Картинка
Новости

Мөлдір Әуелбекова: Сәлем саламын, салып жүрмін, сала беремін

Мөлдір мен туған әпкесі Меруерт сұхбатқа келгелі бір ағаш жайында айтып қоймады. Бар түсінгенім, бір кісіден бір ағашты алып кету керек екен. Сұхбатымызды да сол ағаштан бастағанды жөн көріп, «ол не ағаш?» деп сұрадым.

Декор

Үйіміздің сәнін келтіретін естелік суреттердің жинағы болатын ағаштан жасалған декор. Яғни, сурет салатын рамкалар мен ортасында жазылатын сөздер. Жас жұбайлардың аты, «бақыт», «жанұя» деген сөздерге тапсырыс берілді. Дайын болғанда үйге іліп қоямыз.

Пресс қабырға

Тойға келген қонақтың есте қалар әсер алуына себепкер болатын 3D форматындағы пресс қабырға. Оның көлемі 5x3 метр болады деп жоспарлануда. Суретке түсемін деген қонақтардың көңілінен шығады деп ойлаймын. Оған қоса біздің есімдеріміз жазылып, көлемді гүлдер және жарық түсіріп тұратын софиттер болады. Бұл нұсқаға тоқтамас бұрын әлеуметтік желідегі барлық стенд, пресс қабырғаларды қарап шықтым. Сәнді болады деп үміттенемін.

Бақыт ағашы

Мейрамханаға кіргенде қонақтар бақыт ағашына өз тілектерін қалдыру мүмкіндігіне ие болады. Кіреберісте картина іспеттес ойылып жасалған бақыт ағашы болады. Жапырақтары жүрек пішінді. Бұл жапырақтарға қонақтар тілектерін жаза алады. Кейін біз ағаштың да, жапырақтардың да бетіне тозудан сақтап қалу үшін лак жағып, үйге апарып, сол жерде орналастырамыз. Әрбір адамның ізгі тілектері әрдайым қасымызда болады. Ол да бір естелік қой. Айтпақшы, оны жасайтын ағаш өнерінің шебері, менің домбырамның авторы Ердос. Ердос ағам ол бақыт ағашын өз тойыма жасатып жатқанын білгенде, «менен сыйлық болсын» деп тарту етті. Ондай адамдарға мың алғыс!

Тілек кітапшасы 

Ақтөбе қаласынан Қымбат есімді тыңдарманым тойға сыйлық ретінде маған арнап тілек кітапшасын жасап, жіберіпті. Сыйлық қолыма түскенде бірден ұнаған соң, бұл кітапшаның орны тойда деп шештім. Бұл да тілек, жылы лебізге тола естелік болып қалары хақ. 

Color scheme

Қазір тойды белгілі бір түсте безендірген сәнге айналған. Біз бұл сәннен бас тарттық. Тек барлығы ашық түсіті болатынын айтып кетейін. Бұл той болғандықтан, барлығы жарқын, пәк, нәзік болу керек деп ойлаймын.

Dress code

Дресс код болмайды. Еркіндік болған дұрыс. Қонақтар қалаған киімдерін кигені ыңғайлы деп есептейміз.

Қыз жолдас

Қыз жолдас жақын, сенімді адам болуы тиіс. Бұл әзірше құпия болып қала берсін.

Болашақ жары

Болашақ жарымның есімі Арыстан. Ол да мен сияқты Тараздың тумасы. Біз бір-бірімізді бұрыннан білеміз. Бақытыңды алыстан іздемей, жаныңнан іздеу керек екен. Оның шоу бизнеске еш қатысы жоқ.  Алайда, ол менің өнер жолымды әрқашан қолдап отырады. Маған жаңа бағыттар көрсетіп, жаңа ойлар ұсынады. Сондықтан, жуырда тыңдармандарыма тосын сый дайындап отырмын.

Үлкен той

Той 12 желтоқсанда киелі Тараз шаһарында өтеді. Екеуіміздің де туыстарымыз бен жақындарымыз сол қалада тұратындықтан, Таразда өткіземіз деген шешімге келдік. Ал достарымыз бен әріптестеріміз өзге өңірлерден келеді. 

Ұзату той

Ұзату той үйде өтті. Біз әкемізбен ақылдасып, көне қазақтың дәстүрі бойынша қызды қара шаңырақтан ұзатқан әбден дұрыс деп шештік. Сондықтан 4 желтоқсан күні үйден ұзатылдым. Бәрі тамаша өтті!

Сәлем салу

Сәлем салу - өзгені құрметтеу, үлкенге ізет көрсету. Сол себепті, бұл да менің міндеттерімнің бірі. Сәлем саламын, салып жүрмін, сала беремін :)

Той көйлек

Көйлекті алғаныма 2 ай болды. Алғаш көргеннен  бірден көңілімнен шықты. Басқа көйлекті киіп көремін деген ой да болған жоқ. Отандық өнім. Дүкен иесі - жас дизайнер Мадина Көбекова. Бренд Assyl Bridal деп аталады. Көйлектері керемет! Екі жаулықты Мадина сыйға берді. Біреуі ұзын, екіншісі одан қысқа.

Сақина

Менің сақинам ақ алтыннан, ал Арыстанның сақинасы күмістен жасалады. Мұсұлман ерлері алтын тақпайды деген соң, осындай жүзіктерге ие болдық.

Тойбастар

Тойдың дайындығымен жолдасымыз екеуіміз айналысып жүрміз. Дайын тойбастардың бірі де ұнамағандықтан, оны да тапсырыспен жасап жатырмыз. Той өмірімізде бір рет қана өтетіндіктен, келген қонақтардың көңілінен де шыққаны маңызды ғой.

Көлікпен қыдыру

Көшелерді шулатып көлікпен қыдыру болмайды. Біздің жастармен қыдыруымыз тойдан кейін орын алады. Достарымызды күтуге арнайы орын жалдадық. Келетін барша қонақтарымыз, достарымыз, әріптестеріміз еркін отырып, билеп, тойдан жақсы әсер алып қайтсын дейміз. 

Пресса

Арнайы пресса шақырылмайды. Дегенмен келген жағдайда БАҚ өкілдеріне есік ашық. 

Сценарий және тамада

Басқасын өзіміз ұйымдастарып жатсақ та, тойдың сценарийін және тізгінін Нұрлан Албан мен Гүлжан Әлішке тапсырдық.

Қонақтар

Кең дастарханымыз 350 адамға жайылады. Оның ішінде 50 қонағымыз жаңа құдалар, яғни менің өз жұртым. 

Жас жұбайлар биі

Жас жұбайлар биі болады. Бірақ қалай, қандай болатынын ойластырмадық. Оған қоса, тағы да тосы сыйлар болады. 

Сұхбатты ұйымдастыруға көмектескен United Coffee мейрамханасына алғыс білдіреміз.

Фотограф Георгий Чумаков