Картинка
Мужчина и женщина

Тоқал болу – менің тағдырым

  • Сәлем, Айман. Бірден көкейімдегі сұрақты қояйыншы. «Тоқал» деген сөзге құлағың үйренді ме?
  • Сәлеметсіз бе! Шынымды айтсам, үйренді. Үйренбеске амал да жоқ. Қазақтың салт-дәстүрінде бар дүние ғой. Қанша ұлыларымыз көпәйел алып, ұрпақ жалғастырған. Одан бөлек, шариғатымызда да рұқсат берілген. Әрине, әлі күнге дейін сыртымнан «тоқал» ғой деп менсінбей қарап, сөз тарататындар бар, оны білемін. Бірақ, ешкім бетіме келіп, «сен тоқалсың» деп жағамнан алған емес.
  • Тоқал болуды арсыздық пен ұят санайтындар да бар...
  • Мен ұят санамаймын. Жолдасымның бірінші әйелі «сенің намысың жоқ», «біреудің бақытын бұзып, өзің бақытты бола алмайсың» дегендей хаттар жазып тұрады. Бірақ, мен ол кісінің «көңілдесі» емеспін, шариғи тұрғыда заңды әйелімін. Жолдасым да өзін зинадан тыю үшін маған үйленді. Яғни, Алла алдында әрекетіміз таза.  
  • Әйелі көп sms жазып, мазалап тұрады ма?
  • Көп емес. Бастапқы жылдарды көп жазатын, звандайтын, боқтайтын. Ал, қазір оның да еті үйрене бастаған сияқты.  
  • Жүйкеңе тиетін шығар?
  • Жүйкеме тиіп, қайғырамын деп айтсам өтірік болады. Себебі, мен жолдасымның әйел, бала-шағасы бар екенін, және оларды тастамайтынын білсем де тәуекел етіп тұрмысқа шықтым. Өзімнің таңдауым тоқалдық бола тұра, тағдырға шағым айтсам қателік болар.

  • Сіздердің махаббат хикаяларыңыз қалай басталды?
  • Бірге жұмыс жасадық. Ол кісі менің бастығым, менің оның хатшысы болдым. Ол кезде мен бірінші жолдасыммен ажырасып кеткен едім. Арман есімді 2 жасар ұлымды балабақшаға беріп, қазіргі жолдасымның компаниясына хатшы болып жұмысқа тұрдым. Жасыратыны жоқ, сымбатты азамат. Істері де ерге тән. Бірақ, тұрмысқа шығу немесе көңіл қосу ойымда болмады. Себебі, ол кісі намазхан. Әйелі бар намазхан азамат мен секілді қысқа юбка киіп, боянып жүретін қызға қарайды деп ойламадым. Бір күні түнімен құжаттар бойынша жұмыс жасап, арасында уақытымыз бола қалса шай ішіп, сырластық. Мен өз тағдырымды айтып бердім. 2-3 күннен соң ол кісі мен кешкі асқа шақырып, өзінің хикаяларын айтып беріп, кеш соңында «маған ұнайсыз. Ұлыңызға да, сізге де бас-көз болып қамқорлық еткім келеді. Менімен неке қиюға қалай қарайсыз?» деді. Басында түсінбедім. Ойланайын деп үйге кетіп қалдым. Ол кезде ұлым екеуміз пәтерде тұратынбыз. Ай сайын пәтерақыға, балабақшаның ақшасына, тамағымыз бен киімімізге менің тапқан ақшам әзер жететін. Оның үстіне жалғыздықтан жабырқап жүрдім. Жасырмаймын, гормонолды өзгерістер де оңай болмады. Көрінген еркектің ойыншығы болғанша, бір азаматтың етегінен ұстайын деп шештім. Содан неке қидық. Өкінбеймін.
  • Ата-анаңа қалай түсіндірдің?
  • Әкеммен араласпаймын. Анам әкеммен ажырасқаннан соң екінші рет тұрмысқа шықты. Сондықтан, маған түсіністікпен қарады.
  • Ал, жолдасыңыздың ата-анасы, жақындарының реакциясы қандай болды?
  • Олар мені әлі де қабылдамады. Ол кісілерді кінәлай алмаймын. Кеңес Үкіметінің адамдары үшін бұл үйреншіксіз дүние шығар. Мені қабылдамаса да, туған немерелері Аңсарды айына бір рет көріп, қыдыртып, еркелетіп тұрады.

  • Дінімізде ер азаматтың қанша әйелі болса, бәріне теңдей қарау керек. Бұл міндетін жарыңыз қаншалықты орындап жүр?
  • Бірінші әйелі күйеуімнің әке-шешесімен бірге қаланың шетінде екі қабатты үйде тұрады. Ал, мен екі бөлмелі пәтер жалдап тұрамын. Ақысын әрине, жолдасым төлейді. Бірінші әйелі жылына екі рет шетелге демалысқа барады. Ал, мен күйеуім аптасына үш рет қасыма қонуға келіп, телефонын өшіріп, маған көңіл бөлгеніне қуанамын. Мұндай айырмашылықтар өте көп. Айта берсек, шыға береді. Бірақ, оларды тізбектеп ойлап, санағым келмейді. Әйел жаратылысынан қанағатсыз болып келеді ғой. Кейде өкпелеп қалатын кездерім болады. Бірақ, тез ұмытамын. Өйткені, ажырасқан әйелді біздің қоғам «бұзылған әйел»деп қарайды. Көптеген еркектер сені төсекте пайдаланып кетуге құмартып тұрады. Ал, біреудің тоқалы болсаң олар алыстан кері кетеді. Бір сөзбен айтсам, бастысы арым таза. Ешкімнің ойыншығы емеспін. Жолдасымды сүйемін. Және маған жасаған жақсылықтарына дән ризамын. Ешқашан «бірінші әйеліңізге мынаны әпердіңіз, маған неге жоқ» деп айтпауға тырысамын. Керісінше түсіністік танытып, қолдауды мақсат етемін. Осы мақсаттың нәтижесінде ерімнің маған деген құрметі жоғары. Махаббатын да ерекше бағалаймын. Барға шүкір еткенді жақсы көремін. 
  • Шатаспасам, қазір екеуіңіздің бір ұлдарыңыз бар.
  • Иә, Арманның Аңсар деген інісі бар. Үлкенім алтыда, кіші ұлым 2,5 жаста.
  • Екі балаңызға теңдей қарайды ма?
  • Әрине, үлкен ұлыма керегін алып беруге, жылы сөйлеуге тырысады. Бірақ, бөтеннің аты бөтен. Аңсарға деген әкелік махаббатты бір бөлек, ерекше. Кез-келген жолдасымен ажырасқысы келетін әйел мына нәрсені естен шығармаса екен. Біз өзімізге ғашық жандарға керек шығармыз, бірақ басқадан туған балаларыңызды аса қажет етпесі анық. Ешқашан ешкім балаңызға туған әкесіндей болмайды. Сондықтан, эгоист болмаңыздар дегім келеді.

  • Ал, егер жолдасыңыз үшінші әйел аламын десе не дер едіңіз?
  • Менен рұқсат сұрамасы анық. Себебі, шариғатта төрт әйелге де дейін рұқсат берілген. Егер тағы да жас әйелге үйленіп жатса, қызғанатын шығармын. Жоқ, ҚЫЗҒАНАМЫН. Бірақ, бірінші әйелі сияқты ешқашан ұрыс-керіс,жанжал шығармас едім. Күйеуімді толықтай менен тартып алмағанына шүкірлік айтып, сабыр етем. Әрине, жарыңды біреумен бөлісу оңай емес. Алайда, еріңіздің көңілінде басқа біреуге деген сезімнің пайда болғанын қиын болса да мойындау керек.
  • Тоқал болғысы келетіндер мен тоқалға үзілді-кесілді қарсыларға не айтар едіңіз?
  • Тоқалдыққа еріккеннен әйел қадам жасайды деп ойламаймын. Бірі шексіз ғашық болады, бірі тағдыр тәлкегінен шаршағаннан келіседі. Ең бастысы, тоқал деп төбесінен түрткілей бермей, әркім өз өмірін сүру керек. Кейде «токалка – тоже человек» деп әзілдеймін. Әзіл де болса шындық. 
Я – любовница
Воровство невесты: реальные истории
Красивый праздник: волшебная свадьба Каната и Малики