Алайда, біздің қоғамда ене мен келіннің арасындағы мәселе мүлдем өзгеше. Тіпті, бұл тақырып әзіл-сықақ театрларының басты азығына айналғандай. Көптеген жас келіндердің арманы - ененің мектебі емес, жеке өмірдің ләззаты. Ал, мұндай пікірге қатысты қара шаңырақта тұратын жұлдыздар не дейді?
Жұлдыз Әбдікәрімова
Қайраттың Жұлдызы ененің мектебін үздік бітірген келін. Оның енесі анау-мынау емес, сөмке тасып, саудамен айналысып, тиыннан теңге құрап, ұлын жұлдыз қылған Гүлзира ханым. Тазалық пен тәртіпті талап ететін продюсер енемен бірге тұру жас келін үшін аса қиын болмаған.
«Әрине, қазір бөлек тұрамыз. Алайда, алғашқы 5-6 жыл ата-енеге қызмет етіп, қара шаңыраққа бас-көз болғаным рас. Мамамыз бен Қайрат үнемі жолда жүретін. Тойлары, концерттік сапарлары өте көп болды. Үйге келген кезде бір-бірімізді сағынып қалатынымыз соншалық өкпе-ренішке уақыт болмайтын. Мамамыз өте жайлы адам. Тырнақ астынан кір іздеп мазалайтын енелердің қатарынан емес», - дейді актриса бикеш.
Және ата-ененің қолында тұрып, қызмет еткен келіншектер өмірде пысық әрі алғыр келеді екен. Бұл туралы Жұлдыздың да алып-қосары бар: «Меніңше, ене мен келіннің арасындағы ұрыс-керіс Кеңес дәуірінен қалған қалдық сияқты. Себебі қазақ халқында ешқашан ақжаулықты мен жас келіннің арасындағы дау былай тұрсын, өзара пікірталас та болмаған. Кез-келген көркем әдебиетте де, тарихи шығармада да келіннің кішілігін, ененің ақылдылығын көрсеткен. Жалпы ененің мектебінен кез-келген жас келін өту керек. Бұл үлкен тәжірбие. Жаңа түскен әулеттің салты мен дәстүріне тез бейімделеді».
Аша Матай
«Жараламағын» деп әндеткен Арман мен Аша 2015 жылы шаңырақ көтерді. Алматының тұрғыны болса да, Арман Шымкентке туған. Осы себепті «Найманның қызы Шымкенттің келіні атанды» деп біраз төртінші билік өкілдері шулады.
Арман әулетіндегі жалғыз ұл. Және өмірдегі өз орнын тапқан Әйгерім есімді әпкесі бар. Сондықтан, Аша қара шаңырақта тұрып, ата-енеге қызмет жасайтынын анық білген. Бұл туралы Арман да қыз бен жігіт кезден ашық айтыпты.
Ал, пысық қыз үшін жаңа әулетке үйрену аса қиын болмаған. Ол барған жеріне бақыт сыйлап, тастай батып, судай сіңуді өзінің басты мақсаты еткен. Тіпті, жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан Аша үй тірлігіне араласып, қызмет етуге тырысады.
«Кейде түсірілімдерім көп болады. Сол кезде іштей ыңғайсызданып, ұялып жүремін. Бірақ, барлық үйдің жұмыстарын жасап, дәмді тамақтар пісіруге тырысамын. Бос уақытымды отбасыма арнаймын», - дейді тележүргізуші келін.
Осыдан бір-екі жыл бұрын жас жұбайлар екі жақтың ата-аналарына алғыс ретінде шетелге демалысқа жолдама сыйлаған еді. Өздеріне өмір сыйлаған жақындарына мәңгілік қарыздар екенін жастар ұмытқан емес. Мұндай ұстанымды өмірлік серігі еткен Аша Матай тек білікті, кәсіби актриса әрі журналист емес, ибалы, пысық, үлгілі келін болу үшін күнделікті еңбектенеді екен.
Салтанат Бақаева
Ол Нұржанмен танысқан кезде «Арнау» тобының әншісі болатын. Танымалдылығы артып, жұмыс кестесі тығыз сәтке қарамастан әдемі ару үлкен өмірге қадам басты. Иә, Салтанат Бақаеваның бұл қадамы оның өнерін де шыңдады, жеке өміріне де бақыт сыйлады.
Бүгінде Салтанат барған жеріне бақытын арқалап барған ибалы келін. Ата-енесіне шай құйып, күнделікті батасын алып жүрген келіншек үш ұлдың анасы. Алғашқы кезде жаңа әулетке үйрену жас келін үшін оңай болмаған. Алайда, жарына деген махаббаты талай қиындықты жеңуге көмектескен.
Одан бөлек Нұржанның туған әпкесі Дария Жүсіпова да актриса. Сондықтан, Салтанаттың ата-енесі келіндерінің жұмыс кестесін де, уақыт тығыздығын да жақсы түсінді. Қолдады. Елдің қызы болса да, үйде келіндік міндетін әнші ешқашан ұмытқан емес.
Құралай Бекжанова
Мирас пен Құралай – отбасылық дуэт. Сол себепті жиі өзге қалаларға бірге кетеді. Кешкі той-домалақ, концерттік шара, студиядағы жұмыстардан кеш оралса да, Құралай өзінің келіндік міндетін ұмытқан емес.
«Енеме қызмет етуді бақыт санаймын. Ананың ақ батасын алып, жүзіне мейірім сыйлағанға не жетсін. Кейде екінші анам: «шаршадың ғой, ұйықтай бер», - дейді. Бірақ, түске дейін төсекте созылып жатып ұйықтау мен көрген тәрбиеге қарсы. Мен үшін таңертең ерте оянып, орамалымды тағып, енеммен әңгімелесіп терлеп шай ішу үлкен бақыт. Одан бөлек менде ұл-қыз өсіріп отырған анамын. Балаларым менің сөзімнен емес, ісімнен тәрбие алады. Болашақта адал жар, ибалы келін болуға менің осы іс-әрекеттерім мен үлкендерге деген құрметім бағыт-бағдар болады деп сенемін», - дейді әнші келін.
Құралай іс-сапармен кеткен кезде балалары үшін сары уайымға салынбайды. Себебі, өзінен де жақсы қарап, қамқор болатын әжелері жанында екенін біледі. Сенеді. Және ата-енемен тұру үлкен нығмет екенін сөзсіз мойындайды.
Әсем Нұрсеитова
Әсемнің әсем енесі өте жас әрі іскер ханым. Заманауи ене тырнақ астынан кір іздеуге құмар емес. Керісінше, келінінің дизайнерлік қадамына бірінші қолдау көрсеткен асыл жан.
Динара Сәтжанды дүниеге әкеліп, мәпелеп өсірген Ақмарал ана шығармашылық адамдарын жақсы түсінеді. Сондықтан, Нұрсеитова ханымға келін ретінде қатаң тәртіп қоймайды. Еркін жүріп, шабыттанып, ісінің берекелі болғанын қалайды.
Әсем де енесінің еркіндігін шектен тыс пайдаланудан аулақ. Бос уақытында үй тірлігімен айналысып, дастарханын тәтті тағамдармен жайнатып қоюға әуес. Екі қыз, бір ұл дүниеге әкелген жас ана жуырда өзінің инста-парақшасында жаңа пәтердің жөндеу жұмыстарын көрсетті. Шамасы, Раджанның ата-анасы үлкен ұлдарына еншісін беріп, бөлек шығаруды жөн санаса керек. Бастысы, Әсем ененің мектебін бес деген бағаға тәмамдаған пысық келін.