Ал, кей мамандар бесіктің кей зияндарын да бүгінгі таңда іздеп әлек. Олардың пікірінше, бесікте аяқ-қолы байлаулы жатқан баланың айналасына еш қызығушылығы болмайды. Және олардың дамуы кеш болады екен. Алайда, қазақтың барлық біртуар азаматтары мен батырлары сол бесіктен өскенін ескерсек, мұндай қортынды өте қате пікір секілді. Ғалымдар жорамалдаған қате пікірге қарағанда бесіктің дәлелденген пайдасы көп. Олардың бірі мен бірегейіне шолу жасайын.
БЕСІКТІҢ ПАЙДАСЫ:
- Қол-аяғын ербеңдетіп бос жатқан сәбидің ұйқысы тыныш болмайды. Ұйқысы қанбаған баланың зердесі толық жетілмейді.
- Баланың мазасыздығы ананың психологиясына әсер етеді. Бұндай жайсыздық сүт арқылы сәбиге беріледі. Сондықтан бесікке жатпаған бала болашақта сабырсыздау болады.
- Сәби тазалыққа бейім болып өседі.
- Бесіктің сыртынан жабылатын жабдықтардың септігімен жел, суық өтпейді
- Және баланың жөргегі де таза әрі құрғақ болады. Ол мықты денсаулықтың кепілі.
- Аяқ-қолын үнемі тартып байлағандықтан, сыптай болып өседі.
- Бесік белгілі бір бағытта, нақты бір ритммен тербеледі. Бұл баланың жүйкесінің тыныш әрі жүйелі дамуына себеп болмақ.
- Тербеткенде адам қолы шаршамайды, баланың басы ерсілі-қарсылы шайқалмайды;
БЕСІК ЖАБДЫҚТАРЫ ДА ӨЗІНШЕ ҚЫЗЫҚ.
1. ШИ. Бесік жабдықтарының үстінен ұзына бойы жайылатын түбек бекітілетін тұсы ойық тоқылған ши төсеніш.
2. ЖӨРГЕК. Шидің үстінен төселетін, түбек тұсы ойық келген, жұқа киіз немесе арасына мақта, жүн салынып сырылған көрпеше.
3. ҚҰС ТӨСЕК. Түбек тұсында дөңгелек ойығы бар, жөргектің үстінен төселетін, арасына құс мамығы салынып, қабылған жұмсақ төсеніш.
4. ЖАСТЫҚ. Бесік енімен бірдей етіп жасалады. Арасына құс мамығы толтырылады.
5. КӨРПЕ. Ол жаздық және күздік болып бөлінеді. Жұқа матадан тігілгені - жаздық, арасына мақта, түйе жүні салынып, қабылғаны - қыстық.
6. ЖАЯЛЫҚ. Сәбидің денесін орайтын жұмсақ шүберек.
7. КЕПІЛ. Түбек ойығын төңіректеп төселетін, сәбидің жалаңаш тәнін қажамас үшін жамбас тұсына, тізесіне қоюға арналған кішкене жұмсақ жастықшалар.
8. ҚОЛБАУ, ТІЗЕ БАУ. Оны таңғыш (тартпа) деп те атай береді. (штары бесіктің екі жанындағы сабау ағаштарға таңылады, біреуі бөленген сәбидің көкірек тұсынан, келесісі тізеліктің үстінен түседі. Ол биязы жүннен тоқылады немесе екі-үш қабат матадан сырып, кеуде, тізеден оралатын тұстары жалпақтау етіп жасалады. Тартпаның екі ұшы арқалыққа байланады.
9. ШҮМЕК. Бесіктегі баланың кіші дәреті үшін қойдың асық жілігінен бір басы тесіліп, екінші басының төменгі жаны ойылып жасалған түтікше. Кейде айрықша әппақ болуы үшін оны алғаш пайдаланар алдында сүтке қайнатып алады екен. Міне, Кендебай жазған шүмек осы!
10. ТҮБЕК. Сәбиді бесікке бөлегенде жаялығы былғанып қалмас үшін бесіктің ортасындағы тақтайды тесіп орналатын алмалы-салмалы киіз қалта. Шағын шыны құтылар пайда бола салысымен содан түбек жасалатын болды. Шүмектің ұшы түбекке сұғынып тұрады.
БЕСІККЕ ҚАТЫСТЫ ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАР ДА КӨП.
- Бос бесікті тербетуге болмайды;
- Бесікті ашық-шашық қалдырмау керек. Үнемі жапқышы жабулы тұруы қажет;
- Бесіктің теріс жағынан отыруға болмайды;
- Бесікті кезз-келген жерге қалдыруға болмайды;