Картинка
Их жизнь

"Қалаулымдық" Әлібек: Тойды кейінге шегеруге мәжбүрмін

Сіздердің таныстықтарыңыз жобадан тыс басталғанын көрермен жақсы біледі. Енді нақтылап кетейікші: қашан? Қайда? Қалай?

Әлібек: Біз 2015 жылдан бері бір-бірімізді сырттай танимыз. Әлеуметтік желі арқылы сөйлескен болатынбыз. Алайда, әңгімеміз ұзаққа созылмады.

Камила: Ал, 2017 жылы инстаграмда «қызықтылар» деген бөлімге жиі шыға бастады. Түрі таныс болғандықтан, парақшасына кіріп қарадым. Есіме екі жыл бұрынғы сөйлескеніміз түсіп, бірінші болып өзім жазып бастадым. Әңгімеміз жарасып кетті. Ол маған жоба бару керектігін түсіндірді. Мен ешқандай да әнші, актриса емеспін. Сондықтан, алғашқыда бұл қадамнан бас тарттым. Кейін сезімізге сенімді болған кезде ата-анамнан рұқсат алып, бірге келдім.

Әлібектің парақшасынан ақ орамал таққан Камиланы байқап қалдық. Сүйінші сұрап, қуануға бола ма? Әлде кезекті пиар ма?

Әлібек: Ол Дәулет деген бауырымыздың бейнебаянынан үзінді еді. Осыдан бір ай бұрын түскен едік. Біз әуелі шағын видео-нұсқасын салғымыз келген. Оқырманды таңқалдырып, көпшілікті алдап, қызық жасау ойымызда болды. Алайда, ондай әзілді барлық адам түсінбей қалады. Сондықтан, өзімізге тоқтау қойдық.

Камила: Бұл суретті түсірілім алаңындағы достарымыз түсіріп алыпты. Кейін Әлібек көріп, парақшасына салды.

Әлібек: Суретті жүктеген соң «алып қаштыңыз ба?», «беташар қашан болды?» деген сияқты сұрақтар толып кетті. Әзірге біз үйленбедік. Бұл тек бейнебаянның бір кадры болатын. Болашақта ол туынды жарыққа шығып, көрермен өз бағасын береді деп сенеміз.

Жоба барысында ұсыныс жасалды. Тойға дайындық басталды ма?

Әлібек: Негізі тойды шілде-тамыз айларына жоспарлаған едік. Бірақ, кейінге шегеруге тура келді. Өйткені, ағам үйленетін болды. Негізі біз үйде екі баламыз. Менің алдымда әпкем бар. Сол кісінің қыркүйек айында ұзату тойы болады. Сондықтан, тойды кейінге шегеруге мәжбүрміз. Күні белгілі болғанда міндетті түрде сүйінші сұраймыз.

Жалғыз ұл болғандықтан үйленген соң қара шаңырақта тұрасыз ба?

Иә, ата-анаммен бірге тұрамыз.

Камила, сіз қаншалықты мұндай қадамға дайынсыз?

Әрине, дайынмын. Бұл тақырыпты біз әу бастан талқыладық. Бұған дейін бірнеше жыл мен өзім пәтер жалдап, құрбыларыммен бірге тұрдым. Еркін жүрдім. Бастапқыда үйрену сәл қиындау болатын шығар. Алайда, ешқандай қорқыныш жоқ. Мен жас қыз емеспін. Тез тіл табысып, барған жерімді бақытты етемін деп сенемін.

Қандай салада қызмет жасайсыздар? Инстаәлемдеріңізге қарасақ, жұмыс жасауға уақыт жоқтай көрінеді...

Әлібек: Мен 16 жасымнан бастап «Қазақфильмде» кастинг саласы бойынша жұмыс жасадым. Әлі сол бағытта қызмет етудемін.

Камила: Мамандығым бойынша ағылшын, түрік тілінің мұғалімін. Жобаға дейін тілдер бойынша қосымша сабақтар өткізген едім. Қазір уақыттың тығыздығына байланысты бас тартуға тура келді. Одан бөлек соңғы бес жылға жуық уақыт стюардесса болып қызмет етемін. Менің жұмысым таңнан кешке дейін кеңседе отыруды талап етпейді. Еркін жұмыс кестесі. Бос уақытымды тиімді пайдалану үшін шаш күтіміне қатысты мамандықты оқып, иегеріп алдым. Меніңше, адамның бос уақыты көп болса – өмірі мағынасыз өтетіндей. Көп ұйқы, бос күлкі, орынсыз әңгімелер – азғырушылар. Мұндай қателікке жол бермес үшін әр күнімді, әр сағатымды дұрыс пайдалануға тырысамын. Үнемі жұмыс жасап, еңбектенгенді жақсы көремін.

Ал, мұндай гиперактивті күн тәртібіне, Әлібек, сіз қаншалықты бейімсіз?

Камила: Бұл сұраққа мен жауап берейінші. Әлібек мені осы әдетімен таңқалдырған. Тәулігіне 3-4 сағат ұйықтаса да ширақ жүреді. Гиперактивтілік Әлібектің ең басты артықшылығы. Мен ағаларымды есіме алсам демалыс күндер түске дейін ұйықтайтын. Ал, Әлібек сағат таңғы 8:00-де тұрып алады. Осы қасиетін мен үйде ата-анама мақтанып айтамын. Себебі, ұйықтап жата бергеннен гөрі осындай еңбекқұмар болған жақсы.

Инстаграмдағы оқырмандарыңыз көп екенін білемін. Жарнама құны қанша?

Әлібек: Біз тек таныстарымыздың өтінішін жарнама жасаймыз. Солай ыңғайлы...

Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейінші. Неге инстаграм арқылы табыс табу туралы әңгіме қозғағанда жылы жауып, сыр ашпауға тырысасыздар? Мысалы, танымал Баян Мақсатқызының өзі де инстаграмдағы жарнаманы ақылы жасайтынын жасырмайды... Бұл – қалыпты жағдай. Инстаграм – табыстың көзі.

Әлібек: Ақшаға құнығып инстаграм арқылы ақша табамын деген ойым жоқ. Бірақ, иә, рас ақылы жарнама жасаймыз. Және белгілі бір бағамыз да бар. 5000-10 000 теңгеге жарнама мүлдем жасамаймыз.

Сонда бір жарнаманың бағасы сіздердің қандай шығындарыңызды өтейді? Не алуға жетеді?

Әлібек: Шынымды айтсам, бұл ауадан келген ақша ғой. Сондықтан, берекесіз болып кетеді. Қалай келеді – солай кетеді. Осы инстаграм арқылы миллиондап табыс тауып, байып жатырмын деп айта алмаймын.

Ақша үнемдеуге қаншалықты бейімсіздер?

Әлібек: Мен ақша үнемдеуге шебер емеспін.

Камила: Ал, мен бұл жағынан пысықпын. Айлығымды қайда жұмсайтынымды, қалай жұмсайтынымды, қалай ақша жинау керектігін білемін. Артық орынсыз ақша шашуға жаным қас.

Ендеше, Әлібектің әмияны сіздің қолыңызда шығар?

Камила: Жоға, мен ешқашан Әлібектің қалтасындағы ақшаны санаған емеспін. Мүмкін болашақта үйленген соң бақылауда ұстап, бірге жинайтын шығармыз. Әзірге әркім өзінің қалтасына жауап береді. Бірақ, қазір оның ақшасын аяйтын болыппын. Бей-берекетсіз жұмсағанын қаламаймын. «Ол жерге бармайық. Өте қымбат қой. Мына жер дұрыс», - деп уайымдап жүремін. Себебі, Әлібек ақшаны есептеуді, үнемдеуді ұнатпайды. Тіпті, қарызға берген ақшаларын да ұмытып кетеді. Бір жағынан жігіттің ұсақ емес, мәрт болғаны жақсы ғой. Менің әкем сондай адам. Ақшаның жалпы есебін білсе де, тиын санап, ұсақ-түйекке мән берген емес.

Әкеңізге тағы қандай қасиеті ұқсайды?

Камила: Тура әкемнің көшірмесі ғой. Барлық мінез-құлықтары, іс-әрекеттері бәрі ұқсайды.

Жігіттер анасына ұқсайтын қызды іздейді. Өзіңіз Камиланы қаншалықты анаңызға ұқсатасыз?

Әлібек: Анама үнемі ақыл-кеңес айтып, жанашырлық танытатын мінезі ұқсайды. Бірақ, көбінесе мен Камиланы туған әпкеме ұқсатамын. Мінездері, ашулары, сөздері бәрі аумайды.

Дос пен жолдас сөзінің сіздер үшін айырмашылығы бар ма?

Камила: Әрине. Дос – барлық сырыңды білетін, үнемі қолдап, қуаныш пен қайғыда да жаныңнан табылатын жанашыр жандар. Ең жақын достар көп болмайды. Ал, жолдас әрине, көп. Араласатын, әңгімеміз жарасатын, сыйласатын жандар көп.

Әлібек: Мен үшін дос – ата-ана, бауырларым. Араласатын, ойнап-күлетін достарым көп. Алайда, оларға жүз пайыз ашылып сырымды айтпаймын. Жалпы, достарға көп сенбеу керек.

Танымал болған соң достарыңыз көбейген шығар?

Әлібек: Бұрын араласпайтын көптеген жігіттер хабарласып: «бауырым, қалайсың?», - деп тұрады. Бірақ, іштей оларға бір көмектің, жарнаманың т.б. мүмкіндіктердің қажет болып тұрғанын білемін. Әрине, қолымнан келгенше көмектесемін. «Таспен атқанды – аспен ат» деген керемет сөз менің ұстанымым. Олардың деңгейіне түсіп менсінбей кету менде жоқ. Қолымнан келсе көмектесемін. Алайда, одан ары жаныма жақындатып, сырласып, достарымның тізіміне қосамын деп айта алмаймын. Жалпы, дос пен достыққа келгенде сақ әрі талғампаз адаммын.

Бұрын Әлібек болсаңыз, қазір «Қалаулымдағы Әлібек» атандыңыз. Өміріңізде өзгерістер көп пе?

Әлібек: Жоба кейбір адамдарды «жұлдыз» жасады.  Өздерін жұлдыз санап, өзгерген жандар көп. Олардың қатарына өзімді қоса алмаймын. Себебі, менің алған тәрбием мұндай түсінікке қарсы. Қандай Әлібек болсам, сондай қалыпта қалдым. Әрине, көшеде танып суретке түсушілер, батасын беріп, тілегін айтушылар көп. Сондай жанашыр жандарға мың алғыс.

Алайда, танымалдылық адам психологиясына әсер етеді. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды...

Камила: Ол – рас. Бұрын көшеде өзімізді еркін ұстап, қалауымызша күліп-ойнап жүретінбіз. Ал, қазір есеп беріп, көп кезде өзімізді тыйып жүреміз. Мысалы, бір мейрамханаға барсам «етегім ашылып қалмады ма?», «шашым дұрыс тұр ма?» , «қатты күліп қоймайын» деп өзімді түзеп отырамын. Жобаға келгелі бері шашымнан бастап киіміме дейін өзгерттім. Себебі, адамдар түсінбейді. Ауыр сөздер айтады. Сынайды. Әрине, үнемі қағидаларды есте ұстап жүру оңай емес. Кейде шаршап кететінім де бар. Бірақ, танымалдылықтың кесірінен күйзеліске түсіп қиналып жүрмін деп айта алмаймын.

Қазір көпшілік таниды. Бірі – сынайды, бірі – қолдайды. Осы қызығушылықты ұстап қалу үшін актер, актриса немесе әнші болу жоспарда жоқ па?

Әлібек: Әнші болатын дауысым жоқ. Бірақ, Камила бірнеше клипке түсіп үлгерді. Көптеген өнердегі бауырларымыз хабарласып, бейнебаяндарына шақырады. Қуана келісеміз. Одан бөлек болашақта фильмдерге шақырса, бәлкім бағымызды сынап көретін шығармыз. Бәрі уақыттың еншісінде.

Камила: Бірақ, мен Әлібектің таңнан кешке дейін кеңседе отырып, мемлекеттік қызмет жасағанын қаламаймын. Маған Әлібектің осындай жарқын мінезі ұнайды. Сондықтан, болашақта біреуге емес, өзі үшін жұмыс жаса деймін. Жеке іс бастап, кәсіпті қолға алса деймін. Мен барлық күш-жігеріммен оны қолдаймын. Қолымнан келгенше көмектесемін. Және бәрінің сәтті боларына сенемін.