Махаббат адамға не үшін қажет? Бір қарағанда қарапайым сұрақ. Бірақ оған бірден бір сөзбен жауап бере алмайсыз. Себебі, әр адам үшін махаббаттың рөлі де әртүрлі. Біреуге қорғанысты сезіну үшін керек болса, біреу өзінің ерекшелігін сезінгісі келеді. Біреуге мықты эмоция үшін қажет болса, енді біреу қасында үнемі қолдау барын білгісі келеді. Яғни, осылайша адам өзінің ішкі босап тұрған кеңістігін толтырады. Бірақ өмір заңы бөлек. Адамдар қосылады, ажырасады. Міне, екіншісі басталған кезде, толып тұрған бүтінің қирайды, жан-дүниеңде арпалыс, қуыс кеңістік орны үңрейеді. Жан қиналады, өмір мәнін жояды. Бұнымен қалай күресеміз? Бүгін осының шешімін табуға тырысамыз.
Бұл тақырыпты жан-жақты талдап, ашу үшін психолог, психоаналитик Раушан Дауткулованың кәсіби кеңесін алған едік. Оның айтуынша, әйелдің ер адамға және ер адамның әйел адамға деген тәуелділігі – заңды дүние. Себебі, біз о бастан жұппен жаратылғанбыз. Бұл – табиғат жарытылысы. Бірақ бұл жерде мынаны ескеру қажет: адамға бұл қарым-қатынаста жайлы болу керек. Орысша «комфортно» деп айтып жатамыз ғой. Эмоциялық тәуелділіктің ең басты белгісі – адамның өзі бұл қарым-қатынастан жайсыздық сезінеді.
Эмоция сезіну – қалыпты нәрсе. Бізге жағымды, жағымсыз эмоцияны сезіну мүмкіндігі берілген соң, бір жаратылыстың заңына еріксіз бағынамыз. Қызғаныш, мұң, реніш сияқты кейбір эмоцияларды сезінгіміз келмейді. Кең үй, жайлы көлік, дәмді тамақ сияқты біз өзіміз үйреніп алған бірдеңені қолымыздан алып қойса, қандай жайсыздық болады, қасымызда үнемі болған адамнан ажырағанда да, сол сезім бәрібір туындайды. Бауыр басып қалған жанның жетіспей тұруы, содан жайсыз сезімнің туындауы да – қалыпты дүние. Бірақ бұл күйден тез шығу үшін адам өзімен жұмыс істеуі керек. Ең басты түсініп алатыны – бірден мақсатқа жету мүмкін емес. Біртіндеп, бірақ тұрақты түрде әрекеттенген адам ғана бұл тығырықтан шығады. Бұл ұзақ болғанымен, одан қашып құтылу мүмкін емес. Бұл мақалада біз үш жолын қарастырамыз.
Раушан Дауткулова өз тәжірибесінен ұсынатын бірінші жолы – өзіңмен жұмыс. Маманның айтуынша, ол үшін, ең бірінші, бұл сезім қалыпты екенін мойындау керек, сол жағдайды қабылдау керек. Бойыңыздағы негатив күйді толықтай сезінуден қорықпаңыз. Ағзаңызды, жан-дүниеңізді босату керек. Бұл сезімді тұншықтырып керек жоқ. Оңашада өзіңмен болып, ішкі арпалысты түсініп, түйсініп, толықтай сезініп, оны тану өте маңызды. Егер бойыңыздағы жағымсыз әсер басылмай жатса, кәсіби маманның көмегіне жүгінген абзал. Кітаптар да көп. Яғни, адам өзімен жұмыс жасау керек.
Бір сөзбен айтқанда, бұл күйден өзіңізді алып шығатын – тек өзіңіз. Сырттан маманның, кітаптың көмегі болғанымен, жұмыстың 99 пайызы адамның өзімен жасалауы керек. Осы жерде когнетивті-әрекеттік психотерапияға жүгіну – ең бір тиімді тәсіл. Бір бет қағазға берілген сұрақтарға жауап береміз. Өзімізге қоямыз да, өзіміз жауап береміз. Мысалы: Неге мен дәл осы сезімді сзеініп отырмын? Жауап: Себебі, мен өзімнің сүйікті адамыммен ажырастым. Бұл мен үшін қаншалықты маңызды? Жауап: Меніңше, мен енді ешкімге керек емес сияқтымын. Мен енді ешқашан тұрмысқа шыға алмайтын сияқтымын. Неге сіз ешқашан тұрмысқа шыға алмаймын деп ойлайсыз? Оған дәлел бар ма? Жауап: Мынадай дәлелдер бар. Тұрмысқа шығу үшін бұл қасиеттер кедергі ме? Осылайша әр жауаптан сұрақтар туындап отырады. Сол сұрақтарға жауап беріп отырып, адам жеңілдейді. Жауаптардан өзінің мәселесінің шешімін тез табады.
Ми бізге үйреншікті ғана шешімдерді береді. Біздің өміріміз, күнделікті істеріміз әдеттерге сүйеніп қалыптасады. Яғни, біз тек рефлекспен жүреміз. Ми – өте жалқау. Сондықтан ойланған кезде де үйреншікті жауаптарды автоматты түрде бере салады. Қалай ойлап үйрендік, соны тарс еткізіп бере салады. Артық қысым жасап, артық ойланып қойсақ, ми қарсыласады. Сол себепті ойды қағазға түсірудің маңызы зор. Жазу арқылы бір рационалды түрде ойланып үйренеміз. Жазу арқылы теріс ойларға қарсыласып үйренеміз. Яғни, жаман ойлармен дәлелді түрде күресеміз. Осы тәсілді қолдана отырып, бірте-бірте рационалды ойланып үйренеміз.
Біздің өзімізге деген бағамызды өсіруге көмектесетін де, бізді қатайтып, өмірге бейімдейтін де – айналамыздағы адамдар. Сондықтан эмоциялық тәуелділіктен құтылудың екінші бір жолы – адамдармен қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығару. Ол үшін өзіңіздің қандай рөлде екеніңізді анықтап алу маңызды. Егер сіз «құрбан» (жертва) рөлінде болсаңыз, сізге ешкім де көмектесе алмайды. Ол – факт. Адамдармен араласу. Жаңа адамдармен танысу. Өмір сүру әдетіңді өзгерту. Яғни, «маған бер» деген сөзді ұмыту керек. Өзіңіздің ұстанымыңызды өзге арнаға бұруға тырысу. Мысалы, бұрын сіз адамдарға комплимент айтуды ұнатпасаңыз, енді күніне үш бейтаныс адамға комплимент айтып көріңіз. Осы жерде айта кететін тағы бір тұсы – өзге адамды өзге адам деп қабылдап үйрену. Оның пікірі, көзқарасы сіздікімен сәйкес келмеуі мүмкін. Әр адам әр ситуацияны әртүрлі қабылдайды. Біз адамдардардан көп нәрсені күтеміз, сол үмітіміз ақталмай қалған кезде, реніш-өкпе туындайды. Сондықтан кез-келген қарым-қатынас құрған кезде, «шекараны» белгілеп алған дұрыс. Өзіңіздің де, өзгенің де.
Адамдармен қарым-қатынас арқылы тәуелділіктен шығу дегенде, барлығын бір адамға жүктеу немесе адамдар маған көмектесу керек деген ойдан аулақ болу керек. Олар сіздің ойыңызды бөліп, уақытыңызды жақсы өткізуге, қолдау болып, көңіл көтеруге көмектесе алады. Бірақ негізгі эмоция көзі – сіз. Сіз жүрегіңізен қабылдап, жүрегіңізебен жауап қайырған кезде, әсер аласыз. Адамдармен өткізген әр сәтті әсерге толтыруға тырысыңыз.
Үлкен арман-мақсаттарыңызды еске алып, өмірді басқа арнаға бұру – эмоциялық тәуелділіктен құтқаруға көмектесетін тағы бір тәсіл. Ол адам өміріңізде болмаған, бірақ сіз бақытты болған күндерді еске ала отырып, жаңа мақсат қойыңыз. Өзіңізді жаңа деңгейге шығаратын, арманыңыздағы мінсіз өзіңізді жасауға бет бұрыңыз. Сол адамға айналғанда қандай сезімде боласыз, ішкі күйіңіз бен бар эмоцияңызды жасырмай, барынша сезініп көріңіз. Адамның амбициясы теріс эмоцияны баса алады. Себебі, қалай алғанда да, адам алдымен өзін таңдайды. Эмоциялық тәуелділік деген де «өзімшілдік» дегенге саяды. Адам өзінің ішкі қажеттіліктерін өтеу үшін, өзгені басыбайлы етуге тырысу дегенмен пара-пар. Бір сөзбен айтқанда, тәуелділік – басқа ресурстар есебінен өмір сүруге тырысу. Бұдан құтылудың ең дұрыс жолы – өз өміріңе бет бұру.
Эльмира Жүнісова