Картинка
Традиции

Мерекелік дастархан көрікті әрі қолжетімді болсын десеңіз...

Қазіргі дұрыс тамақтану трендке айналып жатқан қазіргі уақытта қазақ үшін мерекелік дастархан жасау оңайға соқпай тұрғаны рас. Асқазанға ауыр тамақпен қонақ күтуді әдетке айналдырып келсек, бүгінде салауатты тамақтануды да ескеруімізге тура келіп жүр. Қазір бәрі талғампаз, асты да, сусынды талғап ішеді. Эстетикалық жағына да мән беретіндер саны да артты. Сондықтан биылғы Жаңа жылды қарсы алуға дастархан жаятын болсаңыз, біздің бүгінгі мақаламыз сіз үшін. 

Мерекелік дастархан дегенде, осыдан 3-4 жыл бұрынғыдай ас та, төк дастарханды қазір көпшілік құптамайды. Саннан гөрі сапаға көшкен кезеңде әр тағамның дәмді болғаны ғана емес, денсаулыққа пайдалы, есте қаларлықтай болғаны да маңызды. Сондықтан қазір көбі азық-түліктің қымбат түрінен ерекше мәзір жасауға тырысатыны да жасырын емес. Әрине, ақша болса, кез-келген дастарханды жайнатып жіберуге болады. Бірақ отбасылық бюджетті үнемдей отырып, әдемі әрі дәмді дүние жасап шығару қызығырақ әрі біраз еңбекті талап етеді. Сол себепті біз өз тарапымыздан сарапшы ретінде аспаздық саласында біраз білімі мен тәжірибесі бар мамандардың кеңесіне жүгініп, қолжетімді әрі ерекше мерекелік дастархан жаюға қатысты біраз кеңес алдық. 

Балық және ет өнімдерінен жасалатын тағамдар маманы Роза Дуанова: «Қазіргі кезде адамдар дастархан жасағанда да қатты көп уақыт жұмсағысы келмейді. Сондықтан тез дайындалатынына қарай жүгіреді. Мен оларды түсінемін. Себебі, қазір бәрі «уақыт – ақша» деген ұстаныммен өмір сүреді. Оның үстіне дайын тағам түрлері де, жартылай дайын тағам түрлері де, тағамды дайындап беретін аспаздың түрлері де көбейген. Сондықтан тамаққа уақыт жұмсағанша, ақшасын төлей салғанды жөн көреді. Оның үстіне тағамның пайдалы әрі дәмді болғанына да аса мән беріледі. Яғни, тамақтану мәдениеті мүлдем басқа деңгейге», – дейді. Маманның пікірінше, үйде жасалған ас берекелі әрі шығын жағынан өте арзанға түседі. Бастысы, нені неден, қалай жасау керек екенін білсең болғаны. 

Біздің жаңажылдық дастарханға орай қойылған сұрағымызға Роза былай деп жауап берді: «Негізі ең тиімді әрі оңай жолы: көкөністерді алып, оған кез-келген ет түрін қоссақ, арнайы тұздықпен, пайдалы салат жасауға болады. Яғни, өте оңай әрі арзанға түседі. Оның үстіне түрлі-түсті болып әдемі көрінеді. Қазіргі кезде жылы салаттар өте жоғары сұраныста. Шетелден арнайы әкелінетін тағамдық шөп түрлеріне де жылқының, сиырдың етін қосып, дұрыс тамақтануды әдетке айналдырғандар үшін ең ұнамды салатты жасауға болады. Бұл жерде айта кететіні, қай салатты, қай тағамды алсақ та, ең маңыздысы, оның тұздығы. Мысалы, жылы салаттарға бальзамик тұздығы өте жақсы. Қазір ғаламторда да салаттарға арналған тұздықтардың небір түрі бар, дүкендерде арнайы дайын түрлері де сатылады. Өкінішке орай, көп адам уақыттың тапшылығы мен дүкен сөрелеріндегі азық-түліктің көптігіне байланысты, оларды анықтап қарап, зерттеп-зерделеуге мүмкіндігі жоқ. Негізі, дайын тұздықтың да өзіңе қажетті түрін оңай табуға болады».

Ыстық тағамдардан мерекелік дастарханға маман жеңіл қысқы салат, қышқыл-тәтті тұздық қосылған көксерке мен қарапайым қуырдақты өзгеше дайындауды ұсынды: «Гарнирге күрішті пісіріп аламыз. Көксеркенің етін, төртбұрыштап турап, оған аздаған бұрыш, тұз сеуіп, жүгері крахмалына аунатып, қуырып аламыз. Ал қышқыл-тәтті тұздық қазіргі таңда барлық жерде сатылады. Осылайша дайын тұздықпен тез арада, қатты шығындалмай, өте дәмді әрі ерекше тағам түрін жасауға болады. Әрине, қасына қияр мен қызанақ қосып, көкнәр сияқты көк шөппен безендіруге болады. Жаңажылдық дастарханға қысқы мезгілде өте жақсы тағы бір салат түрі бар. 200 гр етті суға пісіріп аламыз. 2 дана картопты да алдын ала суға пісіріп дайындап қоямыз. 1 дана тұздалған қияр, 2 дана қияр – барлығын тураймыз. Сосын осыларға алдын ала ерітілген мұздатылған атбас бұршақ қосамыз. Ол болмаса орнына консервіленген асбұршақ қосуға да болады. Бұл салатқа майонездің орнына 20%-дық қаймақ қосуға да болады. Тұз, бұрыш қосуды ұмытпаймыз. Аздап паприка қосса, тіпті, керемет. 

Қазақтар етсіз дастарханды елестете алмайтыны анық. Сол еттен жасалған қуырдақты басқаша ұсынуға болады. Алдымен, етті кесектеп төртбұрыштап турап аламыз. Жақсылап тұз бен бұрыш қосып, майға жақсылап қуырамыз. Ет әбден пісті дегенде, оны майдан алып бөлек ыдысқа сала тұрамыз. Сосын картоп аршып, крахмалы кеткенше жақсылап жуамыз. Сосын сәл кесектеп әдемілеп турап алған соң, еттен қалған майға жақсылап қуырамыз. Қызарып күйгенше араластырып қуырамыз. Картоп дайын болған кезде, тарелканың астына саламыз. Бетіне ет салынады. Ал еттің бетін дөңгелетіп, жіңішке етіп туралған пиязбен безендіріп жіберсе, әдеттегі қуырдақ өзгеше мерекелік реңк алады». 

Аспаздық саланы кәсіби меңгерген тағы бір маман Әсел Абылханнан да биылғы дастарханның ерекшелігі туралы сұраған едік. Ол: «Қоян жылы отбасылық жылулық пен отбасылық берекенің белгісі болғандықтан мерекелік дастархан міндетті түрде кез-келген шаңырақта жайылу керек. Жаңажылдық дастархан мерекелік болғанымен, көзге жарқ-жұрқ етіп тұратындай шектен тыс безендірілмеуі тиіс. Ал үстел бетіндегі дастархан түсі аппақ болғаны дұрыс. Сәбіз қосылған салаттарды көбірек қоюға болады. Сонымен қатар, сәбізді турап, түрлі пішіндер жасаған да дұрыс.

Адамдар жыл сайын өздеріне мерекелік көңіл-күй сыйлағанға ерекше көңіл бөле бастады. Сондықтан дастарханға отыратын әр адамның алдындағы тарелкаға ерекше тілек жазылған құттықтау қалдыруға болады. Ал тағам түрлеріне қатысты айтатын болсақ, ұннан жасалған және ет тағамдарын азайтуға тырысу керек. Ұннан жасалатын десерт түрлеріне қазір кез-келген дүкен сөресінен табуға болатын жүгері, қарақұмық ұндарын қолдануға болады. Ал негізгі назарды жеміс-жидек пен көкөніске аударған дұрыс. Олар, біріншіден, пайдалы, екіншіден, қолжетімді, үшіншіден, түрлі-түсті болғандықтан, кез-келген дастарханды ешқандай әшекейсіз гүлдендіріп, ең талғампаз деген қонақтың көзін қызықтырары анық», - деген кеңестерімен бөлісті. 

Қалай десек те, мерекелік дастарханды әркім өз шама-шарқынша дайындары анық. Дегенмен, кез-келген дастарханның сәні адамдардың ерекше көңіл-күйі екенін ұмытпасақ болғаны.

Эльмира Жүнісова