Картинка
Их жизнь

Директорлар сөйлесін: "Әншілермен жұмыс жасау оңай емес. Себебі, олар - ерке"

Қарлығаш Бура

Ерболат Құдайбергеновтің администраторы

Ерболатпен таныстығымызға он жылдай уақыт өтті. Ал, бірге жұмыс жасау туралы ұсыныс екі тараптан да болды. Шоу бизнестің қыр-сырын, жұмыстарынан хабардармын. Себебі, мен Өнер академиясында білім алдым. Сол салада қызмет еттім. Бірге жұмыс бастаған кезде Ерболат мені жеке әнші ретінде шығаруды жоспарлады. Уақыт өте келе бірге ән жазып, дуэт болып өнер көрсетуді ұсынды. Қазір бейнебаян түсіруге дайындық үстіндеміз.

Әрине, танымал тұлғаның директоры немесе ұйымдастырушысы болу оңай емес. Себебі, әртүрлі орталықтармен кездесу, келісім-шарттарды реттеу, әншінің уақытын жоспарлау секілді барлық жауапкершілік директор мен ұйымдастырушының міндеті. Көпшілік адамдар ел көремін, жер көремін деп қызығады. Алайда, сырт көзге оңай көріндей рахат жұмыс емес. Күн-түн демей телефонға хабарласып, әртүрлі тақырыптағы әңгімелерді айтатын адамдар тағы бар.

Кейде клиенттер риза, ал кейде өкпесі қара қазан болады. Мұның бәрін реттеу керек. Одан бөлек БАҚ өкілдері де түймедей дүниені түйедей еткен кезде тығырақтан шығу жолын табуымыз қажет.

Жеке өмірге мүлдем уақытым жоқ. Басты мақсатым – қазақ өнерінен өз орнымды табу. Ерболаттың мен тек ұйымдастырушы, көмекшісі емеспін. Үлкен жаңа жобасы болғандықтан қазір тек шығармашылыққа көңіл бөлудеміз. Менің жеке шығармашылығымның 95% Ерболатқа тікелей байланысты. Сол кісімен ақылдасып жасаймыз. Ал, ұйымдастырушы ретінде атқарған қызметіме арнайы жалақым бар. Еңбек бағалануы керек. Бұл тұрғыдан Ерболат өте әділ әрі адал. Өзімнің пайыздық есебімді аламын.

Ләззат Баубек

Кәмшат Жолдыбаеваның директоры

Кәмшат екеуміздің бірге жұмыс істеуімізге достығымыз себепші болды деп айта аламын. Себебі, 2007 жылдан бері таныс, дос, сырлас ретінде араласып келеміз. Оған дейін мен Айгүл Иманбаевамен жұмыс жасап, тәжірбие жинадым. Үлкен мектептен өттім. Кейін Кәмшатқа сенімді директор қажет болды. Алыстан іздемей, бірге жұмыс жасауға кірістік. Ұсыныс ортақ болды. Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы болады.

Мен жүрген жолдың да өзіндік қиындықтары бар. Алайда, маған ұнайды. Әсіресе, жақын құрбымның әр жетістігі мен жеңісіне себепші болып, үлес қосу нағыз бақыт. Бәлкім, қиындығына шыдамай жарты жолдан бұрылып кеткен жандар бар шығар. Өзім ол қатарға жатпаймын. Жеке өмір мен жұмысты араластырмаймын. Әрине, жеке өмірімізді ойлаймыз. Басты мұратымыз бен өмірдегі парызымызды білеміз. Бәрі – уақыттың еншісінде.

Жұмыс барысында ол өте талапшыл. Әр нәрсенің өз уақытында дайын болғанын қалайды. Жаауапкершілігі зор. Алайда, арамызда ешқандай келіспей қалу немесе конфликт болған емес. Себебі, 11 жылдың ішінле екеуміз бір-бірімізді толықтай танып үлгердік. Кәмшат екеуміздің арамыздағы ақша үшін алауыздық туған емес. Еңбегіме сай ақымды алып жүрмін. Бәріне шүкірлік етемін. Мен үшін бәрі де жеткілікті.

Ринат Тәттібай

Серікбол Сайлаубектің директоры

Шамасы, маған біреу үшін жауапты болған, өзгелерге көмектескен, жақындарым үшін уайымдаған ұнайтын шығар. Әйтпесе, мұндай мінезім болмаса, бүгінгі жұмысымды жасамайтын едім. Директор немесе администратор болу оңай емес. Үлкен күш-жігер мен жігерді талап етеді. Бұл салаға келуіме «Денар» деген топтың жетекшісі Ернар Жұматаев себепші болды. Әртүрлі тележобалардағы пысықтығымды көріп, өздерінің командасына шақырды. Еш ойланбастан келістім. Кейін Өмірқұл Айниязовпен жұмыс бастадым.

Уақыт өте келе Жадо, Зивара, Серікбол, Шаба секілді өнер иелерімен де жұдырық біріктіріп, жұмыс жасап көрдім.

Аллаға шүкір, Өмірқұл, Жадо және Серікболмен бес жылдан астам уақыт жұмыс жасап келеміз. Жуырда татуаж чемпионы, қаақ ұлтын жарты әлемге танытқан, әлемдік «Permanent Make up» журналының мұқабасына шыққан Анар Жұмашева мен контрабас аспабының құлағында ойнайтын Оралхан Алтынбеков деген азамат қосылды. Әрқайсының өз ерекшелігі бар. Ең бастысы, ешқайсысы да ұсақ-түйекке мән беріп, тиын санап қалған жандар емес. Болашаққа үлкен сеніммен қарайтын кең адамдар. Әрине, конфликт болады. Онсыз мүмкін емес. Кез-келген мәселені талқылап, шешімін табуға тырысамыз. Егер туындаған мәселені талқыламай, сол жерде қалдырып кететін болсақ бүгінгі сыйластық пен командалық жетістікке қол жеткізе алмас едік.

Тек әншілер мен, жалпы тірі адаммен жұмыс жасау қиын ғой. Ал, шығармашылық адамдар қарапайым жандардан екі есе ерке әрі кішкентай бала секілді болады. Кейде өзімді тәрбиеші сезініп кетемін. Жиі «шабыттандыру» сабақтарын өткізіп, әр басатын қадамды санап, аңдып жүруге бағыт сілтеп, жоспар құрамыз. Бес адамның төлейтін айлықтары бес түрлі. Еңбегімді әркім әрқалай бағалайды. Ешкімге өкпе-реніш жоқ. Бұйырған несібеме шүкірлік етемін.

Заир Бегалы

Абай Бегейдің директоры

Маған ұсыныс Абекеңнің өзінен түсті. Осыдан 4-5 жыл бұрын ұйымдастырушы болуға өтініш жасады. Мен бас тарттым. Себебі, мен де әншімін ғой. Басқа әншінің ұйымдастырушы, директоры болу мен үшін ақылға қонымсыз әрі ұят болды. Кейін Әбекең бәрін түсіндіріп, жеке өнеріммен бірге дамытуға болатынын айтты.

Ұсыныс жасамай тұрып, Абекең мені танитын адамдардан мұқият сұрап, біліпті. Адалдығыма, пысықтығыма көзі жеткен соң шақырған екен. Бір апта ойланып, кейін келістім. Әрине, жұмыстың оңайы жоқ қой. Бірақ, мен бұл салада біраз еңбектеніп, оңды-солымды танып үлгердім. Сондықтан, қазір қиналып, маңдайымды тау мен тасқа соғып жүрмін деп айта алмаймын.

Әрине, бұл салада қызмет ету 100% ұнайды деп айта алмаймын. Өйткені, өзімнің жеке шығармашылығымды қолға алып, бағымды жанып, «жұлдыз» болғым келеді. Кейде мен туралы «Абай Бегейге қарап әнші болып кетіпті» немесе «Абайдың танымалдығын пайдаланып, жұлдыз болмақшы» деп ойлайтындар да бар екен. Бірақ, мен ол кісіге дейін әнші ретінде жұмысты бастап, азды-кемді танылған едім. Болашақта да үлкен жаңалықтармен сахнадан көрінуді мақсат етудемін.

Егер Әбекеңнің танымалдылығын пайдаланатын болсам, бұған дейін «жұлдыз» атанып кетер едім. Бірақ, мен жеке шығармашылығыма тек арамыздағы келісім-шарт өз мәресіне жеткен соң ғана кірістім. Шақырған жерге барамын, шақырмаған жерге жалынып сұранған емеспін.