзім бірге жұмыс істеген актерлердің ішінен Санжар Мәдиевті, Дастен Шакіровті дарынды деп айта аламын. Бірге істемесек те, Берік Айтжановты атамай өте алмаймын. Ақберген Жұмабаев өте мықты актер. Дастан Оразбековтың ойнағаны ұнайды. Қыздардан Іңкәр Әбдіраш, Аружан Жазылбекова, Жанар Дұғалова.

«Махаббатым жүрегімде» телехикаясының үшінші бөлімі болады ма?

Ол белгісіз. Болмауы да мүмкін деп ойлаймын.

Гүлназ, сен президент болсаң, қандай заң қабылдаушы едің?

Қытайда сыбайлыс жемқорлық үшін адам өлім жазасына кесіледі ғой? Сондай заңды Қазақстанда енгізуші едім. Рас айтам. Мүмкін сол кезде жағдай түзеліп, әделеттік орналушы ма еді? Мен әділетсіздікке мүлде шыдай алмайтын адаммын. Мысалы, неге ақшасы бар адамдардың балалары жоғарғы оқу орнына түсіп,  ақшасы жоқтар түсе алмайды? Неге қалталы жандар заңсыз әрекеттері үшін жазаланудан құтыла алады? Сондай нәрселерге жол бермеу үшін, сыбайлас жемқорлықты жою керек деп ойлаймын.

Гүлназ, соңғы сұрақ: Баян Мақсатқызымен жұмыс істеген қиын ба?

Мен үшін қиын емес. Ия, көп адамдар одан қорқуы мүмкін. Бар болғаны, Баян Мақсатқызы өз қарамағындағы адамдардан өз ісін жақсы білуді талап етеді. Өз жұмысын жақсы жасайтын, барлық тапсырмаларды нақты, әрі уақытылы орындайтын адамға ешкім себепсіз тиісе бермейді. Бұдан артық нәрсені ол кісі талап етпейді. Тек оның жұмысын бағалап, адал еңбек етіп, ерінбесең болды. Шын мәнінде, Баян Мақсатқызы адал, мейірімді, сезімтал жан.

Айтпақшы, қазір барлық бағаны теңгемен көрсету туралы шешім қабылданды. Ақшаңды теңгемен ұстайсың ба? Жоқ әлде, долларға айналдырасың ба?

Долларға айналдырамын. Оның дұрыс не дұрыс емес екенін уақыт көрсетер (күледі).