ТАҢҒЫ АСТЫ ТАСТАМА, КЕШКІ АСТЫ БАҚПА.
Қайырлы таң! Біз отбасымызбен таңғы асқа айрықша мән береміз. Себебі қазақ халқында «таңғы асты тастама, кешкі асты бақпа» деген сөз бар. Сондықтан, таңғы ас – жемісті әрі жеңісті жұмыстың кепілі.
- Таңертең аш қарынға бір стақан жылы су мен бір қасық бал жеген дұрыс. Қаласаңыз, бал салынған суға бір тілім лимон қосуға болады. Бұл ағза үшін аса пайдалы: жүрек жұмысы жақсарады, асқазаныңызға ем, иммунитетті көтереді.
- Есіңізде болсын, таңертең көк шай ішпеңіз, жеміс-жидек жеуден аулақ болыңыз. Мүмкіндігінше, таңертең тойып тамақтануға тырысыңыз.
- Таңғы ас мәзірінде кем дегенде 70 пайызы көмірсутегіден тұратын тағам, 30 пайыз ақуыз өнімі болуы шарт. Бұл пропорциялы порция адамға күш-қуат береді, артық салмақтан сақтайды, сергектік сыйлайды.
- Мен үй ішіне жеміс-жидектен жасалған шай дайындаймын, сосын жұмыртқа қуырам (не суға пісірем) немесе дәнді дақыл ботқасын әзірлеймін, әр адамға бір тілім ірімшік, екі қара нан, қаймақ (не сары май) беремін. Осы мөлшерден асырмаңыз, әйтпесе артық ас ағзаға ауыр.
ЕРТЕ ТҰРҒАН ӘЙЕЛДІҢ БІР ІСІ АРТЫҚ.
Менің таңым 07.00-ден басталады. Себебі «ерте тұрғанның ырысы да, бір ісі де артық». Үй іші жұмысқа баратын болғандықтан, ерте тұру – бұлжымас заң. Өнерді кәсіп қылған, нәсіп қылған жанның басқа адамға ұқсамайтын өзіндік күн тәртібі бар: түнде жұмыс істейді, күндіз демалады, шығармашылық шабытта шек болмайды. Ал, мен де бәрі басқаша: мен түнде шығармашылықпен айналысамын, күндіз үй шаруасымен. Менде таңдау жоқ. Себебі сыртта әнші, үйде келінмін. Негізі, ұйқы - менің жан жолдасым. Оны жақсы көретінім сондай – күй, жер, уақыт талғамай ұйықтағанды ұнатамын! Шындығы сол – түнгі ұйқы күндізгі ұйқыны алмастыра алмайды! Сондықтан, таңда ойланыңыз, түсте жұмыс істеңіз, кешке оқыңыз, түнде ұйықтаңыз. Шығыс ғалымдарының кеңесі бұл. Көп адамға керек дерек. Ескере жүріңіз!
МАҒАН ӨНЕР ӘКЕНІҢ ҚАНЫМЕН, АНАНЫҢ СҮТІМЕН ДАРЫҒАН.
Мен дәрігерлер отбасында өмірге келдім. Олар жай ғана дәрігер емес, өнерді сүйген ақ халатты абзал жандар. Әкем Жанат Қайролдаұлы студенттік шақтан кез- келген музыкалық аспапта ойнап, ортаның сәні болған, әлі де солай. Тіпті, анамның жүрегін гитарамен жаулаған. Ал анам Дина Бөлекқызы өзі ән айтпаса да,кішкентай кезімнен оқушылар арасындағы аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық ән байқауларынан қалдырмай, қолдау көрсетіп келеді. Ал менің әпкем Жанар домбыра сыныбын бітірген, мен қатысқан өнер сайыстарында камераға түсіріп, оператор ретінде қол ұшын созды. Сіз сенесіз бе, 10 жастан бастап күні бүгінге дейінгі видеолар үй мұрағатында сақтаулы тұр.Сондықтан әпкеме, ата-анама қарыздармын. Ал жалғыз інім Димаш хорда ән шырқайды. Демек, менің отбасым – өнер әлемінің тұрғындары. Мен өнерге кездейсоқ келген жоқпын. Он жасымда алғаш рет мектепішілік «Әнші балапан» байқауында бас жүлдені жеңіп алдым, содан соң, халықаралық «Бозторғай» байқауында топ жардым. Алматы облыстық «Жетісу жұлдыздары» сайысында гран-при, республикалық «Әнші балапан-2006» байқауында бас жүлде, Абайдың туған жері Жидебай өлкесінде өткен республикалық «Абай оқулары» оқушылар байқауындағы «Көңілім әнді ұғады» аталымы бойынша 1-орын иелендім, Ресей Федерациясы Сочи қаласында ұйымдастырылған «Надежды Европы» халықаралық байқауында күміс жүлдегер атандым. Алматы қаласында өткен республикалық байқауда «Көктем дауысы» атағын жеңіп алдым, «Жас жұлдыз» өнер сайысының бас жүлдесін иемдендім. Өнер – менің өмірім.
КӘСІБИ ӘНШІ БОЛУҒА КЕШІГІП ҚАЛДЫМ.
Оқушы кезімде Талдықорған қаласындағы өнер мектебінің вокал сыныбында Әжібекова Серікжамал Нүсіпқызынан білім алдым. Әрі қарай өнерімді кәсіби түрде дамытпадым. Себеп біреу: еліміздің білім беру жүйесі мектепті «Алтын белгімен» аяқтаған жас түлекке «Шабыт» өнер университеті мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға мүмкіндік бермеді. Аталмыш оқу орнында білім алу үшін кем дегенде өнер колледжін тәмамдау керек, не болмаса екі жыл ақылы түрде даярлық курсында білім алу қажет болды. Бұл мен үшін, отбасым үшін тиімсіз еді. Әрі «Алтын белгі» иегерімін. ҰБТ бойынша 118 балл жинадым. Демек, еліміздің кез келген университетінде тегін оқуға мүмкіндігім болды. Сондықтан көп ойланбай, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің маркетинг мамандығына оқуға түстім. Есесіне, осы университетте оқып жүріп, әлемнің 15 елінде өнер көрсеттім, оқуды қызыл дипломмен бітірдім, магистратураны аяқтадым.
КЛАССИКАЛЫҚ ӘНДЕРДІ ЖАНЫМ СҮЙЕДІ.
Мен классикалық жанрда ән айтамын. Репертуарымда халық әндері, Латиф Хамиди, Шәмші Қалдаяқов, Абай, Жоламан Тұрсынбаев, Үкілі Ыбырайдың әндері бар. Жақында Жоламан Тұрсынбаевтың «Қызқарағай» әніне бейнебаян түсірдік. Кеше ғана халық әні «Ақ дариға»-ны жарыққа шығарып, Астана мен Алматы қалаларында өтетін үлкен концерттерге шақырту алдық. Жаңа әндерді жазуға кірістік. Біздің мақсат – ескерілмей жүрген есті әндерді жарыққа шығару.
«ҚЫЗҚАРАҒАЙ» АРЗАН БОЛСА ДА, САПАЛЫ ДҮНИЕ.
Бейнебаян ойда-жоқта түсірілді. Жолдасым тележурналист болғандықтан, оның оператор, режиссер достары қолдау көрсетті. Бейнебаянды енді танылып келе жатқан талантты режиссер Азамат Ержанұлының жетекшілігімен білікті операторы Айдар Әбдешовтың «RR» студиясының ұжымы түсіріп берді. Алматының көрікті жерлері әннің табиғатына байланысты таңдалды. Екі апта ішінде дайындалды. Бейнебаянға көп қаражат жұмсалған жоқ.Достардың, ағалардың ақ жарма көңілінің арқасында қарыз да, несие де алған жоқпыз. Сол үшін шығармашылық ұжымға рақмет! «Қызқарағай» әнін кезінде қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова алғаш орындап, елдің ыстық ықыласына бөленген болатын, сондықтан бұл әнді сол биігінен түсіріп алмауға барымызды салдық. Кейін ән авторы, композитор Жоламан Тұрсынбаев ағамыз көріп, батасын берді, бағасын берді. Жанашыр жандар да ақ тілегін арнап жатыр. Қуанышымызда шек жоқ.
ҚАРА ПИАР – ҚАРА КҮЙЕ.
Қара пиар – шоу бизнестің құрғаған тамырына нәр беретін тыңайтқыш секілді. Мөлшерден асырмаса - пайда, шамадан асса - зиян. Батыстың стратегияға құрылған жоспарлы «пиары» болса, құба-құп. Ал бізде қалай!? Сәтсіз сценарий.. Немесе кездейсоқ кадр. Бір жағынан, менталитетімізге жат. Қара пиар – қара күйе. Ақты ластау оңай, дақты кетіру – қиынның қиыны. Өнер адалдықты сүйеді. Сондықтан қара пиарға қарсымын, қолдамаймын. Бәлкім, эстрада әншісіне керек те шығар. Менің бағытым – классика. Тыңдармандарымның жас мөлшері көбіне орта жастан жоғары. Жеңілтек жарнамамен өнерсүйер қауымның жүрегін жаралағым келмейді. Бұл – қылмыспен тең.
ӨНЕР – МЕНІҢ ӨМІРІМ
Өнер – Тәңір сыйы. Тағдырыңа құдайдың сыйын сүйетін жан жолықса, онда бағыңның жанғаны, бабыңның шапқаны. Шүкір, бағы бар жанмын. Отағасы да, отбасым да мені түсінеді, қолдайды, шабыттандырады. Шындығы керек, өнер университетіне тапсыра алмай, тауым шағылып, сағым сынғанда, күйзеліске түскен едім. Күйінгенім сол – енді сахнаны көрмеймін деп ойладым. Сүйінгенім сол – жұбайым мен жаңа отбасым өнерге жетеледі, ата-анам демеу болды! Сондықтан өнерпаздың ең бірінші көрермені – оның отбасы. Басымды иіп, алғыс білдіремін!
ҚЫЗБА ҚЫЗҒАНЫШТЫ ШЫН СЕНІМ МЕН СЕЗІМГЕ АЛМАСТЫРДЫҚ.
Қызғанбай ма дейсіз бе!? Былай жауап берейін. Біздің дос болғанымызға 5 жылдан асты, отбасы құрғанымызға алты ай болды,бес жыл бізді шыңдады, шыңдап келеді. Сөздің шыны керек, мен ешқашан «әнші болам,мені жарыққа шығар, танымал ет» деп айтқан емеспін! Ешқашан! Ал, осы сұхбатты ұйымдастырған кім!? Әрине, жолдасым. Теле-радио сұхбаттарға қолымнан жетелеп жүрген де - жолдасым. Бейнебаянның демеушісі де – жолдасым. Тіпті, өнердегі продюсерім десе де жарасады. Байқадыңыз ба, көзсіз қызғаныш жоқ! Әйтпесе терезені жауып, бөлмені құлыптап, сандықта сақтайтын еді! Ал мен оны қатты қызғанам. Ондай жар ешкім де жоқ. Бірақ ол өте қатал. Айтқанынан қайтпайды. Кейде өзім де қорқып кетем. Сондықтан не айтса, екі етпей орындаймын. Қызба қызғанышты шын сенім мен тәтті сезімге алмастырып келеміз. Ұзағынан сүйіндіргей!