Бұл тақырыпты қозғауыма себеп бар. Жақында ұлымның досы өз-өзіне қол жұмсады. Себебін балалық шағында алған психологиялық зақым, отбасылық проблема деп түсіндірді. Бұдан мен баланың психикасы бұзылғанын түсіндім. Өте нәзік әрі әлсіз келетін психиканы талқандап алу оңай. Ал оған жол бермеудің қандай жолдары бар? Бала неліктен өзіне қол жұмсайды? Психолог Эльвира Исмаганбетованың кәсіби көмегімен талдап көрелік.
Суицид – психологиялық құбылыс. Оны түсіну үшін өзіне қол жұмсаған баланың рухани жағдайын түсіну керек. Психологиялық тұрғыдан санасы әлі пісіп жетілмеген жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсау арқылы «өз мәселемді шешемін, бұл мен үшін қиындықтардан, дағдарыстардан шығудың жолы» деп ойлайтындығын ескерсек, суицидті кездейсоқ әрекет ретінде санауға болмайды. Ғалымдар өзіне-өзі қол жұмсау талпынысы – өз қайғысына назар аударту немесе айналасындағылардың көңіл бөлуін қалау ниетіне қатысты «көмек туралы жан айқайы» дегенді айтады. Бала өзіне қол жұмсау арқылы ата-анасымен, мұғалімдерімен, құрдастарымен, өз-өзімен тіл табыса алмағанда, соңғы дәлел ретінде жүгінеді. Ол өлімді уақытша жай-күй ретінде елестетеді. Яғни, есімді жиямын, сосын қайтадан өмір сүре беремін деп ойлайды. Бірақ дәл қазір өзі үшін төзімсіз жағдайда өле тұрудан басқа амал жоқ деп түсінеді. Ал шын мәнінде ол айналасындағылармен қарым-қатынасты реттегісі ғана келеді. Кейін өзіне кесірі тигендер қателігін түсінген соң, олармен тату-тәтті өмір сүріп кетемін деген аңғал сенім болады.
Баланы мұндай күйге түсірмеудің бір жолы ретінде психолог Эльвира Исмагамбетова баламен қарым-қатынасты түзеп, байланысты нығайту керек екенін айтады. Оның пікірінше, баланың өз-өзіне қол жұмсауында отбасының әлеуметтік жағдайының әсері көп емес екенін алға тартады. Бастысы, бала сол отбасында өзін қалай сезінеді? Қазіргі заман ағымы мен уақыт талабы жаңа шарттарды белгілейді. Ұрпақ та өзгереді, адам да өзгереді. Қазір ата-аналар материалдық тұрақтылыққа ұмтылып, балалармен байланысын жоғалтып жатады. Байланыс жоқ жерде отбасы да жоқ. Бұл жерде отбасынын әлеуметтік мәртебесі маңызды емес. Маңыздысы – баланың махаббатты сезінуінде. Бала үйден, әке-шешесінен, жақындарынан жылу ала алмаса, махаббатты сезіне алмаса, оның орнына керісінше қысым көріп, жазаланса немесе ата-анасының ұрыс-керісі, бір-біріне қол көтеруі деген сияқты жағдайларды күнде көріп жатса, мұның бәрі баланың эмоционалдық тұрғыдан әлсіретеді. Бұл оның стресс жағдайлар кезінде оған төтеп бере алуын қиындатады. Сол кездерде бала суицидпен ғана қорғануды жөн көруі мүмкін.
Баланың өзін-өзіне қол жұмсауына «бұзылған» балалардан жәбір көруі, ата-анасынан көңілі қалуы, жалғыздық, психикалық ауытқулар сияқты көптеген факторлар әсер етуі мүмкін. Ал егер бала мектептен де, үйден де жылу ала алмаса, өз ортасында да өз орнын таба алмай, булингке ұшырап, түрлі қиындықтарға тап болса, міне, сол кезде баланың барар жері, басар тауы қалмай, шешімді суицидтен іздеп жатады.
Гарвард университетiнiң ғылыми зерттеушiлерi медицина мамандарына өзiн өлтiрген жандардың ауру кiтапшасына диагноз қоюын сұраған. Дәрiгерлердің 90 пайызы науқас кітапшасына «психологиялық ауру» деп жазып берген. Зерттеулер өзiн құрбандыққа шалудың 800 себебi бар екенін алға тартады. Олардың 41 пайызы – үмiтсiздiктен, 19 пайызы – қорқыныштан, 18 пайызы – рухани күйзелiстен, 18 пайызы – отбасылық кикiлжiңнен, 6 пайызы – өзіне көңілі толмағаннан, 3 пайызы – материалдық себептен, 1,4 пайызы – өмiрден түңiлуден, 1,2 пайызы дене бiтiмiнiң кемiстiгiнен болады деген тұжырымға келген.
Э.Дюркгеймнің суицид теориясы бойынша адам тығырыққа тірелген кезде немесе өз ортасы одан бас тартқан кезде ол өзін-өзі өлтіруге барады екен. Әлеуметтік байланыстардың ерекшеліктерін ескере отырып, ғалым суицид түрлерін эгоистік және альтруистік деп бөліп көрсеткен. Психоанализдік зерттеулер барысында суицидтің жеке тұлғаның сексуалды ауытқуына байланысты болуы мүмкін деген тұжырымдар айтылады. Суицидогенді жағдайлар жасөспірімнің тұлғалық ерекшелігіне, оның өмірлік тәжірибесіне, интеллектісі және мінез-құлығымен де анықталады. Суицидогенді қақтығыс тіпті дені сау адамда да кездесуі әбден мүмкін. Қақтығыс себептері субьект үшін үнемі шынайы болады, сондықтан ол субъектіні ауыр уайым-қайғымен депрессияға ұшыратады. Сол проблемалар түіні шешілмегендіктен бала өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін.
Ата-ана не істеу керек? Ен бірінші баланы жақсы көруі керек, риясыз махаббатпен. Жақсы көргенін сезіндіруі тиіс. Сонымен қатар, оны тындай білуі де, түсіне білуі де қажет. Ешқашан баланы басқалармен салыстыруға болмайды. Ол өзінің ерекше сүйікті жаратылыс екенін білуі маңызды. Баланы жіті тану керек. Бұл арнайы уақытты талап ететіні анық. Сондықтан балаға шынайы және дер кезінде уақыт бөле білу ертең үлкен келеңсіздіктердің алдын алуға көмектесетіні рас.
Ал баланың суицидтік ойға беріліп жүргенін қайдан білуге болады? Ондай жағдайда бала көбіне басқалардан оқшауланады, жаны жалғыздықты қалайды, мектепке бармайды немесе жүрген ортасында жиі жанжал шығарады. Суицидтік мінез-құлық пайда болғанда жанын жиі үрей билейді және қайғыру, балаларға тән емес әлсіздік, ұйқының және тәбеттің бұзылуы, салмақтың төмендеуі және соматикалық шағымдар, сәтсіздіктер және оқуға деген қызығушылықтың жоғалуы, өзін жабырқау және жеккөрінішті сезінуі, өзін-өзі шамадан тыс сынау, тұйықтық, мазасыздық, агрессивті мінез байқалады.
Өзіне-өзі қол жұмсау туралы ойлайтын жасөспірімге уақтылы көмек көрсету үшін:
1. Суицидалдық мінез-құлық белгілерін дер кезінде диагностикалау және тиісті ем жүргізу керек.
2. Күйзелісте жүрген жасөспірімге дер кезінде эмоционалды тұрғыда қолдау, көмек көрсету керек.
3. Оның бойындағы жағымды қасиеттеріне терең мән беріп, қиындықты жеңе білуге жетелеу қажет.
Мамандардың пікірінше, жасөспірімдік жасқа дейінгі кезеңде отбасылық проблемалар, ал жасөспірімдік жаста жыныстық және махаббат проблемалары басым. Сондықтан қай жаста болмасын баланың қасында оның жаны мен жүрегіне тере үңіле білетін ересек адамның болғаны, махаббат пен жылуды сезіндіре алғаны абзал.
Эльмира Жүнісова