Картинка
Интерьер

Үйдің сәні – сәтті таңдалған перде

Расында, бөлменің ажарын ашатын бірден-бір дүние – сәнді перделер. Арнайы дүкенге кірсеңіз, терезе жабдықтары мен маталары көздің жауын алады. Бірінен екіншісі асып түсетін бұл әдемілікті дұрыс таңдау өте маңызды. Өйткені, барлық перделер сіздің бөлмеңізге сай келмеуі мүмкін.

Ең бастысы, бөлменің көлеміне үлкен мән беріңіз. Кішкентай әрі биіктігі төмен үйге үлкен, ауыр, сұр түсті матадан дайындалған перделер мүлдем үйлеспейді. Мұндай қателік сіздің бөлмеңізді одан да кішкентай әрі ыңғайсыз, жинақсыз көрсетеді. Есесіне, органза, тор секілді жұқа материалдар бөлменің көркін ашады.

Егер үйдің төбесі биік, терезелердің көлемі үлкен болса ұзын бүрмелі перделер жарасымды болмақ. Және мұндай қонысыңыздың ең үлкен бөлемісн классикалық бағытта сәндеуді естен шығармаңыз. Өйткені, классикалық стиль ешқашан сәннен кетпейді және жалықтырмайды. Жыл сайын жаңа перде іздеп, қалтаңызды жұқартудың алдын аласыз.

Асүй мен студия-бөлмеге римдік бағыттағы жалюзи ешқандай бейнесі жоқ мөлдір шыт перделерді француз стилінде қолдану жарасымды.

Үйдің жарықтығына да мән беріңіз. Әр бөлмеге түсетін күн сәулесі әртүрлі және терезенің көлемі мен саны да санқилы болмақ. Мұның барлығы жарықтың түсуіне әсер етпек. Егер бөлменің табиғи жарыққа қанық болғанын қаласаңыз ашық түсті және тор перделерді таңдаңыз. Және олар қабырғаға жиналып тұратын болуы керек. Сол кезде үлкен терезеңіз әдемі болып көрінеді. Одан бөлек күн сәулесі де жақсы түсетін болады. Тек күн тіке түсетін бөлмелерге мұндай перделер мүлдем сай келмейді. Өйткені, артық күн сәулесі адам ағзасына зиян.

Түстер мен өрнектерді араластырылған мозайка перделер 2018-2019жылдың сәнінде болмақ. Алайда, біздің елімізде мұндай тәуекелге баруға дайын отбасылар өте аз. Көпшілігі бір түсті перделерді таңдайды. Бірақ, бір терезеге төрт түсті және гүлді, оюлы перделерді қолданып, олармен түстес жиһаздарды сәндесеңіз бөлмеңіз мүлдем ерекше болып шығады. Мұндай бөлмеде адам еркін демалып, барлық шешімі қиын мәселелерді ұмыта алады.

Бірнеше терезеге бір ұзын сырт ернеуін (карниз) қолдану Еуропа елдерінде кеңінен тараған. Тағы да өкініштісі, біздің елімізде жаңа тәсілге көшуге дайын жандар аз. Алайда, бөлмеңіздегі қанша терезе болса да, үзын бір ернеуді қолдану өте сәнді көрінеді. Одан бөлек мұндай тәсіл бөлмені кең әрі ұзын етіп көрсетеді.

Егер перденің ұзындығы еденді жауып тұрғанын қаласаңыз, бес-сегіз сантиметр мата еденге төгіліп тұру керек. Ал, талғамыңыз керісінше болса 13-15 сантиметр еденге жетпей тұру қажет.

Перденің матасы да маңызды. Мақта, жібек, шыт маталары перделерге сөзсіз ажар бермек. Олар табиғи таза өнім болғандықтан, адам денсаулығына ешқандай да қауіп тудырмайды. Алайда, екі метрлік жібек матасын сатып алуға кез-келген адамның жағдайы келмеуі мүмкін. Ал, шыт матаны үтіктеу үшін кемінде бір күн уақытты жұмсау қажет болады. Әрине, қолжетімді мақта асүйге қолайлы емес. Өйткені, жиі жуудың кесірінен тез тозып кетеді. Сондықтан, перде таңдаған кезде әуелі сапасына, содан соң әдемілігіне назар салған абзал.

Мен өзімнің тұтынушыларыма синтетика мен табиғи матаны араластырып қолдануға кеңес беремін. Тор маталарды жақсы көретін қыз-келіншектер болады. Тіпті, олар асүйлерін сондай аппақ тор пердемен елестеді. Алайда, кіршеңдіктің кесірінен тез тозады. Жаман айтпай – жақсы жоқ. Тор – өртке тез бейім мата. Кішкене от тез тисе, лаулап жанып кету қауіпі бар.