Бұл кино Шоқан Уалиханов, оның Қашқар еліне жасаған саяхаты жайлы болмақ. 22 жасында ол шпион ретінде Қашқарға барып қайтқан. Киноның сценариі сол саяхат нәтижесінде жарық көрген 5 томдық еңбегінің негізінде жазылған.
Мені бұл кинода Шоқан Уалихановтың сүйіктісі болып табылатын қыпшақтың Ажар есімді қызының рөлін ойнаймын.
Киноның режисері Жасұлан Пошанов. Түсірілім шілденің ортасында басталып, әлі жалғасуда. Алғашында тизер ғана түсіру жоспарда болғанымен, кейін толық метр түсірілетін болды. Бірер күннің ішінде киноның ақтық кадрлары түсіріліп үлгеруі тиіс.
Түсірілім оңай болған жоқ. Менің қылышпен шайқасатын көріністерім бар. Оның барлығын Nomad каскадерлар тобы үйретті. Жаттығулар шілденің басынан басталып, екі апта бойы жалғасты. Небары 14 күннің ішінде атқа отырып, қолға қару алып, батырларша шайқасып үйрену керек болды. Соның бәрін маған үйреткен каскадерлар тобына мың алғыс!
Әдетте барлық қауіпті трюктарды актердың орнына дублер орындайды. Бірақ менің жағдайым ерекше еді. Дене бітімі менікіне сай келетін дублер табылмағандықтан, барлық трюкты өзім орындадым: аттан да құладым, жарақат та алдым. Тіпті, үш күн бойы жүре алмай қалғаным бар. Ат деген ойыншық емес екен. Одан басқа түсірілім жаздың ыстық күндері болды. Ал біздің үсітімізде қабат-қабат киім, қолымызда ауыр қару-жарақ. Соның барымен не аттың үстінде шабасың, не шайқасасың, не болмаса екеуін де қатар жасайсың. Ол аз болғандай Іле жағасындағы шыбын-шіркей әбден мазамызды қашырды. Менің актерлік тәжірибемдегі ең қиын түсірілім осы шығар.