Картинка
Кино, книги, музыка

Қазақтың бес ағартушысы

Абай Құнанбаев – қазақ әдебиетінің негізін салушы, философ, аудармашы. Ол орыс және европа мәдениетін меңгеру арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды мақсат еткен. Тобықты руынан шыққан. Әкесі ел билеген, өз заманының біртуар азаматы – Құнанбай Өскенбайұлы. Абай 10 тамыз 1845 жылы Құнанбайдың төрт әйелінің бірі, екінші әйелі Ұлжаннан туған. Ибраһимді анасы Ұлжан еркелетіп «Абай» деп атап кеткен.

Әкесі Құнанбай бала тәрбиесінде талапшыл болған. Және ұлының алғырлығын ерте байқап, он жасында Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Медреседе төрт жыл оқығаннан кейін, оқудан шығарып алып, қасында ұстап, ел басқару ісіне баули бастайды. Әкесінің төңірегінде ел жақсыларымен араласып, өз халқының рухани мәдениет жүйелерімен жете танысады. Көп ұзамай өзі Қоңыр Көкше дейтін елге сұлтан болған. Тәжірбие барысында ел ішінен көрген қателіктер мен тұрмыстағы мәселелерді өлеңге қосып жырлаған.  Өлең жазуды он жасында бастаған. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан.

Абай үш әйел алған. Байбішесі Ділдадан: Ақылбай, Әбдірахман, Кұлбадан, Әкімбай, Мағаұия, Райхан; екінші әйелі Әйгерімнен Тұрағұл, Мекайыл, Ізкаіл, Кенже деген жеті ұл, үш қыз сүйген. Келіндей алған әйелі Еркежаннан ұрпақ көрген жоқ.

Ыбырай Алтынсарин ағартушылық және ұлттық мектепті қалыптасуында ерекше еңбек етті. Ол 1841 жылы Қостанай аймағында дүниеге келген. Әкесінен ерте айырылған Ыбырайдың білімге деген ынтасы ерекше болған. Ол жастайынан би, старшын Балқожа Жаңбыршиннің қолында тәрбие алады. Ресей қоғамының белгілі адамдарымен жиі араласқан. Орынборда оқып жүрген кезінде шығыстанушы ғалым В.В Григорьевпен жақын танысып алды. Ол өзінің бай кітапханасымен Ыбырай Алтынсариннің еркін пайдалануына рұқсат етті. Білімге құштар жас бос уақытының бәрін де сол кітапханада өткізді.

Ыбырай "Қазақ хрестоматиясына" кірген өлеңдерінде де халық-ағарту идеясын көтерді. Оның "Кел, балалар, оқылық!", "Өнер-білім бар жұрттар" өлеңдері осындай мақсатта туған. "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақырады.

«Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық» деген оның шумақтары бүгінде әр мектептің ұраны іспетті.

Ахмет Байтұрсынұлы ақын, әдебиет зерттеушісі, педагог, қоғам қайреткері. Қазақ халқының XX ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі. Ол әуелі Торғайдағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін, кейін Орынбордағы төрт жылдық мектепке оқуға түседі. 1895-1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады.

1929 жылы 2 маусымда 43 Алаш қозғалысы қайраткерлерімен бірге ол Алматыда тұтқынға алынып, осы жылдың соңына қарай тергеу үшін Мәскеудегі Бутырка абақтысына жөнелтілді. 1933 жылы денсаулығы нашарлап кетуіне байланысты қалған мерзімді Батыс Сібірде айдауда жүрген отбасымен: әйелі мен қызы бірге өткізуге рұқсат беріледі. 1934 жылы М.Горькийдің жұбайы Е.П.Пешкованың көмегімен Байтұрсынұлы отбасымен мерзімінен бұрын босатылып, Алматыға оралады. Ал, 1937 жылы 8 тамызда тағы да қамауға алынып, екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды. Тұтас буынның төл басы болған Байтұрсынұлының алғашқы кітабы – «Қырық мысал» 1909 жылы жарық көрді.

Шоқан Уәлихановтың шын есімі Мұхаммед Қанапия. Әжесінің «Шоқаным»деген еркелетуінің нәтижесінде тарих Шоқан есімі қалған. Шоқанның ата-бабалары атақты сұлтандар әулетіне жатады. Атасы Уәли хан патша үкіметі ресми түрде бекіткен қазақтың соңғы ханы еді.

Шоқанды он екі жасында әкесі сол кездегі ең таңдаулы оқу орны болып есептелген Сібір кадеті корпусына оқуға орналастырады. Шоқанның бүкіл келешегі мен ғылым, өнер жолындағы талантын ашуда бұл оқу орнының маңызы ерекше болды. Кадет корпусына алғаш оқуға түскен кезде Шоқан орыс тілін білмесе де өзінің зеректігімен тілді тез үйренді.

1857 жылы Шоқан Алатау қырғыздарына сапар шегіп, оның тарихын, этнографиясын және халықтық поэзиясын зерттеді. Кырғыз халқының энциклопедиялық дастаны «Манасты» жазып алды. Шығыс фольклорындағы сүйеніп, «Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі» тәрізді көлемді туындылар жазды. Небәрі 30 жылдық ғұмырында Шоқан шығыс тарихында өшпес із қалдырды.

Шәкерім Құдайбердіұлы Абай Құнанбаевтың замандасы әрі інісі болып келеді. Ақын, философ, жазушы, тарихшының Абайдың әкесі Құнанбайдың Күңке деген бәйбешесінен туған. Шәкәрім Құдайбердіұлы — өз бетімен білім алып өскен адам. Әрине, жетекшісі Абай болған. Араб, парсы, түрік, орыс тілдерін жетік меңгерген. «Бостандық туы жарқырап», «Бостандық таңы атты» деген жыр-шумақтарынан 1917 жылғы революция таңын қуана қарсы алғанын бірден байқауға болады.

«Бандымен байланысы бар» деген кінәмен ұсталып, кейін ақталған ағартушы 1931 жылы дүниеден озды. 73 жастағы қарт Шәкерім ақталып шығып, аудан орталығына бет алған кезде ту сыртында мылтық атылып, өмірден өткен. «Өмір», «Сәнқойлар», «Ызақорлар», «Құмарлық», «Қалжыңбас», «Тойымсыз нәпсі» сияқты жырлары мен «Жастарға» секілді үндеулері қазақ әдебиетінде ойып алар орнын тапты.

Топ-10 фильмов для мотивации
Топ-10 фильмов о женском счастье: часть 1
Топ-10 фильмов о женском счастье: часть 2