Керісінше, өз несібесімен келген әр баланың әкелер бақыты көп сенеді. Байлық пен кәсіптің уақытша екенін, ал ұрпақтың мәңгілік өмір жалғасы екенін анық білетін, амал ететін көпбалалы жұлдызды ата-аналар топтамасына шолу жасайық.
Салтанат Қалиева
Бес баланың анасы
Танымал тележүргізуші, сүйікті жар және аяулы ана Салтанат Қалиева көпбалалы отбасында туған. Сондықтан да, бұл тақырыпта еркін сөйлейді. Қос қолын көтеріп қолдайды. Бүгінде анасының ізін жалғап, бес перзентке өмір сыйлаған жан.
Отағасы Бағдат Қоджахметовпен студенттік кезеңде танысып, бір топта оқиды. 18 жасынан бастап дикторлық қызмет атқарған бойжеткен тұрмысқа шыққан соң қызмет бабында өсуге сәл үзіліс жариялаған. Өйткені, қос ғашық бірінші курста отбасын құрып, жаңа өмірге қадам басады.
Ал, бір жылдан соң өмірге тұңғыштары Айдана, кейін Лейла келеді. Қос жүктіліктің қиын болғандығына қарамастан Салтанат үшінші сәбиіне жарық өмір сыйлауға тәуекел жасаған. Бағдат пен Салтанаттың үшінші сәбилері астаналық. Өйткені, Елордаға демалысқа барып, керемет қызметке ұсыныс алған жас отбасы ойланбастан жер аударып, сегіз жылға жуық Астананың тұрғыны болады.
Үшінші қыздарына Дегдар деген ерекше есім таңдауға Салтанаттың түсіне берілген аян себеп еткен. Дегдар жеті айлық болған кезде тележүргізушіге Жапонияда оқуға ұсыныс түседі. Ана жүрек қанша қимаса да, уақытша балаларын елде қалдырып, өзі білімін жетілдіруге бел буған. Оқудан келген кезде жөргектегі сәбиі тәй-тәй басып, былдырлап сөйлейтін. Тіпті, анасын біраз уақыт жатырқаған. Бұл оқиғадан соң Салтанат өмірдегі ең маңызды дүние: оқу, білім, мансап емес, балаларының махаббаты екенін жүз пайыз түсінген.
Ал, Әбілмансурды жұлдызды ана арнайы жоспарлап көтерген. Сәттілік пен жақсылыққа толы күн мен айды есептеп өмірге үш қыздан соң ұл әкелген. Көп ұзамай тағы да жүкті екенін біліп, кенжелерін азан шақырып Алдияр деп атаған. Бүгінде көпбалалы ана – әдемі әрі жас әже.
Қыдырәлі мен Қарақат
Бес баланың ата-анасы
Күні кеше тұңғыштары елімізде алғаш рет зияткерлік коэффиценті жоғары адамдарға арнап ашылған IQ Kazakhstan ұйымының бас координаторы атанған Қыдырәлі мен Қарақат та көпбалалы ата-аналар.
Жұлдызды отбасының төрт ұлы мен бір ерке қыздары бар. Продюсер әкенің айтуынша бұл тек әзірге екен: «Шынымды айтсам, мен әлі кемінде үш қызымның болғанын қалаймын. Алла береді деп сенемін. Соңғы кездері баланың саны емес, санасы маңызды деп айтатын адамдар көбейіп кетіпті. Жалғыз бала – ел болмайды. Ертелі-кеш әке-шешенің өлетіні хақ. Ешкім мәңгілік емес. Сол кезде бір-біріне демеу болатын бауырлар көп болу керек. Шүкір, төрт ұлым бір-біріне серік әрі кенжемізге жақсы аға болады деп сенемін. Алайда, қызға де сырласатын әпке-сіңілі керек. Сондықтан, үнемі тағы Алладан перзент тілеймін. Мен үшін әр балам – бір төбе. Мақтанамын. Солардан қуат аламын. Олар үшін дұға тілеймін. Адам болып келген өмірден адамгершілігі жоғары адам болып өтуі үшін әке ретінде тәрбие беру керек. Бірақ, баланы ұрып-соғып тәрбиелей алмаймыз. Әр ата-ана әуелі өзін дұрыстау керек. Ал, бала соған қарап бой түзеп, өзі-ақ өседі».
Күні кеше 11 сыныпты бітірген үлкен ұлдары Бекболат ҰБТ 128 ұпай жинап, ата-анасының мәртебесін тағы да марқайтты. «Біреулер сатып алды, ақша бар дейтін шығар. Мен өмірде бәрін ақша шешеді дегенге сенбеймін. Ұлым ешқашан біздің атақ-даңқымызға, танымалдылығымызға арқа сүйеген емес. Өзінің күшімен, білімімен жинаған ұпайы. Естіген кезде еріксіз көзіме жас келіп, жылап алдым. Себебі, әр әке үшін ұлының тек адам емес, білімді азамат болып өскені абырой ғой. Ораза кезінде сәресінен кейін мешітке барып таң намазынан соң Алладан жалбарынып әр баламның несібесін молынан, иманын бек етіп, білімін ұшқыр, денін сау, тіл-көзден, пәле-жаладан сақтауын дұға еттім. Шүкір, Рақымды Раббым жайған алақанымды бос қайтарған емес. Бекболатым – тұңғышым. Оған қарап өзге бауырлары үлгі алады, бой түзейді. Қазір үш інісі сол ағаларына ұқсап бағуға тырысады. Міне, көпбалалы болудың нығметі осы шығар. Бұрын үлкендер «бірін-бірі бағады, өсіреді» деп айтушы еді. Расында солай ғой. Үлкенін қалай тұлға ретінде қалыптастырсаңыз басқалары соған қарап бой түзейді. Содан үлгі алады. Ағалары оларға қамқор болып, жол сілтейді. Осылай бір-бірін жетектеп өседі. Сондықтан, көпбалалы болудан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, соған ұмытылу керек. Соны тілеу керек. Жалғыз ағаш орман болмайтынын ешқашан ұмытпаңыздар», - деп сөзін аяқтады бақытты әке.
Бекболат, Иманәлі, Нұрәлі, Айсұлтан есімді төрт батырдан соң 2016 жылы 15-мамыр күні дүниеге кесте тігер келген еді. Есімін Аяла деп азан шақырып қойған. Ал, биыл бір жасқа толған балапанның тұсаукесері мен Айсұлтанның сүндетке отырып, мұсылман болған күнін Болмановтар әулеті дүркіретіп жасады.
Динара Сұлтан
Бес баланың анасы
«Super Star Kz» жобасының қатысушысы болған Динара Сұлтан қазір шығармашылықтан гөрі, отбасына көбірек көңіл бөлуді жөн санайды. Алайда, өнеріне нүкте қойған емес. Реті келсе жаңа ән, бейнебаян, ерекше фотосессияларымен тыңдарманын қуантып жүреді.
Бірақ, Динара үшін өнердегі мансап емес, өмірдегі ұрпақтарының тәлімі мен тәрбиесі маңызды екен. Бүгінде бес балаға өмір сыйлаған алтын құрсақты ана парақшасына жиі бала тәрбиесіне қатысты ақпарат жазып, білгенімен бөлісіп отырады.
Үш қыз, екі ұлдың анасы жолдасына ізбасар сыйлауды ұзақ армандаған. Тіпті, арнайы дәрігерге барып ұл туылатын мезгілді санап, ғаламтордан мәліметтер жинап үлкен зерттеу жасаған. Нәтижесінде ерекше әдістердің арқасында үш қыздан соң ұл дүниеге келген.
Мұнымен әнші тоқтап қалмаған. Ұлына серік болатын тағы да бауырды жоспарлап, өмірге әкелген. Бүгінде жұлдызды ана босанғаннан соң тез қалыпқа келуге қатысты қызықты тәсілдерді ойластырып жүр. Болашақта арнайы салмақ тастауға қатысты бизнес-тренингті қолға алса, таңқалмаңыздар.
Ринат Зайытов
Төрт баланың әкесі
Ойын ашық айтатын тілі өткір айтыскер ақын Ринат Зайытов да төрт баланың әкесі. Үш қыз, бір ұл сыйлаған жары Зульфия отағасының музасы. Тұңғыштары Ақжүніс биыл бастауыш сыныпты бітірді. Ол Мейрамбек Беспаевтың Кәусарымен бірге оқиды.
Отбасын құрғандарына 13 жылдан астам уақыт өткен Ринат пен Зульфияның Ақжүністен кейін Айша, Оспан және Аягөз есімді тәттілері бар.
Тұрсынбек Қабатов
Төрт баланың әкесі
Ауылда өскен, ауылдың әңгімесі мен қызығын әзіліне тақырып еткен Тұрсынбек Қабатов да көпбалалы әке. Актердің анасы өмірге үш ұл, үш қыз әкелген алтын құрсақты жан. Отбасында екінші бала болып өскен Тұрсынбек үшін көпбалалы болудың өзіндік несібесі мен берекесі бар. Бүгінде үш қыз бен бір ұлдың әкесі әлі де дүниеге маңдайы торсықтай ұл мен айдай арулардың келуіне себепші болуды армандайды.
Әдемі, Айым, Айару есімді үш арудан соң жұлдызды келін Мөлдір отағасына 2013 жылдың 28-қыркүйегінде Нұриман есімді ұл сыйлады. Бүгінде танымал отбасы жиі үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүр.
Бұған дейін өзінің дарыны мен өнерін тек бала тәрбиесіне жұмсаған Мөлдір Мұқанова жеке мектебін ашып, тек Тұрсынбектің емес, өзге де қазақ балаларының өнерге бейім болуына үлес қосуда.
«Көпбалалы болу тек қазаққа тән қасиет сияқты. Басқа ұлттарда екі-үш баладан артық тумайды. Оларды қалай асыраймын, қалай өсіремін деп қорқады. Ал, біздің халық бір-біріне қамқор, жанашыр болады. Сондықтан, баланың көп болғаны жақсы деп санайды. Өзімізде үлкен әулетте өстік. Біріміздікін біріміз киіп өстік. Бүгінде шүкір, біріміз аяғымызды жаралап алсақ, өзге бесеуміздің жүрегіміз жараланып, қиналып қаламыз. Бір-бірімізге кез-келген кезде бауыр ретінде көмектесіп, ақыл айтамыз. Тойымызды да, қайғымызды да бірге көтеріп, бірге бөлісеміз. Жалғыз бала болып өскен таныстарым бар. Олардың бауырға қаншалықты мұқтаж екенін көрген кезде жүрегім ауырады. Іштей өзімнің бес бауырымның, балаларымның көп болғанына шүкірлік етемін. Болашақта беріп жатса әр баланы қуана қарсы аламыз. Себебі, әр баланың өз несібесі бар», - деп ағынан жарылды Тұрсынбек.
Алтынай Жорабаева
Төрт қыздың анасы
Жолдары бөлек кетсе де актер Сәбит Әбдіхалықов пен Алтынай Жорабаеваны тоғыстыратын төрт қыздары бар. Аяулым, Айнара, Семанұр, Көркем есімді сұлуларын жұлдызды ана қазір жалғыз тәрбиелеуде.
Алматыдан Астанаға қоныс аударған Жорабаева бала тәрбиесінде қатал. Еркеліктің де шегі болуы керек деп түсінетін ананың қыздарына қоятын талаптары көп. Тазалық, шындық, адалдық, біреудің ала жібін аттамау, білімде алғыр әрі өзара бауырмашыл болу. Мұндай тәрбиені кезінде Алтынай өзінің анасынан үйренген.
«Ана көрген – тон пішер» деген нақылды өмірлік ұстаным еткен Алтынай балаларынан бұрын өзін тәрбиелеуді жөн санайды. Өйткені, алма – алма ағашынан алысқа түспесіне кәміл сенеді.
Сәкен Майғазиев
Төрт баланың әкесі
«Музарттың» серісі Сәкен де жуырда көпбалалы ата-аналар тізіміне қосылды. 31-мамыр күні төртінші рет әке атанған Майғазиевтің кенжесінің аты - Сафия. Бұл есімді өнердегі әпкесі, қазақтың ерке қызы Мақпал Жүнісова таңдаған. Өмірі саф алтындай әдемі әрі бағалы болсын деген жақсы ниетпен көп есімнің ішінен осыны таңдапты.
Сәкен мен Динара қазір үш қыз бен бір ұл тәрбиелеп отырған ата-ана. Тұңғыштары Әділет 1998 жылы дүниеге келген. Атқамінерден кейін 14 жылдан соң ғана бұл отбасында әлди дауысы естілді. Көптен күткен тәтті балапанның есімін Раяна қойды. Араға екі жыл салып отағасына Динара ханым Мәриям есімді аруды сыйлады.
Төрт баланың ата-анасы әлі де сәбилі болуды армандайды. Халықтың ұлына айналған құлыны кемінде жеті перзенті болса деген Сәкеннің анасының да арманы бар.
Нұрлан Еспанов
Төрт баланың әкесі
Өзі де, сөзі де әріптестерінің әзіліне тақырып болып жүретін Нұрлан Еспанов та төрт баланың әкесі. Тұңғышын ұзатып, немерелі болып отырған жас атаның өзі де көп балалы әулеттен шыққан. «Бала көп болса бауырмал болады. Бір-біріне тіреу болады. Әрине, біздің заманда бір баланы оқытып, киіндіру де оңай емес. Одан соң қазіргі кездің балалары біздер сияқты бірінікін бірі кимейді. Бәрі жаңа болу керек. Бірақ, ақшам жоқ, қалай асыраймын деп қорықпау керек. Әрқайсының өзінің несібесі болады», - деп шындықты айтты әнші.
Нұрланның тұңғышы Әйгерім қазір бір әулеттің ибалы келіні, тәтті батырдың анасы. Ал, ұлы Олжас талай қыздардың түн ұйқысын, күндіз күлкісін ұрлаған сері. Болашақта өзін өнер әлемінен көретін сымбатты жігіт әке жолын жалғауға ниетті.
Олжастан кейін Нұрланның қос қызы. Ең кенжесі түрі де, қылығы да Нұрекеңнен аумай қалған жеке меншігі екен. Бірақ, жұлдызды әке бала тәрбиесімен мүлдем араласпайды. Барлық тәртібі мен тәрбиесіне анасы жауапты. Тек кейде ұлына қатаң тыйымдар мен әкелік ақылын айтып отырады.