Картинка
Их жизнь

Қазақстандық топ атауларының сыры қандай?

Сәкен Майғазиев

«МузАрт» тобы

Бұл есімді табу оңай болмады. Тарихы да қызық. Топ 2001 жылы құрылды. Ең әуелі Мейрамбек пен Мақсатқа Жанатбек пен Сәбит хабарласып, жастар болып өздерінің театрын ашу туралы ұсыныс жасайды. Ол кезде қазақ сахнасында дуэттер болатын. Сондықтан, трионы мақсат етеді. Үшінші адамды ұзақ іздеп, кейін Мақсаттың ұсынысымен мені шақырады. Осылай топ құрылды. Кезек есімге келді. Талай нұсқалар болды: «Жігер», «Жігіттер», «Тұмар» т.б. Алайда, бұлардың ешбірі бізге ұнамады. Кейін Сағи досымыз «УзАрт» деген есімді ұсынды. Бұрын – соңды болмаған ерекше есім. Ал, мағынасы тіпті, тереңде. Түрік тілінен аударғанда «Уз» - сал, сері, ал «Арт» - биік, шың, тау деген мағынаны білдіреді. Бірақ, Мейрамбек «музыка» деген сөзге ұқсас болсын деп «м» әріпін қосуды ұсынды. Сол кезде «м» деген әріпті Мейрамбек, Мақсат, Майғазиев деп өзіміздің аты-жөнімізге тікелей қатысы бар деп әзілдейтін едік. Мақсатымыз: өнердің шыңына шығатын сал-сері болу. Сол бағытта күні бүгінге дейін жұмыс жасап келеміз.

Балжан Бидаш

«КешYou» тобы

Топ атауы расында ерекше. Ең әуелі бұл топ 2004 жылы Алуа Қонарованың продюсерлігінде болған кезде SAF деп аталған болатын. Ал, кейін Баян Мақсатқызы өз қол астына алған соң атауын өзгерткен. Кешью - өте қымбат әрі сирек кездесетін үнді жаңғағы. Продюсеріміз КешYou қымбат әрі ерекше топ болуды мақсат етіп, осындай ерекше есім берсе керек. Топ атауының тарихы қызық. Баян Мақсатқызы мен Бағым Мақсатқызы жаңғақпен шай ішіп отырған. Сол кезде Баян ханым «жаңғақ» басқа тілдерде қалай аталады деп қызықты сұрақ қойып, содан ізденіс кезінде «кешью» деген үнді жаңғамен танысады. Осылайша аталмыш есім таңдалған.

Ердос Қанаев

«Жігіттер» тобы

Бұл есімді әдейі таңдап алмадық. Біз студент кезімізде төрт жігіт болып, Ш.Қалдаяқов атындағы байқауға бардық. Қатты уайымдағанымыз соншалық, топқа есім таңдауды ұмытып кетіппіз. Ұйымдастырушылар «кім деп хабарлаймыз?» деген кезде төртеуміздің ойымыз сан-саққа кетті. Әртүрлі есімдер ұсындық. Сол кезде: «Жігіттер, топтың аты қандай?» деп қайта сұрады. Бірден «Жігіттер» дедік. Кейін өзгертерміз деп ойлап едік. Бірақ, жүре-бара ұнап қалды. Төртеуміз де жігітпіз ғой. Нағыз жігіттерге лайықты атау болып көрінді.

Асқар Ахмет

«Renzo» тобы

Топқа есім таңдау оңай болмады. Мамамыз өз парақшасында жаңа топқа есім іздейтіндігі туралы хабарлап, байқау жариялады. Сол байқаудың нәтижесінде жапон тіліндегі «Renzo» сөзін таңдады. Мағынасы – «үшінші» дегенді білдіреді. Біз мамамыздың осы бағыттағы үшінші жобасымыз, үшінші балаларымыз.

Аян Бірбаев

«RinGo» тобы

Бұл есімді бізге мамамыздың мамасы қойып берді. Алғашқыда көп нұсқалар болды. Бірақ, Ринго сөзі нағыз лайықты есім деп шештік. RinGo жапон тілінен аударғанда «алма» деген сөз. Төртеумізде Алматылық жігіттер болғандықтан, бірден ұнаттық. Себебі, Алматының басты символы – апорт алмасы ғой.