Ешбір ата-ана өз баласының шылым шеккенін қаламайды. Киімінен темекінің иісін сезінсе, кәдімгідей үркіп-үрейленіп басына күн түскендей халде болады. Оны ескеретін бала жоқ. Ерте ме, кеш пе әрбір бала қолына алғашқы темекісін алады. Баланы бұл әдеттен арылту үшін, ең басты оның себебін білу керек. Олар мынадай болуы мүмкін:
- бала темекі шегетін достарына еліктейді
- баланың ата-анасы темекі тартады
- "бір рет түк етпейді" деген қызығушылықтан
- өзін ересек сезіну үшін
- баланың кумир адамы (әнші, актер, т.б.) темекі тартады
- тыйым салынған нәрселерге құмарлығы
- ата-анасына қырсығып (диктаторық режимде тәрбиеленетін балалар)
- баланың хоббиі жоқ, бос уақытын қалай өткізетінін білмейді
Міне, бұл баланың темекіге құмарлануының негізгі себептері. Олардың қайсысы сіздің балаңызға келетінін тек баламен сырласа отырып анықтауға болады. Балаңыздың темекі тартқанын білгеннен кейін ата-аналардің біріні реакциясы - баланы ұрсу, қорқыту, психологиялық түрде басып тастау. Бұл бастапқыда өз нәтижесін бергенімен, көпке ұзамайды. Не істеу керек?
- Негізгі себебін анықтау. Керек десеңіз, психологтың көмегіне жүгіну.
- Балаңызға шылым шегудің зиянын айтқаннан көрі, өзіңіздің шылым шегуге деген көзқарасыңызды түсіндіру. Өз сезіміңізді балаға жеткізу.
- Үйде темекі ұстамау. Өзіңіз темекі тартатын болсаңыз, балаға тыйым салу ақымақтық. Бала көргенін істейді.
- Балаға әсер ете алатын авторитет болса, сол адамның көмегіне жүгіну. Әдетте балалар ата-анасынан гөрі сондай адамдарды жиі тыңдайды.
- Отбасындағы жағдайды қатаң қадағалау. Әке-шешесі ажырасқалы жатқан, жиі ұрсысатын отбасында балалар жаман әдетке тез беріледі.
- Баланың бос уақытын пайдалы істермен толтырып көріңіз.
- Баламен жиі сырласып, оның жақын досы болыңыз.
- Баланың кіммен араласып жүргенін қадағаланыз. Жақын достарына мән беріңіз. Темекіге ең алғаш баулайтын солар.
Баланың тәрбиесімен кейде айналысып, кейде айналыспауға болмайды. Бір жіберіп қойдыңыз ба? Болды. Соның өзі жеткілікті. Қайтадан қолға алу оңайға соқпайды. Сіз балаға шамамен 10 жасқа дейін әсер ете аласыз. Соны ұмытпаңыз. Сол 10 жылды дұрыс пайдаланыңыз. Баламен неғұрлым көп уақыт өткізіңіз. "Түсінбейді" деп қолыңызды сілтей салмай, баламен көп сөйлесіңіз, көп нәрсені көрсетіңіз. Өзі істей алатын нәрселерді өзіне істеуге мүмкіндік беріңіз, шамадан тыс шектемеңіз. Және ең бастысы, балаға өзіңіз жақсы мысал болыңыз. Есіңізде болсын, темекіге әлеуметтік жағдайы төмен балалар ғана емес, тіпті бай, қуатты отбасыларының ұл-қыздары беріліп жатады. Сіздің балаңыз темекіні қолына алмайды деген кепіл жоқ.