Соңғы жылдары кино және театр өнерінде көпшіліктің көзіне түсіп, көзайымына айналып жүрген жастың бірі – Жанель Серғазина. Актрисаның жүріп өткен жолы, өнердегі ізденісі жайлы сұхбат алудың орайы келген еді.
Жанель, өнерге келгенге дейінгі Жанель қандай болды және қазіргі Жанель қандай? Өзгеріс бар ма?
Мен 16 жасымда Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының колледжіне түстім. Колледжден кейін академияны, кейін магистратурасын бітірдім. Бұл жердегі оқу мені дисциплинаға үйретті. Сондай-ақ кішкентай кезімнен спортпен (синхронды жүзумен) айналысқандықтан, өзіме қоятын талап та жоғары болды. Менің мамандығым мені адам ретінде де, кәсіби маман ретінде жақсы ашты деп ойлаймын. Бала кезімнен аздап қырсықтау, адамның көңіліне қарамай сөйлей салатын дөрекілеу болдым. Өнердегі жолым менің осы теріс мінезімді түзеді. Психологиялық жағынан алғанда, ішкі дүниемде біраз төңкеріс жасады. Адамдарды сезіну, адамдармен араласу, адамдарды түсіну жағынан өзімді тәрбиеледім. Сонымен қатар, бұл мамандық мені аяғымнан тұрғызды. Қарапайым отбасында өскен, жалғыз ананың тәрбиесін көрген қызбын. Міне, 10 жылдай уақыт болды осы салада жүргеніме. Таза еңбекпен бүгінгі күнге жеттім.
Германияға барып, Болат Атабаевтың мастер-класынан өтіп келдіңіз. Ол жаққа қандай мақсатпен бардыңыз, не алдыңыз және жалпы алған дүниеңіз қанағаттандырды ма? Сіздің шығармашылығыңызға қалай әсер етті?
Академия белгілі бір құрылыммен сабақ береді және көбінесе актерді театрға дайындайды. Кино жағын жалпы біз өтпейміз. Түсірілім алаңындағы жұмыс, камерамен жұмыс дегенді білмедік. Біз тек академияны бітірген соң, массовкаға, эпизодтарға түсіп, уақыт өте келе киноның не екенін түсіндік. Басында тіпті тегін түсе бердік, түсініп, білу үшін. Маған негізі заманауи театр ұнайды. Содан болар үнемі мастер-класс, тренингтерді іздеп жүрдім. Бірінші барғаным Италия болды, Юрий Альшиц деген керемет режиссер, педагог бар. Италияда сол кісіден бір ай білім алдым. Шетелге шығып, оқу, менталитетін көру, мәдениетін көру маған ерекше ұнады. Мен бір ғана қазақ өнерімен шектелгім келген жоқ. Жалпы, басқалар қалай жұмыс істейді, басқалар қалай ойнай алады, соны көргім келді, үйренгім келді. Содан кейін Болат Атабаевқа Германияға бардым. Себебі, Болат аға бұрыннан революционер ретінде белгілі ғой. Театрдағы қойылымдары да, актерлерге берген білімі де басқадан ерек болатын. Ол кісі ең алдымен тұлға болуды үйретті. Сахнада ең жек көретіні – ойнау. Оның сөзінше, сахнада ойнап керек емес, сахнада өмір сүру керек. «Сол кезде ғана сендерге көрермен сенеді», - дейді. Германиядан кейін жарты жыл Швейцарияда болдым, Нью-Йоркқа Роберт Уилсонға барып келдім. Осылардың барлығы көбіне бір затты айтады. Бірақ түрлі қырынан. Осы алған дүниелеріңді жинайсың да, пазл құрастырған сияқты бүтін бір дүние құрап аласың.
Кімдерді пір тұтып өстіңіз?
Мен жалпы бала кезімнен Жамбыл мен Байзақов көшелерінің қиылысындағы Мәдениет министрлігінің жатақханасында тұрдым. Жатақханада музыканттар, бишілер, әншілер, режиссерлер, бүкіл өнерге қатысты адамдар тұрды. Мен осы ортада өстім. Кейін жүзумен айналыстым. Ол жақтағы жаттықтырушым да керемет адам болды. Биден сабақ берген хореограф Әсем Нұрболқызы да болмыс-бітімі, табиғаты ерекше жан еді. Соған қарап бой түзедім. «Жас сахна» театрында Барзу Абдураззаковтан тәлім алдым. Ол кісі ересек өмірде менің тұлға ретінде қалыптасуыма үлкен әсерін тигізді. Өмірде де, өнерде де өз орныңды ойып алатын адал адам болуға тәрбиеледі. Әкеміздей жанашыр жан болды. Басында оңай болған жоқ, әрине. Жыладық та, қиналдық та, сыналдық та. Сол театрда жұмыс істеген 10 актер қазір ең сұранысқа ие маманға айналды. Меніңше, бұл – режиссер еңбегінің жемісі. Ал шетелдіктердің ішінен Мерил Стрип, Леонардо ДиКаприо ұнайды.
«Жас сахна» театры сізге не берді?
Бұл жерде жүріп екінші университет бітіргендей болдық. Практикамен қатар жүрген соң, шын мәніндегі кәсіби маман етіп шығарды. Академияны бітірген кезде, аздап сенімсіздік болды бойымда, ал бұл театр сол сенімсіздікті толығымен жойды. Себебі, жетекшіміз бізбен бес жыл бойы үздіксіз жұмыс істеді, біздің толыққанды тұлға етіп шығарды. Ол: «Вы не марионетки, а сотворцы своей роли. Всегда подходите с этой стороны», - дегенді жиі айтатын. «Тұлға болмасаңдар, актер бола алмайсыңдар» - дейтін. «Если раньше актеры были личностями, на которых хотелось равняться, кого хотелось слушать, то сейчас вы стали серой массой. Нету такого человека который пришел, и все замерли бы от его присутствия» - деп, бізді ең алдымен жұрт назарын аударта алатын, көптің көңілінде қалатын актер жасауға тырысты. «Лавина», «Свободные бабочки», «Теория нитки», «Последний экзамен» сияқты қойылымдармен қысқа уақытта тез көтеріліп, шетелге көп шығатын театрға айналдық.
Қай кезден бастап өз танымалдығыңызды сезіне бастадыңыз? Оған қаншалықты дайын болдыңыз?
Ең алғаш рет «Отбасы» және «Қош келдіңіз» телехикаяларында келін рөлін сомдаған кезде байқадым. Жүрген жерімде адамдар «О, келін ғой мына қыз» деп тани бастады. Басында мен ұялатынмын. «Жо-жоқ, мен емес» деп қашқалақтайтынмын. Кейіннен халыққа ең көп танылғаны «Сержан Братан» болды. Осы телехикая көрсетіліп жатқан кезде Инстаграмға өте көп оқырман келді. Күніне 2000-ға дейін қосылды. Мен үшін бұл өте таңсық дүние болғаны рас. Бұл телехикая тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл ТМД елдері бойынша жақсы қаралды. Ал осыдан кейінгі шыққан «Няняда» бәрін қалыпты деп қабылдай бастадым. Мені таныған адамдармен жылы шыраймен сөйлесіп, танитын адамдай араласып кететін болдым.
Өзіңіз ойнаған рөлдеріңіздің қайсысын ойнау сізге ерекше қиынға соқты?
«Няня» телехикаясындағы рөлім қиынға соқты. Себебі, ол қыздың табиғаты маған қарама-қайшы болды. Маған кім көрінгеннің өміріне жағаласқан ұнамайды, адамдарды артық мазалағым келмейді. Ал Жанарды байқаған шығарсыздар, бәріне көмектескісі келіп тұрады, бәрінің өміріне араласа береді.
Сіздің әлеуметтік желілердең қарап отырсам өте позитивныйсыз. «Няняны» көрген адам сізді тұнжырап жүрген Жанар образында ойлап қалады. Осы екеуінің қайсысы сізге жақын жалпы?
Жанардың маған қолын түсірмей, алға қарай ұмтылғаны ұнайды. Өз басым өмірде де сондаймын. Ұзағанда 1-2 күн қайғырып жүремін, одан кейін өз-өзімді тез жинап аламын. Орнымнан тұрып, тым болмаса, далаға шығып жүріп келемін. Маған «Әрекетке – берекет» деген сөз қатты ұнайды. Әрекет етпейтін адамдар жаныма қатты жақын емес.
Сіз адам бойынан қандай қасиетті ерекше бағалайсыз, қай қасиетті қабылдай алмайсыз?
Ең бастысы – адамды сыйлай білу, шынайы болу. Ең жек көретінім – өтірік айту. Жағымпаздықты жек көремін. Жаманды жаман, жақсыны жақсы деген дұрыс. Өтірікпен өсу мүмкін емес.
Хейтерлеріңіз бар ма? Оларды қалай қабылдайсыз?
Инстаграмда жоқ. Бірақ телехикаяның астындағы пікірлер ішінде табылып жатады. Оларға қарсы емеспін. Әркімнің өз ойы бар. Қажет тұсын өзіме түртіп аламын.
Актерге қажет басты үш қасиет?
Ең алдымен, ол – дисциплина. Сосын жаңашылдыққа ашық болу, үздіксіз ізденіс. Үшіншісі, сәттілік. Сол сәті түске кезді уыстан шығарып алмау.
Кастингтен өткен кезде сіздің ең оңай түскен рөліңіз және ең қиын түскен рөліңіз қайсысы?
Ешқандай рөлім оңайлықпен келген жоқ Менің группаластарым оқу оқып жүріп, таныла бастады. Ал маған колледж бітіру керек болды, академия, магистратура, сосын театрда жұмыс істедім біраз жыл. Кастингтерге барып жүрдім, өтпедім. Ең жеңіл өткенім «Сержан братан» телехикаясындағы рөлім шығар. Бірақ оның өзінде бәсеке өте жоғары болды. Бірақ жауап бірден келесі күні келді. Сондықтан қатты уайым болмады. Ең қиын кастинг «Няняда» болды. Жобаға режиссерлердің өзінде бәсеке болды. Әрқайсысы өз актерлерін шақырды. Жеке-жеке екі сахнаны түсіріп, байқау жасады. Содан біраз уақыт өтіп кетті. Режиссерлер арасындағы бәсекеден озып шығамыз деп ойламадым. Көктем келді. Сценарий өзгеріп кетті. Екінші рет қайта кастинг болды. Одан кейін тағы біраз хабарсыз кетті. Мен үмітімді әбден үзген кезде бізді түсірген режиссер бекітілгенін естідім. Бірақ менің орныма басқа екі қызды қарастырған екен. Бірақ ең соңында Жанардың рөліне мен бекітілемін.
Қазір немен айналысып жүрсіз?
Мен «Тұран» университетінде сабақ беремін, өзімнің курсым бар. Актерлік мектепте кішкентай балалармен жұмыс істеймін. 5-7 жастағы бүлдіршіндерге актерлік шеберліктен сабақ беремін, және съемка. Өзіміздің «Одноклассники» спектаклін ойнап жүрміз әлі.
Болашақта сізге ұрпағыңызға мұра ретінде өзіңіз түскен бір туындыны мұра ретінде қалдыра аласз десе, қайсысын таңдар едіңіз?
Няня. Себебі өмір көрсетілген, және біраз сабақ алуға болады ол жақтан. Қалай өмір сүруге болмайды, кез-келген проблема келген кезде қол түсірмеу.
Осыдан 13 жыл бұрынғы 20 жастағы Жанельге қандай үш кеңес берер едіңіз?
Өзіңе сенімді бол, батыл әрекет ет және ештеңеден қорықпа!
Жанар, әңгімеңізге рахмет! Өнердегі бағындырар белесіңіз биіктей берсін! Сізді іздеп көретін көрерменіңіз көп болғай!
Сіздерге де рахмет! Жұмыстарыңызға сәттілік, оқырмандарыңыз көбейе берсін!
Сұхбаттасқан Эльмира Жүнісова
*Фотосуреттер Жанель Серғазинаның жеке мұрағатынан