Исламханның келіншегі көйлегін сыйға береді
Көркіне ақылдары сай отандық футболшылардың әйелдеріне қыз-келіншектер қызығып қарайды. Өйткені, олар өмірлерінің тек әдемі жақтарын әлеуметтік желіге салады. Қымбат көйлек, брендтік аяқ киім, күнделікті сұлулық салоны, жеке көлік, т.б. Олардың киген киімдері кейбіріне арман.
«Қайрат» футбол құрамасының капитаны әрі жартылай қорғаушысы Бауыржан Исламханның жары инстаграмда «жұлдыз». 130 000-ға жуық оқырманы бар Еркежан Ораза айт мерекесінің қарсаңында қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды жөн санапты. Ол өзінің оқу бітіргенде киген әдемі көйлегін кезекті бір түлекке сыйға тартпақшы. Алайда, бұл ешқандай да байқау емес екен.
«Мен оқырман көбейту мақсатында байқау жариялаудан аулақпын. Расында да бір мұқтаж жанға көмектескім келеді. Әдемі мерекелік көйлек кигісі келсе де, қаржысы жетпейтін бір сұлуға қуаныш сыйлағым келеді. Сондықтан осы суреттің астына көйлек неліктен сізге бұйыру керектігі туралы қысқаша пікір жазыңыздар. Ең шынайы әрі лайықты деген оқырманды өзім таңдап аламын», - деп жазбасын қалдырыпты.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың қарашасында дүркіретіп той жасаған Бауыржан мен Еркежанның қазір Ибраһим есімді тұңғыш ұлдары бар. Бір жастан асқан болашақ футболшының анасы жоғарғы оқу орнын үздік деген бағаға бітірген. Қызыл диплом алқызыл көйлекті киген қызға да жұғысты болсын.
Айтпақшы, сұлу келіншек тұрмысқа шықпас бұрын «Нұр-Мұқасан» тобының «Егіз жүрек» атты әнінің бейнебаянына да түскен болатын.
Бауыржан Байтан екінші рет әке атанады
«Ақтөбе» құрамасының жартылай қорғаушысы Бауыржан Байтанның жары Фариза да сұранысқа ие ханшайым. Бақытты жұп 2014 жылы шаңырақ көтерген еді. Ал, 2015 жылы өмірге әке жолын жалғайтын батыр келді.
Айсұлтан жуырда аға атанады. Бұл туралы Фариза өзінің парақшасына сүйінші сұрап жазды. Мейірімді ана тұңғышының қызғанышын оятпас үшін қуанышты хабарды ұзақ уақыт жасырғанын айтады. Енді Айсұлтанның аға болып қалыптасуына, болашақ бауырын жақсы көру үшін әртүрлі тәрбие сағаттарын өткізуді бастапты.