Картинка
Практические советы

Энергияны қалай сақтап, қалай толтырамыз: саған қажет 9 кеңес

Қазір «ресурсты, энергиясы көп, аурасы тартымды әйел» дегенді көп естиміз. Бірақ сол күйге қалай түсуге болады? Ол күйдің қандай артықшылығы бар? Мен де – бұл мәселеге жүрдім-бардым қарағанның бірімін. Сол күйді сезінгім келсе де, бас қатырып, соңынан қумадым. Сол кезде ішкі күш-қуаттың өмірдің басқа салаларына қаншалықты ықпал ететінін білсемші.

Кейін осы «ресурсты» күйді саналы түрде қабылдап, оны ұзаққа жеткізе білуді үйренген кезде, кез-келген әйел қолдана алатын қарапайым қағидалары бар екенін түсіндім. Сол қағидаларды ұстана отырып, көңілің тоқ, жан-дүниең тыныш күйді сезіне аласың. Көпке пайдасы тиіп қалар деген оймен, біразымен осы жерде бөлісуді жөн көрдім. Сонымен, кеттік.

► Өзің де байқаған боларсың, өзін өмірдің «құрбаны» санайтын адамдарда энергия аз болады. Олардың пікірі «әлем әділетсіз» дегенге саяды. Айналада жақсылықтан гөрі жамандықты жиірек байқайтындықтан, барлық күш-қуатын өзін аяуға, өкпе-ренішке жұмсайды. Тығырыққа апарар жол тура осы жерде екенін ескерген абзал. 

► Қоғам бізді белгілі бір тәртіпке бағындырады. Белгілі бір ережеге басыбайлы етеді. Күнделікті өмірде өзгелердің ойынан шығам деп, табиғи болмысымызға кереғар келген сайын өте көп энергия шығындалады. Сол себепті «бетпердемен» өмір сүретін адамдар тез шаршайды. Өзіңе зияны тимейтіндей, өз қалпыңды сақтай білу қиын болғанымен, өте маңызды. 

► Қаламайтын іспен айналысу, ұнатпайтын жұмысқа бару, сүймейтін мамандығыңды игеру – ең жиі кездесетін, бірақ адамдардың көбі мойынсұнған жағдайлар. Алайда, адам осыған көндіге отырып, қаншама энергиясынан айырылып жатқанын білмейді. Әрине, адам түрлі факторлардың әсерінен бұл әрекетінен бас тарта алмауы мүмкін. Бірақ мұндай жағдай адам психикасына ғана емес, жалпы физиологиясына да ықпалын ескерсек, жағдайды жылдам түзеу керек. Бұл жерде «жұмыстан шық, басқа іс тап» деп бірден бас сала миға қонымсыз кеңес айтудан аулақпын. Дегенмен, тым болмағанда, осы жұмыстың өзінен көңілге қонымды тұстарын тауып, артықшылығын сезініп үйренген абзал. 

► Біз табиғаттың бөлшегі екенімізді ұмытып кеткенімізбен, стресс пен гормондар бізге оны жиі еске салып тұрады. Ұйқыда да тура сол. «Уақтылы ұйықтау» мәселесі қаншалықты жауыр болғанымен, оның біздің күні бойғы күш-қуатымызға әсері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Қалай десек те, таңғы 7-ден кейінгі ұйқының ағзаға аса пайдасы жоқ екені дәлелденген. Ал көбейген кортизолдың мөлшері энергияны сормаса, көбейтпейтіні анық. 

► Энергияның тағы бір жауы – адам. Адамнан адам өте мықты энергия алады. Тура сол сияқты энергияны байқатпай жұтатын да – адам. Қоғамнан тыс өмір сүре алмайтын болғасын, бізге тек ондай адамдарды танып, олардан барынша сақтана білсең болғаны. Ең қарапайым кеңес: сөйлескен сайын проблемасы мен ауруын айта беретіндерден, ешкімді тыңдай алмайтын, өзі ғана сөйлейтіндерден алысырақ жүр. Сөйлесе қалсаң, қысқа қайыр. Осының өзінен  энергияның қаншалықты үнемделетінін кейін байқайсың. Ал ұрыс-керіс дегенге тіпті жоламаған абзал. Еріксіз араласу керек болса, барынша сабыр сақта. Ертең осы үшін өзіңе риза боласың, айтпады деме. 

► Төртіншісі – артық ақпарат. Яғни, тиімді қолдана білмесең, өзіңді соратын құралдың нағыз өзі қолыңызда жүр. Жағымсыз ақпарат көріп, оны тыңдаудың өзі миыңды қоқысқа толтырады. Телефон мен компьютер ішіндегі артық фотосуреттер, қажетсіз файлдардың барлығы – миға, көзге, психикаға артық жүк. Қолданылмайтын зат пен киілмейтін киімнен де осы мақсатта арылу керек. Айналаңда артық зат азайған сайын өмір сүру жеңілдейтінін байқау қиын емес. 

► Орындалмаған уәде, аяқталмаған іс те білдірмей күш-қуатыңнан айырады. Ойға алған сайын адамда іштей қынжылыс, өкініш болады. Бұл күніне бірнеше рет қайталануы да мүмкін. Сол себепті, осындай істердің тізімін жасап алып, соларды осы уақыт аралығында аяқтаймын деп, өзіңе сөз беріп, оны орындап көр. Әр істі бітірген сайын энергия пайда болады. Берілген уәде де тура сондай. Орындай алатыныңа сенімсізсің бе, сөзге ұрынбай, өтініштен әдемі бас тартып үйрен. 

► Энергияны соратын ең үлкен қатер – артық әңгіме, өсек-аяң. Өзге біреу жайлы ғайбат сөз айтылған жерде жағымды энергетика жүреді деп айту қиын. Негатив болған жерде энергия жойылады. Ол – заңдылық. Жақсы сөз – жарым ырыс. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Дала психологиясы да бұл тұрғыдан дәл біздің сөздерді растап кеткен.

► Адам бойындағы күш-қуаттың ысырап кететін тұсы – бос әуреге салыну. Кейбір істер қанша тырысып, тырмыссаң да, жүрмей жатады. Бірақ біз көбіне дегенімізге жетуіміз керек деген желеумен қаншама энергияны сарп етеміз. Мұндайда ситуацияға сеніп үйрену керек. Болмады ма, босат. Ойыңнан, мойныңнан алып таста. Өмірдің кілті өзіңде ғана емес екен мойында. Бұйырып тұрған дүние ешқайда кетпесі анық. 

Бұл тізімдегінің бәрі – сыртқы факторлар әсерінсіз адамның өзімен-ақ жасалатын іс-әрекеттер. Демек, энергияны толтыру да, «ресурсты» күйге түсу де тура осылай адамның өзіне ғана байланысты. Табиғи энергияны үнемдеп үйренген соң, оны толтырып отыру – заңдылық. Ал ол қайдан келеді? Кез-келген адамның қолынан келетін қарапайым тәсілдерін қарастырайық.

Өзіңе қатты ұнайтын істердің тізімін жасап ал. Кафеге барып, тыныштықта кофе ішкен ұнай ма, дәл осы іске анда-санда бір сағат уақыт бөл. Өзің рухани байлық, жылулық пен мейірім сыйлайтын адамдармен көбірек кездес. Төрт қабырғаға қамалма, табиғат аясына шық. Қолың қалт етсе, кітап оқы. Құрбы-құрдастармен ойнап-күлетін мүмкіндіктің ешқайсысын жіберме. Комедия фильмдер көріп, риясыз күл. Табиғи қалпыңнан айрылма. Өзгенің көңілінен емес, өз көңіліңнен шығуға тырыс. Өзіңе адал бол!

Ұнады ма, айт. Ұнамады ма, дұрыс жеткізе біл. Іштегі сезімді шығар. Шынайы бол. Шамаң келгенше, сыйлық жаса. Қымбат адамыңды қуант. Жымиып жүр. Айналаңа беретін ең қымбат дүние сол. Жылы сөз айтуды ғана әдетке айналдыр. Балағат сөзден тіліңді тартып жүр. Мұның барлығының қайтарымы мол. Сенбесең, тексеріп көр! 

Энергия көзі арзан. Оны құнттамайтын өзіміз. Материалдық дүниемен өлшеп, қымбатқа жүгіріп, жұрттың ойына басыбайлы болып кететін де өзіміз. Себебі, бәрін қиындатып үйренгенбіз. 

Ал енді «ресурсты» күйде екеніңді қалай түсінесің? Бұл да өте оңай. Таңертең жеңіл тұрасың. Айналаңда шешілмеген қандай мәселе болмасын, сен үшін проблема емес, кезекті бір межелі іс қана. Өзіңе деген сенім мықты. Шеше алмайтыныңды сезсең, оп-оңай босата саласың. Саған бұйырып тұрған дүние болса, оңынан шешілетініне нық сенімдісің. 

Ойлаған адамың өзі хабарласады, ойға алған ісің орындалады. Жақының былай тұрсын, танымайтын адамдардың өзінен жылы сөзді жиі естисің. Жұрттың тілін табу жеңілдейді. Тағдырдың тосынсыйы көбейеді.  Көңілің жайланып, жүрегің жұмсарады. Тиімді ұсыныстар түседі, сенімен кездесіп, жүздесуді қалайтындар саны артады. Яғни, сен магнит адамға айналасың. Бұл – сенің жеңісің, сенің өзіңмен жасаған тынымсыз еңбегіңнің жемісі. Алған бетіңнен қайтпа! Іске сәт!

Эльмира Жүнісова  

Астрологи, нумерологи, тарологи...
Как не стать жертвой шарлатанов
Без марафонов. Как правильно ставить цели перед Новым годом
Перезагрузка после праздников