Картинка
Их жизнь

Айнұр Ілясова: ұтылып қалудан қорқамын

Айнұр, сен осы уақытқа дейін бірнеші кино мен телехикаяларға түсіп үлгедің. Түрлі әйелдердің рөлін сомдадың. Солардың қайсысы өзіңе ұқсайды?

Әрқайсысы. Әрбір рөлде менің бір бөлігім бар. Онсыз болмайды. Әр кейіпкердің өз мінез-құлқы болғанымен, сен оған бәрібір өзіңнің бір бөлігіңді қосасың. Біз періште емеспіз. Барлығымыздың да ішімізде жақсы мен жаман, ақ пен қара дегендей түрлі қырлар бар. Кейде біз тым эмоционалды боламыз, кейде тұйық боламыз. Кинодағы кейіпкердің бойында да дәл сондай қасиеттер бар. Бір рөлде ол көбірек болса, енді бірінде азырақ. Бірақ ол қасиеттер бар. Сондықтан, ондай кезде актриса рөлді ойнамайды, ол сол рөлде өмір сүреді.

Алтыншаш ше? Онымен ешқандай ұқсастық жоқ сияқты.

Неге? Оның адамгершілігі ше? Алтыншыш жанашыр, ақкөңіл, кішіпейіл жан. Кино комедиялық жанрда түсірілгенімен, Алтыншаштың тағдыры оңай емес екенін көруге болады.

Жанр демекші, сені халық комедилық актриса деп біледі. Сол амплуада қалып қаламын деген қорқыныш жоқ па?

Ия, штамп деген онша жақсы нәрсе емес. Әсіресе кино өнерінде. “Бриллиантовая рука” киносындағы актер есіңде ме? “Это я – Лелик!” деп айқайлайтын. Қаншама тамаша рөлдерді сомдағанына қарамастан, сол көрінестен кейін адамдардың барлығы оны тек сондай амплуда қабылдайтын болды. Бұл шын мәнінде де үлкен проблема. Менде де кішігірім қорқыныш бар. Бұл қорқыныш та емес, сондай ой шығар. Бірақ, сонымен қатар өзім қалаған рөлді ойнаймын деген сенім де бар. Мен шын мәнінде драма актрисасымын ғой. Психологиялық триллер немесе драма жанрдағы киноға түскім келеді. Көрермендерге өзімнің басқа да қырларымды таныстырғым келелді.

Драма бізде түсіріледі деп ойласың ба?  Комедия мен ситком көріп үйренген біздің көрермен оған дайын ба?

Ол да бар, дұрыс айтасың. Біздің көрермен комедияға үйреніп қалған. Бірақ біз драмаға келеміз. Қазірдің өзінде дарынды жас режисерлер көбейіп келе жатыр. Партизандық кинолар да түсіріліп жатыр. Есіңде болса, Асқар Ұзабаевтың біздің қоғамның өмірін шынайы суреттейтін кинолары бар. Ақырындап комедия жанрынан басқа жанрларға бас бұрып жатырмыз. Бірақ, комедия солардың арасындағы ең күрделісі. Комедияда сәтті ойнаған актер кез-келген жанрда ойнай алады. Мысалы, Джим Керри. Барлығымыз оны комедиялық актер ретінде қабылдап жүрдік. Бірақ Кейт Уинслет  екеуі түскен “Вечное сияние чистого разума” киносын қарағанда қандай әсерде болдық! Сарапшылар да оның рөліне жоғары баға берді.

Сен өнер жолыңды театрдан бастадың. Қайсысы жақын: театр ма, әлде кино ма?

Бұл қиын сұрақ. Әр нәрсенің орны бөлек.  Сахынаның құдыреті бөлек. Сен сахынаға шыққанда көрермендер, қасыңдағы адамдар, тіпті сол сахынаны жарқыратып тұрған жарық та орасан зор энергетика бөледі. Энергия алмасуды көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын сияқты! Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сахынада ойнау бір бөлек. Ия, ол жерде екінші дубль жасауға мүкіндік жоқ, бірақ импровизация жасауға болады. Бір рөльді қанша рет ойнасаң да, әр кезде оны түрліше ойнап шығасың. Рөль сіңу керек. Ол сахынада 10-20 рет ойнағаннан кейін болатын нәрсе. Сарапшылар оны бірден байқап қалады.

Театрға қайту ойыңда бар ма?

Алматыға алғаш келгенімде жүрегім “театр” деп тұратын. Бір театрға бардым – орын жоқ. Екінші театрға бардым – орын жоқ. Сөйтіп, барлық театрларды аралып шығып, орын болмағандықтан, уақыт өте киноға кеттім. Қазір театрға ораламын деген ой жоқ емес, алайда шынымен жақсы, ерекше қойылымдар болса ғана. Өскеменде біз Рүстем Есдаулетовтың ерекше қойылымдарымен шет елдерге гастрольдерге барғанбыз. Мысалы “Атымды адам қойған соң” қойылымы. Рүстем аға марқұм новатор болаты. Оның қойылымдары әрқашан ерекше еді. Дәл сондай режисерлер табылып, театрға шақырса, неге бармасқа?

Айсұлу Азимбаева қазір сондай қойылымдардың бірінде өнер көрсетіп жатыр. Көріп үлгердің бе?

Жоқ, әлі көрмедім. Бірақ міндетті түрде барып қайтамын деген ой бар. Айсұлу – керемет жан! Актер ішіндегісін ән арқылы шығаратын әнші емес. Біз жинақталған энергияны тек сахынада шығара аламыз.

Айсұлу да, сен де gagarin.tm сайтына арналған фотосессиға түстіңдер. Не үшін?

Айсұлудың аудиториясы оған дайын болды. Ол фотосессияға дейін де түрлі бейнеклиптерге түскен кездері болды. Ол еркін, шетелде оқыған, жұрыттың айтқанына ермейтін қыз. Ал өзіме келетін болсам, бұл біреу үшін жасалған нәрсе емес. Өзім үшін. Өзімді біздің қоғамның стереотиптерінен бос адам екенімді көрсету үшін. Фотосессия аяқталғанна кейін,  маған суреттеді көрсетті. Фотограф қыз өзі суретші болғандықтан, ол өзінің ішкі көрінісіне сәйкес өте ашық, тым сексуалды кадрлар жастапты. Алғашында біз ондайға келіспеген едік. Әрине, суреттер өте әдемі болып шықты. Сөз жоқ. Бірақ, біздің адамдар оны түсінбейтінін білемін. Сондықтан, барлық кадрларды өзгіртіп, шамам келгенше артық кеткен жерлерін кесіп тастауды сұрадым.

Бірақ, соның өзі біздің адамдарға жеткілікті болды.

Ия, әрине. Жоғарыда айтқандай мен бұл фотосессияға өзім үшін ғана келістім. Сондықтан жариялаған жоқпын. Алайда, оны отандық арналардың бір бағдарламасы көрсеткеннен кейін адамдар түрлі комментарилер қалдырып үлгерді.  Мүмкін өзім жариялау керек пе едім.

Неге?

Мен оны тығылып, қорыққаннан жасады деген ой болмау үшін.

Достарың, туыстарың не деді?

Адамдардың бірінші реакциясы әрине жағымсыз болды. Біраз уақыттан кейін көп адамдар ойын өзгертті. Себебі шынымен де ол суреттерде жалаңаш шешініп тұрғам жоқ. Өздері де байқаған болар, “суреттер әдемі” деген комментарилер көбейді.

Мен бір комментариге мән бердім. “Ол қазақ емес, оған бұндай фотосессияға түсуге болады” деп жазыпты. Неге қазаққа болмайды, ал басқа ұл өкілдеріне болады?

Менің бір байқағаным, біздің қазақ жақсы бір нәрсе істесе, “Ооо! Бәрекелді! Біздің қазақ осындай болу керек!” дейді. Ол кезде қазақ жақсы. Ал жұртқа ұнамайтын бір нәрсе істесе “ол қазақ емес қой” деп өздерінен алшақтатады. Екі жүзді стандарт болмау керек. Мен ондай комментарилерге мән бермеймін. Кезінде өзім әкемнің өзге жұрт екенін айтпағанда, адамдар олай демеуші еді. Мен оны мақтану үшін айтқан жоқпын, мен сияқты жақындарын іздеп жүрген адамдарға “сеніңдер, күтіңдер, іздеңдер, сонда табасыңдар” дегім келген. Ал біздің адамдар оны түсінгісі келген жоқ.

Тағы да сонадай фотосессияға түсуге ұсыныс болса, келісесің бе?

Нақты жауап бере алмаймын. Көреміз. Ойланырмын. Бұл да тәжірибе.

Өміріңде ұтылып қалған кездерің көп болды ма?

Ұтылып қалған кездерім...ия, көп болды. Мектепте “Күз аруын” жеңіп алған жоқпын. Мәнерлеп оқу сайысынан бір рет жеңіп, екінші рет ұтылып қалғанмын. Ал олимпиядаларға мүлдем қатысқан жоқпын. Сайыстарға да қатыспадым. Ойлап қарасам, мен ұтылып қалудан қорқатын сияқтымын. Бірақ, көп ұтылдым. Кинода да бірнеше рет рөль ала алмаған кездерім болды. Ең бастысы, ұтылыстан  адам сынбау керек. Алға қарай ұмтыла білу маңызды. Кей жағдайда ұтылыс ұтыстан да абзал.

Сұхбатымызды қорытындай келе, соңғы сұрақ: бақытты болудың 5 шарты.

Бос болу. Дұрыс мақсаттар қою. Жақсы көру. Әр сәтке қуана білу. Сүйікті хобби. 

Сұхбатты ұйымдастыруға көмектескен Social Coffee кофейнясына алғыс білдіреміз.

Фотограф: Георгий Чумаков