Картинка
Их жизнь

Қазақ тіліндегі жұлдыздар жазған кітаптар

Құралай Ошақбаева «Құралай ханымның жазбалары 2»

#Құралайханым деген хэштег қазір инстаграм әлемінде хит. Ауылдық жерде тиыннан теңге құрап, өз-өзімен жұмыс жасап биікке жеткен ханым бір емес, екі кітап шығарып үлгерді. «Әйелмін мен! Тербетемін әлемді!» деп аталатын алғашқы кітабынан кейін араны суытпастан «Құралай ханым жазбалары 2» деген туындысын ұсынды. Қос кітаптың да мақсаты бір. Автор жылдар бойы өзін-өзі тану, позитивті психологияны қолдану арқылы өз өмірін өзгертуіне көмектескен, өзі қолданып, нәтиже алған тәсілдерімен және өзге де әйелдерге қажетті ақыл-кеңестерімен бөліседі. Әдемі өмір сүру үшін өзіңді соған сендіре білу керексің. Және амал ету қажет. Бай болу үшін ақша шақыру әдістері мен жолдарын білу қажет. Отбасын сақтау үшін кешірім мен сенім болу керек. Міне, осы және өзгеде кеңестерді Құралай Ошақбаеваның қос кітабынан біле аласыздар.

#Құралайханым деген кім? Бұл алғаш рет қазақ тілінде психологиялық семинар өткізіп бастаған тренер, коуч, психолог. Ең бастысы, алты баланың анасы. Армандаудан шаршамаған,болашаққа сенген, ешқашан үміт үзбеген мықты қазақ әйелі. Бүгінгі таңда отандық арналардың бірінде әйелдерге арналған телевизиялық жобаның бағдарлама жүргізушісі болып қызмет атқаруда.

Баян Мақсатқызы «Өзім жайлы ғана емес»

Шырқы бұзылып, шаңырағы құлаған продюсердің отбасындағы мәселе көпке қызық еді. Сондықтан да, аталмыш биографиялық кітапқа асығушылар, жарнама жасаушылар да көп болды. «Өзім жайлы ғана емес» еңбегінде Баян өзінің өмірбаяны мен отбасы туралы баяндайды. Ашық түрде айтпаса да, әйелдерді еркіндік пен теңдікке шақырады. Көп әйелдердің отбасын сақтау мақсатында ұрып-соғу, күш көрсетуге шыдауы ақымақтық екенін баса айтады.

Баянның өмір тарихы мен шығармашылығын баяндамаса да болады. Себебі, оны еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін жақсы біледі. Бірі сөгеді, бірі қолдайды. Ал, продюсер ханым «менен біреу үлгі алсын демеймін. Тек өзімнің өмірбаяным туралы кітап жаздым» деп сұхбат беруден шаршамайды. Қос қыздың анасы Есентаев мырзамен ажырасқан соң, Тұрсын Алагузовке заңды түрде тұрмысқа шықты.

Ләйлә Сұлтанқызы «Әйел»

Иә, бұл кітап бұрынғыдан өзгерек. Себебі, автор бұл жерде ақыл да айтпайды, кеңес те бермейді. Әйелдердің санқилы тағдыры туралы жазылған хаттарын жариялап,психолог, гинеколог тағы өзге де мамандардың кеңесіне сүйенеді. Зорлық - зомбылық,  алданып қалу, алып қашу, ұрып-соғу, жетімдік пен жесірлік. Қоғамда сіз білмейтін тағдырлар мен оқиғалар, олардан шығатын жол мен бағыт дәл осы кітапта жазылған.

Бұған дейін Ләйлә ханым талай әйелдерге арналған бағдарлама жүргізіп, көмекке мұқтаж нәзік жандыларға моральді және материалды көмек беруге тырысты. Ал, бұл кітап әйел құқығын қорғау мақсатындағы қолға алған істерінің тек бастамасы екен. Болашақта аталмыш бағыттағы кітаптарды ағылшын тілінде де шығарып, әлемдік деңгейге шығуды армандайды.

Қуаныш Шонбай «Екінші болма»

«Rumi Group» мейрамханалар желісінің негізін қалаушы Қуаныш Шонбайдың бұл кітабында көп нәрселер қамтылған. Біріншіден, толықтай қазақы менталитетке негізделіп жазылған. Одан бөлек, автор өзінің аталмыш мейрамханалар желісін құрмастан бұрынғы 8 жылғы уақыты мен дайындығы туралы көп ақпараттар айтады. Адам болып туған өмірде адам болып қалыптасу үшін қандай кемшіліктермен күресу қажет екенін де нақты осы кітаптан оқып білуге болады. Одан бөлек әр тарау соңында Қуаныш мырза өзіне өмірлік сабақ әрі бағыт болған фильмдер мен кітаптар тізімін ұсынады.