Шетелге жиі баратыным жасырын емес. Шығармашылық адамға шабыт алу үшін өзге елдің мәдениетімен танысып,тәжірбие алмасу керек деп ойлаймын. Қазақстан мен шетелдің арасындағы басты айырмашылық бауырмалдылық деп білемін. Өзге елдер турист болғандықтан күліп қарсы алып, жылы қарайды. Ал, қазекеңдердің туыстық, бауырмалдылық қасиеттерінде шек жоқ қой. Одан кейін шетелге шыққан кезде тамақтан жиі қиналып қаламыз. Қазақтың еті мен сорпасына, айраны мен қаймағына жететін тағам табу қиын шығар, шіркін. Ал, еліміздің басты кемшілігі туризмнің өте төмен дамуы. Өзге елдер мақтанып көрсетіп жүрген ескерткіштер бізде де бар. Алайда, оларға жетудің өзі бір қиямет-қайым. Орта есеппен отбасылық демалысқа 5000-7000$ көлемінде қаржы жұмсаймын.
Иә, осы жолы демалыс емес, іс-сапар барысында Ресейге барып келдік. Өздеріңіз байқағандай Еркемен бірге бардық. Көпшілігі «Еркенің продюсері болыпты» деп сыбыс таратыпты. Бірақ, Еркеге қазір продюсер керек емес. Ол кезінде продюсермен жұмыс жасап, шоу-бизнестің оң-солын жетік меңгерген әнші. Еркенің өнеріне продюсер болмасам да, жаңадан бастайтын жаңа жобасына жетекшілік ететінімді жасырмаймын. Жуырда Ерке Есмахан жаңа фильм түсіреді. Сол фильмге продюсер боламын. Одан бөлек күз айларында Еркенің шығармашылығында үлкен жаңалық болғалы тұр. Осы мәселеге қатысты келісім-шарттарды кешегі Ресейге барған сапарымызда шештік. Барлығы оң шешім тапты десем болады. Ал, оның қандай жаңалық екенін уақыты келгенде естисіздер.