Картинка
Звезды

Жұлдыздар айтады: Махаббат жасқа да, ұлтқа да қарамайды

Асанәлі Әшімов пен Бағдат Әшімова

Көзі тірісінде аңызға айналған Асанәлі Әшімов пен отанасы Бағдат ханымның жас айырмашылығы үлкен. Алайда, актердің жары махаббат жас пен кәріні талғамайтынына кәміл сенімді.

“Алғаш рет Асекеңмен шипажайда таныстық. Ол кісі кезекті емін қабылдауға келген кезде мен медбикелік қызмет атқардым. Ешқандай да кәрі-жас немесе бай-кедей деп таңдаған емеспін. Асекеңмен сөйлесіп, әңгімеміздің оңай жарасқанын байқадым. “Жан бөлек” кітап бір түнде көз ілместен оқып шықтым. Сол кітаптың ішінде жүргендей Асекеңнің жан-дүниесін түсіне білдім. Осындай абыз актердің бабын жасап, шабыт беріп, қолдау көрсетіп, жалғыздықтан құтқарғым келді. Әлі күнге ғашықпын. Сыйлаймын”, - деп Comode-қа жүрегінің кілтін ашты отанасы.

Асанәлі Әшімов пен Бағдат ханым осыдан 15 жыл бұрын шаңырақ көтерді. Бүгінде аяулы жұптың Асанәлі есімді ақмінерлері мен актердің алдыңғы некесінен дүниеге келген Сағина есімді қыздары бар.

Дәурен Айдарқұлов пен Ақбота-Нұр Сейтмағамбет

Дәурен Айдарқұлов пен Ақбота-Нұрдың махаббат жыры бақтарына орай бақытты аяқталды. Алайда, осыған дейін даудың басы – Дайрабайдың көк сиырының күйін кешкен еді.

“KeshYou” тобының экс-әншісі Ақбота-Нұр мен актер Дәуреннің махаббат хикаясы сонау «Гламур для дур» фильмінен басталды. Сезімге мас болған қос жұлдыз неке қиып, Ибраһим есімді батырға өмір сыйлады.

Бәрі мұнымен біте қоймады. Ғашықтар өзара түсінесе алмаса керек, тоғысқан жолдары бірнеше рет бөлінген еді. Алайда, қуған – жетпес, бұйырған – кетпес. Жуырда жас жұбайлар заңды некеге тұрып, көпшіліктен сүйінші сұрады. Ізін суытпай тұңғыштарының тұсаукесер рәсімін дүркіретіп өткізді. Болашақта көпбалалы болуды армандайтын жұлдызды жұп қазір шығармашылыққа білек түріп кірісіп, бірге кезекті кинокартинаға түсіп жатыр екен. Айтпақшы, Дәурен Ақботадан 14 жас үлкен.

Сейфуллин Жолбарыс пен Екатерина Лиллуева

Сейфуллин Жолбарыс махаббаттың бойға да, жасқа да, ұлтқа да бөлінбейтінін дәлелдеді. Сазгер әрі әнші Сейфуллиннің екінші әйелінің есімі - Екатерина. Ұлты орыс болса да, қазақ тілін жетік меңгерген сүйіктісінен әнші бірнеше жас үлкен. Алайда, бұл сезім мен сыйластыққа кедергі емес дейді: «Марқұм әкемнің көзі тірісінде батасын алып үйлендім. Ол кісі әйелімнің мұсылман болуын талап етті. Жан жарым ислам дінін қабылдады. Екатерина қазақ мектебінде оқыған. Тіпті, Республикалық мектепаралық олимпиадада қазақ тілі бойынша чемпион атанған. Қазаққа тән салт-дәстүр,сыйластық пен адамгершіліктің бәрін біледі».

Сейфуллин мен Екатеринаны да табыстырған телевизиялық жоба екен. Бүгінде олар қос қыздың ата-анасы. Ал, әншінің бірінші отбасынан бір ұлы мен бір қызы бар.

Асхат Тарғын мен Әлия Құдайбергенова

Әнші Асхат Тарғынның алғашқы некесі сәтсіз болды. Алайда, тұңғыш қызымен байланысын үзбей, әкелік парызын атқарудан бас тартқан емес. Мұны күллі ел біледі.

Ауызы күйген – үрлеп ішеді. Сондықтан, Асхат асықпай таңдады. Таңдауы өзінен бір мүшелге кіші Әлия есімді аруға түсіпті.

“Махаббат жасқа қарамайды. Бірақ, солай екен деп өзінен 20-25 жас кіші қызды алу ұят болар. Әрі кетсе 10-15 жас айырмашылығына қарастыруға болады. Өзімнің әйелім 13 жас кіші болса да, маған қажет кезде сырлас, мұңдас, дос бола алады. Одан бөлек жолым үлкен болғандықтан сыйластық та ерекше болады. Әрине, өзінің ойын айтады. Алайда, артық сөз таластырмайды. Алып қашқаным рас. Бірақ, өзара келісіммен. Себебі, ұзатудың уақытын ұзаққа созып жіберді. Сондықтан, бәрінің тез болғанын қалап, алып қаштым. Бірақ, үйде еркектің жасы үлкен болғаны дұрыс деп ойлаймын. Үлкен қыз-келіншектерге үйленетін ерлерді көп қолдамаймын”, - дейді Comode-қа берген сұхбатында әнші жігіт. 

Иә, тек Асхат емес, біздің қоғам әйелдің жасының ер азаматтан үлкен болуын қабылдай алмай жүр. Ондай жұптар туралы жақсы пікірден гөрі, қара пиғыл мен ниетке толы сөздер желдей еседі. Бірақ, елдің сөзіне елең етпей, өз бақытын бағалап жүрген жұптар шоу-бизнесте де жетеді.

Мәдина Сәдуақасова мен Олжас Смагулов

“Кінәләп, тек, мені, болмашы өкпелі, сенің маған қолың емес, жасың жетпеді”, - деп Мәдина мен Төреғали әндеткен еді. Алайда, өмірде Мәдина Сәдуақасова ғашық жас жігіттің жасы жетпесе де, қолы жетті. Әншінің жолдасының есімі – Олжас. Жұбайлардың жас айырмашылығы - жеті жыл.

Отағасымен отандық телеарналардың бірінде бірге қызмет жасаған. Жігіт – режиссер, Мәдина – тележүргізуші болады. Бірнеше жылдық таныстық күндердің күнінде достыққа, кейін махаббатқа ұласады. Сезімдеріне сенімді жұп 2014 жылы шаңырақ көтерді.

Бүгінде Ануар есімді ұлдары бар. Бақытты отбасының арманы – көпбалалы ата-ана болу.

Арман Қоңырбаев пен Аша Матай

Иә, махаббат хикаялары аңызға айналған әдемі жұптың таныстығы «Фобия» реалити-шоуынан басталған еді. Жоба барысында таныстық, достық кейін махаббатқа ұласты. Нәтижесінде тек өнерде емес, өмірде де бір-біріне серік болуға серттесті.

Арман мен Ашаның жас айырмашылығы бет шымшып, ұялатындай емес. Арман Ашадан 19 күнге ғана кіші. Арман өзінің ер мінездігімен Ашаны бағындыра алады. Ал, Аша өзінің нәзіктігімен Арманды баурап, жібіте алады.

Тілсіз үндестік тапқан махаббаттан дүниеге Асылым есімді тәтті келді. Қазір ерке қыздың жасы бірден асты.

Ерлан Орынбасаров пен Баян Нұрмышева

Ерлан мен Баянның махаббаттары үлкен хикая ғой, шіркін. Продюсер мен әнші болып жұмыс бастаған әншілер ортадағы сезімнің қашан және қалай басталғанынан бейхабар. Ең бастысы, Баян өзінен үш жасқа кіші Ерланның азаматтылығы мен адамгершілігіне ғашық болған.

Алғашқы қадамды жасы кіші болса да Ерлан жасаған. Алайда, әншінің алдына келіп тізерлеп ұсыныс жасауға Орынбасаровтың жігері жетпеген секілді. Себебі, ол өзінің сезімін sms хат арқылы білдіріпті. Баян да мұндай ұсынысқа аса таңқалмаған. Өйткені, бұған дейін де жігіт өзінің сезімін кей іс-әрекеттерімен, жылы сөздерімен сездіріп жүріпті.

Алғашқыда некелерін жасыруға тырысқан Ерлан мен Баянның бұл ниеті іске аспады. Халық қос ғашықтың махаббаттарын көздерінен түсініп қойғандай. Бүгінде жұлдызды жұптың қосы ұлы бар.

Қайрат Нұртас пен Жұлдыз Абдукаримова

Он жыл көптен жасырған Қайраттың Жұлдызы өзінен бір жасқа үлкен. Бүгінде көрермен көзайымына айналған отбасылық жұптың екі қыз, екі ұлдары бар.

«Жүреккке әмір жүрмейді. Ал, ғашық болатын кезде жүрек ақылдан оның жасы мен ұлтын сұрамайды. Тарихта әйелі ерінен немесе ері әйелінен 10-15 жас үлкен жұптар көп. Сондықтан, шошудың қажеті жоқ. Ең бастысы, "еркек – үйдің иесі, әйел – оның шегесі екенін" ұмытпаса болғаны», - дейді Жұлдыз.

Ақбота Керімбекова мен Рауан Дәулетов

«Аппақ гүлдер» деп ән салған Ақбота Керімбекова үшінші рет ақ көйлегін киген еді. Таңдаған серісінің есімі – Рауан. Отағасы әншіден бірнеше жасқа кіші.

Бірақ, соңғы кездері қос ғашықтың ортасынан қара мысық кесіп өтіпті деген сыбыс елді шулатып жүр. Ыдыс-аяқтары сылдырлады ма, әлде сынды ма?! Әзірге, бұл сауалдың жауабы жоқ. Себебі, әнші бикеш жеке өмірі туралы ашық ақпарат беруге үзілді-кесілді қарсы.

«Былай айтсам да, олай айтсам да өсек болып кетеді. Ең бастысы, басым аман, денім сау. Балаларым, ата-ана, бауырларым, өнерімді сүйетін елім, халқым, сахнам бар. Мен бақыттымын. Басқаша ештеңе айта алмаймын», - деп жылы жабуды жөн санады.

Дәуіт Шайхисламов пен Дана Орманбаева

Белгілі КВН ойыншысы Дәуіт Шайхисл(амовтың да жары белгілі журналист, продюсер Дана Орманбаева. Олар алғаш рет 2005 жылы Мәскеуде наурыз мейрамы кезінде танысқан. Ал, бір жылдан соң Дәуіт сүйіктісіне ұсыныс жасап, үйлену тойларын өткізді.

Дәуіт отанасынан 11 жасқа кіші. Алайда, бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған жұбайлар үшін мұндай жас айырмашылығының ешқандай кедергісі жоқ екен.

Мереке Бауыржанқызы мен Арсен Акиев

Соңғы кездері ел аузында жүрген жұп – Мереке мен Арсен. Иә, КВН ойыншылары ойламаған жерден хит болып кетті. Оған себеп – жас айырмашылықтары.

Арсен Мерекені 2013 жылдан бастап ұнатыпты. Ал, үш жылдан соң кездескен қос Жайдарманшының әңгімелері де, көңілдері де жарасыпты. Нәтижесінде, қыз-жігіт болып қол ұстасқан қос ғашық үлкен өмірге бірге қадам басуға бел буған.

Бірі Мереке жігіттің басын айналдырып алғанға баласа, өзгесі Арсен байлыққа қызығып үйленді деп жорып жүр. Ал, жас жұбайлар сезімге билік пен бұйрық жүрмейтінін дәлелдегендей.

Из родильного кресла на подиум
Дети звезд: слава по наследству?
Яблоко от яблони...